• Ақпарат
  • 08 Тамыз, 2024

Оқу, грант бар жұрттар

188 мыңнан аса түлектің 140 мыңға жуығы жоғары оқу орнына түсуге ниетті. Демек, биылғы оқу жылында 650 мыңға жуық студент білім алмақшы. Гранттарды бөлу, студенттерді қабылдауға дайындық, оларды жатақханамен қамтамасыз етудің жай-жапсарын Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндады.
 

Қандастарға арналған грант саны артты

 

Министрдің баяндауынша, 2022 жылдан грант саны артып келеді. Жоғары білімнің қолжетімділігін арттырудың қосымша тетіктері де қарас­тырылған. Атап айтқанда, дифференциалды гранттар, жеңілдігі бар несиелер, «Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» бағдарламалары. Қазір елде 120 ЖОО жұмыс істейді. Министрлік алдағы 3 оқу жылына кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырысты бекітті. 2024–2025 оқу жылына барлығы 94 250 грант бөлінген. Оның ішінде 79 мыңға жуығы бакалавр үшін, 13 мыңнан астамы магистратураға және 2 919 грант докторантураға бөлініп отыр. 181 мыңнан аса талапкер екі мүмкіндікті ескере отырып, ҰБТ тапсырды. Үміткерлердің 82%-ы шекті балдан өтіп, гранттар конкурсына былтырғымен салыстырғанда биыл 11 мың талапкер көбірек қатысқан. «Мемлекеттік білім беру тапсырысы соңғы 3 жылда алғаш рет 99%-ға игерілді. Атап айтсақ, конкурс нәтижесі бойынша әлеуметтік осал топтардан 412 жетім бала, мүмкіндігі шектеулі 382 адам, көпбалалы отбасыдан шыққан 3 576 бала, толық емес отбасыдан шыққан 933 бала, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыдан 437 балаға грант берілді», – дейді министр.
Қандастарды қабылдау процедурасын өзгерту нәтижесінде биыл алғаш рет 1 604 қандасқа грант берілген. Сондай-ақ батыс және халқы тығыз қоныстанған өңірлерден шыққан жастарға арналған 5 000 мақсаттық грант 100% игерілген. Министр елдегі су тасқынына байланысты зардап шеккен өңірлердің түлектеріне 5 112 грант бөлінгенін айтып отыр.
«20 мыңнан аса түлек су басқан өңірден мектеп бітірсе, соның 10 мыңнан аса түлегі жалпы конкурс­пен өтті. Зардап шеккен аймақтар үшін квоталар қарастырылғанымен, осы аймақтардағы талапкерлердің көпшілігі жалпы конкурс бойынша грант алды. Грант алғандардың тек 1 130-ы немесе 1,7%-ы осы мүмкіндікті пайдаланды. Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжаттарын тапсыру мерзімі ұлғайтылды, конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатты ұсыну мүмкіндігі берілді», – деді С.Нұрбек.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария саласының гранттары толық игерілген. Мемлекеттік грантқа тапсырыстың 60%-дан астамы экономиканың басым бағыттары (инженерлік іс және құрылыс, педагогика, денсаулық сақтау, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, ауыл шар­уашылығы, ветеринария) бойынша кадрлар даярлауға бағытталған.
ҰБТ нәтижесі бойынша ең жоғары конкурс стоматология (1 орынға 35 адам), халықаралық қатынастар (1 орынға 12 адам), аударма ісі (1 орынға 10 адам), психология (1 орынға 9 адам), құқық (1 адамға 8 адам), сызу пәнінің мұғалімі (1 орынға 8 адам), шет тілі мұғалімдерін даярлау (1 орынға 8 адам) білім беру бағдарламалары бо­йынша болған. 
Ең аз конкурс көлік құрылысы, механика және мал шаруашылығы бойынша оқыту бағдарламаларына қатысты.
«Қосымша гранттар да қарастырылған. Қазір екі мыңнан аса грант жергілікті атқарушы органдардан бөлінді. Бұл көрсеткіш тағы да ұлғая­ды. KazEnergy қауымдастығының гранттары да бар. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алу үшін Түрік республикасының 500 гранты берілді. Freedom Finance Group компаниясынан 400 грант кеше бөлінді. Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800 мақсатты грант ұсынды. «Қазақстан халқына» қоры 850 грант бөледі. Бұдан бөлек, еліміздің 18 жетекші университеті өздерінің ректорлық гранттарын ұсынады. Олардың қатарында Сәт­баев, Есенов, Аманжолов, Торайғыров атындағы Тұран-Астана секілді университтер бар. Сессия нәтижелері бойынша бос гранттарды алу мүмкіндігі бар. Жұмыс берушілердің гранттары да қарастырылған», – дейді Ғылым және жоғары білім министрі. Қазір сегіз мыңнан аса қосымша грант бар. 

Жатақхана көбейсе...

Оқу жылының басында студенттер үшін маңызды мәселенің бірі – жатақхана. Министрлік жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын нығайту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін енгізу бойынша жұмыс істейді. Нәтижесінде 27 мың төсек-орынға арналған 126 нысан пайдалануға берілген. 2024 жылы 10 576 орынды 27 жатақхананы пайдалануға беру жоспарда тұр. Еуразия ұлттық университетінің 2,7 мың төсек-орынды студенттік қалашығы, Петропавл қаласында 1,2 мың және 306 орынды Қозыбаев университетінің жатақханасы бар.
«Бұл тетіктер заманауи дизайны бар, жасыл кампус тұжырымдамасымен және шетелдік студенттік резиденциялар (student residence) форматына сәйкес келетін жатақханалар салуға мүмкіндік берді. Мысалы, бұндай жатақханалар Алматы қаласында пайдалануға берілетін НАРХОЗ – 424 орынды жатақханасы. Астана мен Алматыда Ғылым және жоғары білім министрлігі ғимараттарды жатақханаға айналдыруға мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Студенттердің оқу жылының басында көптеп келуі, әсіресе Алматы мен Астанаға айтарлықтай келетіндіктен, біздің министрлік бірыңғай колл-орталық пен ахуал орталығын ұйымдастырады», – деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ әрбір жоғары оқу орнында көмекке мұқтаж студентті қолдау орталықтар барлық жоғары оқу орнында қыркүйек айының ортасына дейін жұмыс істейді.
Ғылым және жоғары білім минис­трі Мемлекет басшысының елімізде жетекші шетелдік оқу орындарын ашу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы да баяндады. Оларды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Алматыда 5 үлкен кампус ашу жоспарланып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Астанада 2 жетекші британдық университеттің кампусын ашу жоспарланып отыр. Түркістанда кореялық жетекші технологиялық ЖОО-ның үлкен филиалы ашылады.
Жалпы, жетекші шетелдік зерттеу жоғары оқу орындарының 27 филиалы ашылған. Биыл оларда оқу үшін 1,8 мың грант қарастырылған. 1 014 грант игерілді, бірақ конкурстық рәсімдер аяқталған жоқ.

Ғылым мен өндіріске арналған байқау

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жоғары оқу орындарының қызметін өндірістің нақты сұраныстарын шешуге қарай бағыттай отырып, ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың жаңа тетіктерін әзірлеуге қатысты бұрын берілген тапсырмасы туралы да Ғылым және жоғары білім минис­трінің есіне салды. Аталған бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баян­даған министр негізгі төрт бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. 
Бірінші кезекте жоғары ғылыми-техникалық комиссияның жұмысы өзгертілді. Комиссия құрамына еліміздегі ең ірі кәсіпорын басшылары шақырылды, бұл ғылым мен экономиканың негізгі салалары арасында тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы әрбір ірі кәсіпорын жанынан келісім бойынша түйткілді мәселелерге қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі арнайы комитеттер құрылады. Мәселен, мұндай комитеттер Kazakhmys, ERG, Qarmet кәсіпорындары жанынан құрылып, отандық ғалымдар комбинаттардың қызметіне ғылыми қолдау көрсетумен айналысады.
«Енді біз тапсырысты, ғылыми өзекті тақырыптар мен ғылыми-зерттеулер бағыттарын ғалымдардан сұрамаймыз. Біз өндіріске барып, ондағы шешімі ғылымның үлесін қажет ететін нақты технологиялық мәселелерді зерттеп, жинақтаймыз. Яғни ғылыми ортаның алдына тапсырысты сол өндіріс қояды», – деді министр.
Трансформация өңірлік жоғары оқу орындарына да әсер еткен: университеттер халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып, неғұрлым тереңдетілген ғылыми-зерттеу жұмыстарына көше бастаған.
Биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң аясында Ғылым қоры салаға қосымша инвестиция тарта отырып, бизнес­пен тығыз байланыста жұмыс істеуге көшкен. Қызметі нақты өндірістік мәселелерді шешуге бағытталуға тиіс ғалымдарға қойылатын талаптарды күшейте отырып, гранттық қаржыландыруды ұсыну форматы да өзгерді. 
Жаңа заң жергілікті атқарушы органдарға ғылым бойынша қосымша қызмет ұсынды. Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындармен және ғылыми мекемелермен байланыс орнатып, әр өңірде аймақтық мамандандыру саласын қалыптастырды. Аймақтық ғылымды жергілікті бюджеттен қаржыландыруға болады.
«Жаңа Заңда жас ғалымдарды қолдау және ынталандыру шаралары – жалақыны арттыру, қосымша үстемеақы белгілеу, тұрғын үй мәселелерін шешу, гранттар санын көбейту қарас­тырылған. Жалпы, біз ғалымдарды ғылыми шығармашылыққа, нақты міндеттерді шешуге бағыттауымыз керек. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында барлық тапсырма орындалады», – деді Саясат Нұрбек.
Енді грант мәселесіне оралсақ. Көп талапкер су басқан өңірлерге грант бөлінгендіктен, өздері қалаған оқу орнына түсе алмай қалғанын айта бастаған тұста министр оның да жауабын берген еді.  «Су тасқыны бүкіл елге ортақ сынақ болды. Осы жағдайға байланысты, біз жоғары білім алуға гранттардың аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес, 5 112 грант. 20 мыңнан аса түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан аса түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық. Кешегі ата-аналар мен балалардың қуаныш жасын көріп, біз де бірге қуандық. Бірақ, өкінішке қарай, грант ала алмаған түлектер мен отбасылардың мұңында да біз біргеміз. Көптеген адам министрлікке, маған хабарласып, жазып жатыр, ал осы нәтижені сабырмен қабылдағандар да бар екен. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін квота қарастырылғанымен, сол аймақтардың талапкерлері жалпы конкурс бойынша грант ұтып алды. Грант алғандардың тек 1 130-ы немесе 1,7%-ы мүмкіндікті пайдаланды. Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжаттарын тапсыру үшін мерзімі кеңейтілді және конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілді. Жоғары балл жинаған 10 мыңнан аса адам грант ала алмады, оның ішінде 7 мыңнан астамы шығармашылық мамандықтар бойынша екенін айту қажет. Мысалы, дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау бойынша 1 орынға 11 адам, сән және дизайн бойынша 9 адам, ал стоматологияға 1 орынға 35 адамнан келді», – дейді ол.

 

Бижан Құрманғалиқызы,педагогика ғылымының кандидаты, доцент:

 

Шығармашылық қабілетті дамытқымыз келсе

 

Министрдің «Жоғары балл жинаған 10 мыңнан аса адам грант ала алмады, оның ішінде 7 мыңнан астамы шығармашылық мамандықтар бойынша екенін айту қажет» деген сөзіне орай педагогика ғылымының кандидаты, доцент Бижан Құрманғалиқызына хабарласып, «Бала қиялын ұштау үшін, шығармашылық сынақтардан сүрінбей өту үшін жазуды, шығармашыл болуды қай жастан үйреткен дұрыс, қалай үйреткен дұрыс?» деген сауал қойған едік. 


– Бала қиялын қалай ұштаймыз? 
– Абайша айтқанда, бала «көрсем, білсем» және «ішсем, жесем» деп дүние­ге келеді. Ата-анасы, қоршаған ортасы қайсысына басымдық берсе, бала соған бейім өседі. «Ішсем, жесемі» басым болса, дүние­ге құмар, тоғышар бала өседі, ал «көрсем, білсемі» басым болса, рухани бай, қиялы жүйрік, дана ұрпақ қалыптасады. 
Баланың жас кезінде  қиялын қуып жету мүмкін емес. Олар түрлі құбылыс­ты қиялымен ойын да бейнелей алады. Сондықтан оның қиялына қанат бітіріп, ойын ұштап отыру – қоршаған ортасы мен ата-анасының жауапкершілігінде болатын пайдалы іс. 
Бала қиялын ұштау үшін:
Баланы жас кезінен өзін қызықтыратын іспен айналыстыру мақсатында ойын құралдарымен қамтамасыз ету;
Яғни бала өз іс-әрекетін ұйымдас­тырып, басқара алатындай мүмкіндік жасау;
Қиялындағыны жарыққа шығару үшін қағаз бетінде бейнелеуге баулу;
Түрлі заттарды құрастыруға көмектесу және әрбір іс-әрекетін міндетті түрде қолдап отыру. 
Бұл – баланың шығармашылығын оятудың алғашқы қадамы.
 Сауатты және түсініп оқуға, оқып білгенінен ойын тұжырымдауға үйренген кезде баланың жазу сауаты да арта бастайды. Осы мезетте әр пән мұғалімі балаға мынадай мүмкіндік туғызуға қызмет етсе болғаны:
- әр баланың жеке пікірімен санасу;
- ⁠ойын ортаға салып, пікір алмасуға баулу;
- ⁠өз бетінше пікірін жазып беруге көмектесу және қолдау.
– Баланың шығармашылығын одан әрі дамытудың жолдары қалай? 
– Шығармашылыққа баулудың келесі  қадамы баланың сауатының ашылуына тікелей байланысты. 
Оқу-жазу сауаттылығы баланың жас ерекшелігіне сай уақытында және дұрыс қалыптасса, оның өмірге икемделуіне, өнерге бейімделуіне мүмкіндігі жоғары болады, шығармашылық бағдары да айқындала түседі. 
– Оған қалай қол жеткіземіз? 
– Баланың оқу-жазуға даярлығы оның сөйлеу тіліне тәуелді. Ойын еркін жеткізе алатын, әрине, ана тілінде ойын жеткізе алатын бала оқу-жазуды жылдам меңгереді. Сондықтан сауат ашу – бала үшін, оған жауапты мұғалім және ата-ана үшін ең маңызды кезең. 
Жауапты тұлғалар өз қызметін дұрыс атқарса, онда бастауыш сатыда-ақ көргенін бейнелуге құштар, суретін сөйлетуге құмар, оқығанын бөлісе алатын, жазғанын тыңдата алатын  шығармашыл тұлғаның өсіп келе жатқанын байқай аламыз. 
Өйткені, білім мен ғылым негіздері бастауыш сыныптарда қалыптасады.
– Ойыншықты дос көріп, ойнап жүрген баланы кітап оқуға қалай қызықтырамыз?  
– Ерте жастағы баланы ойын баласы дейміз ғой. Баланы ойната білу де өнер. Дұрыс ойнап өскен баланың ойлауы да дұрыс болады. Сондықтан ойынды мақсатына қарай ұйымдастырып, ізгі істерге бау­литын ойын түрлерін көп қолдану қажет. 
Ойын арқылы бала адамгершілік қарым-қатынастың бастапқы үлгілерін меңгереді. Ойын әрекетінде адами қасиеттері қалыптасады, еңбекке баулынады, шығармашылыққа бейімделеді. 
Ойын құралын оқу құралына сәтті алмастырғанда ғана оқуға құштар баланың тұлғасы пайда болады.  
Қазіргі балалар қоршаған ортасындағы құбылыстар мен өзгерістер туралы ақпаратқа біршама қанық. Олар қолындағы гаджеттен-ақ қажетін іздеп таба алатын мүмкіндікке ие.  
Сондықтан хат танып, өзі оқи алатын       баланың қолында білімі мен танымын кеңейтуге, қызықты оқиғалармен тәрбиелеуге, пайдалы ақпаратты бөлісуге бағдарланған кітап болғаны абзал. 
Балаларға арналған әдеби көркем шығармалардың мазмұны балалардың бүгінгі өміріне, күнделікті шынайы әрекетіне байланысты құрылса, олардан бала өз бейнесін көргенде ғана қызыға бастайды. 
Отбасыдағы қызықты оқиғалар, туған жерінің ерекшеліктері туралы сюжеттер олардың ұлттық құндылықтары мен өзіндік  көзқарастарының қалыптасуына негіз болады. 
Кітап оқуға құштарлық бір күнде пайда болмайды.  Ол – баланың қоршаған ортасын тани бастаған сәттен басталып, үздіксіз жалғасатын процесс.
Баланың ойыншыққа қызыға қарайтың кезеңінде суретті кітапқа да ықыласын аударуға болады. 
Өзіне таныс суреттерді кітап бетінен көрген сайын баланың кітапқа ынтасы  арта түседі. 
Осы кезеңді баланы кітапқа қызықтырудың алғашқы сатысы деп есептейміз.  Осылайша, оның сүйікті кітаптарының сөресі пайда болады. 
Әр баланың өз затына өзгеше қарайтынын ескерсек, өзімен бірге өсетін кітапхана қоры да жинақталуы  ғажап емес.
– Балалар әдебиетінің бүгінгі беталысы қандай?
– Балалардың оқу сауаттылығын арттыруға балалар әдебиетінің ықпалы өте зор. Сыныптан тыс оқу қызметін тек балалар әдебиеті атқарады. 
Бірақ бүгінгі осы қызметтің күші әлсіреген. Оған түрлі себеп бар: біріншіден, балалардың түрлі үйірмеге, репетиторға баруына байланысты қосымша әдеби шығармалар оқуға уақыты жетпейтін ­сияқты.  
Екіншіден, қызығып, іздеп жүріп оқитын кітаптардың тапшылығы болар. 
Үшіншіден, кітап оқу дағдылары қалыптаса қоймаған балалар болуы мүмкін. 
Дегенмен, қуанарлық жағдай, Мемлекет басшысының  «Балалар әдебиеті» жылы  атағалы бері балалар әдебиетінің аясы кеңейіп, балалар жазушыларының қатары артып келеді. 
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі кітапхана жұмысын жандандырудың түрлі жолын ұсынып отыр. Мектептегі кітапхана қорын байытуға тың қадамдар жасады. Игі бастама баспалар тарапынан қолдау тауып,  көркем әдебиеттер мен ғылыми-танымдық әдебиеттер қорының жасақталғанына өзім куәмін. 
Енді педагогикалық қауым оқушыны кітаппен жұмысқа тартудың, кітап оқуға қызықтырудың амалы мен тиімді тәсілдерін қарастыруы қажет. Сонымен бірге министрліктің басшылығымен білім мен тәрбие мазмұнын ұлттық құндылыққа негіздеу идеясы іске асырылып жатыр. Бұл балалар жазушыларының шығармашылығына едәуір екпін береді деп есептеймін. Өйткені құндылыққа бағдарланған білім мазмұны заман талабына сай тың  шығармаларды арқау ететіні сөзсіз. 
Сондықтан балалардың жасына сәйкес көкейіндегіні қозғап, көңілінен шығатын (аударма емес) және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін әдеби көркем және ғылыми-танымдық төл шығармалар жазуға шақырамын.
– Көп рақмет!

Әзірлеген 
Қарагөз Серікқызы

 

1019 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы