• Ақпарат
  • 01 Тамыз, 2024

АБАЙДЫҢ «ТОЛЫҚ АДАМ» ИДЕЯСЫ және ИРАН-ҒАЙЫПТЫҢ «БҮТІН-АДАМЫ»

Ұлыс, тайпа өмір-тіршілігінде, бүтін Алаш жұртында, ел басқару ісінде (жер дауы, жесір дауы т.с.с.) саяси-әлеу­меттік немесе адам тағдырына қатысты ауқымды, күрделі мәселелерді «Әділетті ақылмен» (Абай сипаттамасы), ізгілік іс-харекетімен, тәуекелшілдікпен, көреген көсемдікпен талдап түсіндіретін ғасырлық ойға ие халықтың арын арлаған көреген білгірді, Абайдың тілімен айтқанда, ақ жамбыдай асыл қасиеттерді болмысына сіңірген тұлғасы толық, тұрманы түгел «толық адам» дейміз. 
Замана сырын, ел өмірінің философиясын, халықтың көзқарасын, адамзат қауымының мыңжылдық тәжірибесін, жүйеленген рухани ілім-білімін, ұлағатты, қымбат ой-пікірлерін тереңнен толғап, қопара білген білікті де, ел жақсысында кемелдік те, тереңдік те, жүйріктік те, «кәміл хақиқат та» бар.
Хакім Абайдың философиялық-риторикалық ой-тұжырымдарында халықтың ойы мен тіліндегі «жақсы», «кәмәлат», «кәмәлат-ғазимат», «кәмәлатты», «кәміл», «кемел», «толық» секілді терең сырлы ұғымдарды әр қырынан шеберлікпен жетілдіріп, ұсталықпен, сақилықпен толықтырады.
Қазақ рас айтады: «Жақсы ортақ, ай ортақ, күн ортақ». Табиғаттың даналығында жақсысы да бар. Оның жарығы, мейірімі, қайырымы – елдің игілігі. Ол – елдің елдігінің, тұтастық-бірлігінің, бақ-базарының нағыз кепілі. Ақиқатында, қариялардың талаптыларға «Жақсылардың қасында, мәслихатында бол, сарқытын іш» деуінің мәнісі – осы.

 

Хакім Абай қас жақсының болмысын былайша танытады. 38-қара сөзінде: «Махаббат – әуелі адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – хауас сәлим (жақсы сипат) һәм тән саулық, бұлар туысынан болады, қалмысы өзгелерінің бәрі – жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – дейді. Киелі, келісті ортаның қасиеті өзгеше екен-ау!
«Жақсы пейіл, жақсы сөз (елді бүтіндейтін), жақсы іс ел есінде сақталады. Абайдың
Жүректен ізі кетпес қызық көрсек,
Жақсылықты аянбай жұртқа бөлсек», – дегенінде жақсылық – тұнып тұрған халық қазынасы екенін баяндаған. Жақсылықтың жолында еңбектенсең, бейнеттенсең, Алланың нұры жауады, өзіңе де, өзгеге де аспаныңнан шұға жауады, ізгілікке, игілікке жеткізеді.
Шынында, адамның өмірбаяндық жолы мысқалдап жетілуден, толығып есеюден, естілікті қадір тұтуынан, қасиетін көркейтіп байытып толықтырудан жетіледі. Бір сөзбен айтқанда, кәмәлатқа жету жайы. Ойшыл 14-қара сөзінде адам болмысындағы 1) қайрат, 2) ақыл, 3) жүрек тәрізді керемет қасиеттердің баршасын меруерттей тізеді. Ақиқатқа, шындыққа жетпек, жетілмек, адамшылықтың «кәмәлат таппағы – қиынның қиыны» дейді: «Бұл жолда риясыз, жеңілдіксіз бір қарар тұрып іздеген ғана кісі істің кәмәлатына жетпек».
Сөзсіз, ғарыш, жаратылыс, ғалам – Алланың есебімен мінсіз көркем жаратылған тамашалар, мұнда әділет пен хикмет керемет үйлесім тапқан. Жаратылыстанушы Абай: «Құдай Тағала дүниені кәмәлатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан». Немесе: «Құдай Тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпен кәмәлатты біржолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылықты бина қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын».
Сонымен қатар Алла Тағаланың сегіз сипатын (мәңгі тірі болушылығы, Ғылым, Құдірет, Бәрін көруші, Бәрін естуші, Қалауы, Сөйлеуі, Жаратушылығы) саралап, әрі қарай былайша жалғастырады: «Бұл сегізінен Алла Тағаладағыдай кәмәлат-ғазиматпен (кемелдік-ұлықтық) болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты». Абайдың дүние, жаратылыс таңғажайыптарын (әділетті жүйесін, ішкі заңдылықтарын) ақылмен, санамен, ұшқыр қиялмен, біліммен қабылдауы және де баршаның Бірінші Себепкері, Бірінші Тұлға, Мәңгілік Рухтың рәмізі Алла Тағаланың ұлық қасиеттерінің ұшқыны адам баласына да даритынын ескерткен.
Ұлт тілінің байлығын барынша жетік қолдана білген ой зергері қоғам өміріндегі елді ілгері бастаушыны «кемел» деп атайды. Яғни «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел?» «Кемел» – ой кемесі, ұлы идеялардың, ұлық қасиеттердің, атап айтқанда, «кәміл иман», «әділетті ақыл», «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» «кәміл ықыластың», «кәміл мұсылмандықтың» иесі болу керек.
Абайдың рухани жетілуге қатысты бірегей ой-толғамдарын, әсіресе «жақсы», «кәміл», «кемел», «кәмәлат-ғазимат» дейтін сөз-ұғымдардың философиялық, әлеуметтік, психологиялық, поэзиялық, стратегия­лық, стилистикалық мазмұнын тексеруді ниет еттік.
Енді Абайдың «толық адам» концеп­туалды идеясына көшейік. Мұны қазақтың ғылыми және көркем ойлау тарихындағы жаңаша пайым, құбылыс деуге болады.
Алдымен, Абай поэзиясындағы мына бір шумақ «толық» сөзінің бейнелілік, мағыналық, әсерлілік реңктерін былайша танытады:
«Ауыр ойды көтеріп, ауырған жан,
Қайғы, қасірет жүзіңе белгі салған.
Дәні толық, басы үлкен егіндей-ақ,
Сенің де басың имек жерге таман».
Адам баласының әбден кемеліне келіп, толықсып толысуы, ақыл-ойының жетілуі, тұйғындық, сұңқарлық, бастамашылдық қасиеттерге ие болуы жолындағы шарттар қандай дегенде Абай былайша пайымдайды:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек».
«Толық адам» дәрежесінің басты шарттары – ақыл, қайрат, жүрек. Бұлар кең ауқымды, ірі, өлшеусіз қадірлі қасиеттерге, небір қырларға, тұңғиық сырларға бай байтақ әлем. Мысалы, бір жүректің өзінде әділет («әділет – ізгіліктің анасы дүр», ұят пен иман да бар), нысап, рақым, мейірбаншылық бар. Мидың өзі жүрекке толық бағынады. Абайдың 17-қара сөзінде Қайрат, Ақыл, Жүрек өнер салыстырып, ғылымға жүгінетіні бар. Сонда ғылымның төрелігі мынау: «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол».
Абайдың философиялық көзқарасы бойынша, жоғары рухани қабілеттің иесі «қасиетті адам» бейнесі – осындай.
Абайдың таңдаулы, теңдесі жоқ ой-тұжырымдар, ғылыми құндылықтар 38-қара сөзінде жүйелі сараланып, талданған. Ақиқатында, ойшылдың дүниетанымы «толық адам» табиғатын танытуда анық көрініс тапқан. Хакімнің тұңғиық түпсіз ойларына ортақтасайық: «Енді біздің бастағы тағриф бойынша, Құдай Тағала – ғылымды, рахымды, әділетті құдірет еді. Сен де бұл ғылым, рахым, әділет – үш сипатпен сипаттанбақ ыждаһатын шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың (адамгершілік) бар болады. Білгін, жәуанмәртлік (жақсы адам) үш хисләтпен (қасиет, ерекшелік, сипат) болар деген: сиддық (шындық), кәрәм (ізгілік), ғақыл (даналық). Бұл үшінен сиддық – әділет болар, кәрәм – шапқат болар, Ақыл мәлім-дүр, ғылымның бір аты екені. Бұлар әр адамның бойында Алла тәбәрәкә уә тағала (игілікке бастаушы ұлы Алла) тәхмин (шама, шамамен) бар қылып жаратқан. Бірақ оған рауаж (реттеу, қолдану) беріп гүлдендірмек, бәлки, адам өз халінше кәмәлатқа жеткізбек, жәһдінде (ынта) болмақ. Бұлар өз ыждағатыңмен, ниет халиспенен (шынайы ниетпен) ізденсең ғана беріле тұрған нәрселер, болмаса жоқ. Бұл айтылмыш үш хисләттің (қасиет, ерекшелік) иелерінің алды – Пайғамбарлар, онан соң – Әулиелер, онан соң – Хакімдер, ең ақыры – Кәміл мұсылмандар». Яғни Құдай Тағаланың жолын мұрат тұтқандар. Абайдың «толық адам» турасындағы жіктемесі – осы.
Тарихи сабақтастық жайын түсіндіру орайында, адамзаттың көркем ойлау тарихында бірегей туынды болып саналатын түрік халықтарының ортақ мұрасы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» («Құтадғу біліг») атты этикалық-философиялық, тарихи-әлеуметтік энциклопедиясында мемлекет, халық өмірінің рухани жетілуінің жолдары, әдеп-қағидалары, әдіс-тәсілдері, стратегиясы, елдік дәстүрі суреткерлік шеберлікпен сипатталады. Сонымен қатар классикалық түрік поэзиясының жауһар үлгісінде оқырманның ғылыми танымын тереңдететін астрономияның, медицинаның, геометрияның, математиканың мәліметтері де бар. Ең ғажабы – шығарманың төрт кейіпкері, төрт қазығы – Күнтуды (Әділеттің рәмізі), Айтолды (Дәулеттің рәмізі), Өгдүлміш (Ақылдың рәмізі), Одғырмыш (Қанағаттың рәмізі) мемлекет басқарудың ел өмірін жақсартудың, әділетті заң ережелерін жасаудың, адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың, ұлттың тарихи зердесін оятудың, сәулетті, құтты қоғам орнатудың сырларын жетік толғайды. Оның сипаттауынша, Ел бегі шыншыл, ізгілігі, ірілігі, зейінділігі ересен, ойлы, көңілі, тілі түзу болу керек. «Ел басқардым дегенше, өртке кірдім дегейсің. Уайым, мұң жүгінен төрт бүгілдім дегейсің» дейтін тұжырымы – Ел бегінің тұғырнамасы.
Абайдың «толық адам» идеясының (не болмысының) қыр-сырын мәртебесі, дәрежесі, сапалық, ұлылық тұрғысынан саралағанда мыңжылдық тарихы бар деуге болады. Егер де осынау ұғымның күретамыры «ақыл, қайрат, кемел» сөз-символдары болатын болса, онда Құран Кәрімнің 53, «Ән-Нәжім» (Жұлдыз) сүресіндегі 6–7-­аятында Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Зу-мирратин» сөзін «ақылы кемел, қайратты» дейтін мағынада қолданған. Бұдан бұрын Алла Тағала мұны Жәбірейіл періштенің бейнесіне, яғни оның білімі, ақылы, қайраты толысқан, кемелденген дейтін мағынада айтқан (Қасиет­ті Құран: мағынасы мен түсініктемелері. Е.Оңғаров, Н.Мұратәлі. Нұр-Сұлтан, 2020. 795 бет). Әл-Фарабидің пайымдауынша, Алла – «ең кемел ақыл», «ең кемел білім», «ең кемел даналық» иесі.
Елді түзу жолға бастайтын көсем серкеде «толық адамның» қасиеттері молынан болуға тиіс. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің «Қайырымды қала (ел) тұрғындарының көзқарастары» дейтін еңбегінде «жетілген», «философ-қаған», «ұлы», «кәміл», «кәміл емес», «орташа», «билікті жақсы көретін», «мүшелері құрметті жақсы көретін», «ең кемел мемлекет» дейтін жіктемелерді тізбелейді. Данышпанның көзқарасынша, қайырымды, өркениетті елдің басты сипаттары: 1) қоғамның гармониялық тұтастығына қызмет ететін мықты жүйе; 2) рух; 3) әділетті ұстанымдар; 4) ел билеушісінің көреген, стратег, философ-қаған болуы.
Әл-Фарабидің философиялық танымынша, «Қайырымды қала» – терминдік атау, ұғым-түсінік. Белгілі бір реттілікке, үйлесімдікке негізделген құрылым. Мұнда ала-құлалық атымен жоқ. Нақты, затты. «Қала – бір ұлттың өмір сүріп жатқан жерінің бір бөлшегі» деп жазады да, әрі қарай «Тәнді емдеуші – дәрігер, ал қала тұрғындарының мінезін емдеуші (әмірші деп аталатын) мемлекеттік қайраткер» деп, арғы-бергі дәуірлерде айтылмаған елдің көсегесін көгертетін ұлы идеяны ұсынады. Сонда, мемлекеттік қайраткер – бүтіндей қала тұрғындарының мінезін тәрбиелеуші тәлімгер, нағыз кәміл пірдің өзі.
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала (ел) басшысының қасиеттері» жайындағы кемел, жетік философиялық сипаттамалары мынадай: 1) «Мінсіз, мүсіндей әдемі, иманжүзді»; 2) «Өзіне айтылған сөздің барша астарын терең түсінетін және істің мән-жайына сәйкес жан-жақты лезде ұғып алатын зерек болуы»; 3) «Ол өзі жүрген, көрген, естіген нәрселердің баршасын зердесіне ұзақ сақтайтын, бұлардан еш нәрсені ұмытпайтын болуы»; 4) «Бірінші басшы терең ой иесі және жадына сақталғандардың бәрін айдан анық етіп айтып бере алатын шешен болуы»; 5) «Ғылым, білім мен өнерге жаны құштар, әр күн сайын оқып-үйренуден шаршап-шалдықпайтын»; 6) «Тағамға, ішімдікке, сайран-сұқбатқа қанағатшыл»; 7) «Жаратылысынан сауыққұмарлықтан ада»; 8) «Жаны асқақ және ар-намысын аса ардақтайтын» 9) «Оның жаны тумысынан пасық істердің бәрінен жоғары, игілікті істерге ынтызар»; 10) «Әділетсіздік пен озбырлықты жек көретін»; 11) «Өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асыруға ұмтылғанда ұтымды шешімпаздық танытып, мұндайда қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін бірбеткей, батыл, ержүрек болуы міндет».
ХХ ғасырдан бір мысал. Бір өзі – тарихи бір дәуір, классикалық академия, қауым елдің тәлімгері, «ғылым қаласының қақпасы», ұлылықтың қазынасы, даналықты идеялардың кеніші.
Қ.И. Сәтбаевтың лидерлік, ғұламалық, ізгілік қасиеттерінің түп негізі неде дегенде, тағы да әл-Фараби тілімен айтқанда, ойлану, ақыл жүгірту, қалау, ерік-жігер, ықтияр (құштарлық) адам баласында «табиғи түрде» пайда болады. Адам жаратылысынан айрықша қабілеттерге ие болады. Кемеңгер, көсем, әмірші, пайғамбар болу – тумысынан.
Әл-Фарабидің пайымдауынша, ақыл қуаты – идеялық қуаттың бастау көзі. Бұл қуат – мейлінше мейірленіп-құмарланып ойлауды, әділетті таразылауды, мұқият саралап-сұрыптап зерттеуді, тиянақты, тұрлаулы, көркем кемел нәтижеге жеткізуді ойластыратын нағыз рухани нәр – қорек.
Мыңжылдық тарихы бар қоғам өмірін гүлдендіретін ХХІ ғасырдың 1-ширегінде ұлттық поэзиямыздың да көркемдік әлемінде жаңаша пайыммен, жаңаша таныммен, поэзиялық, философиялық, әлеу­меттік, гуманистік сарындармен толықты. Халық тілінде «Бүтін Алаш», «бүтін жұрт», «іргесі бүтін», «бауыры бүтін», «Салтына берік айнымас, Қабырғасы бүтін елдер бар» (Қабан жырау), «есі бүтін», «кеудесі бүтін», «қайыр қылсаң, бүтін қыл» дейтін бейнелі сөз тіркестері бар. Осы орайда халықтық ұғым-түсініктерді жандандырып, тарихи дәстүрлерді тірілтіп, қазақтың көрнекті ақыны, драмашысы Иран-Ғайып «Бүтін-Адам» концепциясын суреткерлік шеберлікпен толғайды, философиялық тұрғыдан кәміл талдайды, білімпаздықпен барлайды.
«Бүтін-Адам» дейтін гөй-гөйлеген ғайып-толғауын оқығанда есті оқырманын ойландыратын бір гәп бар. Бұл – халықтың қария сөздеріндегі ұғым-түсінік, нақты әсерлі тұжырым. Мұны Иран-Ғайып «Әл-Хиссасында» былайша ұғындырған:
– Қазақта, «Екі Бірдей Дүние» – деген, Киелі – Ұғым бар: «Бұ Дүние» мен «О Дүние» – Бір-Тұтастығын білдіретін! Әкелеріміз: «Екі Дүниеңді, Бірдей – ойла, Балам?!» – деп отыратын, Жас – кезімізде! Осы – Орайда, «Жан» мен «Тән»: Ақыл-Таразысына – тартылып, Ой-Талқысына түспек керек. Өйткені Біздер, «Тәннің» – өлерін, ал «Жанның» өлмек емесін, түйсініп-түсіне – бастағандаймыз... «Якини Иманға» – «Жанменен», «Таклиди Иманға» – «Тәнменен» жететінімізге илансақ: Онда, Өлу – Пенделік (Бұ Дүниелік – Жарты), Өлмеу – Хақтық (Екі Бірдей Дүниелік – Бүтін) Сипатқа – ие болмай ма! Сонда, «Екі Бірдей Дүниеде» – Якини Иманды Адам: «Бүтін-Адам» – болып шықпай ма...»
Ақылды кісі «Екі бірдей дүниенің» жақсылығын ойлап, бейабирсыз болмауды және бұ дүниеде ізгіліктің шырағын жандырып, о дүниеде көрмеген беймәлім көшесінің жарық болуын, алдынан бұлақ аққанын, періштелер жауырынан қаққанын қалайды. 
Ақынның Құдайдан жалбарынып тілеуі – өрі-қыры бірдей, жарығы Ай мен Күндей – «Бүтін-Адам». Сөйтіп, ақын жаны, ақыл-ой, танымы, ұшқыр қиялы ғайыппіріне сиынып, шарболаттай шамырқанады, дабыл қағады.

I
«Ал,
Дүние...

Ар ма екен,
Алдың,
Артың – 
Жар ма екен?!
...«Жарым»,
«Жарты» – 
Өріп жүр,
«Бүтін-Адам» –
Бар ма екен?!

«Бұзауы өлген» – 
Сиырдай,
«Тұлыбына» – 
Мөңіретіп...»

Бұл сап толғаудан абыздардың арманын, дәуірлер даусын тыңдағандай күйге бөленесің. Құран аяттарының, әл-Фарабидің, Жүсіп Баласағұнның, Абайдың философиялық, этикалық, әлеуметтік аталы ой-түйіндері шұғыладай өріліп, негізгі киелі ұғымның тиянағы етілген.

II
«Бүтін-Адам»?!
«Жоқтығың» –
Келеді еске,
Сені – 
«Бар!» деп,
Көп түстім...
Мен – 
Егеске:
Әл-Фараби Бабаның
О Баста айтқан,
«Парасатты Адамы» – 
Сен – 
Емес пе?!

«Бүтін-Адам»?!
Жадымда – 
Дана-Сарын,
Уайым еткен – 
Ұрпақтың Болашағын:
«Таклиди-Якини» – 
Иманданып,
Күрсініп-
Күңіренердей – 
Баласағұн?!

«Бүтін-Адам»?!
«Аян» бер – 
Өлеңіме,
Құр қылғынтпай – 
Кәс-Күдік Көгеніне?!
...Езгін күйде,
Ден қойдым – 
Ұлы Абайдың,
Мағрифат:
«Толық Адам» – 
Дегеніне!»
Әл-Фарабидің ғылыми сипаттағы қағидаттарын, Абайдың ислам іліміне қатысты ереже шарттарын, құпия заңдылықтарын поэзия тілінде сөйлетіп, жатық түсіндіре білген.
«Бүтін-Адам»?!
Тірлігім – 
Қалды тынып,
Инсаниятқа – 
Енейін,
Сәл – 
Күтініп...
...Құдай үшін,
Көзіме –
Бір көрінші,
Өлезденген
Жырыма –
«Жан» бітіріп?!»
Иран-Ғайып сипаттауында «Бүтін – Адамның» шынайы болмысы мынадай:

IV
«Бүтін-Адам» –
Ай-Көрікті,
Күн-Мүсін,
Күллі Әлемге,
Жер-Жиһанға –
Үлгісің!»
Халық мүддесіне даналықпен қапысыз міндетсінбей қызмет атқару. Елдің мәдениетін, дәстүрін, тілін, қорғаныс қабілетін, ғылымын, өнерін, ата кәсібін өркендету. Яғни көшбасшылық, бастамашылдық 
сияқты қасиеттерді болмысына сіңіру. Сонда, қауым «Рухани Алыбым» деп сүйсінеді.
«...Көргеніңе –
Бұ Дүние Жарығын,
Ризамысың,
Рухани Алыбым?!

«Бүтін-Адам»,
Екі Бірдей Дүниеде,
Ең Киелің –
Басың емес,
Жүрегің!

Жүрек-
Қаның –
Жаратушы-Иенің
Рахман Нұры,
Өбектейтін –
Ғаламды!

Жаның –
Аллаһ Рахымы –
Жауанмәрт...
«Бүтін – Адамның» ең бір ғажабы – Жүрегі мен Жауанмәрттігі!»

IX
«Бүтіндіктің» Белгісі:
Елің –
«Бүтін» болса,
Сен де – 
«Бүтінсің»;
Ерің – 
«Бүтін» болса,
Сен де – 
«Бүтінсің»;
Жерің – 
«Бүтін» болса,
Сен де – 
«Бүтінсің»!
«Бүтіндік» дегеннің не екенін жіктеп-жіліктеп айқын таңбалайды. Қазақта «қайғысыз қара суға семіреді» деген қарапайым сөз бар. Отбасың, ауыл-аймағың, бота-тайлағың, Отаның аман болса, сенің де бақытың. Бесікте жатқан балаға да, арыстан туған арлыға да тыныштық керек. Бұрынғылардың «кәпір тоқ болсын, мұсылман тыныш болсын» деген тілеуі әулиелік. Сол себепті Иран-Ғайып елің, ерің, жерің, ішің, тілің, ділің, дінің бүтін болса, Бүтін Бітіміңмен көркемсің дейді.
«Елің – 
«Бүтін» болмаса,
Ерің – 
«Бүтін» болмаса,
Жерің – 
«Бүтін» болмаса,
Сыртың – 
«Бүтін» болғанмен,
Ішің – 
«Қара Түтінсің»!

X.
«Бүтіндіктің» Белгісі:
Тілің – 
«Бүтін» болуы,
Ділің – 
«Бүтін» болуы,
Дінің – 
«Бүтін» болуы!

Тілің – 
«Бүтін» болмаса,
Ділің – 
«Бүтін» болмаса,
Дінің – 
«Бүтін» болмаса,
Бөлшектеніп...
«Бүтіннің» – 
Рухани Өлуі!»

Ислам ілімі және дәстүр құндылықтарын, сөздік-лұғаттық стилис­тикасын, әдептілік дәрістерін мінсіз меңгерген арлы жан – елдің құты, жақсылығы – ұлттық қазына.
XI.
«Бүтіндіктің» Белгісі:
Күндей – 
Жарық,
Алтын – 
Қалып,
Айнымас...

Ол –
«Бүтін»!
«Жартыланып» – 
Алаң қылма?!
Бір Өзі –
Хақ-Мейірмен,
Қарар –
Мыңға:
Жар болып –
Ата-Баба Аруағы,
Ар алдында тұрғандай –
Дар алдында!»
Мына бір түйдекте ежелгі Көк түріктердің сарыны естіледі. Солардың отаншылдық, рухани тазалыққа ие «Қонысым-ау» (749 рет), «Қара жерім-ай!», «Елім-ай», «Жоғарыда Тәңірім-ай!», «Қара орманым-ай!», «Ынтымақ-ай!», «Қатер-ай!», «Қаскөй-ай!», «Бектерім-ай!» (152 рет) дейтін жанайқайын естігендейміз.
«Алаң!
Алаң!
Ел –
Алаң!
От...
Су...
Ауа...
Жер –
Алаң!
Ыңғай 
Бұралқы 
Келімсек –
Жат сұғынып, 
Тонаған –
Жері –
Алаң болған соң,
Еңіреп туған 
Ері –
Алаң!

Алаң!
Алаң!
Тіл –
Алаң!
Діл де –
Алаң!
Дін –
Алаң...»
Бұл суреттеулер – ХХІ ғасырдағы жаһандық геосаяси жағдайды мәлімдейді. Әрине, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, соның салдары, зардабы, етек-жеңімізді әлі де жия алмай жатқанымыз, батпаққа белшемізден батқанымыз, Абайша айтқанда, «ессіздердің насихатына» көнгеніміз әсерлі баяндалған.
«Қыр Қазағы «анайы» –
Уәжге тұрған шетінен:
Құнанбайдың Абайы –
Аһ ұрған не бетімен?!

Екі Алыптың өлеңін,
Үлгі етеді Ғасырым:
Түнек қапқан тереңін,
Соқыр көздің жасымын!

Бұқарың да,
Абай да –
«Бұ Дүние Бүтіні»... 
(Иран-Ғайып. Бұ Дүние Ғайыбы. 2 томдық. 1-том, Алматы, «Көкбөрі» баспасы, 297–315-беттер)
Көркем ой тарихында әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Абай – Ғаламның тұтастығы мен «Толық адам» хақында терең мағыналы, мың сырлы даналық ойлар қалдырған-ды. Ол адамның жаратылысындағы, мінезіндегі кемелдік, сүйегіндегі тектілік пен сөзі мен ісіндегі көркемдіктің келісімін яки жақсы қасиет­тер атаулының адамның бір басына жинақталғанын көкседі. Бүтіндік – осы. Абай 38-қара сөзінде: «Алла – Ғаламның ішінде, Ғалам – Алла Тағаланың ішінде» деп тұжырымдауы – Жаратушы Иенің ғибратын ұққандық. Дәстүр қуаты, тарихи сабақтастық ой еңбегі үдерісінде кемелденіп отыратыны даусыз. Сол себепті де ой зергері Иран-Ғайыптың философиялық, логикалық интуициясы, көркемдік тәжірибесі Абайдың «Толық адам» концепциясын «Бүтін-Адам» деп, жаңарта-жаңғырта қолдануы жаңалықты құбылыс десек көңілге қонады...
Абайдың ұлылығы мен даналығын, ақылы мен сезімін, әрбір сөзінің тоқсан қырлы, сексен сырлы мағынасы мен мәнісін зерделі, зерек, құйма құлақ зейінділер ХХ ғасырдың басында-ақ жүйріктікпен бағалап, шешендікпен сипаттаған:
«Күнінде жүз оқысаң – жалықпайсың,
Көз талды, шаршадым деп 
талықпайсың,
Бір сөзін бір сөзінен артық көріп,
Құмар боп, қайта-қайта 
анықтайсың.
Бойды ерітіп, буынды алып 
мағынасы
Тұрғанда оған нағып қамықпайсың.
Сөзі рас, сөзі таза, сөзі – ақыл,
Көңілге бір жері жоқ қабыспайтын.
Қазақта мұнан артық 
сөз шыққан жоқ,
Бағалап мынау не деп пар ұстайтын.
Жазушы заман түспей өтіп кетті,
Ер ме еді бостандыққа 
шабыспайтын.
Арттағы қара халқын өрге сүйреп,
Қамалға қарсы жүріп қарыспайтын,
Зиянды нәрселерден айырам деп,
Майданда тұрып алып алыспайтын.
Жол тауып, жоба тауып, 
жолдас тауып,
Халқының жоғын іздеп табыстайтын.
Есіл ер бұ заманда болмады-ау деп,
Қазақта қабырға жоқ қайыспайтын».
«Қазақ» газеті, 1914 жыл, 
№67, 23 июнь («Уақ» лақап аты).

Жинақтай айтқанда, Абайдың «Толық Адам» атты жалпыадамзаттық жасампаздық идеясы ХХІ ғасырда Иран-Ғайыптың «Бүтін-Адам» толғамында жаңа бір өнегелі өріске, берекелі белеске шығуы жаһанға жауһар шашқандай ғажайыптануы Абай рухын, киесін асқақтатқандай. 

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері,
филология ғылымының 
докторы, профессор

 

1750 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы