• Ақпарат
  • 08 Тамыз, 2024

ТӘҢІРІ ОЛАРДЫ «ТҮРІК» ДЕП АТАДЫ

немесе  «Түрік тілдерінің  сөздігіндегі» табиғат көріністері

 

Махмұт Қашқари «Диуани лұғат-ат-түрік» («Түрік тілдерінің сөздігі») атты үш томға жинақталған, сегіз кітаптан тұратын атақты еңбегін хижра жыл санауы бойынша 464 жылы бастап, 466 жылы бітірген. Мұндай үлкен еңбекті ғалым қысқа уақыт аралығында жазып шыққан. Энциклопедиялық сипаттағы мұндай шығарманы жазып шығуға кез келген зерттеуші бүкіл ғұмырын арнамай ма? М.Қашқаридің алдында, өзіне дейін түрік тілінде сөздік жасап, үлгі етіп алар ғалым болды ма, жоқ па – ол жағы бізге беймәлім. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, М.Қашқари еңбегі – әдістемелік негізде құрылуымен, этнографиялық, тарихи, педагогикалық, психологиялық, философиялық, географиялық құндылығымен ерекшеленетін энциклопедиялық туынды. 

 

«Түрік тілдерінің сөздігі» тіл білімі саласындағы түрік халықтары мәдениетінің дәреже деңгейін көрсететін еңбек болумен қатар, әрі тарихи, әрі филологиялық, философиялық, педагогикалық, этнографиялық, поэтикалық сипаты басым жәдігер деп тануымыз қажет. Оған дәлел, дерек мына сөздікте келтірілген мақал-мәтелдерден, тарихи әпсаналар мен тарихи тұлғаларға қатысты оқиғалардан, өлең-жыр үзіктерінен айқын көрінеді. М.Қашқари өзі жазғандай, түрік, түрікмен, оғыз, иағма, шығыл (шігіл), қырғыз сөздерін олардың қалалары мен сахарасын тегіс аралап шығып жинаған. Бүгінгі тілмен айтқанда, материал жинау үшін елді мекендерге, ауыл-қыстақтарға, шаһарларға мақсатты экспедицияға шығып, сөздерді, жырларды, мақал-мәтелдерді жинап, жүйелеп, түзіп шыққан.
М.Қашқаридің туған жері – Баласағұн. Ата-бабасы Барсғанда туған. Талас, Шу өңіріндегі Барсған – ғалымның кіндік қаны тамған жер. М.Қашқаридің өзі еңбегінің соңында былай деп нақты көрсетеді: «Кітапты жазуға 464 жылы жұмадал-әууалдың бастарында кіріскен едім. Төрт мәрте қайта жазып уа түзегеннен кейін 466 жылы жұмадал-әууалдың соңында 12 жұлдызы күні бітірдім» (3-т., 594-б.) Еңбек 1072 не 1078 жылдары жазылған болуы керек. М.Қашқаридің өзін 1029 жылы, сондай-ақ 1038 жылдарда туған болуы мүмкін деген болжам-жорамал бар. Нақты дерек қалмаған соң, өз заманында ел-жұртына кеңінен танылған ғұлама бабамызды XI ғасырда өмір сүрген ғалым деп білеміз. Енді кітаптың жазылып бітуіне қатысты автордың келтірген дерегіне назар аударсақ: еңбек төрт рет қайта жазылған, түзетілген, яғни әбден иіні қандырылып, толықтырылып, екшеліп, редакцияланған. Шығарманы төрт рет қайта жазып шығу – нағыз еңбекқор, шығармашыл ғалым ғана атқара алатын мехнатты іс. Автор былай дейді: «Мен Тәңірінің дәулет ұясын түріктер бұржысында жаратқанын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырғанын көрдім. Тәңірі оларды «Түрік» деп атады және оларды мемлекетке еге қылды; заманымыздың хақандарын түріктерден шығарып, дәуір, халықтың ақыл-ерік тізгінін солардың қолдарына ұстатты» (1-т., 30-б.).
М.Қашқаридің сөздігінде берілген дерек-дәйектеменің, мысал, үлгілерінің бір саласы – поэзиялық шығармалардан келтірілген үзіктер. Автор жырдан келтірген мысал кімнің өлеңі, бәйіті, жыры екенін нақты көрсетіп, сілтеме беріп жатпайды. Оны мақсат та етпеген, себебі жыр жолдары дәлел ретінде, үлгі, мысал ретінде келтіріліп отырады. Соған қарап М.Қашқари заманында халық арасына ауызша таралған өлең-жырлар барынша мол болғанын, түрік халқының поэтикалық мұрасының аса бай екенін аңғарамыз. Сөздікте әртүрлі тақырыптағы, мазмұндағы жыр жолдарының мейлінше молынан ұшырасып отыруы кітаптың мән-маңызын арттыра түседі. Ғалым мысал ретінде алып келтірген жыр үзіктері басқа ешбір еңбектерде ұшыраспайды. Ол өлең жолдары ұлы ғалымның ыждағаттылығының арқасында ғана біздің заманымызға жетіп отыр. Әрине, «Сөздікте» мысал түрінде келтірілген өлеңдердің ішінде әсіресе адам мінез-құлқын, жан-жануарлардың тіршілігін, отан, сүйіспеншілік, махаббат, сондай-ақ табиғат көріністерін сипаттайтын, алуан тақырыптағы жырлар оқырманды бейжай қалдырмайды. Бізді ерекше қызықтыратын мәселе – М.Қашқари еңбегінде келтірілген поэзиялық шығармалардағы табиғат көріністері. М.Қашқари «Түрік сөздігінде» өзі жинап топтастырған сөздерінің мағынасын түсіндіргенде, сөзді мысалға келтіре отырып талдайды.
М.Қашқаридің «Түрік тілдерінің жинағына» енген сөздің бірі – Еділ. Автор Еділдің орыс елінен басталатынын, бұл дарияның Бұлғар теңізіне барып құятынын, Қыпшақ еліндегі дарияның аты екенін түсіндіреді. Демек, XI ғасырда Каспий Хазар теңізі деп аталумен қатар, Бұлғар теңізі деп те аталатынынан нақты дерек-хабар береді. Жырда былай жырланған:
Еділ суы ағып тұрар,
Қия түбін қағып тұрар.
Балық, бақа толып тұрар,
Көлің тағы тасып тұрар (1-т., 102–103-бб.).
Еділ дарияның қия түбін соғып ағып жатқан мол өзен екенін, суы тасып, көл, көлшіктер пайда болып, онда балық пен бақа көбейіп, көл айдынының көтеріліп, тасып, шалқып тұратынын, көктем келбетінің, табиғаттың жарасымды тіршілігінің сән-салтанатын сипаттайды. Жыр жолдарынан Еділдің (Бұлғар теңізінің) Қыпшақ елінің ата қонысы екенін нақты дәлелдейтін деректі бере кетеді.
Ай деген сөзге берілген түсіндірмеден кейін келтірілген мына өлең жолында:
Қысқа дайындал, келсе егер де 
құтты жаз,
Түн, күн өтіп, түгесілер мерзім, ай (1-т., 112-б.).
Жаз – жылдың ең бір мәуелі, жемісті айларының бірі, жаз – береке, молшылықтың көзі, бейқұт уақыт кезі, бұл – қарбалас шақ, мерейлі маусым, құтты ай, алайда бәрінің де шегі бар, күн, түн өтіп, бұл айдың мерзімі де бітеді. Күз артынан қыс ызғары сезіле бастайды. Уақыттың өтіп, мезгілдің, маусымның алмасу заңдылығын, табиғаттың осыған орай өзгеруін, түрленуін суреттеп өтеді.
Еріген деген сөзге берілген түсіндірмеде еріген су шайырда былай делінген:
Көктем кетіп еріді,
Ақты ағын сең-мұзы.
Туды жарық жұлдызы,
Сөзімді аңда күлкісіз (1-т., 126-б.).
Табиғаттың оянып, жер бетінің бусанып, жаңа тыныс-тіршілік сезіледі, соның әсерінен сең-мұздар еріп, сай-салалар тіршілік думанының қызу ортасына айналғандай. Жыр жолдарынан табиғаттың бойындағы үлкен өзгеріс аңғарылады.
Түнгі көгілдір аспанда жарық жұлдыз туды. Келтірілген көріністе сурет, образ бар. Шайыр соны сезініп, сезіндіре біледі. Табиғат болмысын, онда басталған тіршілік әрекетін, күннің бірте-бірте ұзарып, көк күмбезінде туған жұлдыздың жарқырап көрінуін бейнелеп сипаттау қозғалыс, жаңа өмір лебі білінеді.
Ұжмақ, жаннат. Бәйітте былай делінген деп мына өлең жолын келтірген:
Түрлі шешек жазылды,
Баршын жайма жайылды.
Жұмақ жері көрінді,
Ызғар қайта келгісіз (1-т., 149-б.).
Көктем көрінісін баяндайды. Тіршілік қайта басталып, жер түрленіп, шешек атып, дала түкті кілемдей құлпырады. Жер беті жайнап жаннатқа айналғандай, көктем келісімен жер-ана төсінде жұмақ орнағандай. Жердің түрленіп, құлпырып, жайнап кетуін әдемі етіп бейнелеген. Күннің де ызғары қайтып, мол шуақты әрі сәулелі кезең басталғанын айшықтап жеткізе білген.
Ұтты: ұтты сөзін түсіндіруге келтірілген мысал:
Қыс жазбенен жанасты,
Қыңыр көзбен қарасты.
Ұстасқалы тақасты,
Ұтыспаққа беттесті (1-т., 202-б.).
Мезгілдің, маусымның ауысуын бейнелейтін шумақта қыс пен жаздың адам сияқты қырғи қабақ танытып, бір-бірімен қыңыр көзбен қарасып, тіресіп, ұстасып ұтып, жеңіске жетпек. Жыл мезгілінің арасындағы өтпелі кезең жаздың бітіп, қыс айының бірте-бірте күшіне ене бастағанын ақын адамның іс-әрекетіндегі қимыл-қозғалыстармен теңестіріп баяндайды. Бұл тәсілі өзінің поэтикалық міндетін біршама атқарып та тұр.
Ілерді: елестеді, ілінді сөзі жырда былай жырланады:
Қақтар түгел көлдеді,
Таулар басы ілінді (көзге).
Дүние тіні жылынды (қызынды),
Түрлі шешек тізілді (1-т., 213-б.).
Көктемнің шығуын бейнелейтін жыр жолдары: қыста тұрған қақтар, мұз еріп, жайылып көлшікке айналады. Таудың басындағы қар да еріп, қарауытып көріне бастайды. Бүкіл дүние тіні, жаратылыс болмысы, демі ысып, қызып, жер бетінде түрлі-түрлі бәйшешек құлпырып, шешек атып тізілді. Табиғи сурет, сипаттар басым.
Ақышты: ағысты, ақты. Осы сөзге мынадай мысал келтірілген:
Қар, мұз түгел ерісті,
Таулар суы ағысты.
Көкшіл бұлт өрісті,
Қайық болып жүзісті (1-т., 222-б.).
Өлең жазды бейнелеуге арналған. Қар, мұз еріп, таулардан су сарқырап ақты, аспанды көк бұлт торлап, бейне бір теңіз бетіндегі қайықтай жүзіп, жөңкіледі. Шайыр әдемі сурет, бейне жасайды.
Емітті: қисайды сөзіне қатысты мына бір өлең шумақтарын келтірген:
Құлан түгел қозғалды,
Арқар, киік топталды.
Жайлау жаққа бұрылды,
Тізілісіп секірісер (1-т., 253–254-бб.).
Көктемгі көріністі бейнелейді. Арқар, киік сынды түздің тағысы топталып, тізіліп, ойнақшып, секіріп, жайлауға қарай бұрылғанын баяндап, жан-жануар, түз тағысының көктемгі тіршілігін жырға арқау еткен. Ақын үй малдары емес, жабайы жануарларды құлан, арқар, киік т.б. аңдарды аңдата отырып, олардың табиғи сипатын жақсы білгендіктен, ерекше бір сүйіспеншілік сезіммен қимыл-қозғалыстарын жыр­лайды. Мұның барлығы көктемнің келуінің жаңғыруымен сабақтастырылады. Ақын көктем сипатын талғампаздықпен жырлап, оны ең алдымен жердің көркі жабайы аңдар бойындағы тұтанып жатқан тіршілік өзгеріс­терімен ұштастырып жібереді.
Адзрышды: ажырасты, айырылысты.
Мың-мың шешек тізілді,
Бүршігінен жазылды.
Ұзақ жатып (жер астында) қиналды,
Жерде тұрып (өсіп шығып) ажырасты (1-т., 276-б.).
Жаз айын жырлайды. Шайыр жанға жайлы, тіршілікке қолайлы маусымды мадақтайды. Шешектер атып, жер астында қалған бүршіктері бас көтеріп, бойын жазады. Ақын жер бетінің көк майсаға айнала бастаған шағын мыңдаған шешектің түзілуімен аңғартып өтеді. Жер бетіндегі өзгерістер, түрге енген өңір суреті көз алдыңа кұлпырып келеді.
Оқырашды: оқыранды, кісінесті.
Жасын атып жайнады,
Тұман тұрып қайнады.
Қысырақ, айғыр кісінеді,
Үйір алып оқыранды (1-т., 279-б.).
Көктем айының тууын жырлаған өлең жолдарында көктем көрінісінің суреті бейнеленген. Ақын көктемді дәріптеп, мадақтайды. Аспанда жасын ойнап, бұлт жөңкілсе, жер бетіне көк тұман шымылдығын түсіреді. Күн шуағы молайып, жер жіпсіп, көктемнің келісін сезінген айғыр, қысырақ кісінесіп, үйірге түсіп, оқыранысады. Айналадағы тіршілік думанының сән-салтанатын табиғаттың бойындағы өзгерістермен байланыстыра жырлайды ақын.
Өрленді: өрледі, пайда болды. Осы сөздің жырда қолданысына мына өлең шумақтарын мысал ретінде келтіреді:
Ай тұрып «үйіне» еніп,
Ақ бұлт өрлесіп.
Біріне-бірі мінгесіп,
Суы шашылып күркірер ( 1-т., 305-б.).
Түнгі мезгіл, аспан төсінде ай дөңгеленіп, айналады. Оның бетін бірде ақ бұлт жауып, енді бірде жүзі бұлт арасынан қайта шығып, сүттей нұрын төгеді. Көк төсінде бұлт жөңкіледі, ақ шарбы бұлт бір-біріне мінгесіп, күн күркіреп, найзағай ойнайды, жаңбыр сіркірейді. Бұл өлең үзіктерінде де шайыр ақ шарбы бұлттың қоюланып, қатпар-қатпар болып қыртыстанып тұтаса жылжуын мінгескендей деп бейнелейді. Шаруа баққан халықтың тілін, төрт түлік малдың жайын жақсы білетін көреген, байқампаз шайырдың бұл жыр жолдары түн шымылдығын түсіріп, ай туған мезгілдегі табиғаттың, ауа райының, беймаза күнін, құбылысын, оның бір сәттік көрінісін жыр жолдарына түсірген. Айдың «үйіне» енуі – құрсаулануы қоралануын білдіреді. Оны жақсылыққа жорып, жаңбыр мол жауады деп оңды ырымға балаған. Түнгі көк күмбезін, ақ бұлт басқан аспан әлемін жырлаған бірегей поэзиялық жәдігер. Ақындар түнгі табиғатты, ауа райындағы құбылыстарды көп жырлай бермеген. Сол тұрғыдан алып қарағанда жыр шумақтары назар аударарлық.
Атланды: аттанды, атқа мінді сөзінің қолданылуына мына жыр жолдары мысал ретінде келтірілген.
Жылқы жазда ат болар,
Оттап сонсоң ет алар.
Бектер семіз аттанар (ат мінер),
Сүйініп үйір тістесер (1-т., 335-б.).
Жазды мадақтап жырлауға арналған өлең. Жазда мал ет алып, қоңданады. Бектер де семірген атқа мінеді. Құлын-тайлар шұрқырап, кісінеп, жылқылар тістесіп, ойнайды. Шайыр жаз маусымының ерекшелігін, артықшылығын малды сипаттай отырып көрсетеді. Мал мен жанның жадырап, жайнауы жаздың, молшылықтың арқасы деп санайды.
Жеш: көгілдір ақық сөзіне келтірілген мысал.
Көкпеңбек ақық жаратты,
Ақ маржанын таратты.
Қара құсы тірілді,
Түні күнді бүркеді (1-т., 389-б.).
Аспан әлемін суреттеген жыр. Аспан күмбезі көкпеңбек, оған көк барқыттай көкшіл ақ түсті тастарын, маржанын шашты. Қара құс (Мизан) жұлдызы тізіліп, түн қараңғылығы тұмшалады. Түз халқының космогониялық талғам-түйсігі, жаратылыс тылсымының сырын ұғынуға ұмтылысы жыр жолдарынан сезіліп отырады. Табиғат құпиясын кім шешіпті?
Қызыл: Қашқарды кесіп өтетін бір өзеннің атауы.
Қызыл, сары (гүл-бәйшешектер)
Біріне-бірі таянды.
Жасыл райхан төгіліп,
Бір-біріне өріліп,
Адам соған таңғалды (1-т., 454-б.).
Көктемнің келуін жырлаған шайыр қызыл, сары гүлдердің өсіп, қауыз жарып жайқалғанын, райхан гүлінің де толысып өріле өскенін көріп таңданып, сүйсінеді. Көктем өз көркіне енгенін, айналаның алуан түрлі гүлдерге толғанын ақын ықыластана жыр­лайды, оның жүрегі нәзік болғандықтан, гүл-бәйшешектер, райхан гүлдері көзіне түсіп, көңілін тербейді. Ақын да көктем ырқына беріліп, оқырман да соған елітіп кеткендей әсерге бөлейді өлең өрнегі.
Түгсін: төрт бұрышты етіліп түйілген түйін.
Күллі шешек жиылды,
Бүршіктеніп бүгілді.
Төркүл түйін түйілді,
Жақындасып бүр ашар (1-т., 495-б.).
Табиғаттың әсем көрінісін, шешектің бүршік атып, түгел жиналғанын, топтанып, бүршік байлап бүрленгенін, түйіндерінің бүр ашуға жақындап қалғанын суреттейді. Шешек атты, бүр жарды, айналаның бәрі хош иіске бөленді. Табиғаттың сұлулық сипат-кескіні, бейнесі, ажар-келбетін гүлсіз елестету қиын. Шешек – сұлулық сипаты, бүршіктің атуы – өсімдік тіршілігінің көзі, биологиялық заңдылық. Жырда бәйшешек, райхан т.б. гүлдердің жиі жырланып отыр­ғанын аңғарамыз.
Тұмлығ: суық.
Суық келіп қапсырды,
Құтты жазды тықсырды.
Дүниені қар жапты,
Тән, жан үсіп дір қақты (1-т., 523-б.).
Суық түсіп, жаз отауы тарылып, жақсы кезең тықсырылып, дүниені тегіс қар басқан шағы. Адам дірдектеп, бүрсең қағады. Ақын қыстың түсуін, ауа райының бірден өзгеруін, суықтың жер бетін қапсыруымен байланыстырады, суықтың келуін адамға тән қозғалыспен сипаттайды. Уақыттың, маусым, мезгілдің табиғат ажарының өзгерісі табиғи қалыпта суреттелген.
Сандүваш: бұлбұл.
Сенен қашар сұндылаш,
Менде тыншыр қарлығаш.
Бұлбұл сайрар татымды,
Еркек әйел ұшырасар (1-т., 587–588-бб.).
Жаз бен қыстың, мезгілдің айтысы жырланады. Жаз қысқа былай дейді: сандуғаш, торғайлар сенен қашады. Менде қарлығаш, бұлбұл тыным алып, құйқылжытып сайрайды. Диалог формасында, айтысу түрінде маусымдардың өзіне тән қасиет, ерекшелігін, артықшылығы мен шаруаға жайсыздығын көрсетуге тырысады.
М.Қашқаридің «Түрік тілдерінің сөздігінде» дәйек, мысал, дерек ретінде келтірілген шайырлардың, ақындардың өлең үзіктерінде табиғат көріністерін, соның ішінде жыл мезгілдерін, әсіресе көктем мен жаз айларын дәріптеген шумақтар молынан ұшырасып отырады. Соның өзі түрік тайпалары жайлаған шаһарлар мен сахараны, ауыл-аймақты тегіс аралап, барынша ыждағаттылықпен жинаған ғалымның материалдарына зер салып талдаған адамға Х–ХІ ғасырларда ғұмыр кешкен, дүниенің төрт тарапына аты жайы­лып, іргелі ел болып отырған түріктердің поэтикалық мұрасының аса бай екенін еріксіз аңғартады. Өйткені ғұлама ғалым «Сөздігінде» шайырлардың бәйіт, өлең шумақтарын мейлінше еркін, ретіне қарай пайдаланып, ұғымға қонымды түсінік беріп отырады, сөздің мағыналық мәнін өте ұтымды ұғындыра білген. Сондықтан ғұлама әсіресе мақал-мәтелдерді мейлінше мол мысал ретінде пайдаланады. Уақыт, заман, ғасыр­лар жылжып өткенімен, бұл мақал-мәтелдердің күні бүгінге дейін көбісі ескірмей қолданыста, тіліміздің қорында сақталып келе жатқаны – мұраның тот баспай уақыт талабына жауап бере алғанының жарқын бір куәсі. Қыруар поэтикалық мұраның кезінде хатқа түспей қалуынан ұмыт қалып, із-түссіз жоғалып кеткенін М.Қашқари «Сөздігінде» келтірілген, жинақталған материалдардан айқын сезініп отырасың.
Дегенмен сайын дала, байтақ сахарада табиғаттың бел ортасында емін-еркін етене тіршілік кешкен көшпелі әрі шаһарлы, кентті жердің тұрғындарының табиғатқа барынша жақын болуы, табиғаттың тал бесігінде тербеліп өсуі – туған жер, өскен ортасы, сайын даласы мен тау-тас, орманды алқаптары, қоғалы көлдері мен балығы тайдай тулаған дария, өзендері, көлдері, байтақ даланы көмкеріп жатқан көк күмбезді аспаны хақындағы таным-түсінігі қалайда әдеби, мәдени, музыкалық мұраларында бедерленіп, айшықталып бейнеленіп отырған ғой.
М.Қашқари «Сөздігіндегі» қамтылған табиғат көріністерін сипаттауға арналған жыр жолдарының тақырыбы, баяндау, ой түю, формалық ізденістері ерекше. Жыр жолдары ауыз әдебиеті үлгісінен гөрі, кейде жазба әдебиет нұсқасына ұқсаңқырайды. Сөз қолдану, ойды беру формасы айқын әрі бейнелі сипатта көрініс табады.
Қазақ ақын-жыраулар поэзиясының тілдік, стильдік ерекшелігі, тіпті наркескендей өткір топшылаулары жырдың жауынгерлік, ерлік рухын биіктетіп, асқақтатып жібермей ме? М.Қашқари ойын дәлелдеу үшін мысал ретінде келтірген жыр шумақтары ұйқас жағынан төгіліп тұрмағанымен, ақ өлең түрінде, кейде толғау тұрғысында айтылған жырдың бір үзігіндей қабылданады. Қазақ хандығы аясында бір мемлекет шаңырағының астына топтасқанға дейін Х–ХІ ғасырда ғұмыр кешкен бабаларымыз қоршаған ортаны қорғап, аялай білген. Жерді, жайылымды да тоздырып алмас үшін қыста – қыстауға, жазда – жайлауға, күзде күзеуге қоныс аударып отыруының арғы жағында табиғат берген молшылықты тиімді пайдалану үрдісі жатқан жоқ па?.. Табиғатты жырлаудың, туған жерді әспеттеу­дің әдемі де айшықты үлгісін М.Қашқаридің «Түрік тілдерінің сөздігіндегі» мысал ретінде келтірілген өлең, жырлардан көрдік.
М.Қашқари «Сөздігінде» мысал, дерек, дәлел ретінде келтірілген өлең шумақтары басқа ешбір еңбектерде ұшыраспайтындықтан, іріктеп алып, мүмкіндігінше толық келтіруге тырыстық. Себебі табиғат болмысын жырлаған өлең шумақтары онша көп емес болса да, ғылыми айналымға енгізіп, талдап, таразылау барысында белгілі бір әдеби үрдісті, әдеби үдерістің дамуын да байқауға болады.
Табиғат көріністерін жырлаған өлең шумақтарында бірін-бірі қайталайтын ой, топшылау байқала бермейді. Шайыр­лар жырынан шымырлықты, сөз саптауынан шешендік сөз үлгілерін, шеберлікке ұмтылысты аңғарамыз. Табиғат ажары баяндау сипатында ғана емес, бейнелеу, жанды етіп көрсету, кестелеу сипатында әспеттеліп отырады.
Күшерді: толды, таси жаздады.
Тау төбесі жасарды,
Қураған шөпті жасырды.
Көлдің суы лық толды,
Сиыр, бұқа мөңіресті (2-т., 99-б.).
Таудың төбесіне көк шығып, жайқалып, қураған шөпті жасыл шалғын басты, көл суы кемерінен асып, деңгейі көтерілді, отауы суға лық толды. Табиғат жасарып, көл суы да, аққан өзен де арнасынан асып, тасып ағады. Молшылық сезіледі, сиыр, бұқа да табиғатқа үн қосқандай мөңіреседі. Ақын көктем көрінісін, табиғаттағы өзгерістерді жан-жануар, малдың да қимыл-қозғалысымен астастыра сипаттайды.
Қарышты: қарысты, қамалды.
Жаз қыспенен қарысты,
Өнер, даңқын құрысты.
Шерік құрып көрісті,
Оқ атуға төністі (2-т., 126-б.).
Жаз бен қыстың тіресіп, қарсыласып қарысуын сипаттайды, абырой, даңқын айтып керісті, шерік құрып, шеп құрып тіресті, бір-біріне оқ атуға төністі. Қыс пен жазды майдандастырып, қарулы қақтығысқа түскен екі жақтың сап түзеген жауынгерлері кейпінде алып, суреттеп, тіпті бір-біріне оқ атуға дейін төніскенін сипаттауы, бір жағынан, батыл теңеу болса, екінші жағынан, түрік халқының үнемі жорықта жүріп, жауымен жағаласып, елдігін қорғап келгенін, жауынгер халық болғанын да осы жыр жолдары дәлелдеп тұр. Маусым, мезгілдің теке тіресі, қақтығысы әскери қимыл, бетпе-бет шайқасты, майдан даласындағы ұрысты елестеткендей, соны теңеу жасалады. Ал мұндай теңеу жауынгерлік ұрыс-соғыс қабілеті мықты халықтың бел ортасынан шыққан дулығалы шайырдың көкірегінен төгілері анық. Табиғат көрінісін, мезгіл-мерзім ауысуын сипаттаған өлеңдердің шымыр жолдарынан халықтың жадын да байқаймыз. Шын мәнінде, жыл маусымының ауысуы, ауа райының өзгеруімен қатар жүреді, соның белгілі бір табиғи көрінісі де іспетті. 
Сұшұлды: шешті, шешінді.
Жаңбыр жауып шашылды,
Түрлі шешек өсті, өнді.
Інжу қабы ашылды,
Шынында, жұпар шашқандай (2-т., 167-б.).
Жазғытұрым кезді жырлауға арналған жыр. Жаңбыр тамшылары шашылып жер бетіне түсті, жер бетінде алуан түрлі гүл-бәйшешек өсіп шықты, інжу қауашағы ашылып, аппақ гүлдер қауыз жарды, сандал мен жұпар қосылғандай хош иіс аңқыды. Көркем көрініс. Бұл да табиғаттың сұлулығын жырлаған жыр жолдары.
Тебірешді: тебіренді, тербеліп, қозғалды.
Күллі қар да қыста жауар,
Астық, тары содан өнер.
Жауыз жау да менде тынар,
Сен келгенде қозғалақтар (2-т., 287-б.).
Бұл өлең үзігінде де жаз бен қыстың айтысын, тартысын сипаттауға арналған. Қыс «Қар қыста ғана жауады, астық, тары соның ылғалынан өніп, өседі. Қыста жаудың өзі де жаулығын доғарып, тыныш табады. Жаз келісімен қозғалыс әрекетіне көшеді» дейді. Табиғаттың ең бір қатал да қаһарлы кезін суреттеген ақын бұл жерде де жаз бен қысты қарама-қарсы қойып, қақтығыстырып, тірестіріп өтеді. Үнемі ұрыс жағда­йында жүрген халық жадында соғыс ұғымы, соған орай майдан жағдайының теңеулері өлең өрнектерінде бейнеленіп, кестеленіп отыруы заңды құбылыс. Мұндай теңеуде ағаттық та жоқ, керісінше, заманның күйін, жайын, аумалы-төкпелі аласапыран кезеңнен белгі беріп отырғандай. Шайыр мұның бәрін нақты баяндау арқылы табиғи күйді өз танымы тұрғысынан өрнектейді.
Көкрешді: күркіресті.
Самал есіп, есілді,
Тұтас боран секілді.
Кірді халық тітіреп,
Қара бұлт күркіреп (2-т., 317–318-бб.).
Көктемнің енді ғана басталған шағын ақын өзінше осылай суреттейді. Ауа райы­ның суық ызғары әлі қайтпағандықтан, ескен самалдың өзі адамды суыққа ұрындыратындай, салқын қара бұлт та түсі суық көрінеді. Көктемнің енді-енді шыға бастаған шағын жырлаған ақын алдағы күннің жақсы үмітін де сездіріп өтеді.
Қақ: қақ; қураған, кепкен көл. Осы лексикалық ұғымға мына жыр жолдарынан мысал келтіреді:
Қақтар түгел көлдеді,
Таулар басы көрінді.
Жаһан демі жылынды,
Түрлі шешек гүлдеді (2-т., 410-б.).
Көктем келбетін суреттейді. Жер беті жіпсіп, құрғап, тартылып қалған көл, шұңқыр, қақтар тегіс көлдеді, яғни суға толды. Қар басқан таудың ұшар басы, шоқылар, жота, беткей қарауытып көрінеді. Дүние келбеті, тынысы жылынып, жер беті қыза түседі. Алуан гүл-бәйшешек гүлдей бастады. Көктем көрінісінің келбетін анық бере білген.
Бұқұқ: гүл қауызы, бүршік. Аталған сөздің қолданылуына мына өлең үзіктерінен мысал келтірген:
Шешек тегіс үйілді,
Бүршіктеніп бүгілді.
Түйіндей түйне түйілді,
Жазылып қайта жиылар (2-т., 412–413-бб.).
М.Қашқари мысал, дәйек ретінде келтірген өлең жолдарында көбінесе көктемді әспеттеп, мадақтаған жыр үзіктерінде шешек сөзі жиі қолданылып отырады. Бұл лексикалық ұғымның мән-мағынасы бүгінде өзгеріске ұшырай қоймаған. Шешек ақындардың жиі қолданатын сөздерінің біріне айналған. Өлең алуан түрлі гүл-бәйшешектің тегіс ашылып, бүршіктері толысып бүгілгенін, бейне бір үйілген түйіндей болып желектенгенін, бүршігі ашылып, бо­йын жазып барып, қайта жиылып, топтанып қалатынын суреттейді.
Табиғаттың, жер-ананың төсінде ерекше көрік беріп, құлпырып өскен даланың ен байлығының, көк шалғынының, байтақ далаға көрік, өң беріп, әрлендіріп тұрар сұлулық сипатын әспеттеуде ақын тілі, байқау, бейнелеу құралдары аса бір сезімталдық, сыршылдық сырды ақтартқандай. Көктем көрінісін айшықтаған ақын жырында ағаш, тас, бұта, қарағай мен қайың, самырсын, шілік, тіпті жеміс ағаштары да атала бермейді. Оны мақсат та тұтпайтын сияқты, оның орнына шешек, гүл, бәйшешек жиі айтылады. Шешек көктемнің келгенін көрсететін символ іспеттес.
Тышлатты: тістетті. Осы сөзге М.Қаш­қари мына өлең жолдарын мысалға келтіріп, қолдану аясын көрсетеді:
Қаршыға беріп, құс салайық,
Тұйғын қосып, тістесейік.
Түлкі, доңызға тас атайық,
Өнер-даңқпен мақтанайық (2-т., 494-б.).
Саятшылық, аң аулау дәстүрі – түз халқы тіршілігінің ажырағысыз бір бөлігі. Саят құстарын қолға үйретіп, ит, тазыны қосып, қасқыр, түлкі, қоян аулау, қансонарға шығу көрінісін елестетеді. Абайға дейінгі замандағы қан сонардың қызық та қыздырмалы шағын, адамның аңшылық кәсібін, аң аулауға деген құмарлығы мен саятшылық мінез-құлқынан хабардар еткендей. Қаршыға, тұйғын сияқты көз ілеспес жылдамдықпен самғай ұшатын топшысы темірдей саят құстарының ерекшеліктерінің жырланып отыруы ертеден келе жатқан аңшылық, саятшылық өнердің дәстүрлік сипатын да аңғартады. Саят құстарының ішінде лашын да аталып кетеді. Жыр серілікті дәріптейді, жастарды құс салып, түлкі аулаудың қызығына шақырғандай. Себебі ол да өнер. Сол өнерімізбен мақтанайық, көңілімізді көтеріп, бір жасайық деген ой жатыр.
Иін: ін.
Құс-құрт түгел тірілді,
Ұрғашы-еркек топталды.
Үйірленіп тарады,
Қайтып інге кіргісіз (3-т., 13-б.).
Көктемді жырлайды, құс, құрт, құмырс­қа жер беті жылынып, қайта тіріледі, мал, жан-жануар үйір-үйір болып, топталып жиылғанын, олар ініне қайтып кірместей жан-жаққа бытырап тарағанын жырлайды. Себебі байтақ далада, кең сахарада, түзде тіршілік түрленеді, табиғат қайта тегіс оянып, тіршілік күйі, өмір бесігі тербеле бастайды. Қыстай ұйқыға кеткен аю, борсық т.б. аңдар оянып, тіршілік жорығын бастап кеткендей. Айналаның бәрі тегіс өмір думанын қайта жалғастыруға кіріскен. Ақын өмір өзгерісін әдемі етіп өрнектейді. Табиғат көрінісі мен құбылыстары М.Қашқари «Сөздігіндегі» қамтылған өлең-жыр үзіктерінде бірыңғай суреттелмейді. Ақырында, табиғат көрінісін, табиғат болмысын әр қырынан жырлауға ұмтылып отыр­ғанын анық көреміз. Қалай дегенмен де, ақын табиғатты табиғи болмыс-бітімімен, өз таным-түсінігі, талғам таразысы тұрғысынан жырлауға бейім екенін байқаймыз.
Х–ХІ ғасырдағы өлең, жыр үзіктері бүгінгі байтақ даламыздың табиғатын, түз тіршілігін, адамдардың қоршаған ортамен қарым-қатынасын, ақыл-ой иесінің жанды жаратылысқа ықпал-әсерін біршама қамтиды. Табиғат ол кезде Тәңір жаратып сыйға тартқан бүлінбеген қалпында бейнеленеді: ауасы саф, көк күмбезі таза, жері шүйгін, аң-құстары жыртылып-айырылатын, өзен-көлдері кенерінен асып, тасып, толқып-шалқып жататын, Айы да, Күні де, жұлдыздары да ерекше жарқырап көрінетін. 
Түрік ақындарының жырында өмір құбылысы, табиғат аясындағы қым-қуыт тіршілік тынысы үнемі қозғалыс үстінде, өзгеріс аясында, даму арнасында алынып көрсетіледі. Шайыр табиғаттың диалектикасын, қайшылығын терең түсініп, сезіне алған, сезіне отырып оқырманына да ой салып, табиғатты аялауға, атамекенді ардақтауға үндейді. Табиғатқа арналған өлең-жырлар, ең алдымен, өзі өмір сүріп отырған жерді сүюге, әспеттеуге арналған туындылар, өлең-жырлар.
Сөздікке енген қысқа қайырылған төрт тағандардан – төрт жол өлеңдерден сол дәуірдегі ақынның қоршаған ортаға деген қалыптасқан көзқарасының орнықтылығын айқын көреміз. Табиғатқа арналған өлең-жырлар отаншылдық сезімін тәрбиелейтін, елін, кіндік кескен жерін, ата қоныс, атамекенін дәріптейтін туындылар. Олар өскелең ұрпақтарын табиғатпен, ең алдымен, өлең-жырлары арқылы қауыштырып отырды. Өнердің эстетикалық ықпалының орнығуы, осылайша, ұрпақ санасына сіңіп, табиғи түрде үрдіске айналып отырған. Ақын жүрегі ғибратты дүниенің тәлім-тәрбиелік мән-маңызының мықты болатынын сезінеді. Табиғатқа арналған өлең-жырлар эстетикалық, этикалық құндылықтарымызды да ғасырлардың тылсым қойнауынан бізге жеткізіп тұрған бірегей жәдігерлер десе де болғандай.
