- Ақпарат
- 01 Тамыз, 2024
Асығымыз алшы түскей!
Асық ату – қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысында ғасырлар бойы маңызды орны болған дәстүрлі қазақ ойыны. Асық атудың тарихи маңызын, ойын ережелерін, оның жастарды тәрбиелеудегі рөлі мен асық атудың дәлдік, ептілік және сыни ойлау сияқты қасиеттерді дамытуға қалай ықпал ететінін қарастырып көрдік. Асық ату ойынының ежелгі дәуірден басталатын терең тамыры бар. Сондай-ақ асық ату ойыны балалар мен ересектерді біріктіретін маңызды әлеуметтік механизм ретінде қызмет етеді және мәдени құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде орасан зор орны бар.
Жомарт ҰЗАҚҰЛЫ, Асық ату спортынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы, Асық спорты Халықаралық федерациясының бас хатшысы:
Асық ойыны мектеп бағдарламасына енеді
Асық ату 2018 жылы Спорт министрлігімен аккредиттеліп, спорт түрлері тізіміне ресми енді. Қазақстанның асық ату федерациясының алдында еліміздің барлық аймағында асық ату спортын дамыту мақсаты тұрса, Халықаралық асық ату федерациясының алдында бүкіл әлем бойынша халықаралық деңгейде асық ату спортын дамыту міндеті тұр. Еліміздің 19 өңірінде асық ату федерациясы (оның ішіне 3 республикалық маңызы бар қалалар кіреді) ашылды. Айта өтейік, Шығыс Қазақстан облысынан басқа аймақтың бәрінде федерация ашылған. Жарыстарды Туризм және спорт министрлігі бекіткен спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбелік жоспарына сай ұйымдастырамыз. Әлем кубогы осымен 3-ші рет өтеді, бұл жарыс та жыл сайын ұйымдастырылады. Бір рет Азия чемпионаты өтті, биыл тұңғыш Әлем чемпионаты өткізілмек. Республикалық, халықаралық турнирлер бар. Асық ату ойынынан Қазақстан чемпионаты 6 жас ерекшелігі бойынша өтеді. Яғни бұл санатқа балалар, кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер енеді. Асық ату спортының ауқымы, насихаты кеңінен етек алған облыстар саны көбейді. Бұған қоса, былтырдан бері мектептерде асық ату тоқсаны «Алтын сақа» республикалық олимпиадалармен аяқталып жүр. Бір уақытта асық ату челленджімен жыл сайын дәстүр болып жалғасады. Қуанарлығы, алдыңғы жылы асық ату ойынына балабақша, мектеп мекемелерінен 3 млн-ға жуық бала қатысты. Алдағы уақытта, 25 қазан – Республика күні қарсаңына қарай, ересектер мен жастар арасында республикалық турнир өтеді. Бұл турнирдің бас жүлдесіне автокөлік ойнатылмақ. Жастар арасында чемпионатта арнайы жүлде қоры бар. Орын алған спортшыларға ақшалай сыйлықтар беріледі. Сондай-ақ асық ату спортын жас спортшыларға үйретуде ерен еңбегі сіңген жаттықтырушыларымыз да бар. Ескендір Серікұлы – Астана қаласының аға жаттықтырушысы, Астана қаласының асық ату федерациясының президенті. Қалибек Қуанұлы асық атудан Павлодар облысының командасының жаттықтырушысы, жылдың үздік жаттықтырушысы атанып, «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын иеленген.
2024 жылдың ақпан айында Халықаралық асық ату федерациясы құрылды. Федерацияға 10 шақты ел мүшелікке кіреді. Биыл көшпелілер ойыны қарсаңында Қырғызстан, Ресей, Монғолия, ҚХР, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Түркия, Румыния, Венгрия, Испания, Швеция, Эфиопия мемлекеттері қатыспақ. Біз тұңғыш Әлем чемпионатын өткізбекшіміз. Қазір орта мектептерге арналған оқу бағдарламасы (асық ату бойынша) жазылып жатыр. Бұл бағдарлама тамыз айының ортасына қарай дайын болады. Асық ату дене тәрбиесі пәніне вариативті компонент ретінде немесе факультатив пән ретінде енгізілмек. Ал келер 2026–2027 жылдары дене тәрбиесі пәніне бөлінетін жүктеменің 34 сағатында асық ату спорты өткізіледі деп күтіп отырмыз. Федерацияның алға қойға мақсаттары жетерлік, алайда кедергілер қаражат қорына келіп тіреледі. Құрал-жабдықтарды өндіріп, пластмассадан жасалған асықтардың жиынтықтарын, оны жарыс өткізген алаңда шетелдіктерге таратуды ойластырып жатырмыз. Ендігіде басты мақсат пен міндет – асық ату спортын халықаралық дәрежеде өткізуді одан әрі жиілету және Азия, Әлем чемпионаттарын шетелдерде көбірек ұйымдастыру.
