- Ақпарат
- 08 Тамыз, 2024
Бізге беймәлім Ыбырай
Ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен қызметі бұрында бірнеше рет көркемдік шығарма нысанына айналған еді. Алайда олардың бәрі де кеңестік кезеңде партиялық идеологияның ықпалымен жасалған. Нұрдәулет Ақыштың «Алтынсарин алауы» атты романын оқып шыққаннан кейін Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен қайраткерлігі (оның ішінде ұстаздығы да) көп қабатты көркем шығарма жасауды қажет ететін тұлға екенін түсіндік. Романды жазбас бұрын автордың көп ізденгені байқалады. Автор Ресей патшалығының қазақ даласына жасаған «отаршылдық жорығын» анда-санда айтқанымен, алдыңғы планға шығып кеткендей әсер етеді. Өмір жолын тұтас бейнелеу барысында бас кейіпкердің жаңа қырлары тарау сайын көрініп отырады. Алтынсариннің балалық шағы және оның отаршылдық режім жағдайында мектеп ашу жолындағы күресі бұрын жарияланбаған тың деректермен өрнектеледі екен.
Алтынсариннің өз халқын ағарту жолындағы қиын күресі оқиғалар үстінде баяндалады. Кітаптан жолында кездескен барлық қиындық пен кедергіге қарамастан, қазақ халқына білім нұрын сыйлауға ұмтылған ұстаздың әрі қоғам қайраткерінің бейнесі қылаң береді. Автор оқырманды сол дәуірдің тарихи шындығына жетелеп отырады. Дәуірдің шынайы кескінін қалыптастыру үшін тіл мен диалогті шебер қолданады. Бұл зерделі туынды Ыбырай Алтынсариннің өмірбаяны мен ағартушылық жолындағы жеке күресінің ашылмаған аралдарын аралатады. Оның халқына деген өмірлік еңбектеріне жаңа көзқарас қалыптастырады.
Пікір алысуға қатысқандар – Бағдат Сұлтанқызы мен Жұмаш Кенебай.
Бағдат Сұлтанқызы: Ыбырай Алтынсарин туралы көркем шығармалар бұрын да жазылған. Бірақ олар қандай жағдайда жазылған еді? Кеңес өкіметі тұсында, сол замандағы партия мен кеңестің идеологиясы шеңберінде жазылған еді. Екіншіден, оларда ұлы ұстаздың өмір жолынан алынған тиіп-қашты эпизодтар ғана келтірілетін. Ал Нұрдәулет Ақыштың «Алтынсарин алауы» романы бас кейіпкердің балалық шағынан басталады екен. Жалпы, ол кісінің балалық шағы бұрын жазылмағанын білеміз. Содан оқиға Алтынсариннің судья болып жұмыс істеп жүрген кезіне келіп бір-ақ тіреледі. Кітаптың титул бетінде (Төрт бөлімді тарихи роман) 1–2-бөлімдер деп жазылыпты. Демек, енді 3–4-бөлімдері шығуы керек. Осы мәліметтерден кейін туатын ой – шығарма бас қаһарманның өмір белестерін толық қамтиды деуге болады. Оқып шыққаннан кейінгі әсерім жақсы. Тың әрі тосын дерек көп. Романның кейбір тұсын қайталап оқуыма тура келді.
Жұмаш Кенебай: «Алтынсарин алауы» романын бастан-аяқ оқып шықтым. Оқырманның қабылдауына оң әсер ететін тұстары көп екен. Оның бәрін тізбелеп айта берсем, әңгімені ұзартып алатын сияқтымын. Ондағы маған ерекше ұнағаны – автордың өзінің ғана емес, кейіпкерлердің де сөз саптасы, диалогтері. Оқиға болып жатқан кезең қазақ даласына орыстардың енді-енді кіріп, дендеп отарлай бастаған уақыты ғой. Романдағы диалогтер, сөз алмасулар – мұның бәрінен сол дәуірдің иісі аңқып тұрады, жасандылық сезілмейді. Мұндағы қай сөйлемді, қай диалогті алып қарасаң да, жасандылық жоқ, шебер жазылған деп айтамын мен. Сөз тіркестерін, сөз саптасын мысалға келтірсек, көп уақыт алар. Ол үшін бәрін теріп, тізіп жазып отыру керек. Романдағы қазақтың кейбір мақал-мәтелдері, қазақтың қалыптасқан сөздері – бәрі де сол заманның өзіне лайықты сияқты көрінеді. Жазушы дәуір рухын қызықты сөз тіркестері, атаулар мен жер-су аттары арқылы да беріпті. Бастапқыда учитель, укрепление, начальник, учебник сияқты орыс сөздерінің сол қалпы жазылғанын түсінбедім. «Жазушының мұнысы несі?» деп ойлағаным рас. Сөйтсем, ол уақытта бұл сөздер әлі қазақша толық қалыптаспаған екен ғой. Олардың кейбірін Ыбырайдың өзі қазақшалап жүреді.
Бағдат Сұлтанқызы: Иә, автор осындай сөздердің қазақ тіліне кіруіне, олардың баламасының қалай табылғанына көңіл бөле отырып, қысқасы, тілдегі эволюциялық заңдылықтарға да мән береді. Шығарманың тілі жатық, оқуға жеңіл. Арасында басқа жерде кездеспеген соны тіркестерді де байқауға болады. Сөйтіп, дәуір тынысын сездіре отырып, бас кейіпкердің өз мақсаты жолындағы көрген қиындықтарын да жеткізе білген. Негізінен, оқығанымыз бойынша Ыбырай Алтынсаринді Торғайда мектепті бірден аша салды деп ойлаймыз. Сөйтсек, олай емес екен. Орынбордағы басшылар арнайы жібергенімен, жергілікті жердегі шовинист басшылар түк те көмектеспейді. Қайта кейбіреулері кедергі жасайды. Ыбырай ол кезде он тоғыз жастағы жас жігіт. Оның лапылдап келген романтикасы бірден басылып қалған. Сондай сәттегі кейіпкердің көңіл күйін жазушы былай суреттейді:
«Осынау ит арқасы қиянға неғып тентіреп, не іздеп қаңғып келдім осы, а? Құдай қаңғытайын десе, оп-оңай екен ғой. Сонша жерден қаңсырығым түтеп іздеп келгенде, тапқаным не, қанеки?» Оңаша қалғанында ерінін тістелей осылайша күйінішпен келетін сұрақтарына дұрыс жауап таба алмай, қынжыла қиналды.
Безбендеп көрсе, тапқанынан гөрі жоғалтқаны, даңғыл жолынан гөрі адасқаны көбірек екен. Жоғалтқанының не екенін білу үшін соншалықты ақылды, естияр болу да міндетті емес. Бәрі көлденең көзге оп-оңай ұрып тұр емес пе? «Ең бірінші – деді ол қос қолымен басын ұстап, тізесіне шынтағын тигізе, тұнжырай түнерген қалпы. – Ең бірінші... мен жоғалттым... өзім үйреніп қалған озық ойлы ортаны. Жеті жыл оқыған, маған білім берген шаһарды. Сол шаһарда еліміз жалтақтап отырған, қарап отырған қаншама ұлықтардың ортасын, қайнап жатқан тіршіліктің көзін, оқымысты жандарды.
Тіпті қазағым үшін қабағын түйе қараса да, империяның иісін бұрқыратып отырған ұлықтардың ортасы өз алдына бір мактаб екен ғой! Қазағымды жек көрсе де, сол жек көрген жандардың қалай тыныстап, қалай дем алатынын, нені қорек ететінін сезіп жүр едім ғой. Енді соның бәрін... жоғалттым... Меңіреу болдым да қалдым».
«Школ деп келдім, қараңғыда жатқан қазақ баласын оқытып адам қылсам, өзім сияқты, әйтеуір, ептеп көзі қарақты болса, көзі ашылса қазағымның деп қиял қудым емес пе? Енді, міне, не болды? Школ тұрмақ, оның иісі де, көлеңкесі тұрмақ, елесі де жоқ. Тіпті жуыр маңда бола қоятын түрі де көрінбейді».
Осынау бірінен кейін бірі келіп, еңсесін езіп тастағысы келіп, өршеленген ауыр да күйзелісті ойлар тізбегі қарадай қажытып, дүниенің үзірінен баз кешкендей болады» (205–206-беттер).
Жұмаш Кенебай: Иә, осындай үлкен мақсатпен келген жас адамның маңдайын тасқа ұрғандай болып торығуы заңды да. Сонау 1857 жылдан бастап сол 1875 жылға дейінгі аралықтағы қазақ даласындағы, Орынбор губерниясының Торғай округіндегі қазақ тарихының қалай дамығаны, орыс отаршыларының өзін қалай ұстағаны, Ыбырай Алтынсариннің сол жаңағы орыс отаршылдарының тілін табуға тырысып, қазақ мектептерін қалай ашқаны оқырманды бейжай қалдырмайды.
Кітаптың ішіндегі қандай оқиға болсын, тым шұбалаңқы емес, қысқа-қысқа. Мәселен, Ыбырайдың алғашқы махаббаты жайындағы әңгімені алайық. Әнипа екеуінің арасындағы махаббат ұзақ баяндалмайды. Қысқа-қысқа оқиғаларымен әсерлі суреттеліп отырған.
Сөйтсек, Ыбырайдың алғашқы махаббаты сәтсіз болған екен ғой. Көңілі таза, оқыған ақ көңіл жастың өңді қызды ұнатып қалуы орынды. Бірақ сол Әнипа есімді қыз осындай жігітке лайық болмай шығады. Сондықтан қылықтарына қарап, оны жек көре бастайсың. Бірақ өзі сенген басқа жігіттен опа таппайды. Ол қызды қорлап, қалың қамыстың ішіне жалғыз тастап кетеді. Сол уақытта әлгі өзің жек көріп отырған Әнипаны аяп кетесің. Міне, жазушының шеберлігі.
Осыған байланысты мен де бір үзінді келтірейінші:
«Жол бойы мазасын алып, басын мәңгіртіп келе жатқан – қызға деген алғаусыз аяныш сезімі. Оның қайдағы бір қатыгез пендеден екіқабат болып қалғанына бір жағы ызасы келгенімен, екінші жағынан аямасқа тағы шарасы жоқтай. «Әкесі Сүлейменді қойшы, – дейді іштей өзімен-өзі сөйлесіп келе жатып. – Талауға ұшыраған мал-мүлік, әйтеуір, бір орнына келер. Келмесе де, үлкен өкініш бола қоймас. Бәрінен бұрын... мына Әнипаны айтсаңшы».
Мына естіген қолайсыз хабары өзі сезімтал жігіттің жан дүниесін тағы да бұлқан-талқан етіп кеткендей. Үйде болсын, түзде болсын, қайта айналып соға беретін, бәрібір, осы төңіректегі ойлар. Тіпті он екі де бір нұсқасы жоқ школ шаруасы, тіпті оны былай қойғанда, өз болашағының да бұлдыр екені артқы қатарға қарай сырғып, жай бір жеңіл-желпі нәрсеге айналып кеткен сияқты көрінді.
Қарадан-қарап масқара болған қызды аяп тұрып, «Баяғы мені кеудемнен итеріп жібергені үшін Алланың берген жазасы шығар» деп те қояды іштей. Бірақ сөйтіп тұрып, «Шоқ-шоқ!» деп табалауды қаперіне де алғысы жоқ. Қалай ойласа да, бәрібір, барлық пайымын аяныш сезімі басып кете береді» (274-б).
Бағдат Сұлтанқызы: Жазушы Патша империалистерінің қазақ сияқты момын көшпелі халыққа деген теріс көзқарасын әр жерде келтіріп отырады. Халқымыздың отарлаушылардан қандай қорлық көргенін сезінесің. Мысалы, Орынбор укреплениесінің коменданты мектеп ашуға келген жас жігітті қалай қарсы алғанын қарайықшы.
«– Мәртебелі барон мырза! – деді Ыбырайым екеуара сөздің шапшаң таусылып қалғанына қанағаттана алмай. – Маған балалар жиналғанша укреплениеде тілмаштық қызметті де қоса атқарасың деп еді.
– Қандай тілмаш? Сонда, сен кімге тілмаш болмақсың?
– Енді сіздерге әртүрлі жұмыспен қазақтар келіп жатпай ма? Солардың сөздерін сіздерге, ал сіздердің айтқандарыңызды оларға жеткізем.
– Ә, түсінікті. Киргизға не тілмаш керек? Олардың тілмашы, міне, мынау! – деді де, столының шетінде таспасы жыланша ирелеңдеп жатқан дойырды қозғап қойды» (193-б).
Осы шағын эпизод сол дәуірдегі отаршылдық психологияны дәл жеткізіп тұр деп санаймын. Коменданттың «киргизға не тілмаш керек» дей отырып, үстелінің шетінде таспасы жыланша ирелеңдеп жатқан дойырды қозғап қоюы біраз жайдан хабар береді. Демек, ол осыған дейін талай «киргиздің» жонынан таспа тілгенін білдірмей ме? Ыбырайдың көзінің ашылғаны әлгі өркөкірек коменданттың кетіп, орнына Яковлев деген адамның келуіне байланысты. Кейбір мінезі болмаса, оның қазақтарға деген көзқарасы жақсы болып шығады.
Жұмаш Кенебай: Мына романның алғы сөзінде Серікбай Оспанұлы оқиғалары тарихи шындыққа жақын деп жазыпты. Өйткені ол ақын ғана емес, Ыбырай Алтынсаринді зерттеп жүрген ғалым да. Шынында да мұндағы оқиғалардың барлығы да тарихи шындыққа жақын екенін бірден аңғарасың. Мұндағы Ильминскийдің, географиялық қоғам мүшелерінің, генерал-губернатор Крыжановскийдің, тағы басқалардың образдары жақсы шыққан. Бұларды қай образда алып қарасаң да, кәдімгідей сол дәуірдің тынысынан хабар береді.
Бағдат Сұлтанқызы: Романда тек қазақ жеріне келіп жатқан Патша шенеуніктерінің ғана емес, жергілікті халық, қазақ жұртының да адамдары әр қырынан көрінеді. Айталық, шәкірт Ыбырайдың күтушісі болып жүрген Жетібай, Ыбырайдың анасы Аймен, жары Айғаныс, Ерғали ақсақал тағы басқалары есте қалады. Жарқын шыққан образдардың бірі – Балқожа бидің ағасы Ханқожа. Бұл кісі бала Ыбырайды орысша оқығанына мүлде қарсы. Соны естіген сәтте әлгінде ғана күліп отырған оның түрінің лезде бұзылып кетуі, өзінің би інісі Балқожаға сабарман болып шүйлігуі әсерлі шыққан. Ыбырайдың қазақ балалары үшін Орынбор қаласында арнайы ашылған школа бұл кісі ойлағандай емес екен. Басқа пәндермен бірге, Исламның дінінен де мағлұматтар беріліп отырыпты. Оны оқытатын – Хикмет Ғадусалямов деген ноғай молдасы екен.
Жұмаш Кенебай: Романның осы баяндалуымен, осы әдісімен кино түсіруге болар еді. Өйткені оқиғалары сылбыр емес, бірінен-бірі ауысып, дамып отырады. «Енді не болар екен?» дегізіп оқырманды жетектеп отыратын жері аз емес. Оқиғаның баяндалуы, оқиғаның жаңаға шытырман оқиғаларға ұласуы – мұның бәрі де нанымды, сенімді.
Жалпы, романның бітімінде жасандылық жоқ. «Алтынсарин алауы» романы маған ғана емес, оқырманға да ұнайды ғой деп ойлаймын. Менің қолымдағы бірінші кітап екі бөлімнен тұрады, қалған екі бөлім болашақта жарық көретін шығар деп сенемін. Роман қазақ әдебиетіне үлкен бір жаңалық алып келген, соны бір серпіліс алып келген дүние болайын деп тұр. Сондықтан өз басым Нұрдәулет Ақыштың «Алтынсарин алауы» романын шынымен де көркем шығарма, нағыз тарихи шығарма деп бағалай аламын. Роман өте сәтті шыққан, сәтті аяқталған бірінші кітабын осындай әсермен оқып шықтым.
Бағдат Сұлтанқызы: Қорыта айтсақ, Нұрдәулет Ақыштың «Алтынсарин алауы» атты романы – қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен қызметіне арналған аса салмақты туынды. Кітапта Ыбырайдың қазақ білімін қалыптастырудағы рөлі, оның рухани күресі, мектеп ашудағы тынымсыз жұмысы терең зерттелген. Кітапта ағартушылықпен қатар, қоғамдық қызмет атқарған қайраткердің орыс билігімен тіл табысу үшін жасаған әрекеттеріне, қиындықтарына да ерекше назар аударылған. Автордың суреттеуінше, Ыбырай Алтынсарин көз алдымызға талантты да сезімтал, ішкі рухы мықты күрескер жан болып елестейді. Сөйлеген сөзі мен әрекеттерінен тектілігі білініп отырады. Сондай-ақ оның қазақ халқы арасында білімді ілгерілетудегі қажымас күш-жігері ерекше атап өтіледі. Роман орыс отарлау кезеңінде қазақ халқына әсер ететін маңызды тарихи оқиғаларды, әлеуметтік және мәдени шиеленісті тартымды етіп бере алыпты. Автор оқырманға Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен мұрасын тереңірек түсінуге жағдай жасайтын деректі стильді пайдалана отырып, сол дәуірдің тынысын шебер жаңғыртады. «Алтынсарин алауы» – ұлттық жадыны сақтауға ықпал ететін және қазақ халқының қазіргі және болашақ ұрпағын ағартушылық дәстүрлерді жалғастыруға шабыттандыратын, қазіргі қазақ әдебиетіне үлес болып қосылған маңызды мәдени туынды.
Әзірлеген
Бағдат Сұлтанқызы
1209 рет
көрсетілді0
пікір