- Ақпарат
- 25 Шілде, 2024
Ауаны бөлек аламан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Төртжылдықты түйіндер бәсекенің түндігі түрілер күн жақын. Ел атынан Парижде бақ сынайтын саңлақтар апта бұрын аламан төріне жеткен. Франция бұл жолы қонақтарын жермен емес, су жолымен күтіп алмақ. Әрбір делегацияға арналған 160 кеме сақадай сай тұр деседі. Олимп шыңын бағындырсам дейтін 10 мыңнан аса спортшы «ауыздығын» тістеп тұрғаны тағы бар. Ал осы додада Қазақстан кімнен үміт күтеді, кім жүлдеге бір табан жақын?
Үміт пен күдік
Париж олимпиадасы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы cегізінші cын. Бұған дейінгі жеті додада 70 жүлде еншіледік. Алғаш рет Атланта олимпиадасынан үш алтын, төрт күміс, төрт қола медальмен 24-орынға табан тіредік. Төрт жылдан соң Сиднейде 22-орын алып, үш алтын, төрт күміс иелендік. 2004 жылы Афинада бір алтын, төрт күміс, үш қоламен 40-орынға жайғастық. Бейжің олимпиадасында 29-орынға тұрақтап, екі алтын, төрт күміс, жеті қола медаль алдық. Білесіздер, Лондон олимпиадасында жеті алтын алып, 12-орын иелендік. Кейін төрт алтынды кері қайтарып, 13 сатыға кері шегініп, 25-орынға сырғыдық. Рио-де-Жанейродағы бәсекеде де зілтемірші Нижат Рахимов допинг дауына ілігіп, Олимпиада алтынынан айырылды. Сөйтіп, 17 медальмен 30-орынға жайғастық. Ал Токио олимпиадасынан сегіз қола жүлде қоржынға салдық. Не алтын, не күміс медальға қол жеткен жоқ. Сарапшылар мұны құлдырау деп баса айтты. Өйткені күншығыс еліне 93 спортшы аттанған-ды. Сыншылар «ел тарихындағы ең сәтсіз Олимпиада» деп баға берді. Биыл Париж додасына спорттың 25 түрінен 80 саңлақ бақ сынайды. Олардың еншісінде 92 лицензия бар. Айта кетерлігі, ауыр атлеттер олимп ойындарынан тыс қалып, лицензия алмады. Демек, елімізде бұл спорт түрінің жағдайы мәз емес деген сөз. Cпорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев осы турасындағы сауалға ауыр атлеттер арасында үміткерлер болғанын, алайда допингіге байланысты лицензия ала алмағанын айтты.
Қош, Париждегі жарыста 205 мемлекет, 10 500 спортшы 32 спорт түрінен сынға түседі. Қазақстан құрамасы 25 спорт түрінен 80 спортшыны бәйгеге қосады. Ең көп лицензияны боксшыларымыз жеңіп алды. Францияға аттанған қосынның ішінде 54 атлет алғаш рет жазғы ойындарда бақ сынайды. Брейкинг пен бадминтоннан тұңғыш рет Олимпиада жолдамасын иелендік. Брейкингіден Әмір Закиров, бадминтоннан Дмитрий Панарин ел намысын қорғайды. Семсерлесуден Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет командалық жарысқа қатысады. Бокстан әйелдер құрамасы алғаш рет жазғы ойындарға үш спортшыны топқа қосты. Бірінші рет гимнастиканың үш түрінен Олимпиадада өнер көрсетеміз. Жеңіл атлет Ольга Сафронова мен академиялық ескек есу шебері Владислав Яковлев жазғы Олимпиада ойындарына төртінші рет қатысады. Дзюдошы Елдос Сметов, үстел теннисінен Кирилл Герасименко, қазіргі бессайыс шебері Елена Потапенко үшінші рет Олимп шыңын бағындыруға бет алды.
Айта кетерлігі, Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты әдеттегідей ғимаратта емес, өзенде өтеді. Париждегі шеру Сена өзенінде басталады. Әрбір делегация жекелеген қайықпен жүзеді. Алайда 80 спортшымыз бірдей қайыққа отырады деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі әр спорт сайысы жекеленген күнге белгіленген. 26 шілдеге дейін академиялық ескек есу, садақ ату, бокс, нысана көздеу, теннис, үстел теннисі, спорттық гимнастика, семсерлесу, жүзу, бадминтон, дзюдо, тас жолдағы велоспорт, стенд атудан бақ сынайтын спортшылар Парижге жетеді. Ұзын саны 50 спортшы Сена өзеніндегі жиынға қатысады. Ал жеңіл атлеттер 29 шілде күні діттеген жерге бет алады. Еркін күрес шеберлері 5 тамызда жолға шығады. Брейкингіден сынға түсетін Әмір Закиров 8 тамызда Францияға жетеді.
Ресми ақпарат бойынша, жазғы Олимпиада чемпиондарына 250 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал Олимпиаданың күміс медалін 150 мың доллар, қола жүлдегерді 75 мың доллар сыйақы күтіп тұр.
Жүлде салар жүйрік кім?
Садақ атудан ерлер құрамасы 25 шілде күні жарысты бастайды. Құрама екінші мәрте қатарынан толық құрамда Олимпиада жүлдесіне таласады. Командалық көп сайыста не бары 12 мемлекет сынға түссе, жеке сында 64 спортшы жүлдеге қол созады. Ал нысана көздеуден спортшылар 1996 жылдан бері жазғы ойындарға үзбей қатысады. Садақшылар бастаған сынды әрі қарай басқа спортшылар жалғайды. Күтеріміз – жүлде.
Жанкүйерлердің сұрағы белгілі: «Олимпиада алтыны бұйыра ма?» Осы сауалға жауап берген ҰОК төрағасы Головкин алтын алу шеберлікке емес, тағдырдың жазғанына байланысты деген екен. Шамасы, Атланта олимпиадасында күмісті місе тұтқаны есіне түсіп кеткендей. Десе де құрамадағы спортшының бәрі мықты, потенциалы бар екенін қоса айтты. Ал спорт сарапшысы Руслан Меделбек ел құрамасы алтын еншілейтініне сенімді. Дзюдодан бір қола медаль бұйыратынын да болжап отыр. Бокстан Ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжанов бір алтын, бір күміс, бір қола деп меже бекіткен. Теннис сарапшысы Ерік Ильясов Олимпиаданың Ролан Гаррос стадионында топырақ төсенішінде өтетінін алға тартты. Теннисшілер жақында ғана көгалда өткен жарысқа қатысқанын, қайтадан топыраққа бейімделу оңай емес екенін атап өтті. Яғни жарақат алу қаупі жоғары. Оған қоса көптеген теннисші Париж додасына қатысудан бас тартқан. Мәселен, Токио олимпиадасының күміс жүлдегері Вондрушева жарақатына байланысты бармайды. Польша үміті Хуркач та қызыл жолақ көтерді. Сабаленка, Хачанов, Рублев, Жабер, Шелтон, Мертенс, Радукану да «қатыспайпыз» деп кесіп айтты. Мұның бір себебі ретінде Олимпиадада теннисшілерге ұпай мен сыйақы қарастырылмағанын қоса кету керек. Есесіне, Джокович, Надаль, Алькарес, Синнер, Швентек, Рыбакина мен Гауфф тартысын тамашалаймыз.
Спорт журналисі Анық Көкенайұлының айтуынша, Париж олимпиадасында семсерлесуден командалық жарыста ел қоржынына жүлде түсуі мүмкін. Өйткені жігіттердің бабы келіп тұр. Оған қоса жарысқа барлығы сегіз команда қатысады. Яғни екі не үш команданы жеңсе, жүлдеге қол созуға мүмкіндік жетеді. Одан бөлек, ел желаяқ Нора Джерутоға сенім артып отыр. Теннисші Елена Рыбакинадан да жүлде күтіп отырғандар жетерлік. Дзюдодан Әбиба Әбужақынованың жүлде аларына, Елдос Сметов қажырын танытса, медальға қол созуы мүмкін.
Ал боксқа келсек, танымал боксшы Антон Пинчук бокстан Қазақстан құрамасында алтын да, күміс те, қола да болатынын алға тартты. Соның ішінде Асланбек Шымбергеновтен үлкен үміт күтетінін, Қамшыбек Қонқабаев та жүлдесіз қалмайтынын атап өтті. Жалпы, спорт сарапшылары Сәкен Бибосыновтан, Асланбек Шымбергеновтен, Махмұт Сабырхан мен Қамшыбек Қонқабаев жүлдеге қол созады деп болжайды.
Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев сұқбатында боксшыларға сенім мол екенін, бокс державасы ретінде спортшылар атой салатынын айтты. Сегіз лицензия алған еркін күрес пен грек-рим күресі шеберлеріне, тура сондай жолдамаға ие болған дзюдошыларға үміт артатынын қосты. Ханчжоуда өткен Азия ойындарында сәтті өнер көрсеткен нысана көздеушілерден де жақсы хабар күтетінін жеткізді.
Одан бөлек, мамандар гимнастшылар Милад Карими мен Нариман Құрбановтың бабында екенін, жүлде алуға күш салатын кез жеткенін нұсқады. Ресейлік гимнастшы қыздар додаға қатыспаған соң Эльжана Таниеваның да жүлдеге таласуға жолы ашылғандай. Оның үстіне Таниева кейінгі қатысқан жарыстың бәрінде нәтижелі өнер көрсетіп жүр. ТМД тарапынан Әмір Закировтің ғана брейкингіден лицензияға қолы жеткен. Кей мамандар Әмірден де жүлде күтуге боларын атап өтті.
Иә, Олимпиада аурасы бөлек аламан. Мұнда кімнің бағы шабарын болжау мүмкін емес. «Мына спортшының қолынан келмейді-ау» дегенде дода атмосферасы саңлақты шыңға қарай «сүйреуі» мүмкін. «Бәйгеде қара үзетін жүйрігіңіз» топ етіп төмен сырғанауы да ықтимал. Сондықтан көрермен шынайы жанкүйер болғаны маңызды. Париж төріне 80 спортшыдан бөлек, 69 жаттықтырушы, 23 массажист пен дәрігер аттанды. Ұлт намысы сынға түсер бәйгеде бар жүйрік көмбеден көрінсін.
2166 рет
көрсетілді0
пікір