• Ақпарат
  • 08 Тамыз, 2024

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ҮСТІНДЕ

Тақтадағы тайталас кезінде бірін-бірі сөзбен «шымшылау» қонақтардың қашанғы әдеті. Қызды-қыздымен артық кетіп жататын кезі де болады. Оған бірақ ешқайсысы ренжіп, көңіліне алмайды. Қайта «қисық» та болса, қыбын тапқан сөзге құлақтары елеңдеп тұрады. Қазір де Абайдың өзімен тете інісі Ысқақ және ағайынды Ырысалды мен Махметжан, көршілері Текжан мен Құттықожа жеңген қарсыластарына кеткен есесін «қыршаңқы» мақалмен түгендеуге құлшынады.
Сөз «көкпарына» ұпайы түгел Нақыштың Смағұлы мен Қуаттың Құдайбердісі ғана араласпай отыр. Екеуі «жығылғандардың» намысын ел аузындағы нақылмен бүркемелеп, сөзбен түйрегендердің қылығына мұрттарынан күледі. Әзірге ұтылғандарға «араша» түсіп тұрған өз қазағының мақал-мәтелдері. Олар тіпті ойын үстінде де қарcыласын жаттанды сөзбен қажап, жаңсақ бастырудан дәмелі. Тақтадан тілге көшкен бәсекеге ақын әуелгіде мән бермеді.

 

«Жарлы болсаң, арлы болма»
 

Әдетте «жығылған күреске тоймастың» бос дабырасы күлгенге жақсы. Алайда көз алдындағы жөнсіз «шешендікке» еріксіз қабағы түйіледі. Текжанның ұтып алған құмалақтарын «қазанға» салып жатып «жарлы болсаң, арлы болма» деп, жымың қаққаны шаншудай қадалды. Қалжыңға болмаса, мағынасы ұяттан жұрдай: «Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес» деп, көңіліне қайта тиянақ тапқандай болады. 
Шынында да, «Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі». Екіұшты мақалдың астарына үңіліп, ақын жаңағы сөздің «татымдысын» тануға тырысады. Бұдан соң, ойға батқан көңілі ойынға бөгелмейді... Ардан безген сұрамшақ қай заманда да болады екен. Хәкім «Борышқорлық – адамға қиын нәрсе» деп мысқылдап, әлгілердің бет пердесін сыпырады. 
...Міне, таратқан құмалағының соңғысын Махметжанның екі құмалағы бар «отауына» түсірген Ырысалды арқа-жарқа. «Тұздықтың» дәміне тамсанып, қисыны келсін-келмесін, «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деп мастанады. Хәкім «Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой» дейді (29-сөз). 
«Сұрауын тапса...» деп ойға қалған Хәкім «қисық» сөздердің құрыс-тырысын одан әрі жазады. Әсіресе өзі «үлгі бермек үшін» өлең арнаған жастардың сұрамшақ мінезіне қапалы: «Терін сатпай, телміріп, көзін сатып, Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман». Ол кейбір бай мен жарлы, би мен болыс, жау мен «достың», яки «жүз қараға екі жүз аларманның» түр-сиқынан түңіледі. Осы «сырқаттың» нарық кезінде бұрынғыдан бетер асқынғанына сіз бен біз де куәміз. Әсілі, «Құдайдың өз бергенін жеп көремін деп», еңбекпен тапқанын қанағат тұтқанға не жетсін! Жең ұшынан жалғасып, ақшаға арбалғандардың жегендері желкесінен шығып жатса да, жүрегі айныр емес. 
Амал қайсы, «қазақ құлшылығым Құдайға лайық болса екен деп қам жемейді» екен, – деп ақынның қабағы түйіледі. – Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой...» (16-сөз) «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «Құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрсын» (13-сөз).
Хәкім «арамдықты еп көргендерге» қаламын кезеп, сын сойылының астына алады: «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын... Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір, Өз үйінде шертиген паңы құрсын». Оның мақал-мәтелдерді сараптаған ойын сырттан кірген Боранбайдың Көрпебайы бұзып жіберді. Ойыншылар ду серпілген. Отауларындағы құмалақты тауысып алып, жүріссіз қалғандар «қазанын» енді толтыратындай, қопаң-қопаң етеді. 
 Көрпебай шынында да шебер ойын­шы. Оның тоғызқұмалақты ауыл аралап ойнайтыны да жұртқа мәлім. Аман-саулықтан соң ақын тағы да өз ойымен өзі қала берді. Айтпақшы, ардан безгендерге «Біреу ақыл айтса: «Ой, Тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің» дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз» (7-сөз). Ал «Құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік?» демек, «Құдай тағала сеніменен мені бірдей жаратып па?» демек, Құдай тағалаға жала жауып, өзін құтқармақ болғаны» (43-сөз). 
Бұл «ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі, – деп тұнжырайды Хәкім. – Оған Құдай тағала көрме, естіме, көрген, естіген нәрсеңді ескерме, есіңе сақтама деп пе? Ойын-күлкімен, ішпек-жемек, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып, хайуан бол деген жоқ». Мұндай надандар неге «Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем, орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?..» (10-сөз). 
Бүгін ойынға Абай тым салғырт, өзі тартылған ой иірімінде малтығады: «Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді? Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың?.. Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды?..»
Шынында да «асырасын десең, өзің қартаюға жетемісің?» Кейбіреудің қазір де қаныпезер «тұяқтарына» шаң жуытпай, жазықсызды жазалы етуден тайынбауы нағыз қылмыс қой. «Көкірек толған қайғы... я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады деп ақын қаламы қайтадан қағазға шүйіледі: «Қазақтар: «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы – жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны». 
Ал «Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың: әуелі – «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті жарық, малсыздың беті шарық...» Мұндай мақалдар адалдық пен әділдікке сын: «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без». 
Абай «Бұл мақалдардан не шықты? деп түңілгендей болады. – Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен...» Содан бері ғасырдан артық уақыт өтсе де, оқу-білім іздемей, оңай олжа қуу тоқтаған емес. Замандасты неше алуан залым мен айлакер алыстан-ақ арбап, зар қақтырады. Ондайлардың «Бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен...» 
Оған да болмаса жауласуға жаланып шыға келетінін көріп жүрміз. Хәкімнің қабағы қарс жабылады: «Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір, ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік... қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен». Ендеше, «Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен... Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен...» (5-сөз).
Ақынның мақал-мәтелдерді ақыл көзімен безбендеген ойын тақтадағы тартыс «тұсаулай» береді. Көрпебаймен бәсекеде Текжанның «асығы» алшысынан түсіп, «екі құлағы – екі езуінде». Жанындағылардың жер көкке сыйғызбай, қасақана мақтағанына әбден иланған сыңайлы: «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» деп «айдарынан» жел еседі. Ақын жүзіндегі «Диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?» деген кекесінді отырғандар байқамайды.
Жаңағымен тамырлас мына бір мақалдан да жүрегі шайлығады: «Атың шықпаса, жер өрте... жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат?» Ойша саралай келгенде, нақыл сөздердің оны шығарған бір немесе бірнеше адамның ақыл-парасатының айнасы екенін ба­йыптайды. Бұл сондай-ақ оларды іліп әкеткен айналасы мен қоғамның даму дәрежесін көрсетеді. Басқаша айтқанда, «тіліндегі сөзі – тірлігінің көзі» десе де болғандай. Бірақ кейбір жөн-жосықсыз мақалдардың «жанкештілігіне» не дауа бар?
Тіпті жең ұшынан жалғасқан жемқорлар жайлы естігенде «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деп тақ ете қалатынымыз қалай? Сонда бұл жаңағы «ұрыны» ақтағанымыз болып шықпас па?! «Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны деп, ақынның жаны түршігеді. – «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді... Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ – ең арсыздың ісі емес пе?..» (29-сөз). 
Абайды оқи отырып, «Қолында бар қонышынан басады» деген мақалдың да «алтын көрсенің» сыңары екенін түйсінеміз. «Ақшаның» буына санасы тұманданып, «қақпанға түскендердің» азаймай тұрғаны замандасты да ойландырса керек. Тоқсаныншы жылдарғы ұрлықтан кекіргендер талайды адастыр­ды: «Атаны бала аңдиды, ағаны – іні, Ит қорлық немене екен сүйткен күні? Арын сатқан мал үшін антұрғанның/Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні».
«Бақ шаба ма, 
бап шаба ма?»

Хәкімнің айналасы ар-ұятты ардақ тұтқан жандар. Мына отырған Көрпебай көршісі де сондай адал сыйласы әрі осы өңірдегі «ысқаяқ» ойыншының бірі. Оның келісі өзара бәсекені одан әрі қыздырып, жиналғандар өзге дүниені мүлде ұмытқандай. Көршісінің ел аралап оралған беті осы екен. Отбасының аман-саулығын қойшысынан сұрай сала ойынға асыққан мінезіне отырғандар күлмің қағады. Жаңа ғана тоғызқұмалақтың тағы бір шебері Смағұл мен Ысқақтың да ойыны «көмбеге» жетті. 
Әккі қарсыласын ойда-жоқта «жер қаптырған» Ысқақ та «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деп шалқаяды. Бүгін, әйтеуір, бәрі мақалшыл. Абай олардың талапты, еңбекшіл жандар екенін біледі. Жалқау мен етекбастыны маңайынан жүргізбес еді. Өйткені «адам баласының ең жаманы – талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады... сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен-бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді...»
Бірақ «талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады...». Осы тұсқа келгенінде сүрелі ойдың «жетегіне» одан әрі байланамыз. Кейбіреу «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда. Бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс» (44-сөз). 
Қай заманда да талаптың «тауы шағылатыны» өкінішті. Ақын дәуірінің мақалы біздің де алдымызды орай береді: «Осы күнде қазақ ішінде «Ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің» деген сөз» (3-сөз). Тамыр-таныстықтың қазір де «қолы ұзын». Бұл бірақ бабы келіспесе, шананы қара жермен сүйрегендей азап. Жетекке алғанға да, жетекке ергенге де солай. 
Хәкім ойыншылар тараған соң да өз ойымен өзі қала берді. Ол «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дегенді кейбіреудің дұрыс түсінбейтініне қынжылады: «Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді... Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы – осы...»
Мұндай «ауызбірлік» кім-кімді де қапаға батырса керек. Шіркін, «Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір, бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?». Бұған қоса «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па?.. 
«Жоқ, ондай тірлік итте де бар, – деп ашынады ақын... – Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болатын» тірліктен аулақ жүрген абзал. «Ол айтқан тірлік олар емес, – деп іштей толғанады. – Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың (6-сөз). 
Абай жүріс-тұрысы мен мінез-құлқын көре тұра олардың «...ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлерін» білмей дағдарады: «Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын... «Ырыс баққан – дау бақпас» деген мақалмен боламын деп, бергенінен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды» (22-сөз). 
Бұдан әрі өз ойына өзі «қамалған» Хәкім алдыңғы буынның «бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, – деп толғанады. – Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық... ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен». 
Сондықтан «ел басы мен топ басылары қалай қаласа, қалай бітірсе, халықта соны сынамақ, бірден-бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса – сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң – манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса – жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен». 
Ал осыған қазақ төріне шығарып, таққа отырғызған кейбіреудің түйсігі жетпесе, амал қайсы!? Абайға жүгінсек, «ол заманда «зор тұтып, әулие тұтқан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» (39-сөз). Біздер де тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында соған сенімді едік. Алайда екінші онжылдықта сол сеніміміз селдіреп, үшіншісінде мүлде үзіліп тынды. 
Егемен ел болдық деген алғашқы отыз жылдың ата-баба аманат еткен жердің асты-үстіндегі қазынаны тонау­дың кезеңіне айналғанын көрсетті. Ең болмаса, туған тіліміздің еңсесін тіктей алмағанын мойындауға мәжбүрміз. Хәкіммен бірге мақал-мәтелдердің татымдысын таразылай отырып, жанарымыз оның афоризмдеріне (37-сөз) «байланады». Олар да ақынның өмірден түйген ойларының жемісі, ұшқыр ой мен қанатты сөздің тамаша үлгісі болып табылады.
Зерттеушілердің айтуынша, афо­ризм­нің түр мен мағына жағынан мақал-мәтелден айырмашылығы жоқ. Бұл да, мақалдағыдай, түйіп айтылған ұшқыр да ұтқыр сөз. Бар айырмасы, афоризмнің авторы болады және ол әдеби-кітаби, яки жазбаша туатын көрінеді. Абайдың афоризмдері – ақынның өмірлік тәжірибесі мен терең тағылымының жемісі. Хәкімнің, мәселен, «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес» деген тәмсілін алайық. 
Осы терең мағыналы қанатты сөзді жаңа ғасыр басындағы бір бишігештің бетінен қалқып, ақылгөйсігенін де көрдік. Әлгінің «Адамның адамшылығы істі бастағанынан ғана емес, оны қалай бітіргенінен де көрінеді» деп жаңалық ашқаны жадымызда. Бұл да сол, «сыр­тын танып, іс біттіге» санап, «сырын көрмеудің» салдары болатын. Өйтпесе, асықпай жан-жақты ойластырып, мұ­қият қолға алған бастаманың табысты боларына дау бар ма?!
 Олай болса, «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес». Кейбіреудің ұлы ақынның асыл мұрасын өзінше дамытпақ болуы, жұмсақтап айтқанда, жаңа киімге жамау салғандай күлкілі, ал турасын айтсақ, кешірілмес күнә! Көрдіңіз бе, «Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады» немесе «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады» деген – осы?! 
Біз сондай-ақ Хәкімнің «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың» деген нақыл сөзін қалай түсініп жүрміз осы? Бұл арада Абайдың «Әкенің баласы болма» деп отырмағаны айдан анық. Бар мәселе, әкенің ығында қалып, туыстықпен шектелмеуге ғана келіп саяды. Себебі «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». 
Ақынның «Ер артық сұраса да, азға разы болады. Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас» деген сөзінің де шындығы даусыз. Хәкім сөзіне құлақ ассақ: «Адам баласын заман өсіреді... Жаман дос – көлеңке: Басыңды күн шалса, Қашып құтыла алмайсың; Басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың». Сондықтан «Досы жоқпен сырлас, Досы көппен сыйлас; Қайғысыздан сақ бол, Қайғылыға жақ бол». Ал «Қайратсыз ашу – тұл, Тұрлаусыз ғашық – тұл, Шәкіртсіз ғалым – тұл» екені де кәміл. 
Осы ащы шындықты ұғынсақ, Абайдың «Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң өзің ғана тілейсің» деген сөзіне де тоқтайсың. Ендеше, «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» Біздіңше, әрбір адамның табыстылығы, оның маңдайына жазған бағына да, алдын ала «қамданған» бабына да тәуелді. Табыстың баяндылығы, бірақ пендеңнің білім мен біліктілік дәрежесіне көбірек байланысты. Бақ пен баптың қадіріне жету өмірдің мән-маңызын қаншалықты терең түсінуіңде болса керек. 
Ал бұған мынау «бес күндік майдандағы» жеңіс пен жетістік қана жауап бола ала ма? Тіпті «Бір-екі жолы болған кісі көрсе, ұлы Абай жазғандай, Құдай сүйіп жаратқан осы демектің» жөні қайсы!? Біздіңше, «бақ пен бап» қарама-қайшы ұғымдар емес. Бабы келіспесе, бұйырған бақтың баянды болуы екіталай. Тағы да өз заманындағы мақал-мәтелдерді саралаған Хәкім сөзінен таяныш табамыз: «Биік мансап – биік жартас, Ерінбей еңбектеп жылан да шығады, Екпіндеп ұшып қыран да шығады...»
Дегенмен «Бақпен асқан патшадан, Мимен асқан қара артық». Себебі жаңағы «жолы болған», бірақ шала са­уатты немесе жалқау, білімі таяз немесе әділетсіз жанның кемшілігі әр жерден көрініп тұрады. Бабы келіспеген жан бұйырған «бақтан» опа таппаса керек. Парыз бен парасат «арзандағанда» адам өз басына қонған бақтың бағасын білмейтін көрінеді. Бірқатары тіпті биік лауазым мен мол байлықтың соңына «шам» алып түседі. Тәубасын ұмытып, жанталасып, өзін де, өзгені де босқа арам тер етеді. 
 Абай ұлағаты тірліктің ең басты мұраты, өмірге адал көзқарасты меңзейді: «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек, Періште төменшіктеп, қайғы жемек... Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек, Адалдық арамдықты кім теңгермек?!» Егер мұқият зер салсаңыз, «адалдық» деген бірауыз сөздің мәні аса терең. Ол ой-сана мен жүректің тазалығынан бастап заман мен замандасқа, яки айналаңа сергек көзқарасты меңзейді. Өмірлік тәжірибе мұның «тектіден текті туатынына...» сендіреді. 
Халық даналығы – мақал-мәтелдерде, негізінен, өмірдің аламан «ағысы» мен қат-қабат қайшылықтары тұнып тұр. Дегенмен олардың арасында жаңамен «жағаласып», ұрпақтан-ұрпаққа талғамсыз ауысып, қисынсыз қолданылып жүргені де аз емес. Бұл, сірә, «көңілдегі көрікті ойдың, Хәкім айтқандай, ауыздан шыққанда өңі қашатынынан» да болса керек. Ал «Сабырсыз, арсыз, көрсеқызарға» не дауа: «Сорлы қазақ сол үшін / Алты бақан ала ауыз».
 Сондықтан тірліктегі қызғаныштың «қызыл итінің» қапқанын пендешіліктен туған табиғи нәрсе деп қабылдап, жаныңа сабырдан тірек тапқанға не жетсін: «Сабыр түбі – сары алтын!» Баққа құшақ жая тұрып, бап пен кемелдікке Хәкім өсиет еткен «білгенге құмарлық пен үйренуге тоймаудың» ғана есік ашатынын» мойындаған жөн. Өз тұсымнан «Жақсылыққа ұмтылу – адами қасиет, жанталасу – қасірет», «Бетке айту да білгендік емес», «Асыққан жанның – адымы да ұзын» деген ой түйемін.

Болат Жүнісбеков,
жазушы

 

1585 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы