- Ақпарат
- 08 Тамыз, 2024
Егізек
Құлтөлеу МҰҚАШ
Қалашық салқын қабылдағандай еді. Біртүрлі қасаң. Әлде алыстан аңсап-шаршап жеткен орны оң шырай бермеген жүргіншідей бір сәт өзім тосырқадым ба?..
Әйтеуір, намағлұм өгейсуді аңдап, көңіл торықты.
Біздің Казгурадымыз ғой. Дулы гүл дәурен-жыр дәуреннің бес жылы өткен құт қоныс. Тұсынан олай-бұлай жүйткіп жүріп оқта-текте зәулім ректорат ғимаратының төбесін шалып қалғанмен, ішкері енбегелі қырық жылдай озыпты. Кең даңғылды өрлей аяңдап келе жатқанда қос қапталдағы қалың қарағай, бітік шырша мен жағалай жыпырлаған тозғанақ гүлдің әр бүршік, әр талшығынан сол қайта оралмас уақыттың белгісін іздеп елегзи түсемін. Ерсілі-қарсылы жөңкілген студенттер арасынан арсалаңдап курстастарым шыға келердей елеңдеймін.
Жұрт қарасы аса қалың да емес. Кейбірі жұп-жұбымен кетіп барады. Жалғыз жүргендер де бар. Екі-үш қыз-жігіт аллея бойындағы көп орындықтың біріне тізе бүгіпті. Біздің кезде сәкі атаулы жоқ-ты. Тіпті шам бағаналары сәнмен тізілген, мұндай сәулетті дәліз тұрмақ, соқыр соқпақ болмайтын. Сонда жатын орын мен оқу корпусы аралығында батпақтай бермес үшін сынық кірпіш, оны-мұны тас қиыршығын төсеп, ұзыннан-Өұзақ жалғыз аяқ жолды өзіміз салып алғанбыз десек, мына жастар сене қоя ма?..
Мейлі. Сенбесе қайтеміз. Біздің мешеулеу кезең буыны екенімізге бұлар кінәлі емес, әрине. Заманның озуы қисынды шығар.
Өздерінің мөлдіреген кескін-келбетіне қарап-ақ көз тояды. Бірінен-бірі өтеді-ау. Әсіресе бергі шеттегі жұп неткен жарасымды!
Қолтықтасқан екеу сонша аңтарылғанымды аңдағандай кілт бұрыла қарағанда, сәл ыңғайсызданып, назар тайдырамын.
«Кетем бе кейде бала боп,
жүрсем де алыс, шалғайда.
Қайда сол КазГУ-городок,
Алматы қайда, ел қайда?!» –
деп әскерден Табылды Досым жазған хат жолдары еске түсті. Иә, осынау нағыз махаббат мекені, ғашықтар отанында небір аңызға бергісіз жағдайларды біз де өткергенбіз. Мұны ойлағанда, неге екенін, санамда бір мезет Ерік Амантай бауырымның бейнесі елес беріп қалады. Одан сонадайда сорайған «Есентай Молл» үйіне көз тігемін. Бұрын бұған да онша ден қоймаппын, іштен қарағандағы әсері бөлек секілденді. Дүниеде «Қазақстан» мейманханасынан заңғар жай болмайтындай көріппіз. Студенттік шақта кейін тура іргеден қырық қабаттық құрылыс бой көтеретінін кім болжапты. Енді осының ең басына шығу туралы ниет туады. Бірақ «оның несі қызық, қала үстіне ұшақтан-ақ қарап жүрміз ғой» деп тез айныдым. Ауада қарағайдың шайырсіңді демі лықсып, қалқып тұрғандай сезілген. Арагідік майда желемік жүгіріп, қырдан ескен салқын леп лекілдеп бет аймалайды. Кенет анадайдағы іркесе-тіркесе көсілген айбынды Алатау сілемін жаңа байқағандай таңырқаймын. Осы ғажайыпты, әбден көз үйренгендіктен бе, қабырғаға ілген суреттей қабылдап, аса елемейтініміз рас. Әйтпесе әлемге әйгілі асқар шыңдардың дәл баурайында жүр емеспіз бе?
Төбесі мұз құрсанып, буалдыр мұнарға оранған өркеш-өркеш күмбез шыңдардың шеті түпсіз кеңістікке барып сіңеді. Алып тау басында қорғасындай түйдектелген қара қошқыл бұлттардың тарамдала төмен шаншылатын бозғылт етегі әлемет нөсердің белгісі ме деп түйемін. Иін тірескен тік шатқалдар қойнауын дәл қазір тіпті ірі бұршақ төпелеп жатуы ықтимал. Алыстан тып-тыныш сияқтанатын тау ішінің анда-санда буырқана бусанып, дауылдатып, жауындатып тұратынын аңдай бермейміз. Шіркін, сондай кезді «Есентайдың» отыз сегізінші қабатынан дүрбі салып бақыласа, бұлттардың ағынын, қарлы қияның тынысын барласа деп, көк тіреген сауда үйіне және жалтақтаймын. Құлағыма Ерсайын Жапақ досымның «Мәңгі жас Алатауым» деп күңіренте шырқайтын даусы келетіндей. Алатаудың әрдайым әсем көрінетіні рас, бірақ онда өне бойғы жаз жоқ.
Әлден мезгілде сайрақ құстың сыбызғы үніндей құйқылжыған шырылын естіп, есім шықты. Асау тау бұлақтары бойын жайлайтын бұ қайдан жүр?! Өзі айыл жиғанымша, шырша ішінен жалт етіп ғайып болды. Тек қанатының сусылын аңдап, сия көк қауырсынын шалып үлгеремін. Мұны да қаншама жылдан кейін алғаш көруім еді. Ойда-жоқта жастық шақпен жүздескендей жүрегім өрекпіп, дегбірім қашты.
О жылдары аумағы ат шаптырым КазГУ алқабы мүлгіген тоғай арасы-тын. Орта межедегі аласа тал-дарақ аясында қоңырайып орманшы лашығындай жалғыз ғана үйшік тұратын-ды. Қазір кең алқапта салтанатты сарай қатары қаптап бой түзепті. Тығыз орналасқан нысан оқу орнының «қалашық» деген атын енді ақтай түскендей. Бір қарасам, өзіміздің «Бесінші» жатақхана тұсына келіппін. Сайдауыт мүйістегі әсем сағат стеласын ғашықтардың кездесу бекетіне ұқсаттым. Және нақысты сүмбі уақыт қадірін білуге үндейтіндей. Қасындағы қайың реті неткен биік еді! Біздің кезімізде егілген балапан көшеттердің ұзындығы отыз метрге таяған ба?! Ағаш атаулының белгілі жағдайда өзара бәсекелесіп, көкке ұмсына өсетін заңдылығы бар дейтін. Әлде бұл Алматы топырағының құдіретінен бе екен? Бәлкім, көп жайт ерекше күтімге де байланысты шығар...
Табандағы иір асфальт жол үзігі көзіме оттай басылады. Баяғы «тастап» кеткен жерімізде тапжылмай-ақ жатыр! Адалдықтың, тұрақтылықтың белгісін байқатқан осы шағын ғана кеңістіктен қаншама сыр аңдалды. Журналистика факультетінің деканы Темкең... профессор Темірбек Қожакеев те кей-кейде тура таңғы сағат сегізде жекеменшік «Волга» автомашинасымен осы жол арқылы тұтқиылдан сап етіп, рейд жүргізетін-ді.
Жатақтың ауласына дөңдегі тепкішек арқылы бүйірден төте тартып, оп-оңай көтерілдім. Бұл да бертінде салынған сияқты.
Біздің тұсымызда факультет – оқу орнындағы айтулы бөлімнің бірі. Бүкіл елдегі ақпарат құралы мамандарын даярлайтын жалғыз орын. Кафедраларда небір атақты оқытушы-профессорлар шоғырланған. Солардың қатаң сынағына сәйкес, мейлінше лайықты талапкерлер іріктелмекші.
Бес жыл паналаған жайдың ішін сырттан шолып, қиялмен шарлап тұрмын. Аудитория мен кітапханадан, түрлі үйірме мен секциядан шыққан үш жүз елуге тарта студент күннің әр мезгілінде кезек-кезегімізбен шұбырып осы «өз үй – өлең төсегімізге» жете-жығылады екенбіз. Түкпір-түкпірден жиналған албырт жастардың, әсіресе алғашқы курстағылардың бір кезең өзін әне-міне ақын-жазушы сезініп, шалқып-таси бастайтыны болатын. Бұндайларды басқару да оңайға түспес. Деканның әлгіндей тексеру салты көбінесе сондай ахуалдан туындайды. Түн ортасына дейін «әдеби кеш» өткізіп дуылдаған қыз-жігіттің біразы ертеңіне сабаққа баруға ерінеді. Темағаң ұйқыны соғып, ашық-шашық жатқандарды қасына ертіп жүретін фотографқа суретке тартқызады. Бұл рәсім деканаттың сын-сықақ тақтасында ұзақ ілулі тұрмақшы. Ал мұндай «тамашадан» кейін істен нәтиже шықпауы мүмкін бе?..
Профессор көңілі түссе, дәрісін бастамас бұрын әлгі «жорықтағы» кейбір көріністерге аз-кем тоқталып:
– Бөлмесіне кірсек, жатыр мына Ақанбаева... башпайы жыбыр-жыбыр етіп... Оқу кәперіне кірмей... Не түс көргенін бір Құдай білсін! – деп студенттерін серпілтіп алатыны бар. Одан соң байсалды қалыпқа көшіп, әрқайсысымызға қалайда тәртіп сақтау қажеттігі туралы риясыз әкелік ақылын айтады. Темкеңнің сабағы қызық. Дәрістері, негізінен, сатира жанрына бағытталатын ұстаздың, мәселен, Абай тақырыбына орай сөз саптауы:
– О кезде Әбекеңнің жасырақ кезі. Ширақ, шалт қимылдайтын шағы. Ақын киіз үйдің есігін серпіп ашып, шапанының етегі делеңдеп жүгіре шықты, – деп келеді.
Дана бабамыздың алақтап асыққан қимылын елестетіп, әңгімені мәз болып, ынтыға тыңдаймыз. Темірбек аға күлмейді. Сөзді шабыттанып жалғастыра түседі. Тағы бір әдеті – екі бөлікке лайықтаған лекциясын үзіліссіз өткізеді. Сабақ сайын қайталанатын қосымша он минут бізге пайда – осы уақытта қаншама жаңалыққа қанығасың. Әйткенмен, арамызда сирек дәріс маңызын түсіне қоймайтын жігіттер де кездесер-ді. Бірде курстасымыз қасындағы құрбысына әлденені қоймай сыбырлап, ағайға кедергі жасай берді. Темкең оған күбір-жыбырды доғаруды бас шайқап та, ақырындап айтып та ескерткенімен, әлгі дос жөнсіз әрекетін тоқтатпады. Қожакеев үшіншіде шыдамай:
– Әй, дорба ауыз! Встать! – деді түтігіп. Одан есікті нұсқаған: – Шық, кәне!
Тілді қазақтың қатты күйінген сәтте әлдененің сипаттамасын сонша дәл беретіні қандай. Ұстазымыздың да ашуланса осып түсетін мінезі бар-ды. Әлгі теңеу жолдасымыздың кескініне дөп келетін.
Педагог-ғалымдар арасында асқан біліктілігімен, сабақ беру ерекшелігімен қайран қалдыратын мамандар жеткілікті еді. Әсіресе Мая Бағызбаева, Светлана Сагалович, Галина Морозова сынды оқытушылардың арқасында журфак студенттері антикалық дәуір, ренессанс кезеңінен жалғасқан ХVІ–ХХ ғасырлардағы дүйім орыс, Батыс Еуропа әдебиеті қазынасына әбден қанықты, білем. Бұлардың ішінде майдангер ұстаз Михаил Мадзигонның орны айрықша. Топтағы жиырма бес баланың он шақтысы бұ кісінің бекзаттығын, сынақ кезіндегі жұмсақтығын пайдаланып, лекцияға мүлде қатыспай, өз шаруасымен кетеді. Қалған он бестің де оқытушының аузына төнетіні сегіз-тоғызы ғана. Дүние төңкеріліп жатса да, ренжуді білмейтін Михаил Васильевич жүйкесіне зәредей салмақ түсірмей, ынта-шынтасымен азғантай шоғырға лекциясын оқып бітірген соң күлімсіреп шығып бара жатады. Сондай-ақ қолсағатын шешіп алдына қойып, орындыққа шалқая жайғасып, КПСС тарихынан дәріске кірісетін профессор Сафиулла Абдулпаттаевтың талабы арқылы Лениннің елу бес том еңбегін жатқа білуге шақ қалдық десек өтірік емес. Қазақ тілі маманы Ержан Бектұрғанов ағай болса әрдайым таптаурын әдістен қашып, сабақты сан алуан тосын мысал арқылы санаңа сіңіріп жіберер-ді. Ұзын бойлы, сүйекті, сіңірлі кісі. Қимылы шапшаң. Дәрісті әрі-бері жүріп оқитын дағдысы. Арасында әсерлі әңгімеге орын беріп қояды:
– Баяғы бозбала шақта қарсымызда орналасқан Жамбыл мал дәрігерлік техникумы тыңдаушыларымен жиі қақтығысуға тура келетін. Анығында, әй, өздерін тырқыратып талай сабадық-ау. Сөйтсек, әлгі жерде болашақ әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов ағаларың да оқитын көрінеді. Кім білсін, сонда Шықаңдардың иегіне біздің де жұдырығымыз тиіп кетпеді ме екен?! Әттең, кейін оның атағы жер жаратынын білмедім ғой. Әйтпесе дос болып алар едім! – дейді қуланып.
Сабақтан кейін М.Әуезов музей-үйінің жанынан құрылған «Халық университеті» лекцияларына асығамыз. Небір ғаламат тақырып қозғалатын жиында біз түгілі қазақтың беткеұстар ғалымдары мен қаламгерлерінің өзі академик Әлкей Марғұлан сынды ғұламаның аузынан шыққан әр лебізді елгезек шәкірттей құлшына жазып алып отырады. Сонда Шоқан
Уәлиханов өмірінің қалтарыс қырын қамтитын екі сағаттайға созылған сабағында Әлекеңнің даусы қырылдаңқырап:
– Шоқанның кадет корпусында оқып жүргенде жазған хаттары керемет. Ондайды қазіргі балалар ешқашан жаза алмас еді. Онда бір атақты профессордың, зерделі ғалымның тілі бар. Ол он сегіз-он тоғыз жасында тіпті таңғажайып ізденістерге барды, – дегендей уәжін әлі күнге ұмытпаппыз.
Көп ұзамай осы бағыттағы сөзді жазушы Сәуірбек Бақбергенов жалғастырды. О кісінің де:
– «Аққан жұлдызды» маған десе Сәбит Мұқанов жазсын, мейлі, қай әулие жазса да, Шоқан аққан жұлдыз емес, ол – қазақ көгінде жарқырап тұрған жұлдыз! Қазақ аспанындағы Темірқазық. Мәңгілік шамшырағымыз, – дегені есімізде.
Курсымыздағы Нұрым Ерғали, Бекжігіт Сердәлі, Серік Жанболат – университеттің ұлт-аспаптар оркестрінің белді домбырашылары. Роза Мұқанова прима қобызшы. Қайсыбіріміз хорға қатысамыз. Әйгілі әнші Байғали Досымжановтың өзі келіп жетекшілік жасайды.
Жатақхананың кіреберісіндегі аласа үстелде үнемі тілдей қағаз толып жататын. Журфак студенттері үшінші еңбек семестрінен кейін жер-жердегі аудандық, облыстық редакцияларда өндірістік-практикадан өтеді. Бұл – сонда жүріп жазған мақалаларының үздік-создық келетін бес-он сом қаламақы түбіртегі. Кей жігіттер осының бұйырғанын ай аралатып қалтаға салып, «Қазақфильм» ықшамауданындағы сыраханаларға тартамыз. Бас қосатын жекелеген қаламгерлер мен суретшілер, архив шаңын жұтқан тарихшы ағайындар, танымал актерлер аудиторияларда айтыла бермейтін жайтты қозғайды. Тарихтың «ақтаңдақ» парақтары там-тұмдап ашылады. Жұмысшы жастар ішінде де көзқарасы белгілі қалыпқа сыймайтын «төбесі тесігі» көп. Міне, осылардың әрқилы қызу пікірталасынан өмірдің қым-қуыт бәсеке, қияпат жарыс екенін сезініп, қиял ұштайсың. Айналаға бір сәт өзге ракурстан қарап, көптеген жайдың мәніне бойлай түсесің. Мұндағы неше алуан ұлт өкілінің ақша тігіп, өзара шахмат ойнайтын салты да қызық. Арамыздан шығатын Сейітхан Зеберханұлы әдетте қарсыластарын ойсырата ұтады. Бұл, бір жағынан, абырой, екіншіден, «шабашка» – бізді «асырайды».
Жаз айларында құты толы сыра, саптаяғымызды алып, іргедегі үйеңкі, шегіршін аралас ну жынысты саялап отырар едік. Кейде бұл әрекет басыңды бәйгеге тігумен парапар. Шашау шыққаныңды аңдитын милиция қызметкерлері бұта арасынан бұқпантайлап келіп бас салуға тырысады. Ұсталсаң, ақ-қараңды екшеместен, деканатқа рапорт жіберілмекші. Сондықтан бөгде сыбдыр естілсе, ор қояндай ата жөнелесің. Осындай «қуғынның» бірінде Ақпанбет Әліш екеуіміз қасымыздағы жер үйдің шатыры арқылы арғы аулаға ытқыдық. Қас қылғанда, көзі қанталаған тайыншадай овчарканың үстінен түсіппіз. Құлағы тікірейген аламойнақ, бурылқоңыр ит. Ырылдап, талап тастағалы тұр. Түршігіп үлгергенімше, досым әлгіні желкеден шап берді. Одан қарулы қолмен шеңгелдей бүріп, дедектетіп шарбақтың қақпасына жеткен сәтте кейін қарай бір-ақ серпіген. Анадайға жамбастай шоңқиып, мұрттай түскен ит байғұс қаңқ етіп, үйшігіне зытты. Жаңағы «жыны» жым болыпты. Тірліктануға құмарлық өстіп ара-тұра жау тылындағы барлаушыдай екі оттың ортасында қалдырған кезі де ұшырасқан екен. Тегінде, сырахана «мектебінің» де үйреткені аз еместей...
Жатақханадан иықтаса шыққан қыз бен жігіт тағы да Ерік досты ойлатты. Бір құрбымызға ынтыққан Ерекең сол аруға сөз салмаған да сияқты. Тек екі-үш жылдай сыртынан үздігіп, көлеңкеше ілесті де жүрді. Сабақта озат бойжеткен көбінесе Ұлттық кітапханадан ұзамайтын. Курстастардың ең тәуір киімінің бәрі – ғашық жігітіміздің үстінде. Қысы-жазы шалбардың қырын пышақтай қылып, қыз қайда барса – сонда – жиырма-отыз қадам ара-қашықтықты берік сақтап, қарайлаудан танбады. Әйткенмен, екінші тарап жағдайды түсінсе де, еш зейіл танытпағандай. Бірде досымның кешкілік орталық саябақтағы тоған жағасында бүкшиіп, қатты торығып отырғанын көрдім. Еңсесі езіліп, жауапсыз сезімнен әбден қажыған сияқты. Бергі қабақта әрлі-берлі ағылып жатқан жұртта шаруасы жоқ. Тек өз кеудесіндегі сұрапыл толқындар мен қанаты күн сәулесіне шағылысып, шаңқыл қаққан шағала шуылын ғана естиді. Сыздатқан жүрек шаншуына зорға шыдап, арайлы көкжиекке ауырсына, тұнжырай қарайды. Жан жарасын шараппен де шайып көрген шығар. Бірақ мұндайдың емі табыла ма?.. Өзі мені де байқамады. Қалай жұбатарымды білмей, жылыстап ұзай бердім.
Факультеттің «Қаламгер» деп аталатын қабырға газетін шығарамыз. Ұзындығы – алты метр. Болашақ журналистердің материалды жоғары деңгейде даярлайтыны түсінікті. Көркем әдебиеттің барлық жанры қамтылады. Ішінара өзекті мақала, репортажға да орын табылмақшы. Бас редактор Бауыржан Жақыптың түскен дүниені саралауы қатал. Жариялайтын нәрсенің саясаты, ұсынылу мәдениеті, берілу формасы, істің нәзік фокустары, көлемі... – бәрі қарастырылады. Жаңашылдыққа айрықша мән беріледі. Тілші Сергей Плютенконың да талғауы жоғары. Авторлар кезегі қалың. Әркімнің көрінгісі келеді. Безендіруші-суретші ретінде мен де барымды саламын. Ілінген газеттің алды екі-үш күндей босамайды. Деканымыз Темірбек ағаның өзі келіп, шәкірттерінің шығармашылығына ризалығы албыраған жүзінен аңғарылып, сүйсіне қарап тұрады. Жатақтағы декоратор-сәндеушінің де жұмысын суретші Құнанбай Әбілдинов екеуіміз атқардық. Ол серігім төрт қабаттың үлкен-үлкен қабырғасын көркем панномен кестеледі. Сюжетті картина. Әрқайсысының нақты тақырыбы бар. Бояуы қанық. Әсілі, бәрінің де тұнып тұратын ұлттық колориті, қазақы құнары бағалы.
Студенттер кеңесінің төрағасы Ермұрат Бапидің қолы шебер. Қиялы ұшқыр. Ескі жиһазды бұзып, маған неше қилы пішінмен жұтындырып, ақпараттық стенд дайындап береді. Өзім көбіне бесінші қабаттағы ас әзірлейтін залмен жапсарлас шеберхана ретіндегі қуықтай бөлмеде күйбеңдеп жүремін. Алтындатқан, күмістеткен қаңылтыр әріптермен әлгі тақталарды әшекейлеймін. Қаншама плакат жазылмақшы. Шаруа бастан асады. Жұмыстан мереке күндері де босамай жататын кездер бар. Сондайда өзге факультетте оқитын қалыңдығым соғып кетеді. Ел қатарлы оның да драма театрына, киноға барып, тауға көтеріліп серуендегісі келетінін жақсы білемін. Бірақ:
– Бүгін-ертең еш босай алатын емеспін, – деймін күмілжіп.
– Не болды?!
– Мына шаруаны тезірек аяқтау керек боп тұр. Таяуда СССР бойынша студент жатақханаларына ВЦСПС байқауы өтпекші. Соғанша даяр қылуымыз қажет.
Бұл «жаңалығым» қызымды қуанта қоймайды, әлбетте. Өңі бозарып, шарасы таусылады:
– Барлық іс тек саған қарап қалып па, сонда? Не ұйқы, не күлкі жоқ, жүр ендеше осылай діңкелеп!..
Есікті тарс еткізіп жауып, шығып кететін оның соңынан ауыр күрсініп, солбырайып қала беремін. Реніші орынды, әрине. Есі түзу кісі мейрамда демалмас па. Алайда, расында, басқа амал табылмайды. Ермұрат екеуіміз Әзілхан Нұршайықов романындағы соғыстан қайтқан Ербол сияқты оқуға әскерден кейін түскен жігіттер едік (Ерекең тіпті үш жыл Тынық мұхитында сүңгуір қайықта қызмет етіпті). Мойынға алған міндетті өлсең де уақытында орындау әдеті сіңген. Аспан айналып жерге түссе де, майдан даласын тастап кетпейтін жауынгерлік мінез қалыптасқан. Тек мұндайыңды кімге баяндай бергендейсің.
Ара-арасында түнгі салқынмен тыныстап балконға шыққанымда, қол созымдағы көрші жатақхананың айрықша жарқыраған терезесіне қараймын. Зәуде, әйнекті нұрландыратын люстра жарығы да емес – сондағы жартылай жалаңаш жүретін сұлулардың сымбаты. Перденің де бір шеті ғана жабулы. Қыздар үшеу. «Мыналардың денесі қыза ма? Неге бүйтеді екен? Әлде әдейі істей ме?!» деп таңданамын. Күнде осы – жағажайдағыдай бұт пен кеудеге ғана лыпа ілінеді. Біреуі тіпті омырауына көлденеңінен жіп тарта салғандай. Аңқиып бәрі көрініп тұрады...
Жұмыс бөлмесіне қайта өтерде газ пешке шайнек қойып жатқан екі-үш құрбыңды байқайсың. Бір шәшке шай маған да артық болмас еді-ау деп қиялдайсың.
Аядай «құжырама» оралсам, төр жақта үрпиіп бір қыз отыр. Баян. Орыс тобында оқиды. Курсымыз деңгейлес. Бірақ етене араласпаппыз. Ертеректе Қостанайда бір маусым құрылыс отрядында болғанымыз бар. Көзілдірік тағады. Басқан ізі білінбейтін биязы, біртоға жан. Орта бойлы ғана, ашаң өңді, сүйкімді адам. Үстелге жайған ақ дәкесінің бетіндегі заттар натюрмортты елестетті – жалтылдаған шағын қызыл термос. Қасық салулы аппақ кесе жылтырайды. Төрт-бес кәмпит пен бір тал алма.
– Саған шай әкелдім...
– О-о! Жақсы болды ғой. Рақмет!
Күні бойы сарыла күткен адамның кейпі. Менің шаршайтынымды байқап мүсіркей ме екен, әлде бір сәт мейірім шуағына бөлеп аялауға ниеттене ме. Аздап абдырап та қаламын. Орнынан тұрып, баппен шай құйып ұсынды. Сәл еңкейгенінде қысқа қидырған жібектей қара шашы сусып төгіліп, шырайлана қарап қояды.
– Өзің де ішсейші.
– Жоқ-қ, мен қыздармен бөлмеден ішіп шығып едім...
Самалдай желпіген жұмсақ үн мен жан-жүректен толқитын жылы ағыс өн бойымды шарпиды. Шынайы бақыт, расында, осындай тыныш, қарапайым келетін шығар. Дәл сол сәтте дәлізден... аңдауымша, Мақпал Орынбетова қарындасым тұратын бөлменің ашылып-жабылған есігінен шалқыған әуен үзігі естіліп қалады:
«Феличита – э тенерси пер мано,
андаре лонтано ла феличита...»
Алдында білгенімдей, бұл «өзіңменен қатар жүру бір ғанибет, өзіңменен қатар өлу бір ғанибет» дегендей мағынадағы ән екен. Баянның да тілегі осыған ұқсайтындай ма. Көзәйнегі жарқыл қағып, монтиып отырды. Жұдырықтай алманы қос қолдап қышыр еткізіп жарып, жартысын бөліп бергенімде жайдарлана жымияды. Күлгенде сұлулана түседі екен.
Кей уақытта жер қопарып келгендей қалжырайтыным рас. Бесін ауа бір мезгіл өзіміздің 309-шы бөлмеге түсіп, мызғып алатыным бар. Және жастайымнан күн мен түнді алмастырып алған «жапалақ» едім. Түннің бір уағына дейін қыбырлап жүріп, күндіз ұйқың келеді. Неше қилы жағдайды сана сүзгісінен өткізіп, көзді бір іліп оянғаныңда көп қинаған сауалдың да шешімі табыла қалатыны қызық. Емтихан, сынақ атаулының да қай-қайсысы оңай соқпайды-ау. Титықтайсың. Алдында жерлесім Борис Кимнің сөзі де ауырлау тиген-ді. Әрәдік іздеп келіп тұратын құрдасым. Алматы Сәулет-құрылыс институтының студенті. Жалғыз өзі екі бөлмелі үй жалдайды. Сурет салып, қосымша табыс табады. Жатақхананың безендірілуі керемет екен деп тамсанды. Тек істі босқа атқаруың дұрыс емес, кемінде, бір «Жигулидің» құны кетіпті деп жазғырады. Қоғамдық жұмыс дегенді түсіндіре алмадым. Қанаушылар ойлап тапқан айла ғой дейді. Өз көңіл қалауым емес пе – бұл менің еркіндігімнің де бір көрінісі десем, ол да ой, өйткен еркіндігің бар болсын деді.
Анадайда курстағы ең алғыр студенттің бірі Қуаныш Сабырұлы қолын қусырынып, қайсыбір қатарласқа сабақ түсіндіріп отыр. Оны әсіресе Мадзигон мен Морозованың дәрісін көп босатқандар жағалап, көмек сұрайды. Біліміндегі «қуыстың» орнын толтыруы керек. Қуакең кәдімгі «репетитор». Айырмашылығы – мұның қызметі тегін.
– Әй, осы ұйықтайды да жатады ылғи, ә...
Біздің бөлмеге жолай соғып, менің тұсымдағы дөңгелек айнаға қарап тікірейген шашын жөндеп, галстугін түзеп тұрған Табылдының даусы. Бұл сөзді өткенде де айтқан. Онда да тура осылай бетімді қабырғаға беріп, ұйқылы-ояу, әрнені безбендеп жатыр едім. «Өй, мен ұйықтаған жоқпын! Мұның не?» деуге ерінгенмін. Бұ сапар да үнсіз күлдім. «Оу, ояумын мен! Сендердің жағдайларыңды ойлап, уайымдап жатырмын» деп қалжыңдағым келді де, кежегем тағы да кейін тартты. Қасындағы мырс еткен Болатбек Қожан мен Арман Сқабылұлы сияқты серіктерінің дыбысын сезінемін. Бәрі гитара арқалап, әлдебір кешке асығып бара жатқан болар. Табылды кездесуге жиі шақырылады.
Сол кезеңдерде Казгуград көгін Бауыржан Үсенов, Әміржан Қосан, Табылды Досым сынды серілердің әуені тербетіп тұрды. Ауаны апорт иісі кеулеген қоңыр кештерде жатақхана балконынан жалынды жастықтың үні самғап, көңіл шалқытады. Бүкіл қалашық тынши қалып сырлы әуезге құмарта құлақ түреді. Зады, бұлар «эфирге» өздері сұранбайды, құрбыларымыз қалашықтағы басқа факультет студенттерінің көптеген өтініші бойынша қолқа салмақшы. Өнерден Бауыржан Омарұлы бауырымыз да кенде емес. Ол да домбыра мен гитараның күміс шегін күмбірлете шертеді...
Баян шеберханаға кейін де екі мәрте келген.
– Мына еріннен біреу сүйіп жүр ғой, иә?! – деді жәутеңдеп. Орысша айтты. Кейде қолайсыздау сөзді өзге тілде жеткізу жеңілірек тиетін «қағида» бар. Батылдығы таңырқатады. Бірақ үндей қоймаймын. Ала жаздай нәр тамызбай кеуіп, көп зарықтырған сол шақтағы Алматының аспанындай безеремін. Іштегі: «Ай-й, Баян-ай! Менің өз-өзімді жұлып жеп ұдайы арпалыспен жүретінімді аңдар ма едің?! Кеудемде үнемі бір кереғар, қайшылықты сезім сапырылысып маза таппайтынымды білмейсің-ау, әттең!» деп басталатын «монологті» қозғағым келмейді. Сұрағының жауапсыз қалғанына намыстанды ма – білмедім. Баданадай көзінен жақұт тастың титтей сынығынша жалт-жұлт етіп екі тамшы үзілді. Мұны өзі сезбеген де секілді.
Бір күні «Бесіншіге» Одақ жоғары оқу орындары жатақханалары арасындағы социалистік жарыста Ленинград университетінен кейін екінші орын берілгені туралы хабар жеткен. Ұзамай СССР Кәсіподағы орталық кеңесінің ауыспалы Қызыл туы біздің жатақханаға біржола берілетіні жөнінде шешім шықты. Ендеше, еңбек ақталды емес пе! Тура осы жаңалықты күткендей жаңбыр жарықтық та, ой, селдете құйды-ау бір. Шелектеп төккен жауын жатақхана сыртындағы анау ирелең асфальттың бетін өзен қылып ағызды. Адам жаңбырды да осынша аңсайды екен. Әбден қаңырсып өліп қала жаздаппыз. Бердібай Кемал екеуіміз белуардан шешініп, балақты түре сала, жалаңаяқ атып шықтық. Тобықтан су жалдап, жас балаша шаттанып сақылдап күліп, нөсер жауынға ұзақ шомылдық.
Сол жолды ойласам, Темкең және еске түседі. О кісі тексеруге кейде түн қараңғысымен де жетіп келетін. «Волга» руліндегі Темірбек ағаның ұлы Мәдет жатаққа жете бере баж еткізіп сигнал беріп қалады. Темкең:
– Өй, мұның не?! – деп ренжісе, байқамай басылып кетті дейтін көрінеді. Өзі де студент аудиториясынан шыққан азамат іште бетімен жүрген біреулердің дереу жинақталып үлгеруін қалайды ғой.
Күндердің күнінде аяқты шырмадық. Тек жанымды аялаған адамға емес, әлгі ұрсатын қызға қосылдым. Баян, шынында, менің меңіреу кісіше ыңғай білдірмегеніме қорланған тәрізді, жоламай кетті. Содан бір жерде жүрсек те, жолымыз түйіспепті.
Айтпақшы, анау «денесі қызғын» бойжеткеннің бірі журфакқа бұйырған. Біздің бір қу білдіртпей тасадан көздеп, құрықты алыстан салып жүріпті.
Қазір Табылды жоқ. Баяғыда үнсіз қалғаным үшін әлі өкінемін. Көкейдегі сөзді іркіп қала беретін жаман әдеттің кесірі. Сөйтіп, кейін айтармын деген қаншама лебіз ұмыт болады.
***
Ректорат үйіне сам жамырап, ымырт жабылар шақта кірген едік. Тысқа қызыл іңірде бір-ақ шығыппыз. Негізі, таныс оқытушы жігіттер газетке берілетін әлдебір мақала жайын ақылдасу үшін шақырған-ды. Кішігірім дастарқан басында әңгіме-дүкенмен отырыңқырап қалдық. Шыға сала терең тыныстап, ал қара көк аспандағы біртүрлі жабырқау сүдінмен жымыңдайтын жұлдыздарға қараймын. Бұлар да мұңая ма?!
Қазақтың ертеректе шоқ жұлдызды «Егізек» деп атағаны ойға оралды. Біздің де манағы жігіттердің бірталайы бүгінде елге танымал тұлғалар. Әрқайсысы бір-бір әлем. Өкініштісі, солардың да қадіріне жете алмай жататынымыз жоқ емес. Әйткенмен, қайтерсің, Әміржанның әнінде айтылатындай, өмір деген – осы.
Қараңғы түн қойнауында бір жолаушылар ұшағы қызыл-жасыл шамдары жыпылықтап, әуежайға қонуға ыңғайланып барады. Қай қаладан жетті екен?
Сонау көкшіл жұлдыздардан тамшылаған мұң менің кеудеме келіп сіңіп жатқандай.
573 рет
көрсетілді0
пікір