• Ақпарат
  • 11 Шілде, 2024

Ұлы дала дүбірі

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Кеше ғана 15 мемлекеттің президенттері мен басшыларын жинаған Қазақстан енді тағы бір үлкен іс-шараға қызу дайындалып жатыр. Енді бір жарым айдан соң қазақ астанасында Ұлы дала дүбірі басталады. Бұл, шын мәнінде, назар аударарлық мәселе. 
 

Жалпы, әлемде 200-ге жуық мемлекет бар десек, Астанада өтетін игі іс-шараға 85 елдің өкілдері мен спортшылары келмек. Келгенде қандай, Астана төрінде ат тұяғы дүбірлеп, көрерменнің қиқуы мен сән салтанаты айналаны қыздырайын деп тұр. Айтпағымыз, Астанада 8–13 қыркүйекте V дүниежүзілік көшпелілер ойынының ашылу салтанаты өтеді. Бес күнге созылатын көшпелілер ойынында халық қызықты сәттердің куәсі болады.  
Жалпы, Дүниежүзілік көшпелілер ойыны әлімсақтан бар. Кез келген түріктілдес елдер мен ат бауырында өскен елдің бүгінгі ұрпағы көшпелілер ойынын өзінің төл өнері деп біледі. Бірақ бұл ойынның ресми түрде аталып өтуі 2014 жылдан басталады. Ең алғаш 2014 жылы Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында ұйымдастырылып, оған 19 мемлекеттің 583 спортшысы қатысып,  спорттың 10 түрі бойынша сайысқа түсті. ІІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 2016 жылы тағы да Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен. Оған  62 мемлекеттің 1 200 спортшысы қатысып, сайыстың 26 түрі бойынша өзара мықтыларды анықтаған. Қырғыз ағайындар 2018 жылы ІІІ Дүниежүзілік көшпелілер ойынын тағы өткізіп, кіл мықтыларды анықтаған. Оған 82 мемлекеттің 2 000 спортшысы ойынның 37 түрі бойынша сайысқа түсіп, бақ сынаған.Үш дүркін қырғыз жерінде өткен ойын төрт жылдай тоқтап барып, 2022 жылы IV Дүниежүзілік көшпелілер ойыны Түркияның Изник қаласында ұйымдастырылды. Оған 81 мемлекеттің 1 500 спортшысы қатысып, олар ойынның 13 түрі бойынша сайысқа түсті. Енді, міне, екі жылдан кейін V Дүниежүзілік көшпелілер ойынына Астана қызу дайындалып жатыр. Оған 85 мемлекеттің 2 000 спортшысы қатысып, ойынның 21 түрі бойынша 97 медальды сарапқа салады. Ашығын айту керек, алғашқыда қырғызстандық жоба ретінде қарастырылғанымен, мұның түріктілдес халықтың төл өнері екенін бәрі біледі.  Бұл жоба қазір қарқын алып, халықаралық деңгейге жетті. Бұл көшпелілер ойынының халықаралық олимпиада деңгейіне көтеріліп, жыл өткен сайын қызығушылықтың артып бара жатқанын білдірсе керек. 
Ал Қазақстан бұл жарысты қалай ұйымдастырмақ? Қазір біздің спортшылар қызу дайындалып жатыр. Аталған іс-шараның маңызды екенін мына бір деректен-ақ аңғаруға болар. Жалпы, Дүниежүзілік көшпелілер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген. Елордада өтетін іс-шараны ұйымдастыруға 100 мыңнан астам турист келеді және  оны дайындау мен өткізуге мыңнан аса ерікті жұмылдырылады. Сондай –ақ келген қонақ пен спортшылар 32 қонақүйге орналастырылады. Қонақтар арасында Германия, Үндістан, Испания, Италия, Оңтүстік Корея, Ливан, Малайзия, Норвегия, Сербия және Чехиядан келген делегаттар мен журналистер бар.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана саммитінде «Бейбітшілік және келісім сарайында» көшпелілер ойындарына арналған бұрыш ұйымдастырдық. 100-ден астам шетелдік журналист болды, біз видеороликті таныстырдық. Шетелдік  меймандарға көшпелілер ойыны туралы кітапшалар тараттық. Бүкіл іс-шараны Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырып жатырмыз, – деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Дүниежүзілік көшпелілер ойыны кезінде қазақтың этноауылы құрылады. Келген ресми қонақтар мен спортшылар қазақтың төл өнерімен, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен танысады. Этноауыл туристердің қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Жалпы, көшпелілер ойыны дәстүрлі ұлттық спорт пен мәдениеттің сақталуы мен дамуында маңызды рөл атқарады.
Қазірдің өзінде билеттер zakazbiletov.kz сайтында сатылып жатыр. Ал ең алғашқы билетті 22 наурызда дүниежүзілік Этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған сатып алғаны белгілі. Қазірдің өзінде жеңімпаздарға тапсырылатын медальдар дайын.  Медаль қола қорытпасынан жасалған. Медальдың ортасында көшпелілер өркениетінің белгісі – ат үстіндегі Күн басты адамның таңбасы бар. Медаль ұлттық символымыз шаңырақ түрінде жасалған. Онда ойындардың өтетін орны мен уақыты көрсетілген естелік жазба бар.
Мәдени бағдарлама аясында «Бірлік керуені», «Этноауыл», «Көшпелілер әлемі» сияқты жобалар жүзеге асырылады. «Бірлік керуені» жобасы бүкіл елімізді қамтиды. Жобаның идеясы – бүкіл қазақстандықты Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына тарту. 
Астанада өтетін дүбірлі доданың жалпы көлемі 10 гектар аумақты алып жатыр. Этноауыл сахнасында 150-ден астам әртүрлі мәдени іс-шара өтеді. Атап айтсақ, отандық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, ақындар айтысы, мүшәйра, «Көшпелілер ғаламы» атты қойылым, сән көрсетілімі (подиум), этномәдени бағытты насихаттайтын ән-жыр, концерт, этностық киім үлгілері шарасы өтеді. Мұның бәрі әлемнің әр түкпірінен келген туристер мен қонақтарды қызықтыратыны сөзсіз.  8 қыркүйекте «Астана Арена» алаңында ойынның ашылу салтанаты өтеді. Сондай-ақ Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрінен жарыс, этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және саятшылық өнер жарыстары, «Думан» кешенінде дәстүрлі интеллектуалды ойындар өтеді. Ойынның жабылу салтанаты 14 қыркүйекте «Қазанат» ипподромында өтпек. «Қазанат» ипподромы бір уақытта 10 мың көрерменді қабылдай алады. Ал этноауылға бір мезетте 30 мыңға жуық көрермен келе алады. 
Сонымен, бір жарым айдан кейін Астанада Ұлы дала дүбірі басталайын деп тұр. Қазақ елін әлемге танытатын бұл жиынның да сән-салтанаты артып, маңызы арта түсеріне бек сенеміз.

 

 

 

1750 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы