• Ақпарат
  • 11 Шілде, 2024

Тоғыз тілді меңгерген жігіт

9 тілді меңгерген 25 жастағы Мәди Фазыл жастайынан шет тілдерді үйренуде алдына жан салмаған. Полиглот жігітпен әртүрлі тілді білудің маңызы мен артықшылығын, жапон жастарының өмір сүру философиясы мен мәдени ерекшелігін талқыладық. Сұқбатта әлемдегі ең күрделі тілдердің қатарындағы жапон тілінің қазақ тіліне ұқсастығы және тілдер мен мәдениеттердің өзара байланысы сөз болды.
 

 

– Мектепке 5 жасыңызда барған екенсіз. Қай оқу ордаларында білім алдыңыз? 
– Иә, мектепке 5 жасымда барғаным рас. Жамбыл облысы Луговой ауылында дүниеге келдім, ата-әжемнің қолында өсіп, тәрбие­лендім. Талдықорған қаласы Қарабұлақ ауданындағы мектепте 1-сыныпты тамамдадым. Алматы қаласына көшіп келген соң, оқуымды М.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектепте жалғастырдым. Бұл мектепте 7-сыныпқа дейін білім алып, 8-сыныптағы оқуымды Алмалы ауданында орналасқан № 24 физика-математика бағытындағы лицейде жалғастырдым. Кейі­нірек еліміздегі ЖОО-дан білім алған соң, әрі қарай білімімді дамытып, Жапонияда 3 жыл оқып, саясаттанушы мамандығын алып шықтым. 
– Тіл білудің қандай тиімді тұстары бар?
– Тіл білудің артықшылығы көп. Полиглот – бірнеше тілді жоғары деңгейде меңгерген адам. Полиглот болу мансап жолында ғана емес, бұған қоса көптеген логикалық және когнитивті ойлаудың оң дамуына септігін тигізеді. Когнитивті дағдыларды жетілдіру тұсына тоқталсақ, полиглоттар көбінесе мәселелерді шешу, жоспарлау және көп тапсырманы уақытында әрі сапалы орындау дағдыларын жетілдіреді. Әртүрлі тілдерді үйрену және ол тілде сөйлесу, байланыс орнату миды дамытады, оның икемділігі мен бейімделу қабілетін арттырады. Екіншіден, бірнеше тілді білу шығармашылық ойлаудың, қиялдың дамуына ықпал етеді. Полиглоттар жаңа идеялар мен шешімдер шығару үшін әртүрлі мәдениет пен тілдік құрылымдардың элементтерін біріктіре отырып, тың ойлайды. Үшіншіден, бірнеше тілді меңгеру есте сақтауды жақсартады. Тілдерді үйрену көптеген сөзді жаттауға, грамматикалық ережелер мен өрнектерді есте сақтауды қажет етеді. Бұл жадты жаттықтырады және оның ұзақмерзімді аспектілерін жақсартады. Төртіншіден, сыни ойлауды дамытады. Полиглоттар ақпаратты әртүрлі көзқарас тұрғысынан талдайды, бұл, тиісінше, салиқалы шешім шығаруға ықпал етеді. 
– «Қалай тіл үйренемін?» деген талапкерлерге, ең алдымен, қандай да бір қызығушылық болу керек дейсіз ғой. 
– Кез келген ісіңе махаббатпен қарасаң, оны әрі қарай алып кетесің. Ал қызығушылық болмаса қанша жерден оқы, оқыма бәрі орта жолда қалып қояды. Әрбір тілді үйренгенде қажеттіліктен бұрын қызығушылық басым болды. 
– Тіл үйренуге бейіміңіз, қызығу­шы­­лығыңыздың барын қай кезде ұғындыңыз? Бүгінде қанша тілді жетік меңгергенсіз? 
– Жалпы, әр адамның бір нәрсеге бейімі болады ғой. Тіл үйренуге бейімім бірден байқалған жоқ. Талдықорғанда орыс тіліндегі балабақшаға бардым, 1-сыныпта қазақ тілінде оқытатын мектепке бардым. Бәлкім, шет тілдерді үйренуде деген қабілетім сол кезден-ақ қалыптасқан болар. Өйткені әртүрлі тілдермен жұмыс істеп бастауың, әртүрлі тілдегі адаммен қарым-қатынас орнатуың – мұның бәрі адамға, оның ішінде балаға қатты әсер етеді. Бүгінде меңгерген тілдердің қатарында ана тілімізге қоса, орыс тілі, ағылшын тілі, жапон тілі, испан тілі, түрік тілі және француз бен араб тілдері бар. Бұл тілдерді әртүрлі деңгейде меңгергенімді айтып өтуім керек. Дегенмен ағылшын, жапон, испан тілдерін жоғары деңгейде меңгергенмін. Ал француз, түрік және араб тілдерін орташа деңгейде білемін. 
– Жаңа тілді тиімді үйрену үшін қандай әдіс-тәсілдері қолданасыз?
– Адам өмірінің өзгеруі саналы қадамдарына байланысты шығар. Түрлі тілдерді үйрену арқылы өмірім жарқын жаққа өзгере бастады, мүмкіндіктер пайда бола бастады. Өз ойыңды еркін жеткізу, кез келген адаммен мәмілеге келу, жаңа таныстықтар, сапалы орта тілдерді үйрену арқылы келді. Ал «jetil.kz» атты ағылшын және түрік тілдерін үйрететін оқу орталығымызда 80/20 деген әдісті қолданамыз. Яғни 80 пайыз практика мен 20 пайыз теория деген әдіс-тәсілді басшылыққа аламыз. 20 пайыз грамматиканы 80 пайыз шыңдаймыз. Сабақ 70 минут болса, оның 20 минутын теорияға, қалған 50 минутын практикаға арнаймыз. Осындай әдістеме арқылы тіл үйреніп жүрген адамда сол тілде сөйлеу қабілеті шыңдала түседі. Біздің оқу орталығына келетін адамның көбі ағылшын тілін түсінетінін, бірақ ауызекі сөйлей алмайтынын, сұраққа жауап бергісі келетінін, бірақ жауап қайтара алмайтынын айтады. Осының бәрін ескере отырып, 80/20 әдісін ойлап таптық. Осыны оқу процесіне енгізе алсақ, басқа жағы да жөнделеді, реттеледі. 
– 8-сыныптан бастап ағылшын тілінен сабақ берген екенсіз. Осы туралы айтып берсеңіз. 
– Иә, 8-сыныпта оқып жүргенімде ағылшын тілінен сабақ бердім. Жалпы, бұл – жиған-терген, үйренгенімнің нәтижесінде болған оқиға. Адам өзінің өзгеге бере алатын тәжірибесі барын сезінеді. Кәсібиліктің кезекті қадамы – сабақ беру. Сабақ беру арқылы өзің білімге қанығасың, қайталап үйренесің, білмегеніңді білуге талпынасың. Мен үшін 8-сыныпта ағылшын тілінен сабақ беру қарапайым жағдай еді. 
– Шетелдерге шыққанда қазақ елін таныстыру, насихаттаудың қай қырына ден қоясыз? Қай жағына көбірек назар аударасыз: тіл, мәдениет, әдебиет не тарих?
– Шетелге шыққанда еліміздің мәдениеті мен тарихы туралы баяндаймын. Негізінен, шет елдерде Қазақстан туралы бірі білсе, бірі білмейді. Қазақ тілі туралы айтсақ, көбі түсінбеуі мүмкін. Ал халқымыздың рухани, материалдық мәдениетін шебер бейнелей алсақ, адамның қызығушылығы артуы мүмкін. Қазақстанды «Түркі мәдениетінің ізбасары» деп танытсақ, шетелдегі адамдардың назарын аударуымызға болады. 
– Жапондар қазақ тіліне қызыға ма? Қызықса, мұның себебі қандай?
– Жапон тілінің грамматикалық құрылымы қазақ тілінің грамматикалық құрылымына ұқсайды. Жапон тілін алтай тілдер семьясындағы пуескі тобына (оның ішіне корей пуескісі, ежелгі және қазіргі корей тілдері жатады) және австронезиялық тілдер тобына жатқызатын әртүрлі гипотезалар бар. Жапон тіліндегі одағай сөздер, сезімді, эмоцияны білдіретін сөздер қазақ тіліне өте жақын. Мысалы, қазақ тіліндегі нан сөзі жапон тіліне «пан» деп аударылады. Жапон тілін үйренуде маған қазақ тілі көмектесті. Шетелдіктер жапон тілінде сөйлем құрауға қиналып отырғанда, мен оңай мысал келтіріп айтатынмын. Себебі етістік қазақ тіліндегідей сөйлем соңында жүреді. Сол жағынан оңай болды. Негізінен, жапон тілі – әлем тілдеріндегі ең қиын тілдердің бірі. Жапон тілінің күрделілігі екі силлабикалық алфавит пен иероглифті қамтитын жазуда жатыр. Қиын тілдерді оқытушымен жүзбе-жүз кездесіп үйренген дұрыс. 
– Жапонияда 3 жылға жуық тұрғансыз. Жапон халқы апатты жағдайларда өздерін байыпты, сабырлы ұстайды. Мұның себебі не?
– Түрлі тарихи оқиғаларды басынан өткерген соң, одан сабақ алған соң, өздерін жақсы тәрбиелей алғаннан кейін де жапон жұрты сабырлы, ұстамды, зиятты болатын шығар. Мысалы, өзім Жапонияда оқып жүргенімде күнделікті тұрақты түрде жер сілкінісі (ең болмағанда 3–4 балл) болып тұратын. Олар мұндай жағдайды сабырмен қабылдап, салқынқандылығын жоғалтпайды.
– Жапондық білім беру жүйесінің қандай аспектілерін ең тиімді деп санайсыз және неліктен? Осы тұста жапондық және батыстық оқыту тәсілдерінің негізгі айырмашылықтары туралы да айта өтсеңіз. 
– Жапондық білім беру жүйесінің бас­ты ерекшелігі – корпоративті жүйеде, яғни бірлесе жұмыс істей алуында жатыр. Батыстық білім беру моделі көбінесе индивидуализмді, көшбасшылықты қолдаса, Жапонияда топтық жұмысты, командалық форматты көбірек қолдайды. Ең басты ерекшелік осыда деп пайымдаймын. Бұл білім беру жүйесінде айрықша байқалады. Қазақ «ынтымақтың арты игі» дейді ғой. Жапондар іс жүзінде ынтымақшыл. Алайда жапондардың білім беру жүйесі қаншалықты бірлесіп жұмыс істеуге итермелесе де, бұл халықтың адаптативтік интеллектісі өте төмен. Жапондар жаһандануға, жаңа өзгерістерге бейімделуге көп уақыт жұмсайды. Ал қазақтар, керісінше, жаһандануға тез бейімделгіш халық. Қазақтар цифрландыру, диджитализация дәуіріне тез үйреніп келеді. Қандай да бір модель тұрақты істеп әрі жақсы көрсеткіш беріп тұрса, оны алмастырудың қажеті жоқ деген принцип жапондардың сүйегіне сіңген. 
– Жапон жастары шетелдіктерді қалай қабылдайды және олардың қызығушылықтары мен хоббиі қандай? Жалпы алғанда, қазақ жастары жапон жастарынан несімен ерекшеленеді? 
– Менің субъективті пікірім болсын. Өзіме қазақ халқының жастары әлдеқайда талапшыл және мотивациясы жоғары болып көрінеді. 126 млн-ға жуық халық пен 20 млн халықты салыстыруға келмес. Сан тұрғысынан олар алда. Халық саны тұрғысынан аз болғанымызбен, жалынды жастардың саны көбірек сияқты көрінеді. Өйткені Жапонияда барлығы дамып қойған, жаңалық ойлап табудың қаншалықты маңызы бар деген сұрақ туындайды. Ал бізде жастардың жаңа буыны қалыптасып жатыр деп ойлаймын. Менің ойымша, Жапонияда жастар көбінесе корпоративті жүйеге үйренісіп, жаңалық енгізуге аса бір асығып жатқан жоқ сыңайлы. 
– Сіз дәстүрлі жапон құндылықтарының ішіндегі ең маңыздысы деп қайсысын санайсыз? 
– Жапония мәдениетінің әлемі кең ғой: кайдзен, философия, бушидо, дзюдо, каратэ т.б. Жапон адам еш уақытта дәрежесін төмен түсірмейді. Жапон адамы жұмысын жақсы деңгейде орындамай қалса, бұл оның намысына тиеді. Сол сияқты, біз намазда қалай сәжде етсек, олар адамға деген сыйластық, құрметті дәл солай иілу арқылы білдіреді екен. Осы тұста Құдайға және адамға жалбарыну деген екі ұғымның арасын ашып алған жөн. Саналы адам келесі бір адамға құрметін не ізетін көрсетудің өзін Құдайға құлшылық жасаудың бір түрі екенін ұғынады. Жапондар – кішіпейіл халық. Бұл – бағзыдан келе жатқан самурайлардың ұстанымы. Дәстүрлі жапон құндылықтарының ішінде бушидо кодексін ерекше атап өтер едім. Бушидо – самурайлардың ар-намыс кодексі. Адамның өз сөзінде тұра алуы, намысшыл болуы. Өзінің ісін кемеліне жеткізіп орындауы, мойнына алған жауапкершілігін дұрыс атқара білуі. Біздің қоғамға, өкінішке қарай, осындай ар-намыс, ұят, жауапкершілік кодексі жетіспейтін сияқты. Тапсырылған жұмысқа бейжай қарау, елемей кету көп байқалады. Бұл жақсы нәрсе емес. Ал жапондардың бойында мұндай қасиет жоқ. Сол себептен бізге жапондардан ең маңызды үйрену керек дүние осы деп ойлаймын. Сөзге бекем болу, айтқан сөзіңде тұру, артылған жауапкершілікті алып шығу. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан 
Бағдат Сұлтанқызы

639 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы