- Ақпарат
- 01 Тамыз, 2024
Бақ пен бап тірескен бәйге
Айзат Айдарқызы,
«Ana tili»
Спортшының төрт жыл төккен тері бір-ақ күнде ақталатын дода болса, ол – Олимпиада. Кей спорт түрінің тағдыры төрт минутта шешілетіні тағы бар. Сондықтан тақым қысып, таблоға үмітпен қарап отырамыз. Биыл Париждегі аламанға 25 спорт түрінен 80 спортшыны бәйгеге қостық. Франция сайыпқырандарымызды Сена өзенінің бойынан күтіп алып, Эйфель мұнарасына дейін қайықпен алып барды. Атақты мұнараның қақ ортасында Селин Дион ән шырқап, француздар Олимпиада алауын тұтатып, алып шарды көкке ұшырды. Тарихта болмаған ашылу салтанатын өткізіп, дүйім жұртқа олимп қоңырауын «соқты».
Иә, дүбірлі доданың ашылу салтанаты тұңғыш рет аренада емес, қаланың ортасында өтті. 200-ден астам елдің делегациясын 85 қайық тасымалдап, 170 камера іске қосылды. Әлемге әйгілі спортшылар олимп алауын ұстап, аумағы алты шақырымға созылған шоу дүйім жұртты таңдандырды. Олимпиада шымылдығы түрілер күні Парижде нұр жауып, қаланың атмосферасын айқындай түсті. Малмандай су болса да, атлеттер емен-жарқын отырып, шұрқырасып көрісті.
Алғашқы жүлде сыңғыры
Айтып айтпай не керек, аламанның алғашқы жүлдесін мергендер әпереді деп кім ойлапты?! Бұл спорт түрінен жүлде салатынымызды бірді-екілі сарапшы болжаған-ды. Бокстан басқасынан жүлде күтпеген жұрт таңырқады, білем. Пневматикалық винтовкамен 10 метр қашықтықтан нысана көздеген Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлдені қоржынға салды. Іріктеу кезінде аталған жұп 630,1 ұпай жинап, финалға жолдама алды. Сәтпаев пен Ле жұбы үшінші орынға талас кезінде Германия құрамасына қарсылас атанды. Кездесуде басым түскен екеу Олимпиаданың алғашқы жүлдесін тіркеді. Олар былтыр Ханчжоуда өткен Азия ойындарында да үшінші орын алған-ды. Құраманың бас бапкері нысана көздеуден әлемнің екі дүркін чемпионы – Ольга Довгун. Көп сөзді ұнатпайтын бапкер үш бірдей Олимпиадаға қатысып, жүлдеге қол созым жерде ұтылған-ды. Десе де шәкірттері бапкер сенімін ақтап, биіктен көрінді.
Бұдан бөлек, пневматикалық тапаншамен нысана көздеуден мергендер жекелей сында өнер көрсетті. Ерлер арасында Никита Чирюкин 15-орынға тұрақтаса, Ислам Сәтпаев пен Костантин Малиновский де үздік сегіздікке енбеді. Ал әйелдер арасындағы бәсекеде Ирина Юнусметова 11-орынға табан тіреді. Жұптық сында жүлде салған мерген Александра Ле іріктеу кезеңінде 6-орын алып, финалға өтті. Финалда жүлделі орын алмаса да, бес дүркін әлем чемпионы Дженат Хегг пен әлемнің үш дүркін чемпионы Рамита Жиндалды жолда қалдырды. Спортшымыз финалда 6-орын алғанымен, болашағы зор атлет екенін дәлелдеді.
25 шілде күні басталған садақ атуға келсек, ерлер арасындағы жекелей сынның іріктеу кезеңіне Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай, Александр Еременко қатысты. Сайыста Дәулеткелді Жаңбырбай команда сапынан үздік нәтиже көрсетіп, 668 ұпаймен 22-сатыға тұрақтады. Ильфат Абдуллин 663 ұпаймен 29-орынға, ал Александр Еременко 640 ұпаймен 59-орыннан көрінді (жекелей сынның 1/32 айналымы 30 шілде күні өтеді).
Ал командалық сайыстың 1/8 финалында жігіттер Италия құрамасымен кездесті. Бар өнерін ортаға салғанымен, сәттілік жетпеді. Жеңіліп жатып, есепті теңестіргенде марқайып қалғанымыз бар. Дегенмен Италия құрамасы есепте бір ұпайға алға шығып (4:5), келесі кезеңге өтті.
Шешімін таппаған жұмбақ
Олимпиада – бір күлдіріп, бір жылататын алаң. Бәрінен биігі – ел намысы мен үміті. Сол сенімді тиісті деңгейде арқалап жүру де бір бақыт. Иә, біз күні бұрын Елена Рыбакинадан алтын күттік. Шиеленіскен жеребеге қарамастан, тілеуін тіледік. Алайда теннисші денсаулығына байланысты Парижге барудан бас тартты. Бірақ апта бұрын Түркияның курортты аймағынан фотосурет «жолдағаны» есімізде. Теннис федерациясының бұл жұмбағын шеше алмай жатқанда, әйелдер құрамасының капитаны Юлия Путинцева да жарыс жолына шыға алмайтынын хабарлады. Оның да денсаулығы сыр берген екен. Халық не дерін білмей қалды, білем. Әрі қарай сценарий басқаша өрбіді. Өйткені Елена Рыбакина мен Александр Бублик жұптық сынға шығар жолдамасы бар-ды. Қош, жекелей сында кортқа шыққан Бублик америкалық Тейлор Фрицке есе жіберді. Ерлер арасындағы бәсекеге келсек, Недовесов пен Бублик жұбы алғашқы айналымда бразилиялық жұпқа жол берді. Осылайша, теннисшілердің Париждегі жорығы сәтсіз аяқталды.
Десе де үстел теннисінен Кирилл Герасименко әзірге қол соғарлықтай ойын өрнегін көрсетіп жатыр. Ол алғашқы айналымда Чили өкілі Николас Бургостан 4:0 есебімен басым түсті. 1/8 финалға жолдама алу үшін германиялық Цю Данға қарсы тұра алды. Жай ғана қарсы тұрған жоқ, жеңісті жұлып алды. Кездесу жеті сетьке ұласты. Алғашқы геймде Цю Дан алға шықса, екіншісінде Гермасименко теңестірді. Одан кейінгі екі айналымда германиялық теннисші алға шықты. Артынша Кирилл барын салып, екі кезеңде ұпайын түгендеді. Сөйтіп, ойын жетінші сетьке ұласты. Соңғы айналымда отандасымыз ерлеп, келесі кезеңге жолдама алды. Бұл – Герасименконың үшінші олимпиадасы. 2016 жылы Бразилияда алғашқы айналымнан жеңілсе, Токиода өткен олимпиадада бірінші кезеңнен өткенімен, кейін қарсыласына жол берген еді.
Дәл соққы
Бокс десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер аламан кестесін жіті қадағалап жүр. Ел атынан бірінші болып 63,5 келі салмақта Мұхамедсабыр Базарбайұлы шықты. Оның 1/16 айналымдағы қарсыласы испан Ойер Ибаречче еді. Отандасымыз испан боксшысын бұйым құрлы көрген жоқ. Айқын басымдықпен жеңіске жетті. Базарбайұлы 1/8 финалда Тайвань өкілі Лай Чжуэньге қарсы кездесу өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Оның ширек финалдағы қарсыласы – Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Лаша Гурули. Егер Базарбайұлы аталған қарсыласын айналып өтсе, кемінде қола медаль бұйырады.
Халық сенім артып, жүлде алатын саңлақ деп топқа қосқанның бірі – Сәкен Бибосынов. Ол 51 келі салмақта Еуропа чемпионы Самет Гумушқа қарсы кездесу өткізіп, айқын жеңіске жетті. Түрік боксшысына кішігірім шеберлік сағатын өткізгені бар. Құраманың бірнеше жігіті сүрінгеннен кейін аталған жеңіс жанкүйердің еңсесін тіктегендей болды. Бибосыновтың келесі қарсыласы – адуынды Хасанбой Досматов. Бұл жекпе-жек осы салмақтағы финалмен барабар. Бұған дейін Сәкен өзбек боксшысын бір рет ұтып, екі рет ұтылған. Алдағы тартыс – отандасымызға таптырмас мүмкіндік.
Сәрсенбінің сәтті күнінде шаршы алаңға шыққандардың бірі – 57 келі салмақта жұдырықтасқан Махмұд Сабырхан. Париждегі «әліппесін» испан Хосе Гуелес Бротонсқа қарсы кездесуден бастады. Алайда отандасымыз 2023 жылғы Еуропа ойындарының күміс жүлдегерінен жеңіліп қалды. Испан боксшысының бойы да, қолы да ұзын екен. Соққысы дәл тиіп, «оғы» дарып жатты. Дегенмен екінші раундта төрешілер бұра тартқандай көрінгені рас. Сабырхан барын салғанымен, нәтиже испанның пайдасына жазылды.
71 келіде бақ сынап, Парижге көк байрағымызды көтеріп келген Асланбек Шымберген алғашқы айналымда сүрінді. 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Зейад Ишаишқа жол берді. Үміт артқан өреніміз жарысты бастамай жатып аяқтады.
Ал 80 келіде жұдырықтасатын Нұрбек Оралбайдың қарсыласы Каллум Питерс те оңай шағылар жаңғақ емес екен. Оралбай мен Питерс кездесуінде кішігірім Big Drama Show көрдік. Өйткені екеуі тең айқасты, табанды күресті. Төрешілер Нұрбектің қолын көтергенде терең тыныстағанымыз бар. Отандасымыз ширек финалда Мұрат Аллахбердиев не Әбделрахман Әбделгавадпен қолғап түйістіреді.
92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Айбек Оралбай олимп ойындарын сәтті бастады. Нигериялық қарсыласы Олайтан Адам Олаорданы шаршы алаңда «сабады». Алғашқы айналымда нокдаунға түсіргені тағы бар. Осылайша, ол ширек финалға жолдама алды. Ширек финалдағы қарсыласы – әлем чемпионы Альфонсо Домингез. Кемінде, қоланы «ілуге» мүмкіндік беретін кездесу 1 тамызға жоспарланған.
Аса ауыр салмақтағы (92 келіден жоғары) Қамшыбек Қонқабаевтың 1/8 финалдағы боксы шелекпен суық су құйғандай әсер етті, білем. Алғашқы жекпе-жегінде испан Гадфа Дриссимен қолғап түйістіріп, жеңіліп қалды. Жанкүйерлер мұндай «тосынсыйды» күтпеген еді. Қонқабаев бокс мәнері үшін толассыз сынның астында қалды.
Айта кетерлігі, олимптегі боксшы қыздарға жеребе жолдас болмады. Бірден фавориттерге қарсы жекпе-жек өткізуге мәжбүр. Мәселен, 50 келі салмақтағы Назым Қызайбай алғашқы кезеңде Джиордана Сорретиномен кездесті. 2022 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегерінен жеңісті жұлып алды. Ол келесі айналымда Пан Американ ойындарының жеңімпазы Каролин Де Алмейдамен қолғап түйістіреді. Тағы бір отандасымыз Карина Ибрагимова жарыс жолын 1/8 финалдан бастайды. Пуэрто-Риколық Лозада Мотта Ашлейанмен жұдырықтасатын боксшымыз 2 тамыз күні шаршы алаңға шығады. Ал 75 келі салмақта сынға түскен Валентина Хальзова 1 тамыз күні Азейна Билонға қарсы кездесу өткізеді.
Көзінде – жас, жүрегінде – от-намыс
Дзюдодан топ жарады деп сенім артқан спортшының бірі – Әбиба Әбужақынова. 48 келі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз алғашқы айналымда Шира Ришониды қапы қалдырды. Кейінірек Лень Чэнь-Хаоны 19 «иппонмен» жеңді. Тайпей өкілі татамидегі тағдыры қас қағым сәттей өтті, білем. Алайда ширек финалда испан Лаура Мартинес Әбибаның оң жамбасына түспей-ақ қойды. Әбужақынова әрі әдіс жасады, бері әдіс жасады болмады. Қосымша уақытқа созылған белдесуде испан қызы ақыры Әбибаның осал тұсын тапты. Осылайша, қазақ қызы алғаш рет олимп төрінде, жұбаныш белдесуінде татамиге шықты. Әрине, Мартинесті айналып өткенде жартылай финалға жолдама алатын еді. Десе де жұбаныш белдесуінде Габриэла Нарваэстен басым түсті. Қола үшін күрес оңай болған жоқ. Швед тара Бабулфатты алып та көрді, шалып та көрді – болмады. Бабулфат қазақ қызының аяғында жарақаты барын білгендей, сол тұстан шабулдай берді. Қарсыласып баққан Әбужақынова ақыры берілді. Сонымен, Олимпиаданың қола жүлдесі көзден бұлбұлдай ұшты. Татамиде булыға жылаған Әбибаның бейнесі көптің есінде қалды. Жарыстан соң журналистерге берген сұқбатында жылап тұрып «маған сенім артқан қазақ елінен кешірім сұраймын» дегеніне жұрт қосыла егілді. Бірақ жанкүйерлер ішінде Әбибаны сөккені аз. Әлеуметтік желідегі қолдау тіпті бөлек. Ақындар жыр арнап, кәсіпкерлер жүлде алғандай күтіп аламыз деп отыр. Ағалары «жеңілген спортшының бәрі жалғыз» болса да, жылатпауға сөз берді.
Ұзақ күткен алтын
Иә, Әбиба мен Елдос қатар татамиде күресті. Кей айналымда екеуі бір уақытта шығып, қайсысына қарайтынымызды білмедік. Сол сәттегі жүрек соғысы тіпті бөлек. Іштей жеңісіне сенімді болсақ та, күдікке бой алдырғанымыз бар. 60 келі салмақ дәрежесіндегі саңлақ Сметов үшінші Олимпиадасын рейтингідегі 22-орынмен бастады. Әдеттегідей, тізімде төмен тұрған спортшы фаворитке жолығары анық. Содан ба, сарапшылар Елдостың жүлде жолын бұлыңғыр деп болжады. Бірақ халықаралық дзюдо сарапшылары Сметовті қатардан сызып тастамайтынын, әккі спортшы екенін күні бұрын мәлімдеді. Балуанымыз іріктеу кезеңінде Торнике Чкадуамен кездесіп, ескерту санымен жеңіске жетті. Қатарынан үш ескерту алған дзюдошы жарысты аяқтайтыны белгілі. Мұндай жеңісті кейбірі мойындамайтыны тағы бар. Бірақ Елдос тың, салқынқанды күресті. Одан кейін украиналық Дильшот Халматовпен сынға түсті. Тәжірибелі Халматовты «вазари» ұпайымен айналып өтті. Ширек финал біз ойлағаннан қауіптірек көрінді. Себебі Сметовті рейтингідегі көшбасшы, Токио олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Юн Вей күтіп тұрды. Қос алып айқасқан кездесуде отандасымыздың айы оңынан туып, жартылай финалға жолдама алды. Ақтық сын үшін күресте әлем чемпионы Франсиско Гарригостан айласын асырып, финалға шықты. Ал финалда Франция үміті Лука Мхеидзе күтіп алды. Лука мен Елдостың текетіресін көрген де арманда, көрмеген де арманда. Себебі берілген төрт минут төрт ғасырға татығандай әсер қалдырды. Бір-бірін ала алмай алысқан қос балуан. Мхеидзе қанша әдіс жасағанымен, Сметов, сөзсіз, шебер екенін дәлелдеді. Әсіресе Лука Елдосты жамбасқа түсірейін дегенде отандасымыз жерді басымен тіреп, берілген жоқ. Ақыры, франциялық балуанды «вазариге» түсірді. Санаулы секундтан соң олимпия ойындарының су жаңа чемпионы атанып шыға келді. Сенер-сенбесін білмегендей, жерге жата қалып, көз жасына ерік берді. Жеңістің жасы, өзі 12 жыл бойы күткен алтынның жасы. Көптен күткен биік үшінші мәрте келгенінде бағынғаны бар. Ол сабырмен күтті, сынбады.
Иә, Елдос бұл бәйгеге менталды дайын болып келгендей. Тіпті кейде жүзіне қарасаң, Рио олимпиадасындағы Сметов кейпінде жүргендей әсер қалдырғаны бар. «Жігіттің тағымен талассаң да, бағымен таласпа» деп жиі айтатындай талассыз топ жарды. Сенімді әрі сақ күресті. Бар қарсыласын зерттеп, есеп-қисабы түгел келгендей. Әрбірінің қимылын күні бұрын оқып, әдіс жасатпады. Ал аңсап күткен алтынын мойнына ілгенде тамаша күй кешті, білем. Елден аттанарда Президентке Туды биік ұстауға, ел үмітін ақтауға уәде берген-ді. Сөзінде тұрды. Париж аспанында қазақтың әнұраны қалықтап, Сметов қуаныштан булыға жылады. Оны көрген қазақ қосыла егілді. Даңқты Жақсылық Үшкемпіровтің «өзімнен кейін Олимпиада бигіне көтерілер қазақ шықса» дейтін арманы орындалды. Тек атамыздың емес, күллі қазақтың арманы орындалды. Ол дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазаққа айналды. Қатарынан үш Олимпиадада жүлде алып, толық коллекция жинағаны тағы бар. Өзінің аңызға бергісіз карьерасымен ел дзюдосының дамуына үлес қоссам дейтін жастың кеудесіне үміт отын жақты. Ешқашан сынбау керегін, бұйырған бақ кетпейтінін дәлелдеді. Тек темірдей төзім, жігер мен сынбайтын рух қажетін көрсетті.
Алтынға бергісіз қола
Дзюдо аламанының екінші күні 66 келіде өнер көрсеткен Қырғызбаев айды аспаннан бір-ақ шығарды. Өйткені одан ешбірі Олимпиада жүлдесін күтпеді. Жарысты аутсайдер ретінде бастады. Әуелден Еуропа чемпионы Давид Гарсия Торнемен татамиде жолықты. «Ғұсманның олимптегі жолы осымен бітті-ау» дегенде «вазари» ұпайымен келесі айналымға өтті. Сонда да көпшілік «алдында аты дардай Ан Ба Уль күтіп тұр, болмас» деді. Қырғызбаев Рио олимпиадасының күміс, Токио олимпиадасының қола жүлдегерінің жолын кесті. Бір «вазаримен» корей жігітін қапы қалдырды. Ал ширек финалда күллі Францияны соңына ерткен Валид Хярмен айқасты. Айбынды балуан оңай берілген жоқ. Еуропа чемпионы елінде атой салғысы-ақ келді. Бірақ жеңіс қазақ жігітінің тағдырына жазылған екен. Осылайша, отандасымыз жартылай финалға жолдама алды. Финалға бір қадам қалғанда бразилиялық Виллиан де соуза Лима кезікті. Ширек финалда монғол балуанын әрең жеңген ол Қырғызбаевпен де біршама қырқысты. Қосымша уақытта отандасымыздың босаңсығанын байқаған Лима айласын асырды. Ал қола медаль үшін таласта серб Страхиня Бунчичті жыққанында Ғұсман татамиге құлай кетті. Көптен күткен жүлдесіне қол жеткенініне дән риза. Жай жүлде емес, кез келгенге арман – Олимпиаданың қола медалі. Артынша құраманың бас бапкері күтіп алып, қапсыра құшақтап, көтеріп алды. Журналистерге берген сұқбатында «32 жасқа келдім. Соңғы олимпиадам, не болса да, осы жерде бар күшімді тастап кетейін деген оймен барымды салдым. Қолымнан келгеннің бәрін істедім» деп ағынан жарылды. Тоғыз жылға таяу уақыт 60 келіде күрескенін, кейін 66 келіде топқа түскенін де қосты. Расымен, Ғұсман спорттық мансабындағы ғажайып сәтті басынан кешірді. Сөз арасында осы салмақта бәрімен күрескенін тек Хифуми Абемен ғана жолы түйіспегенін айтып қалды. Аталған жапон балуаны Олимпиаданың финалында белдесіп, екінші мәрте Олимпиада чемпионы атанды. Сабаз спортты тер шығармай-ақ, керегіне қолын жеткізгені бар. Содан болар, Ғұсман да даңқты балуанмен иық тірескісі келді-ақ. Мүмкін, финалда кезіккенде сенсация жасап, жапонды жолда қалдырар ма еді, кім білсін?!
Кез келген спортшы Олимпиада чемпионы атануды армандайтыны ақиқат. Өйткені бұл аламанның аурасы бөлек. Мұнда рейтингіде нешінші тұрғаның маңызды емес. Сол тұстағы мүмкіндікті қалай пайдаланғаның бағаланады. Бұл бәйгеде тарих жеңімпазды және жарқын сәтті есінде сақтап қалады. Мысалы, семсерлесу спортынан сынға түскен Руслан Құрбанов француз мықтысын сенсациямен жеңді. Жүлдеге ілікпесе де, көптің есінде қалды. Әйгерім Сарыбай семсерлесуден олимпия ойындарында бақ сынаған тұңғыш қазақ қызы атанды. Әрі фаворит қатысушыға лайықты қарсылас бола білді. Әлімжановтың төрешімен текетіресіп, бір ұпай үшін жанұшыра күрескені таңдай қақтырады. Қай-қайсысын алып қарасақ та, кемедегінің жаны бір. Оларды қазақ Туы астында абыроймен өнер көрсетсем деген мақсат біріктіреді. Сол жолда жігерің мұқалмасын, қазақ спортшысы! 11 тамызға дейін талай рет сүйінші сұрайтын сәт тусын.
4537 рет
көрсетілді0
пікір