- Ақпарат
- 08 Тамыз, 2024
ӨРЛЕУ ДӘУІРІНІҢ ӨЗЕГІ
Мың сегіз жүз елу бір. Қырымның бір қырқасында күллі түрік жұртының консервативтік көзқарасын төңкеріп, либерал ойлауды, либерал көзқарасты қалаған Ысмайыл Ғаспыралы дүниеге келеді. Келе салып, мәдениет бесігі Бақшасарайдан түлеп, қырдағы қазақ-қырғыз, Сыр асты өзбек, бауыр татар халқының таным құлдырауын көрген, сезген жігіт өле-өлгенше түрік жұртының сауатсыздығымен, тұмшаланып қалған, түкпірде жатқан бай мұрасын, ұлттық кодын ояту мен жүрекке жабылған «улы шымылдықты» ашамын деген аманат арқалайды. Осы жолда Ғаспыралының түрік модернизациясының бастауында тұрғанына – жәдитшілдік қозғалыстың етек жайғаны, рухани дүмпу жасағаны дәлел.
Қазақ жақсылары Ғаспыралы жайында не дейді? Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің мәшһүр «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегінде «Алдында өткен, тәрбиесін көрген Абайдан соңғы ұстазым – «Тәржіман» газетінің иесі Ысмағұлбек Гаспринский десем бек дұрыс. Анықтық үшін сол кісінің газетін оқып, бек көп пайдаландым» деген бек тұлға туралы қазақтың көрнекті қайраткері М.Дулатұлы «Ресей мұсылмандарының ұстазы, мұсылмандардың жақсылығына сүйініп, жамандығына күйініп отыратын Исмағилбек Гаспрински» десе, С.Шорман «Ысмағылбек Гаспрински жәнаптары «Тәржіман» газеті жарыққа шыққаннан бері қарай қазаққа «Қала бол, сол уақытта өнерге аяқ басарсың» деп неше түрлі сөзбен артықшылығын көрсете келеді» деп бағалады.
Татар оқымыстысы Ф.Н. Агиев болса «Қытайдан Мороккоға дейін, Каирдан Уфаға дейін исламда қозғалыс басталды. Надандық кезеңін ағарту дәуірі алмастырды. Езгі мен зұлымдық орнын еркіндік пен әділдікке босатып беріп отыр. Әлемнің күллі мұсылманы осы сәтті пайдалануы керек. Діннің тағдыры осыған байланысты: қимылдаса, қайта өрлейді, әрекетсіз жатса, мүлде жоғалады» дегені осы жәдитшілдіктің қозғаушы, модерншілдік әсерін айтып отыр.
Бұл қозғалыс Қырым, Еділ бойында туып, Алты Алашқа шамшырақ жол болған, панисламистік күшке төтеп берген ағым дегіміз келеді. Жәдитшілдіктің ағым екенін ғалым Д.Қамзабекұлы «Жәдитшілдік – бірыңғай саяси сипатты қозғалыс емес, ол – ағарту ісі мен руханиятты тұтастай қамтыған идеялық негізі бар концепция әрі ағым. Ағым болуының мәнісі, ол белгілі кезеңде Ресей мұсылмандарын ағартудың бір жолын, бірақ тиімді жолын көрсетті» деп көрсетеді. Ал Зәки Уәли болса «Түрік халықтарының қоғамдық өмірін өзгертіп, Еуропа мәдениетімен бірігуді мақсұт еткен сауатты мәдени қозғалыс» деп баға береді.
Ғаспыралы ескіше оқытудың жаңа ғасыр, жаңа қоғам алдында ескіргенін, араб әліпбиін түрік халықтарының тіліне лайықтап, дыбыстық ережеге сай, бір ізге түскен жазу үлгісін де ұсынады. Ескі «қадымшылықтан» «жәдит әдісіне» көшуді ұсынады. Ұсыныс ескі дәстүр өкілдеріне ұнаған жоқ. Осыған орай жәдитшілдіктің баспадағы даусы – «Тәржіман» газетіне осындай мақала жарияланады: «Құран – біздің қасиетті кітабымыз. Ол бізді оқуға, еңбек етуге, жақсылық жасауға шақырады. Ағартушылық адамға қызмет етеді. Кейбір мұсылмандардың ойы секілді, Құран мен ағартушылық бір-біріне қарсы емес». Іс жүзінде жаңа медреселер ашыла бастайды. «Қашанғы біздер қараңғылықта отыра береміз. Көзімізді ашып, жан-жаққа жүгіртейік. Басқа елдермен өзімізді салыстырайық» деп дүр сілкіндіреді.
Ғаспыралы мен Курсави, Маржанидің әсерінен XIX ғасырдың 90-жылдардағы Қазан қаласында Мухаммадия, Маржания, Қасымия, Уфада – Ғалия, Хакімия, Хасания, Орынборда Хұсания сынды жаңаша мектептер бой көтереді. Білім ордаларында заманауи сабақтар ретінде математика, география, тарих, биология пәндерінен сабақ бере бастады. Жәдитшілер өздерін халық арасында білім мен сауаттылықты таратуға, білімді өмір сүрудің ажырамас бөлігі деп тәрбиелеуге жауапты санады. Сауатты толқынның жаңа дәуірде өзіндік «Өрлеу дәуірін жасайтынына бек сенді. Сол үшін жәдиттер оқу-ағарту мәселесіне ірі реформа керек деп мәлімдеді, діни сауаттылық емес, еуропалық нақыштағы білім алуды алға тартты. Жергілікті халықтың қаражатына мектептер ашылды. Мектептерде балаларға бұрынғы «иман шартының» орнына «Муаллим эввел», «Бірінші мұғалім» және «Муаллим сани», «Екінші мұғалім» ұсынылды. Сонымен бірге балаларды мектепте ана тілінде оқуға, жазуға үйретіп, география, тарих, арифметика т.б. пәндерден алғашқы білім беріле бастады.
Үдеп кеткен үдеріс, жоғарыда айтқандай, дәстүрге жегілген молда, дінбасшылар жаңа лепке түбегейлі қарсы болған. Патша үкіметіне де ұнамағаны түсінікті. Бұл туралы Д.Қамзабекұлы: «...Ештеңе өзгермеуге тиіс» деп есептеген қадымшылар мен патша өкіметін шошындырды. Башқұрт ғалымдары А.Вильданов пен М.Фархшатов осы орайда былай деп жазады: «Жәдитшілердің мәдени өрісіне өкіметке арқа сүйеген қадымшылар шұғыл әрі табанды қарсы тұрды. Ал патша өкіметі болса түрік халықтарының ұлттық талдауға деген талабын саяси сеператизм ретінде қарады. Бірақ самодержавиенің репрессиялық шаралары мұсылман халықтарындағы жаңаруға бағытталған табиғи үдерісті тоқтатуға мұршасы жетпеді». Бұл жерде жәдитшілдердің білім жүйесін түбегейлі өзгерту дегенде діни қарсылық болды деуге болмайды. Діни көзқарастар негізінде қаралды. Дегенмен қадымшылардың кертартпа, таптаурын идеологиясына қайшы болуы «өзгеріс», «жаңа» деген қорқынышы мен тәуекелі басым қадам еді. Жәдитшілер мен қадымшылар арасындағы негізгі қайшылықтар діни ғибадатқа емес, қоғамдағы қалыптасқан құрылымға, білім ордасында білім беру әдісіне байланысты. Балаларды оқыту барысында ұрып-соғып жазалауды жәдитшілер мүлде қолдамады. 1908 жылғы 20 тамызда Ішкі істер министрлігіне 12 молдадан арыз келіп түскен. Олар жаңа реформаланған мектеп мұғалімдерін елді бұзушы, үкіметке қарсы, қиғаш пікірлі деп айыптап, қызметтерін тоқтатуды сұраған. Бұл кезде мектеп, медреселердің көбі қадымшылардың қолында болды. 1 088 татар мектебінің 61-і ғана жәдит мектебі болатын (5,6%). Патша үкіметі қадымшыларды қолдады. Осы уақытта Столыпин Халық ағарту министріне жазған хатында «Қадымшылар мектебіне тоқтау салу – пайдасыз ғана емес, саяси тұрғыдан қауіпті» деп көрсетті. Осы себепті жәдитшілдік қозғалыс ескілік жаршылары мен Патша үкіметі сында алпауытпен күресіп білім майданын жасаған.
Жәдит қозғалысының тек ағартушылық төңкеріс емес, саяси күш ретінде де серпе қозғалғанын айта кеткен жөн. Ресейдегі парламентаризм үшін күрескен, ұлттық буржуазияны дәріптеген еді. Сондықтан большевиктік көзқарас жағынан жаңа ағым, жаңа адамдар – «буржуазиялық-демократиялық ұлтшылдар» деп саналды. «Бұратана халықтардың» өз газет, журналдары болғанын қалады. Осы орайда жәдитшілдіктің «Тәржіман» газеті еске түседі.
«Тәржіман» газеті 1883 жылы шыққан. «Тілде, пікірде, істе – бірлік» деген ұран тастап, Ресейдің түкпір-түкпіріне таратып қана қоймай, Шығыс елдері мен Орта Азияның мұсылмандар қауымының да қолына тиеді. Болашағын бағдарлай білген көреген саясаткердің газетінің атын «Тәржіман» қоюы да тегін емес. Ғаспыралы орыс мемлекетінің түрлі қиындықтар туғызатынын білетін. Газеттің алғашқы санында мақсатының орыс басылымын кемшіліксіз және қателіксіз аудару екенін айтуы жауапты адамдарды алдау үшін қолданған айлалы қадамы болатын. «Тәржіман» мен Ғаспыралы үлесі жайында Ә.Бөкейхан «Исмайыл мырза «Тәржіманды» өзі жазған, баспаханада қаріпті өзі тізген, машинада өзі басқан, газетаны өзі бүктеген, шаһардағы алушыларға өзі үлестірген. Сөйтіп, бейнеттеніп жүріп, «Тәржіманның» бір жағын орысша, бір жағын түрікше толтырып, жеті сайын шығарып, таратып тұрған» деп, оның газетті оңайшылықпен шығармағанын, газет шығару үшін қанша бейнеттенгенін атап өтеді.
«Тәржіманда» қазақ халқының мәдениеті мен тарихына, экономикасына қатысты көптеген материал жарияланды. «Қазақтар», «Торғай һәм Орал облыстарындағы қазақтардың жағдайы», «Орыс қоныстанушылары мен жергілікті қазақтардың құқы», «Қазақтар және отарлау саясаты», «Тұтас халықтың қырғыны», «Түркістанды орыстардың басқаруы», «Орыс қоныстанушылары қазақтарды шұрайлы жерлерінен ығыстыруда», «Түркістанның жаңа тарихы» т.б. мақалалар жарық көрген.
«Тәржіман» газетінің бір санында «Біз мұсылман халықтарының өзінің зауыт, фабрикаларымен қатар, дамыған оқу орындары болып, олардың ерікті әрі өркениетті болғанын қалаймыз» деп көрсетеді. Патша өкіметі еуропалық мәдениетке орыстанып барып қол жеткізуге болатынын мәлімдейтін. Бірақ жәдитшілдер ұлттық болмысты сақтай отырып, өркениетті елдер қатарына кіруге болатынын дәлелдеуге тырысатын. Сол кездегі қолданыстағы араб әліпбиі балалардың түсінуі үшін қиын болатын. Араб әліпбиін жеңілдету жолында Мұнавар Қары Абдурашидханов іске кіріседі. Ол қолданысқа жеңіл араб әліпбиін құрастырады. Әліпбиге тыныс белгілерін қояды. Оқулықтарға жағрафиялық мәліметтермен қатар, діни ілімді жазып отырған. Мектептерге қаржыны ата-аналар жинап, мұғалімдерге жалақы беріп отырған. Бірте-бірте ата-аналар балаларын ескі медреселерге беруді қойып, жаңа медреселерге бере бастаған. Жәдитшілдік қозғалыс революция келуімен тоқтайды. Ысмайыл Ғаспыралы қайтыс болған соң, газетке басшы болып оның ұлы Рефат қызмет атқарады. Большевиктер Қырымды қоластына алған кезде «Тәржіманның» соңғы саны 23 ақпан 1918 жылы шығады.
Ғаспыралы бастаған Жәдит қозғалысы Ресейдің орыстандыру, шоқындыру саясатына қарсы берілген адуын жауап еді. Кешегі Ильминскийдің жасаған тіл бөлшектеу, ұлттық бірегейлікті ажырату саясатына тек бірігу, «ортақ тіл», «түрік халықтары» сынды тұтастық ұстанымымен жауап беруге тырысты. Патша үкіметінен кейінгі билікте «бөліп алда, төстей бер» деген формуланы рухани да қолданғаны белгілі. Түрлері ауысты демесеңіз, мазмұны сол қалпы сақталды. Кешегі дін ауыстыру, қайта өңдеуден атақты «Кеңес азаматы» деген саясат ауыстырды. Оған да Жәдит қозғалысынан сусындаған Алаш кезеңі қарсы шықты.
Бұл жерде тағы Д.Қамзабекұлына жүгінеміз. Ғалым «Ресей империясының мұсылман халықтары тарихында негізі ортақ Жәдит қозғалысының дамуы біртекті емес. ХХ ғасырдың 10-жылдары ол Қазақстанда – Алаш, Әзербайжанда – мусават, Қырымда – милли-фирк, Татарстанда – Иттифак әл-муслимин қозғалыстары болса, Өзбекстанда мазмұны бастапқыдан біраз өзгерсе де, «жададизм» атауымен дами берді» дейді.
Бұл – Жәдит қозғалысының алпауыт күш ретінде өріс жая бастағаны. Жалпы, қазақ даласына жәдит ағымы екі кезеңнен өріс алды. 1890–1911 жылдар – оқыту, сабақ алу кезеңі болса, 1911 жылдан бастап әр қозғалыс өкілдері өз саласында өздігінше насихаттап, тарата бастады. Қазақ арасынан ұлттық ренессанс жасаған Әлихан бастаған топ дала заңына жаңаша өзгерістер әкеле бастаса, өзбек халқы арасынан М.Бехбуди, А.Авлони, И.Рахматуллаев, М.Расули, Комил Хорезми,
Ы.Абиди, З.Фахриддин-Заде деген жәдиттердің есімі қалған. М.Акмулла, М.Уметбаев, Р.Фахретдинов, З.Расулев та жәдитшілік «жарық жұлдыздары» болып саналады. Жәдитшілік өзбек коммунисі Ходжаевқа да, Әзербайжан Демократиялық республикасының мемлекеттік қайраткері Мамед Эмин Расул-задеге де әсер етті. Жәдитшілік «Алаш», «Мұсават» тағы басқа ұлттық партиялардың идеологиясына әсер етті. «Дала уалаятының газеті», «Түркістан уалаятының газеті», «Казан минбере», «Ўрта Осиенинг умр гузорлиги», «Хуршид», «Шухрат», «Азия», «Тиджар», «Турон», «Садои Туркистон», «Кояш», «Ульфат», «Серке», «Қазақ» тағы басқалар да жәдиттердің үнжариялары еді. Қырымда «Ха-Ха» сатиралық журналы шықса, Әзербайжанда «Молла Насреддин», Түркістанда «Ойна», «Ал-Ислох», қазақша «Айқап» журналдары шығып тұрған.
Алаш зиялылары оқулық жазуда елеулі мектеп қалыптастырды. Ғылымның барлық саласынан хабар беретін оқулықтар жинақтады. Мұхаммед Ораздың «Усул саутия тәртібінде қазақша әліппе» (1910), Спандияр Көбейдің «Үлгілі бала: қазақша оқу кітабы» (1916), Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914–1916), «Әліпби» (1912) оқулықтары мен оқу құралдарын жәдиттік бағыттағы білімді оңтайлы үйрену әдісімен жазылған оқу құралдары деп айта аламыз. 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналында М.Дулатұлы берген «Тіл мен әдебиет» бағытындағы оқулықтар мен оқу құралдардың тізімін қарайық:
Ахмет Байтұрсынұлының «Әліпби» (Қызылорда, 1926); «Тіл – құрал» (Қызылорда, 1925), «Сауат ашқыш» (Орынбор, 1924; Қазақ мұғалімдері үшін «Баяншы» (Қазан, 1920), «Әліппе астары» (Орынбор, 1924). Телжан Шонанұлының «Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы» (1925), Байтұрсынұлы мен Шонанұлының «Оқу құралы» (Қызылорда, 1925), «Орысқа қазақ тілін үйреткіш» (Орынбор, 1925). Халел Досмұхамедұлының «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Табиғат тану» (Ташкент, 1922), «Жануарлар» (Ташкент, 1922), «Жануарлар» (Ташкент, 1922), «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм» (Ташкент, 1924). Міржақып Дулатұлының «Оқу құралы» (Бастауыш мектепте екінші жыл оқылатын қирағат кітабы, Орынбор, 1924); «Есеп құралы» (Орынбор, 1925). Мағжан Жұмабайұлының «Тарту» (Ташкент, 1924), «Бастауыш мектепте ана тілі» (Ташкент 1923), «Педагогика» (Ташкент, 1923). Жүсіпбек Аймауытұлының «Тәрбиеге жетекші» (Бала оқытушыларға, Орынбор, 1924). Нәзір Төреқұлұлының «Жаңа әліпби неге керек?» (Мәскеу, 1925). Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» (Мәскеу, 1924). Міне, Жәдиттік қозғалыстың қазақ қоғамынан сонау «Тәржіманнан» арық болып тараған тарихи еңбектері.
Бұл еңбектердің көбі Ұлттық кітапхананың Сирек қорында сақтаулы тұр. Оның ішінде «Уақыт», «Ульфять» татар тілінде, башқұрт тіліндегі «Тұрмыш», «Ұшқын» татар-қазақ тілінде, «Ачыг суз» әзербайжан тілінде, «Безнен иль» татар тілінде шыққан т.б. басылымдарды көруге болады. Жас ғалымға, ізденемін деген тастүлекке тарихтың шаң басқан парағын «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» бөлімінен қарап, ғасырлар шегінісіндегі шер заманда ұлтты ояту мақсұтында жазылған еңбектерді оқуына, зерттеп, зерделуіне болады.
Жалпы алғанда, Жәдит қозғалысы тарих сахнасына саналы ұрпақ әкелуге септігін тигізді. Орта Азия түрік халықтарының оянуына, ең бастысы, ескіліктен аттап, жаңаша ойлауға, модернизациямен замана талабына сай өзгеріп отыру керек екенін көрсетіп берді. Патша үкіметі мен Кеңес кезеңі түпкі халықтарының езгіде, өзара тартыс илеуінде жатқанын қалады. Яғни Жәдит қозғалысы күрескер, төтеп беру, либерал қозғалыс деуге болады. Өз заманының сұрауынан ұлт тұтастығын сақтау мақсатында дүр сілкініп, рухани дүмпу салған қозғалыс дегіміз келеді. Мұсылмандық Шығыста Абдо-Вфғани, Түркияда танзиматтар мен «сервети-финуншілдер», Қазанда әл-Маржаниден бастау алып Әлихан бастаған топқа түрен салуға түрткі болды. Рухани сауалдарға жауап іздеу жолында «озатын өзгерістердің қамқорлары» атанып, жаңа оқу тәсілдерін халықтық, көшпелі мәдениетке сай синтездеп, жаңа толқын жасақталып, жоғарыда айтылған кесек дүниелер жарыққа келді.
Өрлеу дәуірінің өзегі – Ғаспыралы жаққан шамшырақ жаңаша оқу, жаңаша тану. Алаштың ел болам деген, ұлтты сүю формуласы да осы қозғалыстың ықпалынан, әсерінен туындады десем, артық айтқаным емес. Жалпы, өркениеттің дамуына замана уақыты, саяси құбылыстар әсер ететіні белгілі. Өрлеу дәуірін жасаған Алаш қайраткерлері жаңғырып-жаңарып отырудан қашқан емес. Жәдит қозғалысы – ұлтты ояту, білімге шақыру, ескіліктен, даму үдерісінен қалмау, білім бәйтерегін қашанда жаңаша түрмен түлету, сана сілкінісін жасау. Ал бұл идеология қазіргі уақытта да өзекті дегім келеді.
Жаһандану заманында ұлттың адымдап алға басуына білім жарысы, ұлтты сүюдің жаңаша формуласы керек. Осы орайда Жәдит қозғалысының рухани ренессанс, реформаларына қарап, біз қалай дамуымыз керек, қалай әлемдік аренада, сана марафонында, ұлттық кодтардың жойылу не сақталу майданында жұмылу керегін ойланған жөн.
Жанболат АБАЙХАН,
Ұлттық кітапхананың
Қазақстан кітаптары қызметінің
қызметкері
1042 рет
көрсетілді0
пікір