М.Қашқари түрік қалалары мен шаһарларын, сахарасын тегіс аралап, қисапсыз материал жинап, жазып шыққан еңбегінде келтірілген дерек, мәлімет, ақпараттың, этнографиялық, географиялық, әдеби мағлұматтың, тарихи оқиғалардың жай-жапсары туралы деректердің құндылығына баға жетпейді. Сол құндылықтардың бірі – түрік халқының поэзиялық мұралары. Бұл еңбекте қамтылған мақал-мәтелдер де тақырыптық жағынан жүйеленіп, саралануға тиіс деп есептейміз. Табиғатты тануға қатысты айтпай өтуге болмайтын тағы бір мысал бар, ол – түріктердің жыл қайыруы, жыл есебін жүргізуі туралы аңыз-әңгімені ұлы ғұламаның хатқа түсіріп кетуі, бұл – бөлек әңгіменің тақырыбы.
Иағмұр: жаңбыр.
Құйды бұлт жаңбырын,
Тұтты керіп ақ торын.
Қырға қойды ол қарын,
Ағын ағар арқырап (3-т., 56-б.).
Бұлт жаңбыр болып құйды, жер-жерді ағыл-тегіл аққан су басты, сайларда жаңбыр суы сарқырады, аспанға торғындай ақ торын керіп, тұтты. Көктемгі ауа райының күрт өзгеруін, алай-дүлей жаңбырлатып, енді бірде селдетіп, таулы жерлерде бұршақтатып, қарлатып өтер аумалы-төкпелі табиғатын, мінезін суреттейді.
Иамрашты: жамырасты, араласты.
Қошқар теке бөлінді,
Саулық топ-топ қосылды.
Сүттер түгел жасылды,
Лақ, қозылар жамырасты (3-т., 144-б.).
Жаз туысымен келетін мал баққан елдің тіршілігіндегі қарбалас сәт, төрт түлік малдың өріске, жайлауға шығуы, қошқар мен текенің саулық қойдан бөлініп бағылатыны да айтылады. Шөпке молынан оттыққан саулық қойдың желінінен сүт тамшылайды, лақ пен қозы да маңырасып, қыр төсін шуға бөлеп, жамырасып жатыр, сайын даласы, қыры мен сайы, өрісі малға толған сахараның салқар тіршілігінің көрінісін бейнелеген шайыр жаздың адамзатты, жан-жануарларды жадыратар қызуға толы кезеңін көз алдыңа қаз қалпында мөлдіретіп кестелеп беріп кеткендей.
Қадз: адамды өлтіретін боран.
Келді желі желдетіп,
Боранға тұтас меңзетіп.
Халық кетті тітіреп,
Қара бұлт күркіреп (3-т., 206-б.).
Төрт жол өлеңде қатты жел соғып, ауа райы бүлініп, айналаның бәрі борасынға ұрынып, әсіресе желпілдеп соққан, өңменнен өтетін қара бораннан халықтың бүрсең қақты күйі бейнеленген. Аспанды торлаған қара бұлт күркіреп, боранның бұрынғыдан да бетер күшіне мініп, тоқтаусыз соғып тұрғанын суреттейді. 
Иай: көктем, жазғытұрым.
Көктем көркіне иланба,
Су үстіне таянба.
Жамандыққа сайланба,
Тілден шығар ізгі сөз (3-т., 223-б.).
Көктем көрінісіне арналған шумақтар, көктем көркіне, ажарына, әдемілігіне иланба дейді шайыр, себебі көктемде жер беті күн сәулесімен шырайланғанымен, қыс­тың ызғары әлі де кете қоймаған. Өліара мезгілдің үскірігі, қаупі барын ескертеді. «Су үстіне таянба» деген тіркес те бүгінде қолданылмағанымен, мәнін ұғыну қиын емес, байқаңыз деген мағынаны аңғартады. Көктем мезгілін халқымыз «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» деп бейнелеп айтқан ғой, сол айтпақшы, «жіңішкенің үзілер» кезіне тап болып қалма деген бәйек пейілден туған жыр жолдары бұл. Дүние-­тіршілік қазаны үнемі бұрқ-сарқ қайнап жатқанымен, дүние қашан да өтпелі, баян­сыз. Ақын жамандықты күтпе, жақсыны аңса, тілден, көкейден жақсы пікір, «көңілді хош етер» сөз ғана шықсын деп тілек те білдіреді. Табиғат мінезі, құбылысы өзгермелі, аумалы-төкпелі, қауіп-қатерлі, бұл – адам еркінен тыс жаратылыс әмірімен жүріп жатқан үдеріс, ақын танымындағы тіршілік өзгермелі, алмағайып, алайда адам саналы харекет иесі болғандықтан, оның бойынан, ой дүниесінен, тілінен тек жақсылыққа үндейтін лебіз, адам жанын баурайтын аталы сөздер, бал-шырын сөздер шықса, игілікті болмақ. Табиғат құбылысы мен адам харекетіндегі көріністер параллелі жасалады, соны ашуға, көрсетуге ақын ұмтылыс жасайды.
Сандувач: бұлбұл.
Сенен қашар сұндылаш,
Менде тынар қарлығаш.
Бұлбұл сайрар тартымды,
Еркек әйел ұшырасар (3-т., 243-б.).
Жаз бен қыстың айтысын жырлауға арналған. Жаз қысқа «сенен құс, торғай, бұлбұл қашып кетеді, суықсың, ызғар, аязыңнан барлық нәрсе шошиды» дейді. Жаз айында қарлығаш ұшып келіп, жайланып ұясын салады, бұлбұл құйқылжытып сайрайды. Дүние төрінде тіршіліктің думаны қызып жататынын, өмір жібінің үзілмей қайта бір жалғастық тауып, өніп-өскен, өркен жайған әлемнің жарастығын, үйлесімдігін бейнелейді. Әр мезгілдің өз қызығы, өз қызуы болатынын, Күн мен Айдың да бір қалыпта тұрмайтынын, дүниенің өзгерісте, мәңгі қозғалыста болатынын шайыр айқын сезінеді. Сондықтан дала табиғатын табиғи болмыс қалпында, өз дүниетанымы, түйсігі деңгейінде суреттейді.
М.Қашқари заманында шайырлар табиғатты тұтастай алып сипаттамағанымен, өлең жолдарында көркем табиғатты, тау мен даланы, түз бен сахараны, жер мен зеңгір көкті жырлауды назардан тыс қалдырмаған. Өзін табиғаттың төсінде, аясында тұрып тіршілік-ғұмыр кешіп отырғанын ұмытпай, табиғат-анаға деген сүйіспеншілігін өлең жолдарында келістіріп, қиыстырып отырған. Олар табиғаттың тылсым сырына бойлап, білуге ұмтылып, ата-бабамыздан келе жатқан озық салт-дәстүрді бойына сіңіріп, жаратылыс жұмбағын шешуге құлаш ұрған. Ақындар жырынан табиғатты әр қырынан танып суреттеуде ізденіс сезіледі, табиғатты жырлау машығында дәстүрлік қағидалар аңғарылып отырады.
Сайрашды: сайрасты, ауызға келгенді айтысты.
Жарық жұлдыз туарда,
Оянып келіп қалармын.
Шырылдасып, сайрасып,
Тәтті үнімен құс сайрар (3-т., 267-б.).
Түрік халқының космогониялық ұғым-түсінігінде жарық жұлдыздың мән-мағынасы, символдық сипаты аса зор. Тарихи жады солай. Ал жарық жұлдыздың ақындар тілінде, жыр шумақтарында поэтикалық қуатпен жырлануы өлең шумақтарының өзіне сәуле шашып тұрғандай құбылатынын, нәрлендіре түсетінін байқаймыз. Жарық жұлдыз туар қарсаңда кейіпкер оянып, ағаштарға қарайды, сайраған, үні тәтті құстардың әуеніне құлақ түреді, барқыт шымылдығын түсірген әдемі мамыра-жай, жанға жайлы түн көз алдыңа келеді.
Иаврады: қатайды, әлденді; қуаттанды.
Қыс жазға айтады:
Ер, ат менен әл жияр.
Ауру, сырқау азаяр,
Тән-жаны да қатаяр (3-т., 375–376-бб.).
Қыс пен жаз, қыс пен көктем, күз бен қыс айларының айтысы әр ғасырлар ақындары шығармаларына да жырланып отырған.
Сіңек: қара шыбын. Жырда:
Сенде тұрар шаяндар,
Шыбын-шіркей, жыландар;
Мыңдаған ине-тебендер,
Құйрық тігіп жүгірісер (3-т., 491–492-бб.).
Қыстың жазға айтар «міні» бар, ең алдымен, шаян, шыбын-шіркей, жыландар тіріліп, өріп шығатынын, адамға, жан-жануарларға жайсыз болатынын, қара қорым шыбынның жағымсыздығын, жыланның адамға тигізер залалын, айбатының боларын қозғап өтеді.
Табиғатқа қатысты өлеңдер, жыр шумақтары үнемі төрт жолдан, төрт тағаннан аспайды, мұнысы, сірә, сөздікке енген сөздің мән-мағынасын қысқа әрі нұсқа сипатта түсіндіру шартынан туып жатса керек. Қашқари сөзді түсіндіруде бірыңғай форма, қалып, жүйе, қағида ұстанады, оның бұл ғылыми тұжырымы, бүгінгі тілмен айт­қанда, академиялық сипатта орындалып отырады. Сондықтан ғалым бабамыздың түсіндірме сөздігін жай сөздік қана демей, шын мәніндегі тұңғыш академиялық түсіндірме сөздік деп бағалағанымыз әділ болмақ. Академиясы да, академиктері де жоқ, бірақ өнер, білім, ғылым ордаларынан ғұламалар шығып отырған құтты заманда төл тума талант, дала дарыны данагөй қолынан шыққан бірегей жәдігер, асыл мұра.
Шайыр да дәл айта білген, қыс –қаһарлы ғана емес, шын мәнінде жер-ананың ақ көрпесін жамылып, тыныс алатын, табиғаттың жаз бен күздің ауыртпалығынан бір сілкініп, дем алып қалатын маусымы. Қыстың да өзіне тән әдемілігі бар, адам тәні мен жанын нығайтатын күш-қуат көзі де болатынын ақын аңғартады. Ең кереметі сол қыс ақ қар, шыңылтыр аяз, қақаған қыс адамның тәні мен жанын тазартатын, ауру-сырқау, дерттен айықтыратын айықтыр­ғыш, сауықтырғыш күшке ие. Қыс айына деген ақын көзқарасы да сондықтан бөлек, танымы да тереңірек. 
Қыс пен жаздың айтысы, өлі мен тірінің айтысы сияқты формалық, түрлік ізденістің жемісті үлгілерінің бірі деуге келеді. Соған қарағанда Қашқари ғұмыр сүрген заман мен одан кейінгі кезеңдерде де қазақ ақындарының поэзиялық дәстүрінің, ақындық шеберлігінің осал емесін аңғаруға болады. Қалай алып қарасаңыз да, Қашқари ғылыми стильді толық меңгерген, ойын, тұжырымдарын ғылыми тұрғыда талдап, орнықты да дәйекті қорытынды түйе білетін ірі интеллект, психолог, философ, ақын, ғалым, жазушылық қарым-қабілеті өте мықты қаламгер ретінде танылып отырады. Өз бойындағы Тәңір берген талантын жан-жақты аша білген ғұлама өзі зерттеп отырған тақырыпты соншама кең ауқымда қарастырып, баяндаған сәттерде қиял-қанаты шарықтап, ой айдынында құлаш ұрады. Кейде ақындық шабытпен еркін көсіліп, кесімді пікір айтып, тұжырым түйіп кетеді. Қашқари өмір сүрген кезең мен мына біз ғұмыр кешіп жатқан дәуірді он ғасыр бөліп тұр, алайда ата мұраның, халық жадының қоғамдық сананың әр кезеңдегі жемістері мүлде жойылып кетпейтінін, хатқа түскен жағдайда, қымбат жәдігер болып қалатынының куәгеріміз. 
Таңлашды: таңданысты, таңғалысты. Жырдан келтірілген үзінді:
Бұлт өрді өңіресіп,
Ағын ақты мөңіресіп.
Қалды халық таңданысып,
Күркірер де маңырасып (3-т., 531-б.).
Ауа райының өзгеріп, күннің бетін бұлт жапқанын суреттейді, маусым уақыт жағынан алып қарағанда көктем мезгіліне, жауын-шашынның мол түсетін кезіне ұқсайды. Ақын табиғаттағы жүріп жатқан өзгерісті бейнелеп, айшықты етіп жеткізуге ұмтылады, әсерлі, бейнелі де бедерлі теңеулермен көк жүзіндегі көріністі жандандырып, әсерлеп жеткізеді. Аспанды бұлт торлады деп жай хабарлай салмай, шудаланған бұлттың көшпелі елдің, мал баққан, төрт түліктің жай-жапсарын жақсы білетін сахара, дала жұртының сұңғыла таным-талғамы тұрғысынан әспеттеп, бұлттың өзін орнынан баяу ыңыранып барып, тұрып, өріске өретін малдың қимыл-қозғалысымен салыстырғандай етіп баяндайды. Демек, ақын бұлтты өрді, ыңыранды деп бейнелесе, бұл да малдың күйін терең білетін ортаның қабылдауына етене жақын ұғымдар. Одан кейінгі көріністі жаңбырдың, селдетіп жауғанын енді шайыр арқырап, мөңіреп ақты деп бейнелейді. Жаңбырдың жаууын сипаттағанда да малға ғана қатысты қолданылатын ұғымдарды еркін пайдаланады. Әрине, мұндай табиғаттың тосын мінезіне, аспанның түбі тесіліп кеткендей көктен сел болып «мөңіреп аққан» жауынға, күркіреп, найзағай шартылдап, аспан асты шұрқырасқан малдай маңырасып, арқырағанына халық таңданысады. М.Қашқари келтірген табиғат көрінісін бейнелейтін бұл өлең үзігінде жырларымызда кезіге бермейтін, ұшыраса қоймайтын шендестіру, әдеби, әсірелеп теңеу, параллель жасау байқалады. Шайыр жаңбырды өзге ақындарға ұқсамай, өзіндік мәнер, ізденіспен жырлайды. Әттең, осы өлеңнің кейінгі жолдары толық келтірілсе, ақынның табиғат тылсымын танудағы ой-пайымына тереңірек үңіле алар едік.
М.Қашқаридің «Түрік сөздігінде» келтірілген өлең үзіктерінің ішінен табиғатты жырлауға арналған жыр жолдарын іріктеп алып, арнайы талдап, пайым жасауға шамамыз келгенше ұмтылдық. Табиғатты түрік халқы ертеден әспеттеп, ардақ тұтқан, Тәңірінің өзі жаратқан жаратушының ең қымбат, бағалы сыйындай санаған. Адам үнемі табиғаттың аясында болып, тіршілік кешеді, өмір сүреді, табиғат-ана бүкіл жер бетіндегі тіршіліктің құт мекені ретінде қабылданғаны сондықтан.
Өзі өмір сүрген сайын даланың, құм мен шағылын, тау мен тасын, ағаш пен жемісті бұталарын, алуан түрлі шөптер, соның ішінде гүл, шешек, райхан, бәйшешек 
сияқты гүл тұқымдас өсімдіктер, аң құстар, әсіресе лашын, тұйғын сынды саят құстары, қоян, түлкі, қасқыр, арыстан, жолбарыс т.б. жан-жануарлар жыр жолдарында айтылып, сипатталып отырады. Нақты аты аталған жан-жануарлар, өсімдіктермен қатар, жыр үзіктеріне жалпылама тұрғыда айтылып өтетін көріністер де молынан кездеседі. Әсіресе аспан әлемін, көк күмбезін, онда жымыңдасқан жарық жүлдыздар мен Аспан шырағы Айдың да сұлу суреті келістіріле жырланып отырады. Жыл мезгілдерінің жыр арқауына тақырып ретінде ұдайы айналып отыруында дәстүрлік сипат аңғарылады.
Адам өзін табиғаттан, қоршаған ортадан тысқары қарамаған, себебі тал бесікке тербеліп өскен ұрпақ жер бесікке берілгенге дейінгі аралықтағы тіршілік дәмін, ризығын өзі аялаған табиғат-анадан, тер төккен еңбегінің өтеуінен айырып отырған. Түрік халқы, соның ішінде қазақ халқы, туған жерін ерекше қастерлеп, кіндік қаны тамған жерін айрықша мадақтап, дүниеден өткенше әспеттеп, ардақ тұтуының үлкен ғибраттық мәні бар. Адам тіршілігінің кіндігі туған жеріне байланысты.
«Түрік сөздігінде» табиғат көріністерін жырлаған жыр жолдарын, өлең шумақтарын, төрт тағандарды, жыр үзіктерін XI ғасырда, оның алдындағы өткен ғасырларда ғұмыр кешкен ақын, жыршы, жыраулардың, шайырлардың бізге қалдырып кеткен қымбат мұралары деп қабылдауымыз керек. Бұл жыр-мирастар хатқа түскен, кейінгі ғасырларға өзгеріссіз жететін әдеби жәдігерлер. Табиғат деген ұғымды жан-жақты, алуан тақырыптарды жырлау арқылы барынша кең де жан-жақты ашып көрсете алған көркем жырлар ретінде, дәйекті дереккөзі ретінде құнды.
Табиғатты әр ғасыр ақын-жыраулары үздіксіз жырлап отырған, әрі ән мен жыр­ға өзек болып келгенін ерекше сезінеміз. Табиғат, ең алдымен, киелі де қасиетті құт мекен, ата қоныс ретінде жыраулар жырында көрініс тауып отырса, бұл Отанға деген перзенттік махаббат пен азаматтық сүйіспеншіліктің айқын да ажырамас хас белгісіндей. Табиғат-ана бізді тал бесікке салып тербетсе, ақын-жыраулар, шайырлар туған жерін, атамекенін жыр-бесікке бөлеп, ән толқынында қалықтатты деуге болады. Өйткені адам, ақын-жырау табиғаттан ажырағысыз әрі күнделікті іс-әрекетінде оған барынша етене еді. М.Қашқари дәуіріндегі ақын-жыраулар табиғатты бұла қалпында, адам іс-әрекеті әлі бүлдіріп, өзгерте қоймаған табиғи қалпында жыр жолдарына түсірген. Аспан да, көк те, көкше теңіз де, өзен-көлдер де арнасынан асып, жер беті құт-берекеге, ырысқа толы кез көз алдыңда көлбеңдейді.
 «Түрік сөздігіне» енген 800 жолдай өлең үзігі мен бәйіттердің ішінен табиғаттың сан алуан көрінісін, табиғи құбылыстарды жыр­лауға арналған бірнеше бәйіт және жыр жолдарын іріктеп алып, тақырыбымызға сай талдадық. Бұған дейінгі М.Қашқариге арналған зерттеулерде көбінесе «Диуани лұғат-ат-түрк» – «Түрік сөздігінің» мән-маңызына, ғылыми сипатына лингвистикалық зерттеу, әдеби талдау жасалып, қысқаша тұрғыда болса да баяндау сипатындағы мақала, зерттеулер жазылып келді. Ал М.Қашқари еңбегін өз заманы тұрғысынан, оны дүниежүзі әдеби үлгілерімен салыстыра, салғастыра қарап зерттеген ғалымдар әзірге бізде шыға қойған жоқ. Сондай-ақ «Түрік сөздігінің» философиялық, этнографиялық, этностық, эстетикалық, географиялық, әдеби, тарихи, лингвистикалық сипаты жан-жақты кешенді түрде қарас­тырылуы керек дейміз. Мықты зерттеулер түрік, әзербайжан, ұйғыр тілдерінде бар да шығар, алайда біздің қазақ оқырманы ондай еңбекті бүгінгі таңда ала алмай отыр.
Ұлы ғалым қазақ сахарасы мен даласы, кенттері мен шаһарларын тегіс аралап, материал жинадым деп мықты бір деректі беріп өтеді, отырықшылық кәсіп еткенді дәлелдей түседі. Демек, мәдениет, ғылым, өнер өркендеп, шаруашылық, қала құрылысын жүргізу ісі дамып, көрші елдермен дип­ломатиялық қарым-қатынас арта түскенін айғақтайды. Соның бір дәлелі осы «Түрік сөздігінің» жазылуы болса керек-ті, әрі бұл өркен жайған елдің тарихи қажеттілігінен де туған деп қарауға болады. Өз заманында өркениетке қол жеткізген елдің ақын-жыраулары, шайырлары мен әнші, сазгерлері туған табиғаттың келісті шырайын, көк майсалы, шалғынды даласын, жағалауы жайқалған әдемі әрі ғажап көлдерін жыр­ламай тұра алмады. Табиғат көрінісін, бейнесін жырлауға әлеуметтік те, тарихи да негіз, себеп бар еді. Ақын-жыраулар қай кезде де қоғамның рухани өмірінде ерекше орын алған, елдің іргесін бекемдеп, көрші елдермен берік қарым-қатынас орнатуын жақтап, насихаттап отырумен қатар, мемлекеттің, хандықтың идеологтері де болды. Табиғатқа, жерге деген сүйіспеншілік, ең алдымен, туған елге деген сүйіспеншіліктен басталады, туған Отанын кім сүймейді, айтыңызшы, бәрінің де Отан дегенде ет жүрегі езіледі. Ақын, шайыр үшін табиғаттың көркі, сұлулығы – Отанның, елдің әдемілігімен, ғажаптығымен қатар ұғынылатын ұғымдар деп қараған жөн. Табиғат суреттерінің жыр төрінен, жүрек түкпірінен орын алуы да сондықтан.

Мұхтар ҚАЗЫБЕК 

692 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы