• Ақпарат
  • 01 Тамыз, 2024

Қайрат Жүнісов, композитор: Әскери-патриоттық әндер жазу – борышым

Саналы ғұмырын әскери салаға, оның ішінде әскери-патриоттық әндерге арнаған композитор, запастағы майор Қайрат Жүнісов 30 жылдан аса уақыттан бері Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблінде еңбек етіп келеді. Оның не бары 2-сыныпта жазған алғашқы әні де патриоттық ән еді, туған ауылындағы Қамқалы көліне арналған еді.
 

«Бала кезімнен ән жаза бастадым. Бірінші әнім Шығанақ ауылындағы Қамқалы көліне арналды. Әскери адамнан бұрын музыкантпын. Өмір-бақи әскери ансамбльде істедім. Ал әндеріме келсек, «Қарындасыма» әнім өзімнің туған қарындасым тұрмысқа шыққанда туды. «Қобызым» әні – қазақтың қобыз өнерінің негізін қалаушы Ықылас Дүкенұлы атамызға арнаған әнім. 
Әскери-патриоттық ән жазуға сезім керек. Көп әншілер сияқты басқа жолмен жүруге болар еді. Бірақ Отанға деген сезіммен ән жазсам дедім. Сол сезім мені әскери ұжымға алып келді. Қазақстан енді егемендік алып жатқан кезде әскери ұжымға келдім де, әскери-патриоттық әндер жазуды борышым деп білдім. Ол кезде әскери қазақ әндері мүлде жоқ еді. Қазір төрт ән жинақ шығарыппын», – дейді Қайрат Жүнісов. 
Жуырда 60 жасына орай арнайы шығармашылық кешін өткізген композитор ел алдында есеп берді. Бүгінде еліміздің Қорғаныс министрлігінің Ұлттық-патриоттық орталығында жұмыс істейді. Сонымен қатар әртүрлі патриоттық жобалармен де айналысады. Айтуынша, конкурстар, фестивальдар ұйымдастырып, «Сарбаз сахнасы», «Жас сарбаз», «Әскери өнер салтанаты», «Түркі мемлекеттерінің Қорғаныс министрліктерінің шығармашылық топтарының фестивалі» деген сияқты әртүрлі жобалар жасап, жүзеге асырып келе жатыр. 
«Қазіргі бағытым – осы. Қазақ телевизиясында жас әншілерге орын бар, бізге онша назар аудара бермейтіндей. Шабыт бар, сезім бар. Әртүрлі әндер жазылып жатыр. Соңғы жазған әнім «Ауылым – алтын бесігім» деп аталады. Сол әнді өзімнің туған ауылым Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы Шығанақ ауылына арнағанмын. Тамыз айында 60 жылдығым ауылда ұйымдастырылады, әндерімді алып барамын, үлкен той болады», – дейді композитор. 
Запастағы майор Қайрат Жүнісов – әскеріміздің айбынды болуы үшін аянбай тер төгіп жүрген сахна майталмандарының бірі де бірегейі. Әскери өнер аспанында жанған шоқжұлдыз іспетті. Бұл – дәлелді талап етпейтін аксиома.
Айта кетейік, Қайрат Қаратайұлы 1980 жылы, Жамбыл облысы Сарысу ауданы Шығанақ кеңшарындағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ орта мектепті бітіргеннен кейін, Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге шақырылды. 1984–1988 жылдары Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда оқыды. Кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқуын жалғастырды. 1991 жылы қызмет жолын мемлекеттік хор капелласында бастады. 1992–1994 жылдар аралығында Тәуел­сіздік таңы енді атқан Қазақстанның дербес Бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасуына қолғабыс жасады. Атап айтқанда, бұл жылдары енді ғана бой көтерген «Таң» телекомпаниясының сценарист-режиссері болып еңбек етті.
«1994 жылы Қорғаныс министрлігі жүйесіне қызметке кірдім. Содан бері табаны күректей ширек ғасыр бойында жиған өмірлік тәжірибемді, шабытымды қорғаныс саласына арнап келемін. «Ән шырқаған әскер мықты болады» деген ұранмен қаруланып, шығармашылық тұрғыда бір сәтке де аялдаған емеспін. Жауапты лауазымдар атқара жүріп, бірқатар биіктерді бағындырдым деп ойлаймын. Шығармаларым әскери-патриоттық әндердің алтын қорынан ойып тұрып орын алды. Тыңдарманым, әріптестерім мен сыншыл қауым жақын қабылдап, өте жоғары бағасын берген «Еркіндік сүйген егемен елім», «Ант етемін» және «Сарбаздар әні» атты әскери-патриоттық әндер жинағын шығардым. Бұл жинақтарға енген әскери әндер мен марштар үлкенді-кішілі, алысты-жақынды гарнизондарда шырқалып жүр», – дейді Қайрат Жүнісов. 
Қайрат Қаратайұлы әскери-патриот­тық әндерді насихаттауда да алдына жан салған емес. Түрлі министрліктер, жергілікті билік органдары немесе қоғамдық ұйымдар ұйымдастырған байқау, бәйге тәрізді шуақты іс-шараларға кең қолдау көрсетіп келеді. Жас әншілер немесе жас композиторлардың байқауларында әділқазылық жасайды, шеберлік сағаттарын өткізеді. Бұл ретте Қорғаныс министрлігінің мұрындық болуымен дәстүрлі өткізілетін «Жас ұлан», «Сарбаз әндері» сынды әскери-патриоттық әндер байқауларының құрметті қонағы болып кеткенін тілге тиек етуге болады.
Қайрат Қаратайұлының шығармашылық шеңбері тым ауқымды. «Қарындасыма», «Қыз-қызғалдақ», «Алматының түндері-ай», «Қобызым» тәрізді лирикалық әндері қалың жұртшылықтың жүрегіне тура жол тапқанына да біраз жыл болды. Бұл әндерді күні бүгінге дейін Алтынай Жорабаева, Нұрлан Өнербаев, Қыдырәлі Болманов, «МузАрт», «Нұр-Мұқасан» тәрізді рес­публикаға белгілі, халыққа танымал сахна саңлақтарының орындауында түрлі концерттік бағдарламаларда немесе теледидардан естіп жүрміз. Қайрат Қаратайұлының бойында әншілік, композиторлық қасиеттермен қатар, режиссерлік, продюсерлік қырлар да бар. «Егемен Қазақстан» және «Шағала» әндеріне түсірілген тақырыптық бейнеклиптерді мамандар өте жоғары бағалады.
Ол Астана және Алматы қалаларының ең тұғырлы сахналарында жеке шығармашылық кешін өткізді. Көптеген байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды. 

Әзірлеген 
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1069 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы