• Ақпарат
  • 11 Шілде, 2024

Мүмкіндікке жол ашатын маңызды жиын

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Қазір ШЫҰ – географиялық тұрғыдан да, демографиялық тұрғыдан да жер жүзіндегі ең ірі ұйым. Сондықтан болар, бұл ұйымға мүшелікке енгісі келетін елдердің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мұны ШЫҰ-ның Астана саммиті  тағы айқындап берді. Ал Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің кездесуінің қандай тарихи маңызы болды?

Біріншіден, Шанхай ынтымақтастық  ұйымына мүше елдер  Еуразия аумағының 60 пайызын, әлем халқының 40 пайызын және әлемдік жалпы ішкі өнімнің 30 пайыздан астамын біріктіріп отыр. 
Екіншіден, Астана саммитінде Шанхай бес­тігі» ондыққа айналды. Тағы бір ел – Беларусь республикасы мүшелікке енді.
Үшіншіден,  Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің Астанадағы отырысында 25 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Астана декларациясы, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша 2025–2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекіту, есірткіге қарсы стратегия, энергетика саласындағы 2030 жылға дейінгі стратегия сынды маңызды құжаттар бар. 
Төртіншіден, Ұйымның шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Бесіншіден, ұйымға серіктес саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді, инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. 
Алтыншыдан, Астана саммитіне Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Пәкістан, Өзбекстан, Беларусь қатысты. Ал 10 мемлекет Түркия, Моңғолия, Қатар, БАӘ, Әзербайжан және Түрікменстан басшылары құрметті қонақ ретінде келді. 
Жетіншіден, басқосуға  БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысты. Бұл Астана саммитінің тарихи маңызын арттыра түсті. 
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Астана саммитінде сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни «шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғанын атап өтті.
– ШЫҰ кеңістігінде 3 миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің Ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше-мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сү­йенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Рас, Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық еткен кезінде ұйымның абыройын арттыру үшін мемлекеттік, халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізді. Бұл туралы Елордада аталған ұйымның бас хатшысы Чжан Мин де  атап өтті.
– 2023 жылдың шілдесінен бастап ШЫҰ-ға төрағалық Қазақстанға өтті. Төрағалық ету кезеңінде қазақстандық тарап түрлі салада 140-тан астам іс-шара ұйымдастырды. Экономикалық, инвестициялық, көліктік, мәдени-гуманитарлық және экологиялық салаға баса назар аударылды. Біздің ойымызша, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы өте мазмұнды және қызықты болды, – деді Чжан Мин. 
Жалпы, Қазақстанның халықаралық мәселеде араағайындық жасап, кез келген мәселені бейбіт шешуге шақыратыны Астана саммитінде де баса айтылды. Бұл орайда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің «Алпауыт державалар бір-біріне қарсы болған кезде, Қазақстан сияқты елдер өте маңызды рөл атқарады» деген сөзі де бекер емес. 
Түркия президенті  Ердоған да кездесуде Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін жоғары бағалады. Ол Орталық Азия аймағын «атажұртымыз» деп атады. «Атажұртымыз – Орталық Азия елдерімен әр салада ортақ пайда негізіндегі ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз әрі мүдделіміз», – деді.  
Таразылап қарасақ, қазіргі кезеңде Ұйымға мүше-мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты.
Ал Қазақстан үшін ШЫҰ-ның қандай тиімділігі бар? Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,5 пайызға өсті. «Астана» халық­аралық қаржы орталығының (АХҚО) базасында Қытай, Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан елдері белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы, АХҚО резиденттерінің 20 пайызы – ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің компанияларына тие­сілі. Сондай-ақ Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» мегажобасы, Транскаспий халықаралық көлік бағдары және «Солтүстік – Оңтүстік», «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» бағыты бо­йынша транс­еуразиялық дәлізі де біздің ел үшін пайдалы болып отыр. Бұл ғана емес, Шанхай ынтымақтас­тық ұйымының экономикалық әлеуеті орасан зор. ШЫҰ-ның белсенділігі ЕАЭО, БРИКС және АСЕАН секілді интеграция­лық бірлестіктермен өзара ықпалдастығы кең мүмкіндіктерге жол ашады. 
Саммитте сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытуға арналған Үлкен еуразиялық белдеуге айналады» деді. Бұл ақиқат, демек,  жүзеге асатын нәрсе. 
Сонымен тарихи маңызы зор халықаралық құжаттарды қабылдау арқылы Астана саммиті аяқталды. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің келесі басқосуы Қытайда 2025 жылы өтетін болды.

 

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
– Алпауыт державалар бір-біріне қарсы болған кезде Қазақстан сияқты елдер өте маңызды рөл атқарады. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы және БҰҰ сияқты ұйымдар қақтығыстарды шешуде, халықаралық экономикалық қатынастарда әділеттік орнатуда, дамушы елдердің мүддесіне орай халықаралық қаржы институттарын реформалау мен адам құқықтары саласында өзінің маңызды үлесін қосады. 

Чжан Сяо, Қытайдың Қазақстандағы елшісі: 
– ШЫҰ-ның ротациялық төрағасы болған уақытында Қазақстан өз міндеттерін белсенді орындады, прагматикалық және тиімді әрекет етті, жемісті нәтижелерге қол жеткізді. ШЫҰ дамуына маңызды үлес қосты және барлық тараптың жоғары бағасына ие болды. 

The Tehran Times, Иран баспасөзі:
 – ШЫҰ Еуразияның дамушы елдерінің экономикалық ынтымақтастығының қозғаушы күшіне айналады.

Аркадий Дубнов, саясаттанушы, Орталық Азия жөніндегі сарапшы:
– Қазақстан Президенті 2023 жылы ШЫҰ төрағалығын қабылдай отырып, постсоветтік аймақтың Батыс пен Шығыс арасындағы орға түсіп кетуіне тосқауыл болды. Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше ай бұрын іске асыру мүмкін еместей көрінген бастама көтерді. Бұл жерде Армения мен Әзербайжанды татуластырып, келіссөз алаңын ұсыну талпынысын меңзеп отырмын. Бір жағынан, кейбір елдер сияқты өзін араағайын ретінде тықпалап та отырған жоқ. Бітімгерлікке жол ашылды және ол істе Қазақстанның да үлесі бар.

Субраманьям Джайшанкар, Үндістанның Сыртқы істер министрі:
– Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең үлкені Қазақстанның ШЫҰ отбасын біріктірудегі үлкен әлеуеті де, жауапкершілігі де бар. Қазақстанның төрағалығы кезінде ШЫҰ жаң­ғыр­ту үдерісі белсенді талқыланды және мен Қазақстанды осы күрделі келіссөздер үдерісіне батыл кіріскені үшін жоғары бағалаймын.

1590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы