- Ақпарат
- 08 Тамыз, 2024
Байтұрсынұлы әліпбиімен жазылған кітап табылды
Көрнекті ақын, аудармашы Ғали Орманұлының 1948 жылы А.Байтұрсынұлы әліпбиімен жарық көрген «Өмір дастаны» атты кітабы Керекуден табылды.
Жуырда ақын, жазушы, аудармашы, журналист Ғали Ормановтың «Өмір дастаны» атты кітабының таныстырылымы өтеді. Көрнекті қаламгерден мұра болып қалған бұл жәдігердің ерекшелігі – кітаптың түпнұсқасы еліміздің өзге кітапханалары мен музейлерінде сақталмаған. Жәдігерді Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейі жергілікті музейге қаламгердің жиені тарту етті.
Кітап араб графикасында 1948 жылы жарық көрген. Басылып шыққан орны – Қазақтың мемлекеттік баспаханасы, «Қазақ елі» журналының баспасы деп көрсетілген. Жинақта ақынның өлеңдері топтастырылған. Атап айтқанда, «Ана сабағы» дастаны, «Алғашқы адым», «Жолда», «Қуаныш», «Біздің ауыл», «Темір ат», «Шеңбер», «Ана толғауы», «Қырманда», «Ұстаз», «Біздің заман» тағы басқа өлеңдері басылған.
Жәдігерді ақынның жиен-немересі Айдар Қырықбайұлы музейге тапсырды. Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров: «Бұл – музейіміздің қорын толықтыратын жәдігерлеріміздің бірі. Ғали Ормановтың аударма саласына сіңірген еңбегі орасан зор. Қырғыздың «Манас» эпосының бірінші кітабын, А.Пушкиннің «Мыс салт атты» туындысын қазақ тіліне тәржімалаған. Қазақ әдебиетіне де үлес қосқан, жыр әлемінде беделді тұлға. Жыршы Жамбыл Жабаевтың қасында жүріп жазған күнделігінің өзі бір төбе. Музейге көне кітаппен бірге күнделіктері де тарту етілді. Қазір күнделікті оқып, зерттеп жатырмыз. Ол латын әрпімен жазылған екен, оны Жамбыл Жабаевтың мерейтойына қарсы тасқа басып шығарамыз деп отырмыз», – дейді.
М.Ғабитқызы
920 рет
көрсетілді0
пікір