- Ақпарат
- 08 Тамыз, 2024
Өрнегі бөлек өзбек өнері
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық музейде Өзбекстанның бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі ашылды. Көрме Өзбекстан республикасының президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылып отыр.
Көрмеге Өзбекстан суретшілерінің 80-ге жуық картинасы мен қолданбалы өнер шеберлері жасаған 100-ден аса зат қойылды. Көрменің ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова сөз сөйлеп, мұндай көрмелер бауырлас мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстың қарқынды дамуына септігін тигізіп, түбі бір, түрік тілдес қос халықтың тамыры тереңде екенін айғақтайтынын атап өтті. «Тарихы ортақ қазақ және өзбек ұлтының достығын бүгінгі көрме анықтай түсіп, рухани байланысты арттыра түспек. Бұл көрмеде өзбек суретшілерінің соңғы уақыттағы туындылары қойылған», – дейді К.Сейітова.
Ал Өзбекстан Өнер академиясының төрағасы Акмаль Нуридинов екі елдің өнерпаздары бірігіп, тығыз қарым-қатынас орнатып, түрік әлеміне ортақ мәдениетті дамыту керек екеніне назар аударды. «Қазақстанмен үнемі ортақ жобалар жасап келеміз. Өзбекстан мен Қазақстан өнері ұқсас, өйткені біздің түпкі тамырымыз ортақ», – деді ол.
Көрмеге Алишер Хамдамов,
Татьяна Фадеева, Файзулла Ахмадалиев, Шахноза Абдуллаева, Бахтиёр Махкамов, Хуршид Зияханов сынды қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды. Экспозициядағы заманауи кескіндеме туындылары Шығыстың ежелгі аңыздарынан, поэзиясы мен тарихынан рухтанған романтикалық бейнелерден бастап Өзбекстанның сұлу табиғаты мен ұлттық тұрмысына тән сипаттарын ашып көрсететін нақты сюжеттерге дейінгі суретшілердің стилистикалық ерекшеліктерінің әртүрлілігін, шығармашылық көзқарастарының кең ауқымын көрсетеді.
Көрменің қолданбалы өнер бөлімінде Өзбекстанның дәстүрлі өнерін ашып көрсететін туындылар ұсынылған. Көрмеге жиналған жұрт ташкенттік заманауи шеберлердің ағаш бұйымдарын, Бұхара мен Самарқанд шеберлерінің сюзане кестелерін, марғұландық шеберлердің қолдан тоқыған атластары мен жібектері, Риштан мен Гиждуван шеберлерінің нақыштары мен миниатюралары, керамика бұйымдарын тамашалай алады.
А.Айдарқызы
699 рет
көрсетілді0
пікір