Раушан ҚҰЛЖАБАЙҚЫЗЫ, «Patriot Tulga» журналы бас редакторының орынбасары, этнограф:
«Тәйке түссең – тәуекел!»
Асық ойыны – қазақ халқының ежелден жалғасқан мұрасы. Оның кемінде 6–7 мыңжылдық тарихы бар. Отаршылдыққа тап болған соңғы бірнеше ғасырда асық ойыны халық жадынан біржолата өшірілмек болды. Алайда Тәуелсіздігімізді қайтарып алған соң, ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық спорт түрлерінің бірі ретінде асық ойынына көңіл бөліне бастады. Осы мақсатта биылғы жылдың наурызында елімізде «Көшпелілердің асық спорты халықаралық федерациясы» ресми түрде құрылды. Федерацияның президенті болып «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Олжас Хайроллаұлы сайланған. Жаңадан құрылған федерацияға Қазақстаннан басқа, Түркия, Румыния, Монғолия, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан, Қытай, Испания және Саха республикасы (Ресей) мүшелікке өтініш берген. Бұл дегеніміз – алдағы уақытта да ұйымға мүше-елдер саны артады деген сөз. Федерация алдына Дүниежүзілік Этноспорт қауымдастығына ену, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындық жұмысын жүргізу және осы ойын аясында тұңғыш рет Әлем чемпионатын өткізу секілді мақсаттар қойып отыр. Осындай игі қадамдар алға жетелеп, ұлттық спортымыз енді әлемге танылады деген үміттеміз.
Асық ойынының ежелден келе жатқан ұлттық құндылығымыз екеніне дәлел көп. Әсіресе ауыз әдебиеті мен фольклорлық шығармаларда ол дәлел жеткілікті. Қарасаңыз, мақал-мәтел, қанатты сөздер, тақпақ, жұмбақ, жаңылтпаштарда, ауыз әдебиеті нұсқаларында асыққа қатысты тұстар көптеп кездеседі. Мәселен, «Алтын сақа», «Тазша бала» ертегілерінде асық туралы айтылады. Қазақтың тұрмыс-салты сөз етілген көптеген әдеби көркем шығармаларда асық туралы сөз қозғалады. Қазақтың мәдени құндылығы оның тұрмысының ажырамас бөлігі. Сол себепті де асық ойынының тарихы сонау мыңдаған жылдарға кетсе де, өміршеңдігін жоймақ емес. Асық ойыны туралы көптеген ақын, жазушыларымыздың көркем-әдеби шығармаларында, өлеңдерінде айтылады. Айталық, Әбділда Тәжібаев:
«Достармен асық көп аттым,
Асыр сап айдын тақырда.
Жас талдан иіп жақ тарттым,
Ұқсап бір бейне батырға», – деп «Кең жайлау» деген өлеңінде толғайды. Қазақтың көптеген классик қаламгері балалық шағын асыққа байланыстырып, жүздеген өлеңдер жазғанын оқырман қауым жақсы біледі. Сондай-ақ асық тақырыбы ертегілерде де көп келтіріледі.
Асық ойынының қалыптасу кезеңі біздің заманымызға дейінгі ІХ–VII ғасырларға жатады. Сол ерте кезеңде өмір сүрген ру-тайпалар өндірістік құрал жасауға тас, ағаш, сүйек және басқа да табиғи заттарды пайдаланды. Ал асық ұлттық ойын құралдары ретінде одан да әлдеқайда ертеректе пайдаланылған.
Қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының бір түрі ретінде мойындалғанымен, асықты қазақтардан басқа қырғыздар, қарақалпақтар, ноғайлар, ирандықтар, алтайлықтар және басқа да халықтар ойнайды екен.
Асық ойынының қазақтар үшін мәдени маңызы – ұлттық спорт өнерін дамыту арқылы саламатты ұрпақ тәрбиелеуге жетелейді. Ұлттық ойынымыз арқылы баланың бойында ұлттық мінез қалыптасады, жастарды жігерлі болуға бастайды, отаншылдыққа бейімдейді. Ал тарихи маңызына келер болсақ, шамамен 5–7 мыңжылдық тарихы бар асық ойынының ондаған түрі болғанына көз жеткіземіз. Ұлан-ғайыр қазақ жерін қорғаған бабаларымыз осы асық ойыны арқылы шымыр да мерген болды. Бабаларымыздың денсаулыққа зиянсыз табиғи өнімдерден жасалған заттармен ойнағанына тәнті боламыз. Қазақтың лирик ақыны Мағжан Жұмабаев «Асық иіру» өлеңінде:
«Алшы түссең – болғаның,
Тәйке түссең – тәуекел.
Бүге түссең – құрығаның,
Шіге түссең – ұрғаның».
***
«Ал, асықты байқалық,
Не дер екен біздің бал?
Алшы түссе, алақай!..
«Түс», – дегенде «түс, құрғыр!»
Қырыққа келген «балақай»,
Тәйке түсті-ау! Тәуекел!» – деп асықты тек кекілді жеткіншек қана ойнамағанын жырмен баян етеді. Асық ойыны – ұлтымыздың мәдени-тарихи өмірінде ойып тұрып орын алатын ұлттық рухани құндылығымыз. Оны жаңғырту, кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі буынның еншісінде.
Еліміз ертеде көшпелі өмір салтын ұстанғандықтан, оның әдет-ғұрпы төрт түлік малға мейлінше байланысты болып келеді. Асық ойыны да соның дәлелі. Асыққа байланысты қаншама атау, ұғым-түсінік, қанатты сөздер бар. Қазақтың мақал-мәтел, аталы сөздері де асыққа байланысты құрылып, күнделікті өмірде жиі пайдаланылады. Мәселен, «Асығың алшысынан түссін» деген сөз о баста ойынға қатысты айтылса, бірте-бірте ізгі тілекке айналды. «Ісің оңынан жүрсін» деген мағынада айтылады. Осы сияқты:
«Қой асығы демеңіз,
Қолға жақса сақа ғой,
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса аға ғой.
***
Оңқай – асықтай,
Күміс – қасықтай.
***
Асығын ата алмаған,
Сақасынан көреді.
Сөзін сөйлей алмаған,
Атасынан көреді.
***
Асықтай шымыр,
Оқтаудай мінсіз.
***
Алшылы шік, тауғалы бүк.
***
Алшы түсіп ақырып,
Сақа болып жапырып.
***
Аяғын алшаң басу.
***
Бүк түссе де менікі,
Шік түссе де менікі.
Омпа ойын бұзар,
Жынды жиын бұзар».
***
«Сақадай сай» деген сынды тіркестер де халқымыздың асыққа оң баға бергендігінің белгісі. Асық ұғымы біздің әдебиетімізде, мәдениетімізде, тарихымызда өзіндік орнын ойып тұрып алды деуге болады.
Ұлттық тәрбие жайлы қалам тербеген халық батыры Бауыржан Момышұлы «Асық – үлкен халықтық тәрбие құралы» дегендей, асық ойыны – ұлттық ойындардың ішінде өзіндік мән-маңызы бар рухани мұрамыз. Ойын арқылы ұрпақтың бойында жауапкершілік, ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімі қалыптасады. Ұлттық ойындарды жандандыру арқылы ұлттық мәдениетімізді жаңғырта отырып, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге жол ашамыз. Осы асық ойыны арқылы ерлеріміздің батыр, шымыр, сергек болып қалыптасқанын байқаймыз. Ойын баланың жүйелі ойлау, танымдық әрі қарым-қатынас қабілетін қалыптастырады. Өз бетімен тез шешім қабылдауға, жадын жақсартуға септігін тигізеді. Асық ойынының осындай игі әсерінің арқасында тарихта қаншама батыр, дана бабаларымыздың болғанын мақтан етеміз.
Асық ойынын бүгінгі күнге жеткізген қазақ халқының өзі. Әрі ауыл баласының ішінде асық ойнамаған бала жоқтың қасы. Мал шаруашылығымен айналысып, көшпелі тіршілікпен жүрген қазақ отбасыларда асық өміршеңдігін жойған жоқ. Бүгінгі күнде асық ауыл баласымен ілесіп қала тіршілігіне де енді. Бұған ұлтжанды азаматтардың насихаты мен нақты көмегі әсер етіп жатыр. Жоғарыда айтып өткенімдей, бүгінде асық ойыны халықаралық мәртебеге ие болып отыр. Оның өзектілігі өте қуатты. Ұрпақ саулығына қызмет ететін ұлттық ойын жаңаша сипат алып, кеңінен насихатталып жатыр. Түрлі авторлық бағдарламалар да пайда болып көпшілікке жол тартқан. Асық ойыны тіпті балабақшадан басталады. Ал ересектердің заманға ыңғайластырылған асық ойындары жұртшылықтың қызығушылығын арттырып келеді. Асық ойынының халықаралық деңгейдегі жарыстарға енгізілуі ерекше қуантады. Ұлттық ойынымыздың болашағынан үмітіміз зор.
Асық ойынын халқымыздың көшпелі мәдени өмірінен туындаған төл өнеріміз деуге болады. Асық ойынының қазақ дәстүріндегі орны ерекше, тәрбиелік мәні зор. Негізінен, асық ойынына қой мен ешкінің, арқардың, ұсақ малдың асығы пайдаланылған. Бұл ойын баласын ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Баланың жігерін қайрап, жеңіске деген талпынысын арттырады. Баланың шымырлығын арттырып, есте сақтау қабілетіне де жақсы әсер етеді. Асық ойнағанда тек екі қол емес, мидың ойлау функциясына серпін береді. Дене мүшелері түгел қозғалысқа түседі, бас, көз, мойын, иық, аяқ, қол, барлық бұлшық еттер қимылдайды. Ойын үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Жүгіру, секіру, көздеу, дәлдеп тигізу, отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу ойыншыны шынықтырып, буын ауруларының алдын алуға септеседі. Баланы топпен ынтымақтасуға бейімдейді. Сондай-ақ топтан озып шығу қабілетіне де икемдейді. Әділдікке баулиды. Өзгелердей шебер ойнап, ұтамын, жеңемін деп алға талпындырады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылық пен сабырлылыққа тәрбиелейді. Бүгінгідей жастардың теледидар мен гаджетке байланған кезеңінде жас ұрпақ еш қимыл-қозғалыссыз әлсіздікке бой алдырып, денсаулығына залал келтіреді. Ал асық ойыны бүгінгі ұрпақты сауықтырудың бірден-бір төте жолы деуге негіз бар. Сондықтан ұлттың сапасын көтеретін ұлттық ойындарымызға кеңінен жол берілуі қажет.
Елімізде ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, насихаттау, өмірге енгізу бүгінгі таңда өте белсенді жүргізіліп келеді. Соның қатарында асық ойынын насихаттау ісі де бар. 2011 жылы ойынның ережесі ресми түрде бекітіліп, 2015 жылдан бастап республикалық біріншіліктер өткізілді. 2017 жылы қазақтың ұлттық асық ойыны ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес құндылықтары қатарына енгізілді. Бұл – асық ойынының көкжиегін кеңейте түседі деген сөз.
Болат БОПАЙҰЛЫ, этнограф:
Асық ойыны мәдениетаралық байланысты нығайтады
Асық ойыны – атам заманнан жалғасын тауып, үрдісін үзбей жалғасып келе жатқан қазақ халқының дәстүрлі ойыны және балалар мен ересектер арасында кең таралған ойын түрі. Асық ойыны – балалардың ептілігін, дәлдігін, көрегендігін, жылдамдығын, байқампаздығын, жүректілігін, тез шешім қабылдау қабілетін дамытып қана қоймай, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды, адалдықпен атқарып, достықты нығайтады. «Асық» сөзі түрік тілдерінен шыққан және алғашқы мәні ретінде қойдың немесе ешкінің жілігінің ортаңғы бөлігіне орналасқан екі жілікті қосып ұстап тұратын кішкене сүйекті білдіреді. Этимологиялық тұрғыдан алғанда, «асық» сөзі – қазақ және басқа да түрік халықтарының тілдерінде ұзақ уақыт бойы қолданыста болып, өзінің түпкі мәнін сақтап келген атау сөз. Асық ойыны – қазақ халқының мәдениеті мен тарихи ойындарының ажырамас бөлігі. Ол ерте заманнан бері балалар тәрбиесі мен ақыл-ойының дамуына ықпал етіп, батырлар мен жыршылардың жастық шағында ойнайтын сүйікті ойыны болды. Асық ойыны арқылы балалар ұлттық құндылықтарды үйреніп, ептілік пен шыдамдылыққа тәрбиеленеді. Мергендікке жетілдіреді. Ұйымшылдыққа, көңіл көтеруге, бәсекелесіп алға ұмтылуға, қажырлы болуға, шыдамдылыққа тәрбиелейді, әдепті болуға, ойын ережелеріне бойсұнып, бірін-бірі сыйлауды, аялауды, араларында сый-құрмет жасауға дағдыланады. Асық ойыны балалардың ептілік, дәлдік, көрегендік, жылдамдық сияқты мінезін дамытуына ықпал етеді. Сонымен қатар бұл ойын балаларды адалдыққа, достыққа, тәртіпке баулиды. Ойын барысында балалар бір-бірімен араласып, танысып, әңгімелесіп, сырласып, тілдерін дамытып, әлеуметтік орта қалыптастыруға жетілдіреді. Асық ойындарының жүзден аса түрі бар, соның ішінде: «Тасқала», «Құмар», «Шеңбер» және «Омпы». Әр ойынның өзіне тән ережесі бар:
Тасқала. Ойыншылар кезекпен асықтарды бір сызыққа тізіп қойып, оларды сақамен атып құлатады. Құмар. Ойыншылар асықтарын бір нүктеге тастап, қай асық бірінші құласа, сол жеңімпаз болады. Шеңбер. Ойыншылар шеңбердің ішінде асықтарды тізіп қойып, оларды шеңберден шығарып алу үшін сақамен ату керек. Омпы. Асықты белгілі бір бұрышта тұрғызып қойып, оны атып құлату керек.
Асық ату ойынының еліміздің әр өңірінде 200-ден аса түрі бар. 7 түрін келтіре өтейін.
1. Алшы. Бұл ойынның мақсаты – асықты тік тұрғызып (алшы күйінде) қою. Ойыншылар кезекпен асықтарды тастап, олардың қалай құлағанына қарай ұпай жинайды. Алшы болып түскен асықтар ең жоғары ұпай әкеледі.
2. Ханталапай. Бұл ойынды бірнеше бала бір уақытта ойнайды. Ойынның басты мақсаты – бір-бірінің асықтарын жинау. Асықтар ортаға тасталып, балалар тез арада өз асықтарын жинауға тырысады. Кім көп асық жинаса, сол жеңімпаз болады.
3. Атбақыл. Бұл ойында ойыншылар асықтарды белгілі бір қашықтыққа тастап, олардың қалай түскеніне қарай ұпай алады. Асықтың белгілі бір қырымен түскендері жоғары ұпай әкеледі.
4. Қарагөл. Бұл ойында ойыншылардың мақсаты – асықтарды атып, оларды белгілі бір шеңберден шығарып алу. Шеңберге тігілген асықтарды сақамен атып, шеңберден шығарған асықтарды ойыншы өзіне алады.
5. Бестабан. Бұл ойында әрбір ойыншының 5 асығы болады. Ойыншылар асықтарды белгілі бір қашықтыққа тастап, олардың түсу ретіне қарай ұпай алады. Әрбір асықтың түсу күйіне байланысты әртүрлі ұпай беріледі.
6. Асық тізу. Бұл ойында ойыншылар асықтарды бір-біріне тізіп, сақамен атып құлатады. Тізілген асықтарды құлатып, олардың ішінен ең көп асық жинаған ойыншы жеңімпаз болады.
7. Теңге ілу. Бұл ойында белгілі бір арақашықтықта жатқан асықтардың арасына тиын немесе басқа кішкене заттар орналастырылады. Ойыншылар асықтарды сақамен атып, олардың арасындағы тиындарды алып шығуға тырысады. Кім көп тиын жинаса, сол жеңімпаз болады.
Бұл ойынның барлығы қазақ халқының ұлттық мәдениетін, дәстүрін және балалардың ойлау қабілетіне оң әсер беретінін көрсетеді. Әрбір ойынның өз ерекшелігі мен ережесі бар, бірақ барлығы балаларды ептілікке, дәлдікке, жылдамдыққа, достыққа және ұлттық құндылықтарды ұғынуға тәрбиелейді.
Асық әртүрлі болады. Сақа – ең басты әрі маңызды асық, оны көбіне қошқардың, еркек қойдың немесе текенің, серкештің асығынан жасайды. Ол қатты әрі ауыр болады. Кеней – асықтың қалған түрлері, олар жеңілірек және кішірек болып келеді. Сақа асықтарды атып құлату үшін қолданылады, ал кенейлер ойын барысында лақтыруға арналған.
Асық ойыны – қазақ халқының құндылықтары мен дүниетанымын көрсетеді. Ойынның өзі адалдық, достық, тәртіп және әділдік сияқты қасиеттерге тәрбиелейді. Сонымен қатар асық ойыны арқылы балаларға қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен, мәдениетінен және тарихынан хабар береді.
Бүгінгі таңда асық ойыны қайта жанданып, ұлттық спорт түрі ретінде танылып келеді. Ол мектептерде, мәдени орталықтарда және спорт жарыстарында, мереке-мейрамдарда, той-томалақтарда жиі ойналуы қажет. Қазіргі заманғы технологиялар мен көңілашар орталықтың көптігіне қарамастан, асық ойыны өзектілігін жоғалтпай, жастар арасында танымалдығын сақтап отыр. Қазақ батырлары мен жыршылары үшін асық ойыны олардың жастық шағында маңызды орын алған. Бұл ойын арқылы олар ептілік, жылдамдық пен шыдамдылықты дамытып, өздерінің батырлық қасиетін қалыптастырған. Сонымен қатар асық ойыны арқылы олар бір-бірімен араласып, достық қарым-қатынасын нығайтқан. Асық ойыны қазақтың көптеген әдеби-фольклорлық шығармаларында кездеседі. Мысалы, белгілі эпостарда, жырларда және аңыздарда асық ойыны туралы айтылып, оның маңызы мен ерекшеліктері суреттеледі. Бұл шығармалар арқылы асық ойынының қазақ мәдениетінде қаншалықты маңызды болғанын көруге болады. Асық ойыны бүгінге дейін сақталып, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазір бұл ойын ұлттық спорт түрі ретінде танылып, мектептерде, мәдени орталықтарда және спорт жарыстарында ойнатылып келеді. Жастар арасында асық ойынының танымалдығы артып келе жатыр. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды сақтауға және дамытуға үлес қосып отыр.
Асық жасау үшін қойдың немесе ешкінің асығы пайдаланылады. Асықты арнайы өңдеу арқылы оны қатайтып, ойынға дайын күйге келтіреді. Сонымен қатар сақа жасау үшін асыққа арнайы салмақ қосып, оны ауырлатып, мықты әрі тұрақты күйге келтіреді. Асық ойыны мәдениетаралық байланыста маңызды рөл атқарады. Көптеген халық асықты танымдық зат ретінде пайдаланып, оны өздерінің дәстүрлі ойындарына енгізген. Археологиялық музейлерде асықтың көрмеге қойылуы оның мәдениетаралық маңызын көрсетіп, әртүрлі халықтардың мәдениеті мен тарихы арасындағы байланыстарды нығайтады. Асық ойынын басқа халықтардың дәстүрлі ойындарымен салыстыруға болады. Мысалы, монғолдар мен қырғыздар арасында да асық ойыны кең таралған. Ұқсастықтары: ептілік, дәлдік, және жылдамдықты талап ететін ойын түрі. Айырмашылықтары: әр халықтың ойын ережесі мен тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір халық асықты ерекше салт-дәстүрлер мен рәсімдерде пайдаланады.
Дайындаған
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
4734 рет
көрсетілді0
пікір