• Ақпарат
  • 01 Тамыз, 2024

Адамның есімі – тағдыры

Қазақ халқында ат қою дәстүрі қазақ дүниетанымы мен мәдениетінің өмірінде ерекше орын алады. Есім адамның даралығы мен мінезін көрсетіп қана қоймай, терең символизм мен тарихи мұраны да аңғартады. Осы бірегей дәстүрді тереңірек түсіну үшін мамандардың пікіріне жүгініп, есімнің мәдени-рухани мұрасын қалай қалыптастырып жүргенімізді бағамдадық. 

 

Тұрсын ХАФИЗҰЛЫ, философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры: 
 

 

Жарқын қадам – ақ ниет

 

Адамның есімі – ұлттық мәдени кодтың маңызды элементі. Баланың атына қарап, оның кім екенін, қай ұлттың өкілі екенін айнытпай білуге болады. Сондықтан балаға есім қойғанда сол елдің иісі анық сезіліп тұруы керек. Атақты Бауыржан Момышұлы: «Адамға дүниеге келгенде берілетін есім – оған өмір жолында бағыт сілтейтін жарық жұлдыз іспетті: өмір бойы жанында болатын алғашқы және қасиетті белгілердің бірі» деген екен. Жақсы есім баланың болмысына, тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Қазақ халқының есіміндегі үрдістер халықтық дәстүрге, наным-сенімге тығыз байланысты. Жалпы, қазақтың дәстүрінде бала дүниеге келгенде жасалатын жөн-жоралғылар бар. Оның бірі – сәбиге көркем есім қою. Баланың атын ата-анасына, атасына, әжесіне немесе әулеттегі құрметті ақсақалға, немесе елге белгілі тұлғаға қойғызады. Дінімізде балаға есімді дүниеге келгеннен соң жетінші күні береді. Десе де қатып қалған қағида жоқ, үш не бес күннен кейін қоя берсе де рұқсат. Қазақтың діни мамандары мен рухани қайраткерінің пікірінше, ислам дінінде сәби өмірге келгенде әке-шешенің орындауға тиісті міндеттерінің бірі – азан шақырып, жақсы ат қою. Кез келген мұсылман азан шақыра алады. Азан шақырып ат қоюдың тәртібіне келер болсақ, ең әуелі азаншы құбылаға жүзін қаратып, сәбидің оң құлағына азан шақырады да, үш рет атын айтады. Кейін екінші жағына, яғни сол құлағына қамат түсіріп, үш рет аты аталады. Міне, осыдан кейін жақсы тілек тілеу­ге де болады, нәрестенің кұлағына азан мен қамат айтылғанымен, намаз оқылмайды. Осы оқылмаған намаз адам өмірден өткен кезде азан, қаматсыз өтеліп барып, жерленеді. Бұл намаз «жаназа намазы» деп аталады. Бұдан алатын ғибрат адамның – өмірге келіп-кетуі бейне бір азан, қамат айтылған соң намаздың дереу басталатыны секілді, қысқа ғана екенін көрсету. Нәрестеге қойылатын есімді таңдау процесінде наным-сенімдер тікелей әсер етеді. Ырымдап қойылатын аттар да жиі кездеседі. Балалары жиі шетіней беретін отбасыда жаңа туған сәбиге Тоқтар, Тұрсын, Тұрсынкүл, Жүрсін, Өлмес деп ат қойған. Егер ылғи қыз бала туа берсе, оларды Ұлбала, Ұлтай, Ұлтуған, Ұлжан, Ұлболсын деп атаған. Шала туған балаларға Шалабек, Шалабай, Лекер, Жартыгүл деп ат берген. Профессор А.Қалыбекова «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» кітабында қазақтың ат қою дәстүрі бойынша мынадай құнды деректерді келтіреді. 
Қазақтар кісі есімін әртүрлі себептерге байланысты қоятын болған. Сыртқы келбетіндегі ерекшеліктерге қарай ат қойған. Туа біткен қалы бар балаларға Қалдыбай, Меңдібай, Меңдігүл, Меңдіқұл, Анарбай, Анар, артық саусағы барларға – Қосбармақ, Қосекен, Артық, Артықбай, Артығали деген есім берген. Көздің, шаштың, терінің түсіне байланысты аттар: Қаракөз, Қарашаш, Сары, Аппақ, Ақбөпе, Қарабала. Мұрны үлкен балаларды Мұрынбай, таңқы танауларды –Таңқыбай, Таңқай деп атаған. Қазақтар балаларына жердің атын да қоятын болған: Еділбай, Жайлаукүл, Адыр­бай, Таубай, Алтай, Үшкемпір (құдықтың аты), Мешітбай. Мынадай есімдер ұзақ ғұмыр тілеуге байланысты туындайды: Өмірзақ, Мыңжасар, Бекжан, Есенаман, Мұңайтпас. Күш-қуат, қажымас қайрат тілейтін есімдердің құрамында «ер», «батыр» деген сөздердің қосарлануы арқылы, сондай-ақ мықты аңдардың, құстардың, металдардың, қару-жарақтың аттары кездеседі: Ербол, Батыржан, Ителгі, Жолбарыс, Қошқар, Нарабай, Тұлпар, Темірбек, Найзабек, Семсер, Шоқпар, Балтабек. Қазақтың көптеген есімі әртүрлі тілек тілеудің көрінісі: байлық (Тайбағар, Айранбай, Жылқайдар, Байжігіт), ақыл, дарындылық: (Ақылжан, Данышпан, Көке, Өнербай, Қаламбай), жомарттық, қайырымдылық: (Мырзабай, Фаиз, Жомарт, Исмет), бақыт, табыс: (Бақдәулет, Жеміскүл, Салтанат, Нұргүл), сұлулық (Айгүл, Нақыш, Гүлжан, Перизат, Меруерт), ұрпағы ата-анасының, халқының тілегі болсын деп (Нұрсұлтан, Өмірсерік, Асқар, Есмұрат), ұрпағы құрметті әрі басшы болсын деп (Бибол, Раис, Әмірбек, Әкімжан, Мәлік), мінезі жақсы болсын деп (Жібек, Патсайы, Мақпал). Атақты адамдардың атын беру дәстүрі де кең тараған: батырлар (Қобыланды, Жанатай, Алпамыс), тарихи тұлғалар (Абылай, Төле би, Майқы, Шыңғыс, Зұлқарнай), әдебиет, өнер қайраткерлері (Абай, Шоқан, Құрманғазы, Бұқарбай, Олжас). Кеңестік кезеңде қазақ есімдерінің саны қоғам өміріндегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді білдіретін сөздермен толықты: Кеңес, Сайлаукүл, Советбек, Космос, Трактор, Мира. Революционерлер мен көрнекті саяси қайраткердің құрметіне қойылған аттар: Тельман, Марат, Мэлс, Клара, Инесса, Индира, Эрнест. 50-жылдарда Батысеуропалық үлгідегі есімдер кең таралды: Роберт, Рудольф, Аэлита, Луиза, Дина, Диана т.б.
Кейінгі кезде қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне байланысты нағыз қазақи есімдерге қызығу арта түскені байқалады. Ат қою – үнемі жаңарып, жанданып отыратын әрі халықтың тарихи-мәдени өміріне тікелей байланыстағы процесс. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистикасына сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтары мен 2021 жылдың 30 сәуірі аралығында балаларға ең көп қойылған топ-3 есім тізімінің ішінде ер балалар арасында трендіге айналған есімдер қатарында: Әлихан – 6 081, Айсұлтан – 4 486, және Нұрислам есімі – 3 929. Сонымен қатар ер балалар арасында танымал есімдер тізімінде Алдияр, Рамазан, Амир, Алинұр, Арсен, Омар, Ислам және Муслим есімдері көп кездессе, ал қыздар арасында Медина есімі – 7 425 рет қойылып, көш бастап тұр, Айлин есімді ханшайым – 6 503, ал Айша есімі – 6 120 рет қойылып, үштікке енген. Көп кездесетін қыздар есімі қатары: Раяна, Айзере, Асылым, Томирис, Айару, Кәусар, Айкөркем, Сафия, Әмина, Айым, Адина және Аяла. Балаға есім беруде халықтың белгілі бір тұлғаға деген махаббаты, құрметі, ілтипаты байқалады. Сол махаббаты есім арқылы баланың тәрбиесіне трансформацияланады. Адамның есімі секілді кез келген Құдай жаратқан құбылыстың аты бар. Ағылшындар «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» дейді, сол сияқты баланың тағдыры өз есіміне тығыз байланысты. Егер балаға мағынасы жақсы есім берілсе, болашақ өмірі де жарқын болатынына сенім мол. Қазақта «Атына заты сай екен» деген сөз бар. Балаға жақсы ат қойсаңыз, ол есімнің мәні тағдырына жарығын түсіріп тұрады. 

 

 

Қыздархан ҚҰРМАШҚЫЗЫ, филология ғылымының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері: 
 

 

Қазақ атты ырымдап қойған

 

Есім – адамзат тарихындағы алғашқы атауларға жатады. Өйткені адам өзін-өзі танып, өздерін бір-бірінен айыру үшін, өзіндік идентификация жасау үшін ат қойған. Бұл дәстүр, жалпы, әлем халықтарына тән әмбебап сипатқа ие.
Өзіміздің тарихқа жүгінсек, тарихымызда да есім қою дәстүрінде көптеген халыққа тән ортақтық бар. Ат қою адамның тіршілік еткен этномәдени ортасына, наным-сеніміне, мифологиялық, діни танымдарына байланысты қойылған. Ал қазақ халқына келсек, еліміздің ең басты құндылығы – халықтың материалдық, экономикалық жағын айтсақ та, лексика-семантикалық тақырыптық жағын айтсақ та, ата-бабамыздың есімі ата кәсібіміз – төрт түлік малға байланысты болып келген. Мысалы, әлі күнге дейін Қойшыбек, Қошқарбай, Бурабай, Нартай, Жылқыбай, Қойбағар сынды есіміндегі тегіміз көптеп кездеседі.
Қазақ есімдерінің басқа тақырыптық топтарына келсек, жан-жануар, құс, өсімдік, асыл тастар, табиғи құбылыс атауларынан, діни есімдер, танымал тұлғалардың т.б. есімдерінен қойылған антропонимдерді келтіре аламыз. 
Байырғы қазақ қоғамында байлық, әл-­ауқат дәрежесі төрт түлікпен есептелген. «Сарыбай» есімі – атам заманнан төрт түлігі сай, мейлінше бай деген ұғымды білдіреді. Ал «Қарабай» деген есім қара малы көп, бертін келе байыған кісі деген ұғымды білдіреді екен. Бұл есімдер адамның түр-түсіне, реңіне қатысты қойылмаған. 
Кез келген халықтағыдай, біздің мәдени, тілдік-этнологиялық кеңістігіміздегі есімдердің жүйелік, танымдық қасиеті бар. Адам есімі тағдырына әсер ете ме? Ата-ана ат қойғанда сондай бір ізгі ниетпен, үлкен тілекпен қояды. Жаңа туған нәрестеге «Арыстан» деп ат қойса, алпауыт күш иесі болсын, сол күш балаға дарысын деп тілейді. Есімі елге белгілі, қоғам қайраткері болса, сол кісінің атын берерде әлгі тұлғаның адамдық қасиеттері бала бойына сіңсін деп қойған. Бірақ ол есімдердің баланың тағдырына тікелей әсер ету-етпеуі тұрғысында практикалық тұрғыдан ешкім нақты баға бере алмайды. 
Ономастика бөліміне бірде есімі Елеусіз атты келіншек келді. «Ата-анам бала сүйе алмағандықтан, есімімді Елеусіз қойған. 46 жасқа келдім, расында, өмірде елеусіз, ескерусіз келемін. Өмірімде ештеңе өзгеріп жатқан жоқ. Қоңырқай өмір сүріп жатырмын. Есімімді өзгерткім келеді. Қазір өзімді Эльмира деп таныстырамын» деп ағынан жарылған.
Қазақ, анығында, атты ырымдап қойған. Ерте кездегі адамдардың таным-түсінігі сондай болды. Мистикалық күштерге жүгіну, шыққан тегін жануарларға байланыстыру (тотемизм: қошқар – алапат өндіруші күш иесі деген түсінік болған). Бала шетіней бермесін, өмірі ұзақ болсын деген ырыммен мағынасы жағымсыз есімдер қойған: Итбай, Жаманбай, Күшікбай, Итмағанбет. Бұл дәстүр тек қазақ халқында емес, Орта Азия халықтарында, Кавказ халықтарында да бар екен. Өзбек халқында балалары тұрақтамаған соң, оны амалсыз аман-сау сақтау мақсатымен баласын көршісіне, туысына, біраз уақыт бөтен әйелге беріп қояды екен. Ол баланы сол кісілер біраз күн бағады. Одан кейін әке-шешесі ол баланы «сатып алады». Содан кейін «сатып алынған» балаға ақысы төленген бала деп, есімін Сатыбалды, Төлеген, Тұрар, Тұрсын, Тоқтасын деп ат қойған. Бұл есімдер және Үшкемпір тәрізді қазақ есімі мәдени-семантикалық, этноақпараттық жүкетемесі бар антропонимдер қатарына жатады. Одан кейін отбасыда ылғи қыз бала туып, ұлды болу ниетпен Ұлбосын, Ұлмекен, Ұлбала деп қоятыны белгілі. Бұл есімдер әлі күнге дейін қолданыста. ХХІ ғасырда жаһандану, ақпараттық, көптілді, көпмәдениетті кеңістік заманында өмір сүріп жатқандықтан, Дүйсенкүл, Жұмакүл есімдері ескірген есімдер қатарына жатады. Жас балаларға осындай есім қойылғанда, олар ономастика бөліміне келіп, есімінен ұялатынын, ауыстырғысы келетінін айтады. Бұл есімдер жастар арасында психологиялық қолайсыздық туғызады. Қыздың есімін ұлға қою үрдісі де байқалады. Бұл – бұрыннан бар дәстүр. Мәселен, Ардақ, Раушан, Наркес деген есімді ұл балалар бар. Ономас­тика бөліміне осындай есімді ер-азаматтар келіп, атынан ыңғайсызданып, ауыстырып беруді сұрайды. Ұл балаға туа салысымен қыз баланың киімін кигізіп, перілер мен жын-шайтандар шатасып қалсын деп, ұлдың шашын өсіріп, біраз жасқа дейін қыздың есімін қойған екен. Бұл – бұрыннан қалған сарқыншақ дәстүр. Бақыт, Бейбіт деген есім ерлер мен әйелдерге қатар қойылады. Зерттеу барысында мұндай есімдерді «унисекс» деп көрсету үрдісі пайда болды. Бұл термин өзіме тіпті ұнамайды. Гендерлік (қосгендерлі) атау деп қойса, ұғымдырақ әрі ойға қонымдырақ болады деп есептеймін.
Сондай-ақ қазір қоғамымызда, әсіресе қалалық жерлерде, сюцай деген ағым пайда болды. Адамның туған күні, жылының сандары, есім әріптерінің энергиясы тәрізді ұғым бо­йынша қазақша аттарын бұрмалау, әріп жалғау үрдісі басталды. Бұл – мәдениетімізде болмаған, жат құбылыс. Жастарды осындайдан сақтандыру керек шығар.
Қазір қазақ халқының ат қою дәстүрінде діни есімдер репертуары кеңейе түскен. Зайырлы мемлекет болғандықтан, діни санамыздың, қоғамның ашықтығына байланысты дін жағынан да еркіндік бар. Сондықтан қазір Ибраһим, Мұстафа, Мұхамммед, Әбілмансұр, Фахреддин, Файзулла т.б. Алланың 99 көркем есімі жиі қойылады. Мұхамед Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) есімін қазақша Махамбет, Мұхамбет деп қойған. Ал осындай есім қойылған азаматтар Құран Кәрімдегідей нақты түпнұсқа бойынша жазылған атаумен рәсімдеп беруді сұрайды. Діни дәстүрде тәрбиеленген ер-азамат болса, еш қарысылық жоқ. «Неке және отбасы» кодексі бойынша, кәмелетке жеткен бала өзінің есімін қалай қойғысы келсе, еркіндік беріледі деген. Сондықтан қарсылық танытпай, рәсімдеп беруге тырысамыз. Дегенмен жаңа туған баланың есімін арабша әбу, ибн тәрізді артиклдерді жалғап рәсімдегісі келетін ата-ана да бар. Бұл төл ұлттық есімдеріміздің мазмұнын тым еліктеп, арабтандыру деп түсінеміз.

Әзірлеген
Бағдат Сұлтанқызы

5474 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №53

15 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы