- Мәдениет
- 04 Наурыз, 2009
ДАЛА ГЕРКУЛЕСІ
«Атамұра» баспасынан белгілі қаламгер, журналист-жазушы Тауман Төрехановтың «Дала Геркулесі» атты 38 баспа табақтық тарихи деректі романы жарық көрді. Роман шетел баспасөздерінде ертеде жарияланған, мұрағаттарында сақталған құжаттарын, жиһанкездердің, дипломаттардың, Ресей әскери басшыларының жазбаларын, рапорттарын және ХІХ-ХХ ғасырларда ғұмыр кешкен көзі ашық, көкірегі ояу зерделілердің, тарихи тұлғалардың, ғалымдардың естеліктерін арқау ете отырып жазылған. Роман үш тараудан тұрады. Бірінші тарауы халық батыры Көтібар Бәсенұлына арналған. Бұл бөлімде Тама Есет Көкіұлы жайлы да біраз мағұлмат берілген. Сондай-ақ заманының Нострадамусы атанған Мөңке би, Самрұқ (ел ішінде Саңырық деп кеткен) туралы бұрын-соңды жарық көрмеген эпизоттар бар. Кітаптың екінші бөлімі «Есет жолы» деп аталады. Мұнда Есет Көтібарұлының соғыстағы тактикасы мен стратегиясы барынша сөз болады. Е. Ковалевскийдің, В. Залесскийдің, В.А. Перовскийдің, В.В. Григорьевтың, Н. Игнатьевтың, сондай-ақ Шоқан Уәлиханов пен Михаил Венюков жазбаларының орыс, ағылшын, француз, неміс, поляк тілдеріндегі қысқартылып алынған түп нұсқалары, оларға автордың түсініктемелері берілген. Күні бүгінге дейін Есет Көтібарұлының туған жері, жылы, дүниеден озған мезгілі барлық дерлік құжаттарда, оқу құралдарында жаңсақ, қате беріліп келгендігі де романда арнайы айтылады. Автор батыр ғұмыр кешкен заманның мұрағаттарына сүйеніп, Есеттің туған жерін, жылын, тіпті туған, қайтыс болған айларын, мазарының қай жылы, қашан тұрғызылғанын, оған кімдер қатысқаны, кейін Қазақ елі тәуелсіздік алған соң халықтың өз қаржыларына Есет-Дәрібай кесенелер кешенін тұрғызғанын да сөз етеді. Кітаптың үшінші бөлімі тарихи тұлғалардың ХХ-ХХІ ғасырлардағы кейбір ұрпақтарының тәуелсіз Қазақ еліндегі бүгінгі тынысына арналған.

3759 рет
көрсетілді0
пікір