• Ақпарат
  • 08 Тамыз, 2024

ҚАРЫЗ: АДАМЗАТ ТАРИХЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ 5000 ЖЫЛЫ

Дэвид Гребер. «ҚАРЫЗ: адамзат тарихының алғашқы 5000 жылы»
Дэвид Гребер – америкалық антрополог, қоғам қайраткері, анархист. «Уолл-стритті басып ал» қозғалысының белді мүшесі. Лондон экономика мектебінің профессоры. Жұртшылыққа танымал Bullshit Jobs: A Theory («Түкке тұрғысыз еңбек. Мәнсіз қызмет түрлері туралы трактат») және The Utopia of Rules («Ережелер утопиясы»)  кітаптарының авторы.

 

Банкке жүз мың доллар қарыз болсаң, сенің мазаң кетеді. 
Банкке жүз миллион доллар қарыз болсаң, банктің мазасы кетеді.
Америка мақалы  

 


Қарыз атаулы мүлде жоқ әлем әуелгі хаос, бейберекет күйіне түсер ме еді... Адам баласының қарыз (борыш) ұғымына ден қойып, оның мәнін аша түсу үшін пікір таластырып жүргеніне, кемінде, бес мың жыл болды. Қарыз халық­аралық саясаттың ең өзекті мәселелерінің біріне айналғалы қашан. Тұтынушылардың түрлі мақсатта алып жатқан қарыздары – қазіргі заманғы экономиканың қозғаушы күші. Алайда оның түпкі мәнін ашып, жан-жақты ұғынып жатқандар некен-саяқ. Қарыз, ақша және қаржы институттарының рөлі туралы жарытымды қоғамдық дискуссия сол күйі ойдағыдай іске аспады. Гребер мырзаның «Қарызды міндетті түрде қайтару керек деген сөздің құдіреті неде?» деген сұраққа жауап іздей келе, сан алуан деректі талдап жазған осы бір маңызды еңбегіне назар салыңыз.
Алдымен автордың баяндау жүйесіне сай борыш (парыз) пен қарыз ұғымдарына түсінік беріп кеткен жөн болар (ағылшын тілінде екеуін де debt сөзімен белгілеуге болады, бұған қоса, борыш, міндеттеме мағынасында жиі жұмсалатын obligation, liability сөздері бар). Бір қарағанда, борыш пен қарыздың айырмашылығы айқын. Қарыз дегеніміз – белгілі бір ақша сомасын төлеу міндеттемесі. Яғни оның өлшемін, көлемін дәл анықтауға болады. Ал борышты (моральдық парызды, мысалы, сізге көмектескені, құтқарып қалғаны үшін өзге біреуді құрмет тұтып, соған борыштар болу, қарыздар сезіну) осындай қалыпқа салып, дәл есептеп беру мүмкін емес. 

 

Қарызды міндетті түрде қайтару керек

«Алған қарызды міндетті түрде қайтару керек» деген сөзді даулайтындар кемде-кем шығар. Баршамыз мойындайтын бұл сөздің құдіреті не? Саралап қарасақ, оның төркіні экономика қағидаларында емес, адамшылық, мораль нормаларында жатқанын аңғарамыз. Мәселен, үкіметті – халық еркіндігін қамтамасыз етуге тиіс борышкер деп те сипаттауға болады. 
Осы бір ой мейлінше айқын көрініс тапқан жарқын мысал – кіші Мартин Лютер Кингтің 1963 жылы Линкольн мемориалы алдында сөйлеген «Арманым бар» сөзі: «Бізді осы қалпы қолымыздағы чекті тапсырып, қолма-қол ақша алу үшін еліміздің астанасына келіп тұрған жайымыз бар десек те орынды. Республикамыздың негізін қалаған қайраткерлер Конституция мен Тәуелсіздік декларация­сының айшықты сөздерін қағаз бетіне түсіргенде, Американың әрбір азаматына мұра болып қалатын вексельге қол қо­йып берген. Сол вексель барша адамның «өмір сүруге, еркін болуға және бақытқа ұмтылуға» деген «ажырамас құқықтарының» сақталуына кепілдік береді. Қазір Американың нәсілі өзгеше азаматтары алдында жаңағы вексельге сай берешегін өтей алмағаны айқын болып тұр. Осы бір қасиетті борышты төлеп құтылудың орнына, Америка қара нәсілді халқына жалған чек берген екен, сол чекті бізге «қаражат жетпейді» деген белгі қойып қайтарып беріп отыр».
Бұл дүниеде қарыз және зорлық – қатар жүретін құбылыстар екен. Адамзаттың арғы-бергі тарихына көз жүгіртіп қарағаннан бір түйгеніміз: біреуге зорлық істеп, жәбір көрсетуді ақтап алудың ең оңтайлы жолы – бәрін қарызға әкеп тіреу екен («бәріне жәбір көрген тараптың өзі кінәлі» дегенге келтіру). Агрессордың өз құрбанына «сен маған қарыздарсың», яғни «сенің басыңды алмай, аман қалдырғаныма шүкір де» деп айтатыны бар емес пе?..
Мәселен, 1895 жылы Франция Мадагаскарды басып алып, сонда билік құрған патшайым ІІІ Ранавалунуды тақтан тайдырып, елді өзінің отары қылған. Басқыншылық шығындарының ішінара орнын толтырып, иелігіне өткен ел аумағында теміржол, тас жол, көпір мен плантациялар салу үшін отаршыл режім жергілікті халықтан көптеп салық жинай бастайды. Салық төлеуге мәжбүр болған жұрттан оларға жаңағы айтқан құрылыс нысандары қажет пе, жоқ па – ешкім сұрамады; сол нысандарды қалай және қайда салу керек екені жөнінде де ақылдаспады. Бөтен елдің өктемдігіне қарсы көтерілген малагасийлерді француз әскері аяусыз басып-жаншып отырды. 1947 жылы болған сондай бір көтеріліс кезінде жарты миллионнан астам адам қаза тапқан деседі. Ал Франция болса Мадагаскар қолынан ешқашан мұндай залал тартпаған. Десе де, Мадагаскар халқына «сендер Францияға қарызсыңдар» дегенді әлі де бетке басатындар бар. «Халықаралық қауымдастық» атаулы осындай ұстанымды құптап, оны әділ деп санайтын көрінеді.
Бірақ сол халықаралық қауымдастық қарыз алған тараптардың бәріне, олардың қарызына дәл осылай бірдей әділ қарайды десеңіз, қателесесіз! Қазір қарызға батқан кедей елдер мен сырттан алған қарызы сол кедей елдердің бәрінің жиынтық берешегінен айтарлықтай асып түсетін АҚШ-тың дәрежесі бірдей емес, әрине. АҚШ – берешегі көп ел бола тұра, көп артықшылыққа ие ауқатты мемлекет әрі Мадагаскар сынды елдерге ақыл айтып, заң соғатын дәрежеде.
АҚШ-тың қазіргі мемлекеттік қарызы – әскери, яғни қорғаныс шығындарын өтеу қажеттігіне байланысты қалыптасқан қарыз. Сауда дефициті салдарынан елден тыс аумақтарда айналымдағы доллар көлемі артқан. Шетел орталық банктері сол ақшаны, негізінен, Американың қазынашылық облигацияларын сатып алуға жұмсап жатыр. Сол облигациялар іс жүзінде өтелуге тиіс қарыз болып саналады, дегенмен Американың сол қарызды қайтаруы алмағайып. Экономист Майкл Хадсонның айтуынша, АҚШ қазынашылық борыштарының әлемдік монетарлық базаға кіріктірілгені соншалық – олар ешқашан өтелмейді, мәңгі айналымда жүрмек. Демек, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы – биліктің өз халқына әрі әлем халқына берген уәдесі; сол уәде орындалады деп күткеніміз бекер.
Бұрын АҚШ-тың қазынашылық облигацияларын көбіне Америка әскері оккупация­лаған елдердің (мысалы, Батыс Германия) орталық банктері сатып алатын. Осы үрдіс қазір де бар, бірақ көбіне Еуропада емес, Азияда – АҚШ-тың әскери протектораты саналатын Жапония, Тайвань және Оңтүстік Кореяның орталық банктерінің қызметінен байқалады. Біздің қазір жаһандық ақша деп жүрген доллар – әскер қуатына сүйенген валюта. Қазір әлемде қызмет етіп тұрған арнаулы институттар (мысалы, Халықаралық валюта қоры) борышкерлердің емес, кредиторлардың құқығын қорғап жүр. Олар «әркім алған қарызын қайтаруға тиіс» деген принципті басшылыққа алған. Таңғаларлығы, бұл принцип АҚШ-қа ғана жүрмейтін сияқты.

Нарықтық қатынастар, қарыз және тіл

Мыңдаған жыл бойына байлар мен кедейлер арасындағы қайшылық көп жағдайда кредитор мен борышкер арасындағы шиеленіс түрінде өрбіген (әділ пайыз, борышкердің кіріптарлыққа түсуі, қарызды кешіру, борышкердің мал-мүлкін тартып алу, балаларын құлдыққа сату т.б.). Антика заманын зерттеген көрнекті тарихшы Мозес Финлидің айтуынша, көне замандағы революциялық қозғалыстардың барлығы «Борышты есептен шығарып [кешіріп], жерді бөліп беру» ұранын тастаған.
Біздің қазіргі сөздік қорымыздағы адамгершілік тақырыбында әрі діни сипат­тағы біраз лексикалық бірлік (мысалы, «өтеу», «күнәдан құтылу», «кешіру» т.б. сөздер) сонау ежелден келе жатқан қайшылықтардан бастау алады-мыс. Үндіеуропа тілдерінің бәрінде «қарыз» (борыш) сөзі «күнә» және «кінә», «айып» сөздерінің синонимі болып саналады. Жалпы, әділдік және әділетсіздік жайын қозғағанда қолданатын негізгі сөздер мен ұғымдардың өзі кезінде кімнің кімге, шын мәнінде, не қарыз екенін анықтаймыз деген тараптардың пікірталастарынан шыққан деседі. Адамгершілік, моральдық парызды қарыз (борыш) ұғымына барабар етіп түсіндіретіндер де бар. Оның мәні не? Нарықтық қатынастардың тілімізге тигізген әсері қандай, ол қалай көрініс табады?
Әлем әдебиетінде мұқтаждарға қарыз беретіндерді, атап айтқанда, осы істі кәсіпке айналдырып, үстемемен қайтаруға қарыз беріп, содан пайда табатын өсімқорларды жағымды кейіпкер деп суреттейтін сюжет жоқтың қасы. «Өсімқор» деген сөздің өзі әдетте «арам ақша», бопсалау, шайтанға жанын сату ұғымдарымен ұштасып жүреді. Хрис­тиан дінінде де, исламда да өсімге қарыз беруге тыйым салынған. Христиан дінінде өсімқорлықты нағыз христиандарға тән мейірім (мұқтажға жәрдем бер, есесіне үстеме сыйақы сұрама) қағидасын аяқасты ету деп қарастырады. 
Шіркеудің өсімқорлыққа үзілді-кесілді қарсы болуының сыры неде? Бұл ретте шіркеу мен ақша адамшылық, мораль саласында бәсекелестікке түскен деуге де болады. Себебі ақшаның өз алдына бөлек моральдық императивке айналуға әлеуеті жетерлік: қолданыс аясы кеңейсе болды – жалпыға ортақ, баршаға міндетті құндылыққа айналып шыға келеді.
Алайда бізге мәлім өзге діни дәстүрлердің осы мәселеге қатысты ұстанымы да өзгеше. Мысалы, орта ғасырлардағы үнді заңдарында өсімге қарыз беруге (бірақ өсім пайызды қарыз сомасынан аспайтындай мөлшерде алуға) рұқсат екені айтылған. Бұдан бөлек, қарызын қайтармаған борышкер келесі өмірінде өзіне ақша берген кредитордың үйін­де құл болып дүниеге келеді, заң жинақтарының кейінгі нұсқаларында ол құлға емес, жұмысқа жегетін жылқыға не өгізге айналады делінген. Қарап тұрсаңыз, карма заңына сай әділдік орнайды деген сөз әлпетінен де іскерлік мәмілеге тән элементтер байқалады. Буддизм кредит (несие) келісімдеріне тыйым салмаған, оларға түсіністікпен қараған. Бұл жайтты осы діни дәстүр пайда болғандағы замана рухымен байланыстырамыз: жаңа діни ағым зорлық пен соғысты айыптаған, алайда саудаға қарсы шықпаған.
Көне Өсиетте өсімқорлыққа бірыңғай тыйым салынбаған. «Заңды қайталау» кітабынан (23-тарау, 19–20-тармақтар): «Берген қарызың үшін бауырлаcыңнан ешқандай өсім алма! Одан не ақшадан, не азық-түліктен, не қарызға беруге болатын басқа кез келген нәрседен болсын, өсім алушы болма. Жат жұрттыққа берген қарызыңнан өсім алуыңа болады, бірақ бауырласыңнан ешқандай өсім алуыңа болмайды. Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сендер еніп, иемденбекші болып отырған елде қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады». Мұндағы «жат жұрттық» дегені – еврейлер өзіне дұшпан санаған елдер, тонап, жазым қылуға болатын жұрттар деп топшылаймыз.

Қарыз және ақша эволюциясы турасындағы жаңсақ пайымдар

Автор қарыз бен ақшаның шығу тарихын қатар жүрген өзара байланысты үрдістер деп түсіндіреді. Қазір жаңа қаржы инструменттерін (мысалы, виртуалды ақша) – бұрын-соңды болмаған өзгерістерге себепші деп сипаттап, дабыра қылғандар көбейді. Дегенмен осыны ауқымды тарихи ретроспектива аясында бағамдап көрсек, виртуалды ақшаның өзі анау айтқандай жаңалық емес екен: ақша атаулы о баста виртуалды болған. Қолма-қол ақша шыққанға дейін адамдар кредит жүйесін, тақтайшаларды, шығынға жұмсау шоттарын (шығыс шоттары) пайдаланған. Тарихта бірінші болып кредит ақша (арнаулы құнды қағаз түрінде рәсімделген қарыз; оны тауарға не қызмет түріне айыр­бастауға немесе борышты жабу үшін өзге тарапқа табыстауға болады) пайда болған. 
Экономика мен қоғамның табиғатына қатысты жалпыға ортақ көзқарастардың түп тамыры «әуелгі қарыз» (құдайларға, мемлекетке борышты болу) туралы мифтерден бастау алады дейді Гребер. Бұған қоса, айыр­бас сауда туралы миф те бар. Осы іспетті жаңсақ тұжырымдардың, мифтердің бәріне ортақ бір гәп бар: бұлар адамдар арасындағы, қоғамдағы және сол қоғамның өзінен жоғары тұрған тәртіппен (Ғаламмен, Жаратушымен) қарым-қатынасын айырбасқа, алыс-беріске, яғни іскерлік мәмілеге барабар кейіпте түсіндіреді. Осы мифтердің ықпалынан айырылу керек.
Еуразияның кейінгі бес мың жылдағы тарихын зерделесек, айналымда кредит ақшаның үстем болған және мәміле жасасқанда төлем құралы ретінде алтын-күміс кесектері (теңгелер) қолданылған кезеңдердің алма-кезек жүргенін байқаймыз. Мұндағы шешуші фактор соғыс еді. Монеталардың айналымда көп болған шағы – соғыс кезі. Өйткені соғыста олардың қолды болуы қиын емес. Жалпы, бұл құбылыс әскери-монеталық-құл иеленушілік жүйенің қалыптасуымен тығыз байланысты: кәсіби әскер жасақтап, басқыншылық соғыс жүргізу, құл иелену, қолға түскен олжа – асыл металдарды балқытып, теңге соғу, сол ақшаны жауынгерлер мен шенеуніктерге үлестіру, кейін салық түрінде қайта жинап алу – алпауыт мемлекеттерге, империяларға тән тәртіп. Оған қарағанда, қарыздың жөні басқа. Қарыз дегеніміз – біреудің берешегінен хабар беретін жазба, ол бір-біріне сенім артқан тараптардың қатынасынан туындайды. Сондықтан кредит ақша көбінесе бейбіт заманда кең тараған екен. Мәселен, Таяу Шығыста несие сауда-саттықтың ажырамас элементі болған: көпестердің күнделікті алыс-беріс жасағандағы қолға алатыны монеталар емес, қағаз бен сиясауыт еді – олар төлем құралы ретінде қарапайым вексель («сакк»), чек жазып беретін.
Айырбас сауда туралы миф. Айырбас сауда – мүлікті, малды, өнімді, жұмысты т.б. ақшалай төлем жасамай баспа-бас айырбастау; бартер. Экономистер ақшаның шығу тарихын баяндағанда, әдетте әуелі айырбас сауда, содан кейін ақша, содан соң ғана кредит (қарыз) пайда болған дейді: «О баста айырбас сауда болған екен. Оны ыңғайсыз деп тапқан адамдар ақшаны ойлап шығарған. Осыдан барып банк ісі мен кредит саласы өріс алған-ды». Экономика оқулықтарының бәрінде айтылатын осы әңгіме. Бұл – миф!  
Ақша тарихының дәл осылай өрбігенін растайтын айғақтар жоқ. Қайта оны терістейтін деректер көп. Жұрт, мысалы, көршілес екі үй деп айтайық, «мына бір сиырыңды алсам, есесіне жиырма тауық беремін» деген формулаға сай стандарт экономикалық мәмілелер жасасатын елді зерттеушілер ұзақ іздеді. Сол күйі таппады. Біз айырбас сауда болған емес деп отырғанымыз жоқ, болған, бірақ ол, экономиканың атасы Адам Смит айтқандай, бір ел – бір қауым, ауылдастар арасында емес, бір-біріне бөтен қауымдар, кейде тіпті жауласқан тараптар арасында жүреді. 
Жақының емес қой, ендігәрі көрмейтін, жолықпайтын тарапқа «мынау – қолымдағы ең құнды мүлік, өте сапалы зат» деп мақтап-мақтап, анау айтқандай, құнды әрі сапалы емес затты ұстатып жіберетін мотивация осындай сәттерде оянады. Ағылшынның truck (айырбас) және barter (айырбас сауда) сөздері мен олардың француз, испан, неміс, голланд, португал тілдеріндегі баламалары ертеде сөзбе-сөз аударғанда «алдау, алаяқ­тық» деген мағынаны білдірген.
Шын мәнінде, айырбас сауда ежелде болмаған, ол бертін келе шыққан құбылыс деуге болады. Ақша (алтын, күміс т.б. теңгелер) бола тұра, түрлі себептермен сол ақшаға қолы жетпеген, ақшалай алыс-беріс жасай алмаған адамдар айырбас саудаға жүгінуге мәжбүр болған деседі. О баста нағыз ақша саналған монеталар тапшы болғандықтан, адамдар кредит жүйесін ойлап тапқан. Бұған дәлел – көне Месопотамияның қыш тақтайшаларға басылған сына жазуы. Сол мәтіндерден қазір білетініміз – кредит жүйесі теңге соғудан мыңдаған жыл бұрын пайда болған.
Месопотамияның басты ақша бірлігі – күміс сик(е)ль болған. Бір сикель – бір гуруға немесе бір бушель арпаға (қателеспесек, шамамен 22 кг) тең. Бюрократтар бұл жү­йе­ні күміске шаққандағы қарыз мөлшерін (рента, алым, берешек т.б.) белгілеу үшін қолданған. Мұндағы нағыз ақша – күміс. Алайда оның айналымы шектеулі еді: күміс көбіне ғибадатханалар мен сарайлардың қоймасында сақталатын. Қара халықтың қолына тие бермейтін. Алған қарызды күміспен есептеген, бірақ оны ғибадатханаға, сарай шенеунігіне берешегі бар шаруа тиісті мөлшердегі арпамен, кейде тіпті мал басымен (ешкі), жиһазбен немесе асыл таспен (лазурит) қайтарған.
Демек, о баста біз қазір «виртуалды» деп жүрген ақша түрі болған. Монеталар кейін шыққан. Ал айырбас сауда – монеталар мен қағаз ақшаның айналымда жеткілікті мөлшерде болмауынан туындаған жанама құбылыс.
Әуелгі қарыз туралы миф. Қарыз, ақша төркінін сөз ететін теориялардың (мемлекет-кредит теориялары) ең осал тұсы – салықтар жайы. Мемлекетке (үкіметке) неге салық төлейміз? Салықты үкімет бізге белгілі бір қызмет көрсетсін деп төлейміз (ең басты қызметі – қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету). Яғни билік пен қоғам арасында бағзы заманда жасалып, әлі күнге дейін күшін жоймаған «қоғамдық шарт» бар. Салықтың мәнін түсіндіргенде айтылатын кең тараған теориялардың бірі – осы.
Бұған балама ретінде ғалымдар «әуелгі қарыз (борыш) теориясын» да алға тартып жүр. Оған сай, үкімет – азаматтардың өзара борыш-берешектерінің өтелуін қадағалайтын, бәрінен жоғары тұрған қамқоршы. Сондықтан ол салық жинау өкілеттігіне ие. Мұндағы қарыз – қоғамдық қарым-қатынастардың ұйытқысы: адам баласының жер бетіндегі тіршілігі, сайып келгенде, борыштылықтың бір формасы. Адам о бастан-ақ қарыздар болып дүниеге келеді; ол ажал құшу үшін туған, сондықтан өмірмен қош айтыспай, аман жүру үшін өлімнің өтеуіне құрбандық шалады. Біз құдайлар алдында қарыздармыз, құрбандық – қарызды жауып тұру амалы.
Осы теңдеудегі «құдайлар» тарабы кейін біртіндеп «жоғары билік» немесе «мемлекет» (адам мен құдіреті шексіз күш арасындағы дәнекер) болып трансформацияланған. Біздің құдайлар алдындағы борышымыз, түбінде, қоғам алдындағы борышымыз деуге негіз бар. Біз өзіміз өсіп-өнген қоғамға қарыздармыз (осы тұжырымды авторитарлық режімдер меншіктеп алған), сол қоғам атынан бізден салықты билеуші тарап (үкімет) жинайтын болған-ды.
Алайда бұл тұжырым сын көтермейді. Шындығында, ежелгі заманның еркін азаматтары (мысалы, Месопотамияда, Грекияда) өз үкіметіне салық төлемеген. Салықты мемлекет өз халқына емес, басып алып, бағындырған елдерге салатын. Бұған қоса, бұл тұжырым «әлем қайда барсаң да бірдей, біркелкі ықшам бірліктерден («қоғамдардан») құралған» деген жаңсақ пайымға иек артқан.
Расында, күллі адамзат, табиғат, қоғам, жаратушыға (шексіз ғаламға) өле-өлгенше қарызбыз деген күннің өзінде, борышымызды қандай көлемде әрі қалай өтеуіміз керек екенін бізге ешкім дөп басып айта алмайды. Осы бір экзистенциалды қарыз (борыш) тео­риясы билік құрылымдарының қажеттігін, солардың қызметін ақтап алу үшін керек! Адамның адам болғаны, дара тұлға болғаны – тек мемлекеттің арқасы деп кім айтты?

Қарыз және күнә, күнәні өтеу

Қазіргі заманда әлеуметтік әділдік, құлдық және азаттық тақырыптарына қатысты лексикамызда сонау көнеден келе жатқан қарыздар туралы пікірталастардың сарқыншақтары сезіледі. Адам өмірін бірінен соң бірі не қатар қабаттаса іске асатын коммерциялық алыс-беріс, мәмілелер деп қана түсінсек, онда біздің Ғаламмен қарым-қатынасымызды қарызға балап қарастыруға болады. Әлдебіреуге, әлденеге борыштар болу сезімі уақыт өте келе түрленіп, ақыры өзіңді кінәлі сезінуге айналады. Қылмыскердің қоғам алдындағы борышы бар дегендегідей, борышкер де (қарыз алған адам) қылмыскер іспетті. 
Христиан дінінде Иса Мәсіхті неге «құтқарушы, күнәнің құлдығынан босатушы» деп атайды? Жаңа өсиеттен: «Бәрін күнәнің құлдығынан босату үшін Мәсіх жанын құрбан етіп, соның төлемін өтеді» (1 Тімотеге/Тимофейге 2: 6). Ағылшын тіліндегі «құтқару, босату» (орыс.: искупление) мағынасындағы redemption сөзі бастапқыда «[өтеуін] төлеп алу, қарыздың кепіліне қалдырған мүлікті қайтарып алу» мәнінде жұмсалған. Адамзатты құтқарып алу үшін құдай өз ұлын құрбан етті деген тәмсіл христиан ілімінің ұйытқысы емес пе? Осының өзін қаржылық транзакция категориясына сілтеп баяндаудың өзі бір қызық жайт.
Неге солай? Себебі әлемдік діндер адам өміріндегі ақша мен нарықтың рөлі және осы институттардың «адамның адамнан алмағы бар ма?» деген басты сұраққа қатысы төңірегіндегі қызу пікірталастардан туындаған.
Пайғамбарлар дәуірінде иудей патшалықтарының экономикасы қарыз дағдарысына ұшыраған: шаруалар егін шықпаған қуаңшылық жылдары әбден жоқшылыққа батпай күнелту үшін иелігіндегі жерін байларға беріп, қарыз алуға, оның өтеуіне ұл-қызын кредитор (несиегер) үйіне малай болып қызмет етуге жіберуге, тіпті кейде құлдыққа сатуға мәжбүр болған: «Ашаршылық кезінде нан тауып жеу үшін егістіктеріміз бен жүзімдіктерімізді және үй-жайлары­мыз­ды кепілдікке беруге мәжбүр болдық! ...Ата-тегіміз солардікі сияқты, біз де яһудилерміз, балаларымыз да олардікінен еш кем емес! Әйтсе де ұл-қыздарымызды оларға басыбайлы қызметшілікке сатуға мәжбүрміз. Кейбір қыздарымыз қазірдің өзінде солардың уысында!» (Нехемия 5: 3–7).
Бара-бара елді жайлап, өршіп (қарызын өтеуге дәрменсіз кедей шаруалар қаптап кетеді), әлеуметтік дағдарысқа ұласқан бұл жағдайды реттеу үшін Иудея билігі қарыз­дарды кешіріп, несиелер бойынша төленетін пайыздардың шекті мөлшерін бекіткен. Көне өсиетте сақталған яһуди заңдарының қағидаларын жандандырып, іске асырды. Солардың ішіндегі ең танымалы – қарызды кешіру заңы: «Әр жеті жылдың соңында өзгеге берген қарыздарыңды кешірулеріңіз керек. Әрбір қарыз беруші сол кешіруді былай істеуге тиіс: ағайындас не ұлттас адамға берген қарызын кешіріп, соны бұдан былай талап етпесін. Өйткені Жаратқан Иенің атынан қарыздардың кешірілу мезгілі жарияланды» (Заңды қайталау 15: 1–2). «Жеті рет жеті жылдан, яғни жеті тынығу жылын санап шығыңдар, сонда жалпы саны қырық тоғыз жыл болады. Сол қырық тоғызыншы жылдың жетінші айының оныншы күні керней тартыңдар. Осы күні, демек, халықты күнәларының арамдығынан тазару күні, бүкіл ел көлемінде керней тартыңдар!» (Леуіліктер/Левит 25: 8–9).
Месопотамиядағыдай, Библияда да «еркіндік» ұғымы ең әуелі қарыздан, борыштан құтылу мағынасына ие. Осы тұрғыдан қарағанда, «құтқару, босату» ұғымы әлдененің өтеуін төлеп алуды емес, қайта есеп жүргізу жүйесін тұтас жою дегенді білдіреді. Әлем діндерінде осындай екіұдай жайттар аз емес. Бір жағынан, олар нарыққа қарсы; екінші жағынан, сол қарсылықты коммерция категорияларына жүгініп білдіргендей. Таптар арасындағы ашық саяси қақтығыстар кезінде міндетті түрде қарыздарды кешіру, борышын өтей алмай, абақтыға қамалғандарды босату және жерді әділ бөлу талабы қойылатын. Сол талаптарды ақтап алуға қолданатын моральдық дәйектер, адамгершілік қағидалары Библиядан да, өзге діни дәстүрлерден де табылады. Олардың формасы әр алуан болғанымен, бәріне ортақ бір сипат бар – бұлардың бәрін нарық тілімен жеткізеді.

 

Экономикалық қатынастардың моральдық бастаулары жөнінде
 

Қазір қоғамдық өмір ыңғайластық қағидасына негізделген, яғни адамдар арасындағы байланыс, ықпалдастық – айырбастың бір түрі деген көзқарас кең тараған. Олай болса, «қарыз» ұғымы – адамгершілік атаулының мәйегі, өйткені қарыз әлдебір тепе-теңдік, баланс қалпына келмеген жағдайдағы күйді білдіреді дейді Д.Гребер.
Автордың пайымдауынша, экономикалық қатынастар қоғамның кез келген түрінде кездесетін үш адамшылық принципіне құрылған. Оларды ғалым коммунизм, иерархия және айырбас деп атайды. Мұндағы «коммунизм» дегенде, автор жағымсыз реңдегі идеологияға емес, «әркімнің қабілетіне қарай, әркімнің қажеттілігіне орай» қағидасына сай жүзеге асатын қарым-қатынастарға сілтеп тұр. Оны өзінше «базалық немесе тұрпайы коммунизм» деп атайды: ортақ мүдде, ортақ іс төңірегіне топтасқан адамдар тобы тұрпайы коммунизмнің өзіндік үлгісін жасайды. Адамшылықтың бұл түрі тіпті іскерлік мәмілелер мен сауда-саттықта да ұшырасады (мысалы, дос-жаранға жеңілдік беру, көңіліне қарау т.б.). Коммунизм айырбасқа да, ыңғайластық танытуға да негізделмеген.
Айырбас үдерісіне келсек, бұған барынша мол материалдық пайда табуға ұмтылған тараптар қатысады. Мұндағы тараптардың дәрежесі бірдей деген тұжырым жасалады. Ал иерархиялық қатынастардағы тараптардың мәртебесі, дәрежесі бірдей емес, мұнда ыңғайластық танытуға ұмтылыс жоқ. Мысалы, жәрдем берген феодалға қарыздар шаруа оған кіріптар болып қалады. Қарыз өтелмейінше иерархия логикасы үстем болмақ. Осы орайда қарызды толықтай іске аспаған, тамамдалмаған айырбас деп те сипат­тауға келеді. 
Сөйте тұра, адамдар арасындағы байланыстардың бәрін айырбас үдерісіне балауға болмас. Бәрін алыс-беріске әкеп тірейтін болсақ, экономикалық ықпалдастықтың басқа формаларын (мысалы, жоғарыда айт­қан коммунизмді) елемегендей боламыз.
Намыс және несие. Намыс пен несие ұғымдарын мағыналас деп білетіндер бар. Ертеде несие алып, оны қайтаруға дәрмені жоқ кедей азамат отағасы, өз үйінің иесі атану мәртебесінен айырылғандай көрінетін. Жағдай тіпті мүшкіл болғанда, оның балалары өзгеге жалға беруге, сатып жіберуге болатын тауарға айналатын. Жоғарыда Көне өсиет кітабынан келтірілген мысал ойдан алынған жоқ қой, сол сияқты, отбасы мүшелерін қарызға кепіл ретінде жалға беріп жібергендер тарихтың бертінгі кезеңдерінде де болғаны рас.
Сонымен, адамдар арасындағы қатынас­тарды шығын мен пайда есебіне барабар деп түсінетіндер жоқ емес. Заманауи капитализмге дәл осы сарындағы әлеуметтік келісімдер жасау тән. Бұл жүйе пайдадан басқа барлық адамшылық императивтерді елемейді: адам әрдайым қарыздар болуы керек. Оның мойнына үнемі бір ауыртпалық, борыш жүктеп алып жүргені жақсы емес пе? Борышын өтемесе, «беліне байлаған шоқпарын көтере алмаса», оны жазаға тартса болады... Мұндайда қарыз бен билік, күнә мен айыптан арылудың аражігі бұлыңғырланып кетеді. «Еркіндік дегеніміз – құлдық, құлдық дегеніміз – еркіндік» демеске амал жоқ.
Бір-біріне сенетін тұлғалар арасында жүрген ақша көп жағдайда таза сенімге баланатын: несие келісімдерін әдетте қол алысып-ақ жасасатын. Осындайдағы «кредит» сөзі – «адал адам, абыройлы азамат» дегендерге қатысты жұмсалатын. Осы сияқты жағдайларда, байқасаңыз, қаржылық категориялар мен моральдық категориялардың аражігін ажырату мүмкін болмай қалады. Бәрін ойдағыдай өтеймін деген сенімді азаматқа қарыз бересіз, алғанын қайтаратынына күмәнданбайсыз. 
Олай болса, қарыз дегеніміз не? Қарыз дегеніміз – адам танымастай өзгеріп, бұрмаланған уәде. Сол уәдені бұрмалаған – пайдақұмарлық пен зорлық. Біз нағыз еркін адам боламыз десек, онда бір-бірімізге нағыз адал уәде беріп үйренейік!

Мазмұндаманы дайындаған 
Ерлан Ысқақов

 

 


 

1653 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы