- Ақпарат
- 15 Тамыз, 2024
Рәбиға бегім
(Эссе)
«Халық жауының» қызы
Қасиеті қаншама,
Қасіреті соншама!
Халық қызын өсірген
«Халық жауы» болса да!
(Тақырыптың тұздығы)
Бұл үйдің отбасылық альбомында бір ерекше сурет бар. Сурет болғанда да, жаныңды елжіретіп жіберетін қастерлі дүние. Бір шаңырақтың адамдары – әкесі, шешесі, төрт баласымен бірге далаға алаша төсеп, соның үстінде асықпай шай ішіп отыр. Ақ жаулықты әдемі келіншектің алдында самаурын қайнап тұр. Сол жез самаурынның төбесіне құман қонақтаған. Оң жақ шетке таман шашы қалың, қасы-көзі қап-қара, қаба сақалды, ақ көйлек киген келісті жігіт ағасы жайғасқан. Үсті-басы мұнтаздай. Өз заманындағы оқыған-тоқығаны мол, қайсар қазақтың кейпін көресің. Шынында да солай, бұл – ұлтымыздың ардақты перзенті, зобалаң жылдарда «халық жауы» атанған айбарлы азамат Сәтіғали Құтқожин. Ал әкесінің қасында бейғам отырған титімдей ғана орамалды қыз – болашақ академик, баршаға аты мәшһүр тілші ғалым Рәбиға Сыздық. Қараңыз. Көзі өткір. Өмірге құштар. Қайрат-жігері атойлап тұр.
Сонымен, солдан оңға қарай: Рәбиғаның анасы Жеміс Қалуқызы, сіңлісі Роза, кіші ағасы Хамит, Рәбиғаның өзі, әкесі Сәтіғали Құтқожин және үлкен ағасы Шафхат. Сурет Рәбиға апайдың үш жасында, яғни 1927 жылы Ойыл ауданындағы Ашықбай тоғайында түсірілген.
Дала төсіне жайылған жұпынылау осы дастарқанда аста-төк азық жоқ. Оның есесіне осынау көріністе жүрегіңді жылытатын жарасымдылық бар. Әулеттің алтынға баламайтын ең қастерлі суреті – осы. Соған қарап отбасындағы үйлесімділікті ұғасың, сыйластықты сезінесің. Бүгінгі тілмен айтқанда, нағыз бақытты шаңырақтың жай-күйіне куә боласың. «Бейбіт күннің бұл да бір жыры ма еді?!» деп Қадыр ақын толғағандай, өте әсерлі сәт.
Бірақ көп ұзамай осы бақытты тіршіліктің быт-шыты шықты. Елдің басына бұлт үйірілді. Отыз жетінші жыл келді. Қазақ оқығандарын қудалау басталды. Бірнеше өңірдің байланыс жүйесін басқарған Сәтіғали Құтқожинға да құрық түсті...
Рәбиға сіңлісі – Роза екеуі дүкеннен нан алып келе жатқанда үй маңынан ұзап бара жатқан ат жеккен арбаны, оның үстінде отырған әкесін, қасына жайғасқан екі адамды көреді. Осы мезетте Сәтіғали екі қызына жалт қарайды да әрі бұрылады. Үйге кірсе, дүниенің бәрі астан-кестен. Еңіреп жылаған шеше.., қабағы түйілген аға.., шашылған мүлік... Әкесі сол кеткеннен мол кетті.
Ал он үш жасында әкесінен айырылған Рәбиғаның көрмеген қиындығы жоқ. Сәтіғали ұсталар алдында қызметтен босатылған соң тұрған үйінен шығарылған-ды. Сондықтан олар ағайын-туыстың құжырасын паналап жүрді. Ол аздай «халық жауларының» әйелін ұстап, перзенттерін балалар үйіне өткізгелі жатыр екен» деген қауесет шықты. Сол қауесет сейілгенше ішкені – ірің, жегені – желім болды. Сырттан мәшиненің гүрілі естілсе, бұл үйдің балалары шешесін құшақтап, еңіреп қоя береді. Ең ауыры мынау болды. Класта бір партада қатар отырған Жидехан Дербісалина деген қыз бар еді. Сол өмірі қасынан шықпайтын Жидехан келер күзде мектепке барғанда Рәбиғаның жанына жоламай қояды. «Халық жауының» қызынан бәрі де іргесін аулақ салады. Дәл осы сәтті кейіпкеріміз былайша бейнелейді: «Бірінші партаға отырып алдым. Жаныма ешкім келмейді. Басқаларға таласып келіп отырып жатыр, артыма қарасам, үнемі қасымда жүретін Жидеханым отыр. «Ойбай, Жидехан, мына жерге келсейші», – десем, «Осы жерге отыра берейін, сен сонда отыра тұрсайшы», – дейді. Онда да ойымда ештеңе жоқ, басқа біреулерді шақырайын дедім де отыра бердім. Сабақ басталды, жалғыз отырмын. Артыма қарасам, оқушылар екі-үштен отыр. Бала көп, парта жетпейді. Бірақ Жидехан қасыма келген жоқ».
Күні кеше ғана төңірегінде шырқ үйіріліп жүрген Жидеханның тосын қылығы жас қызды әбден ширықтырған сыңайлы. «Намыс» деген ұғым оның санасына ерте ұялады. Тек өзіне ғана сенуге дағдыланды. Алдына мақсат қойды. Соның шыңына жеткенше тынбай еңбек етуге бейімделді. Бәрібір Жидехан қыздың жүрегі жылы екен. Ол безгекке шалдығып, ұзақ ауырған қызды қиналған сайын үйіне арқалап әкеліп тастайды. Мектепте Рәбиғаны безгек қысқан кезде Жидехан «жедел жәрдем» секілді әрқашан дайын тұрады.
Сәтіғали Құтқожинның 1937 жылы атылғаны кейінірек мәлім болды. Ол 1958 жылы ақталды. Өз дәуірінде оның Алаш арыстарының тілеулесі әрі сенімді серігі болғаны жөнінде мәліметтер айтылып қалады. Басқа біреу болса, бүгінгі кезеңде асығын алшысынан түсіретін осы тақырыпты бірден жалаулатып әкетер еді. Ал Рәбиға апай бұл мәселені де індете қоймады. Қашаннан қанына сіңген қарапайымдығын танытып, әкесінің Алашқа қатысын салмақтылық пен салқындылықтың безбеніне салды. «Анамыздың әңгімелерінен білетініміз, – деп жазады ол, – әкеміз 1915–1916 жылдар және 1917–1920 жылдар аралығында жерлесі Халел Досмұхамедовпен (олар бір мектепте оқыған, бірақ 3–4 класс айырмашылықпен, әкеміз Халелден 4–5 жас кіші болған), дәрігер Иса Қашқынбаевпен, заңгер Жанша Досмұхамбетовпен, төре тұқымы Шынтас Қаратаевпен, жерлесі Рахметолла Қаржаубаевпен жиі араласып, қатар жүрген. Бұл аталғандар «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің көрнекті, жетекші қайраткерлері болғаны мәлім. Әкеміздің бұлармен пікірлес, идеялас болғаны сөзсіз, бірақ олар сияқты алдыңғы шептегі қайраткер болмаған сияқты, әйтпесе тарихта аты бірге айтылар еді. Дегенмен 1937 жылы ұсталғанда, Алаш басшылары түгел атылғанда, олармен пікірлес, аралас, жолдас болған тіпті қарапайым адамның да аман қалуы мүмкін емес еді».
Ал Батыс Алашорда тарихын зерттеген ғалым, мұрағат майталманы Мақсат Тәж-Мұрат өзі тапқан деректерге сүйене отырып, Рәбиғаның әкесі ұлт үшін арпалысқан қажырлы қайраткерлердің қатарында болғанын айтады. Халел Досмұхамедовпен мектепте бірге оқыған Сәтіғали Құтқожин «Алашорданың» батыс бөлімшесінің пошта-телеграф бөлімін басқарған. Кейбір құжаттарда «Алашорданың» батыс бөлігінің пошта-телеграф министрі деп те көрсетіледі.
Міне, осындай өмір өткелегінен өткен кішкене қыз кейін жалпақ жұртты мойындатқан тілші-ғалым болды. Күллі елдің қадірлісі атанды. Тоқсан бес жыл ғұмыр кешті. «Халық жауының» қызы халықтың аяулы қызына айналды. Мұның бәрі кейін...
Жер сілкінген түн
Оқығанын түйсінген,
Тоқығанын түйсінген,
«Рәбиға, сол қыз!» – деп,
Қасым ақын сүйсінген!
(Тақырыптың тұздығы)
Қазақтың ақиық ақыны – Қасым Аманжоловтың «Рәбиға Құтқожинаға» деген екі-ақ шумақ өлеңі бар. Осы өлең сол тұстағы сәмбі талдай бойжеткен, болашақ тіл білімінің тарланы, академик Рәбиға Сыздыққа арналған. Бұл жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Атақты ақынмен 1945 жылы танысқан Рәбиға апай бертінде берген сұқбаттарында: «Қасым аға көзі тірі кезінде мұндай өлеңі бар екенін маған айтқан емес», – дейді. Жыр жампозының дәптерінде таңбаланып қалған қос шумақ кейінгі кітаптарына енгізіліпті. Сонымен, 1946 жылы жазылған делінетін осы өлеңнің мәтіні мынадай:
Тіліңіз тәтті, ойыңыз қандай?
Тыңдадым, ұқтым жан күйіңізді.
Болар ем күнде бір жасағандай,
Көп туса қазақ дәл сіздей қызды!
Ойыңыз жарқын, тойыңыз жақын,
Қуаныш, бақыт бір өзіңізде.
Жүрегіңізге тимесін салқын,
Ұрынба, жаным, ертелей күзге!
Қасым ақын өрімдей жас қыздың алдағы өміріне тілеулес болып, өз ойын осылайша өрнектепті. Алайда ол жаны жаралы Рәбиғаның кішкене күнінде тағдырдан теперіш көріп үлгергенін, жұдырықтай жүрегіне салқынның да, ертелей күздің де сызаты баяғыда-ақ түскенін қайдан білсін?!
Қан майданнан аман-есен оралып, Алматыда алшаңдап жүрген арқалы ақын Рәбиғамен зиялылар басқосуында жүздескен. Дәлірек айтқанда, Қасыммен жерлес ағасы, қазақ жырының тұлғалы өкілі Қуандық Шаңғытбаев таныстырған. Бесіктен белі шықпай жатып, тірліктің ащы-тұщысына қаныққан бойжеткен Ақтөбе қаласындағы мектепте жұмыс істеп жүргенде Алматыда өтетін ауқымды іс-шараға шақырылды. Ұлы Абайдың туғанына жүз жыл толуына арналған бұл жиын оның кейінгі өміріне жол ашты.
Осынау сәттердің естелігі Рәбиға Сыздықтың жазбасында былайша бейнеленеді: «Сол күні есімде қалғаны – қасымызға Қуандық Шаңғытбаевтың келгені. Онымен бұрын емтихан тапсырып жүрген кезден таныспыз, сонда сабақ береді-ау деймін. Қасында тағы бір адам бар. Оны «Мынау – Қасым Аманжолов деген ақын» деп таныстырды. Кешке театрға келгенімізде Қасым, Қуандық – бәріміз бірге отырдық. Тыңдаған болып, үндемей отырмыз. Түсінбейміз. Және орысша. «Опера» деген осы екен ғой дедік. Еш нәрсесіне түсінбедік. Әйтеуір, мәз боп қайттық».
Театрдан кейін Қуандық пен Қасым Ақтөбеден келген мұғалімдерді шығарып салады. Рәбиға апам сол жолы Қасымның көп сөйлемейтінін, керісінше, өзінің едәуір ашылыңқырап әңгімелескенін атап өтіпті. Бұл үзіктен де даңқты шайырдың мінез-құлқы туралы азды-көпті түсінік аламыз. Оның жас қызды үнсіз тыңдап, ойға шомып тұрған сәті көз алдыңа келеді. Бұдан әрі Қасым Аманжоловтың есімі Рәбиға апайдың жазбаларында ұшыраса қоймайды.
Қалай болғанда да, қазақ поэзиясына өршіл рух, ерекше еркіндік әкелген Қасым ақын қан қасаптың өтінде жүргенде «Дариға, сол қызды» жырласа, елге табаны тиген соң жас педагогтің болмыс-бітіміне, қабілет-қарымына, сөз саптауына тәнті болып, «Рәбиға, сол қыз» деп ой толғағысы келген сыңайлы. Әйтсе де ол «Болар ем күнде бір жасағандай, Көп туса қазақ дәл сіздей қызды!» деп келешектен көп үміт күткенімен, ардақты апайымыз дара қалпында қалды. Әрине, қазақтың лингвист-ғалым қыздары баршылық. Бірақ ғибратты ғылымымен елді аузына қаратқан академик Рәбиға Сыздықтың жөні бөлек.
Қасым өлеңінің жай-жапсарын осымен түйіндей салуға да болар еді. Жоқ, өйте алмайды екенбіз, кейінірек жаңа деректің шеті шықты. «Қазақстан» ұлттық арнасы «Келбет» сериясымен ұсынған деректі көрсетілімде ардақты апайымыз тағы бір қызық мәлімет айтты. 1946 жылғы қыс айында КазПИ-дің студенттері Қасым Аманжоловты кездесуге шақырады. Басқосу әйгілі 6-аудиторияда өтіпті. Руханиятқа қатысты іс-шараның бәрі сол жерде ұйымдастырылады екен. Жыр кеші әбден қызған шақта жер қатты сілкінеді. Жұрт дүрлігісіп кетеді. Жазық жерде туып-өскен Рәбиға мұндайды бұрын көрген емес-ті. Ақтөбе жақта жер мүлде қимылдамайды ғой. Түн ортасы болып қалған мезгіл-тін. Тегеурінді тұрғыластарына әншейінде «Олар да бұл Қасымды бір байқасын!» деп өр мінезін танытып жүретін айбарлы ақын бұл жолы түк саспайды. «Отырыңдар-ей, не болды сонша даурығып? Мен ғой жерді сілкінтіп сөйлеп жатқан» деп, көпке қарап қалжыңдап, жапырыла жаздаған жұртты лезде сабасына түсіреді. «Сол жылы жазылған өлең екен. «Тыңдадым, ұқтым бар сырыңызды», – дейді. Менің сырым, арманым, дариғам – оқу, білім алу, интеллектісі жоғары адам болу. Құр сауатты, тек білімді адам емес, интеллектінің адамы болуым керек мен. Осыны Қасым түсінді», – деп еске алады Рәбиға апай осы хабарда.
Жер сілкінген түні Қасым ақынның жасы 35-те еді де, Рәбиға Сыздық 22-ге де тола қоймаған бойжеткен-ді. Бұл кезде Қасым ағаның «көрпесін қырда қымтап жатар» мезгіліне дейін әлі бақандай тоғыз жыл бар еді. Әрине, сол түні Алатау баурайының бір тулап, басылғаны жыр кешіне қатысқандардың ой-санасына қалай әсер еткенін білмейміз. Бірақ Қасым да, Рәбиға да кейін өз саласына алапат сілкініс әкелді. Қасым Аманжолов қазақтың қара өлеңін қайта қалыптап құйып, жыр әлемінде жанартау атқылатты. Ал Рәбиға Сыздық тіл білімінің қасаң қағидаларына қан жүгіртіп, терең тамырларын қопарып, сөз дариясының сеңін қозғалтты. Бәлкім, сол түні жаны жаралы жер бейбақ бекерден-бекер сілкінбеген болар...
Теңіз тербеген тағдыр
Көшелі боп жаралған,
Көшін түзген Аралдан.
Көп толқынмен алысып,
Көк теңізден нәр алған!
(Тақырыптың тұздығы)
Рәбиға апайдың ғұмырнамасындағы дәл осы тұсқа аса назар аудара қоймаппыз. Өмірбаяндық деректерін қанша рет қарап жүргенімізбен, тап сол мәлімет көзімізге түспепті. Рәбиға Сыздық бала кезінде екі жылға жуық уақыт Арал қаласын мекен етіпті. Әттеген-ай, ертерек білсек, бұл тақырыпқа тереңірек бойлап, індетіп әңгімелесер едік қой. «Төрт жасыма дейін Ойылда тұрдық. Төрт жасымнан бастап жол жүрумен, бір жерден екінші жерге көшумен болдық. Шамасы, әкеміз телефон, телеграф, пошта істерін білетін аз адамның бірі болуы керек, қай жерде жаңадан аудан ашылып жатыр, қай жердің байланысын күшейту керек, соған бір жыл өтер-өтпестен әкемізді ауыстырды да отырды», – деп жазады Рәбиға апай. Кейін олар Ақтөбеге көшеді. Әкесі Сәтіғали Құтқожин Ақтөбеде бір жарым жыл жұмыс істеп, Табын деген ауданға (қазіргі Байғанин ауданы) жіберіледі. Тағы да көшу... Ат-арбаға жүк арту... Жол-жөнекей аялдау...
Рәбиға көкжөтелге ұрынып, жыл бойы ауырып, Табынның мектебіне барып жарытпайды. Содан көктем шыға, оқу жылы аяқталғалы жатқанда ғана басын көтереді. Мұғалім үйге келіп тұрады, ағасының қасында отырып өздігінен оқиды, әйтеуір, «Екінші класқа көшті» деген қағаз алады.
Әрі қарай апайдың жазбасы былайша жалғасады: «Сол жылдары жаңадан ашылған Арал ауданына әкемді байланыс бөлімінің бастығы етіп жіберді. Сол Табынның өзінде тұрғанда ашаршылық басталған-ды. Қайыр сұрап балалар келетін. Тамақ ішіп отырғанда келсе, анамыз: «Анау жегендеріңнен бере қойыңдар», – дейтін. Сол кезде Аралға көштік. Ол үшін алдымен Ақтөбеге ат-арбамен 3–4 күн жүріп бардық. Анамыз айтып отыратын «Ой, Ақтөбеге көшкенше зәреміз қалмады. Бірде ересек адамдар бір жаққа кетіп, онға толмаған Хамитті ес көріп, қолына балта ұстатып қойдық» деп. Ақтөбеден Аралға пойызбен бардық. Ең бірінші пойызды көргенім – сол». Бұл да – қызық дерек. Рәбиға апай пойызға алғаш рет біздің Аралға барған кезде мініпті.
Биылғы ақпанда «Кызылординские вести» газетінде «Арал в составе Актюбинской области» деген мақала жарияланды. Архив материалдарына сүйенген автор Жұмабек Сәрсенбин 1932 жылғы қаңтарда Қазақ Орталық атқару комитетінің арнайы хаттамасы шыққаны, соған сәйкес алты өңір – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарын құру туралы шешім қабылданғаны туралы жазады. Осыған сәйкес, 10 наурызда Ақтөбе облысы құрылып, құрамына 17 аудан енгізілген. Соның бірі – Арал ауданы. Арал аймағы алты жылдан кейін Қызылорда облысына қосылған.
Демек, Рәбиға апай Аралға сегіз жасында келген. Мұндай кезде көрген-білгеніңнің бәрі миыңа желімдей жабысып қалады. Ардақты апамыз да еш нәрсені ұмыт қалдырмағанға ұқсайды. «Аралда да аштық екен. Бірақ біздің үй ашыққан жоқ. Ол кезде де үкімет адамдары керек болған ғой. Жабық магазиндері болған, оны «двадцатка» деп атапты. Қыста ғой деймін, мектепке бара жатқанда аштықтан құлап жатқан екі адамды көрдік. Өлген бе – білмейміз. Қайтқанша жинап алады», – деп ой толғайды.
Болашақ ғалым Табында жүргенде бірінші класты мектепке тұрақты барып оқуға мүмкіндігі болмағанын айттық. Ол осы олқылықтың орнын Аралда толтыруға тырысады. Сол сәтте басынан өткенін зердесіне өшпестей етіп таңбалапты. Әрі қарай кеттік. «Бірінші рет мектепке 2-класқа барғаным есімде. Мұғаліміміз татар кемпір болды. Сол кезде шығып тұратын «Пионер» газетінен өлеңдер жаттатып, айтқызатын. Басқа еш нәрсе үйретпейтін. Сөйтіп, 2-класты бітірдім. Хамит жазғанда мен де қағазымды жайып қойып, жазу жазып отыратынмын. Онымен бірге есеп шығаратынмын. Мектепте жөндеп оқытқан жоқ. Әйтеуір, бір ауырып, бір тұрып жүріп, 2-класты бітірген болдым. Енді 3-класты оқимын деп отырғанда әкемізді Темір деген ауданға жіберді. Ақтөбеге келіп, Ақтөбеден Темірге мәшинемен көштік».
Міне, ҚР ҰҒА академигі, әйгілі тілші-ғалым Рәбиға Сыздықтың ғибратты ғұмырнамасының Аралға қатысты үзігі – осы ғана... Бірақ соның өзінен біршама тағылымды тұжырым жасауға болар еді. Біріншіден, ол Аралда 1932–1933 жылдарда, яғни шамамен бір жыл ғана болған. Бұл – оның сегіз-тоғыз жастағы кезі. Сонымен, тоқсан бес жас жасаған ғұлама ғалымның өнегелі өмірінің бір жылы осынау өңірде – айдынды Аралда өткен. Екіншіден, алапат аштықтың құрбандарын сол ауданда жүргенде өз көзімен көрген. Ендеше, титімдей ғана Рәбиға Сыздық балығы тайдай тулап жатса да, үркіншілікке ұрынған Аралды жайлаған аштықтың куәгері саналады. Үшіншіден, оның алғаш рет тиянақтап барған мектебі – осы Аралдағы мектеп. Бұл да – елең еткізерлік дерек.
Міне, ғалымның шығармашылық өмірбаянын зерттеушілерге де, Аралдың ақиқатын ақтарып, шежіресін жасаушыларға да тағы бір тың тақырып табылды. Сыр елінің архивін бір қопарып көрсе ғой, шіркін! Сәтіғали көкеміздің де дерегі шығуы әбден мүмкін-ау. Кішкене қыздың оқығаны қай мектеп екен өзі? Рәбиға апайымыз Аралдың кемерінен асып-төгіліп, шалқып-тасып жатқан дәуірін де көрді-ау, ә? Неге сұрамадық екен кезінде соның бәрін... Өкініш... Қайтесің?!
Текті тұлғаларының басқан ізіне, жүрген жолына дейін жәдігерлікке айналдыратын өркениетті елдердің тәжірибесі тұрғысынан зер салсақ, Рәбиға Сыздық теңіз жағасындағы портты қаланы мекен еткен жыл айдынды Аралдың шежіресіне де енбек. Аралды уақытша мекендеген танымал кісілер жеткілікті. Мәселен, Примор өлкесінде туған кәріс жігіті Александр Мин 1937 жылы депортация дүрбелеңіне ұшырап, Аралға келеді. Балық шаруашылығы мекемесінде есептеуші болып қызмет атқарады. Сәл кейінірек Саратовта оқыған сол Александр майданға аттанып, ұрыс даласында ерлікпен қаза табады. Оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Фашизммен кескілескен шайқаста басқа батыр бұйырмаған аралдықтар Қиыр Шығыстан келіп, бірер жыл жұмыс істеп кеткен осы Александрды ерекше мақтан тұтады. Ендеше, бала кезінде бақандай бір жыл бойы теңіз төңірегінің тұрғыны болған Рәбиға апамның бүгінде біреу білсе, біреу білмейтін бағзы боздақтан несі кем?!
Екінші ерліктің еншісі
Ер тілегі құп болар,
Елеуліге жұп болар.
Екі жақсы қосылса,
Ел-жұртына құт болар!
(Тақырыптың тұздығы)
Күндердің күнінде Рәбиға апаймен жақынырақ араласуға себеп табылды. Жаңа ғасырдың басында «Хабар» агенттігіне жұмысқа келгенбіз. Тікелей басшым – Қайнар Олжай. Оның қойны-қонышы – толған идея. Бірінен соң бірі туындап жатады. Бұл кезеңде телеарнамызда «Көзкөрген» хабарлар сериясы бастау алған еді. Сол «Көзкөргенді» одан әрі жалғастыру маған жүктелді. Бірқатар тұлғаларды түгендеуге кірістік. Бірде халық әртісі Шахан Мусин туралы деректі фильм жасау жөнінде тапсырма алдық. Дереу Рәбиға апайға хабарластық. Ол кісі қуанып кетті. Шынымды айтсам, өз басым елге танымал қос саңлақтың бір шаңырақтың адамы екенін бертінде білдім. Асай-мүсейімізді арқалап келе қалдық. Үй мұнтаздай тап-таза. Рәбиға апай ол кезде Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі еді.
Оларды тағдырдың өзі тоғыстырды. Рәбиға Құтқожина жас күнінде Мәскеуде оқыған дипломат, бірнеше тілді еркін меңгерген, бой-сойы мен түр-сымбаты келіскен Мақаш Сыздықов деген жігітке тұрмысқа шықты. Әсет деген ұлы өмірге келді. Бірақ КСРО Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның Орталық партия комитетінде қызмет істеген, Мәскеудің Қоғамдық ғылымдар академиясында оқып, ғылыми еңбек қорғаған Мақаштың ғұмыры қысқа болды. Онымен бес-алты жыл отасқан Рәбиға отызға толмаған шағында жесір қалды. Кейін Шахан Мусинмен көңілі жарасты. Әкесімен тағдырлас ақжарқын азаматпен бас құрап, шаңырақ көтерді. Бұл шаңырақ ұлағат ұясына, ой отауына, меймандар мекеніне айналды. Үйден ертелі-кеш қонақ арылмайтын. Рәбиға болмашы себептің өзін кәдеге асырып, дос-жаранға арнап дастарқан жаятын.
Біз түсірген бағдарламаға өнер тарландары – Кәукен Кенжетаев, Тілектес Мейрамов, Уәйіс Сұлтанғазин және Рәбиға апайдың өзі қатысты. Апай тек қатысып қана қойған жоқ, кәдімгі ғылыми кеңесшінің рөлін атқарды. Ол бүкіл қажет құжаттың бәрін тауып, қолымызға ұстатты. Оның әрқайсысын егжей-тегжейлі түсіндірді. Көптеген белгісіз жайттарға қанықтырды. Жасы сексенге таяған шағы. Соған қарамастан, әр сөзі мірдің оғындай. Даусы құлаққа сондай жағымды. Болмыс-бітімінде мін жоқ. Бурыл шашының бір талын да қисайтпай, әдемі бір күйге еніп отырып, әсерлі сұқбат берді. Әншейінде егделеу кісілерді таспаға тартар алдында айна-тарақ ала жүгіретін режиссердің ассистенті Айнаш Тұрсынбекова бұл жолы қимылсыз. Рәбиға апамның сөзінің арасына қыл сыймайды. Екі-үш минут сайын әрбір ойды түйіп тастайды. Телевизия табиғатын, синхрон сипатын терең түсінетіні байқалып тұр. Тіпті монтаждаудың қажеті жоқ. Кез келген жерінен қиып аласың да, салиқалы синхрон ретінде пайдалана саласың. Бейнематериал іздегенімізде өңкей бір сөйлеп тұрған суреттерді ұсынды. Көне құндылықтардың қазынасын ашты. Соны таныстыру үшін бөлмеден бөлмеге өтіп бара жатып, жан баласына байқатпай, қабырғада тұрған шарайнаға ұрланып қарап қояды. Ғибратты ғалым, зиятты зиялы, парасат падишасы – Рәбиға апам бір сәт өзінің әдемі әйел екенін де естен шығармайды. Бұл біздің оған деген қадір-құрметімізді одан әрі арттыра түседі.
Қайнар ағамның салып берген үлгісі бойынша, бағдарламаның басына «Он алты жол өлең үшін қамалған, Он сегіз жыл қуғын көріп оралған» деп маңдайсөз жазып, жарты сағаттық фильмнің түсірілімін монтаждауды бастап кеттік. Дерек пен дәйек, мәтін мен мәлімет көл-көсір. Материалдың тым көп болғаны да қолайсыз, игере алмай, қиналасың. Тұп-тура «Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы, малының көптігінен баға алмайды» болдық та қалдық. Бейнеқордан алынған дүниелер арасында кейіпкердің өз аузынан айтылатын «Он сегіз жыл халық жауы болып едім, қазір, Құдайға шүкір, халық әртісімін» деген сөз бар екен. Сол тіркесті хабардың лейтмотивіне айналдырдық.
Иә, сол заманның ақиқатын айтқан он алты жол өлең Шахан Мусинді түрменің төрінен бір-ақ шығарды. Сол жылы Семей облысы Бесқарағай аудандық атқару комитетінде қызмет істейтін жас жігіт Темірхан ағасына еріп, Майлықара дейтін төбенің төңірегіндегі ауылдарды аралайды. Жол бойы аштықтан ісініп, өліп жатқан кісілерді көреді. Осы сапардан соң Шахан мынадай өлең жазады: «Күні кеше күн күлімдеп, көл күлген, Кең далада көмілмеген, көмілген. Ойда-қырда – өлген қазақ жемтігі, О, замана, бұл азаны кім білген?! Көрші осыны, ағатайым, бастығым, Ел-жұртыңа болмаса егер қастығың. Аштан қырмай, асырашы, жатыр ғой Қоймаларда етің, майың, астығың. Көрші осыны, ағатайым, наркомым, Өзің қаздың көрін тірі әкеңнің. «Баласың» деп маған егер сенбесең, Айтсыншы анау Голощекин крайкомың. Қайран елім, қарапайым қазағым, Таптың, міне, ауру, аштық азабын. Налыма, күт, кезең берген тағдырың, Сыйлар екен тағы қандай мазағын?!» Ол бұл өлеңді жолдастарына қайта-қайта оқып береді. Содан бірталай жұрт құлақтанады. Отыз жетінші жыл келгенде Шахан шайырдың өз өлеңі өз басына сор болды. Оның үстінен «донос» жасағандар өлеңді орысшаға аудартыпты. Түпнұсқадан асып түскен орысша нұсқа парасатты поэзияның талғам таразысынан мінсіз өтеді дейді.
Осы бағдарлама «Хабар-2» телеарнасынан көрсетілгенде Рәбиға апай қатты қуанды. Шынында да, бұл ғұлама ғалымның өнегелі өмірінің үйлесімді үзігінің бірі еді. Актер Шахан. Ақын Шахан. Азамат Шахан... Осынау үштағанды үндестіру басты мақсатымыз болды. Агенттіктің алтын қорындағы сол бір деректі дүние апайымызбен бірлесіп жасаған жемісті жоба ретінде есімізде қалды.
Тар қапаста отырғанда: «Ой – шежіре, жан – жырау, Ойлы уайым – ереже. Құрғақ қиял, құр жылау, Жалғыз досым – терезе!» деп жырлаған Шахан шайырды, Шахан шеріні, Шахан серіні алақанға салып аялаған Рәбиға шаңырағына шаттық пен шуақ дарытты. Бірде Шахан Рәбиғаға былай депті: «Өмірімде екі ерлік жасадым. Біріншісі – Колымадағы концлагерьде орыс ақыны Андрей Алдан-Семенов жендеттердің оғынан қансырап жатқанда басымды бәйгеге тігіп, сүйретіп лагерьге әкелдім. Екіншісі – сізге телефон соғып, танысқаным». Сол екі ерліктің егесі қос ғасырдың тоғысында дүние салды. Олар қырық жылдай отасты. Бірінің өнерде, екіншісінің ғылымда дара қолтаңбасы қалыптасты. Шәй дескен жері жоқ. Тату-тәтті ғұмыр кешті. Сөйлесті... Сыйласты... Сырласты... «Е, екі жақсы қосылған екен ғой!» дейсің мұндайда....
Бар буынның бапкері
Шаршамаған, тынбаған.
Шалдықпаған, сынбаған,
Шың басына шықсын деп,
Шәкірттерін шыңдаған!
(Тақырыптың тұздығы)
Ол тумысынан педагог еді. Рәбиға Құтқожина жап-жас кезінде Ақтөбедегі №6 мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалады. Негізгі қызметіне қоса, 9–10-кластарға әдебиет пәнінен сабақ береді. Сол мектепте қазақтың болашақ екі ірі ақынына дәріс оқиды. Олар: бірі алғалық, екіншісі байғаниндік өрендер Ізтай Мәмбетов пен Бәкір Тәжібаев. Бәкір Рәбиғадан екі-ақ жас кіші. Ал Ізтай сәл жасырақ. Рәбиғамен арасы – бес жас. Соғыс жүріп жатқан мезгіл. Соған қарамастан, жұрт жігерлі. «Өлең жазатын, тақпақ айтатын балалар бар екен. Пьеса қойғанда актеріміз Бәкір болатын. Оның ақындығынан гөрі актерлік шеберлігі күшті еді. Күлдіріп ойнайтын, жақсы ойнайтын», – деп еске алады Рәбиға Сыздық ғұмырнамалық жазбасында. Әйгілі ғалымның мектепте оқытқан екі шәкірті де кейін қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік өрнегін қалдырды. Оқырманның олжасына айналған жыр жинақтары өз алдына, қаншама танымал әннің сөзін жазды. Бұл тұрғыдан алғанда, Бәкірдің атақты «Ақбұлағы» мен Ізтайдың ел аузында жүрген «Мен туыппын ақпандатқан боранда» атты әуенге айналған өлеңдерін айтсақ та жеткілікті болар. Ізтай Тілеуұлы мен Бәкір Төлеуұлы – өмірде де, өлеңде де бақ-берекеден кенде болмаған шығармашылық өкілдері. Алайда олардың басқадан артық бір бағы – мектеп қабырғасында жаңашыл әрі білімді жас педагог Рәбиға Құтқожинадан сабақ алғаны. Тілеуұлы мен Төлеуұлының жүректен шыққан жырлары жақсылап жымдасып, жібектей есіліп тұрса, жас мұғалима оқытқан өлең құрылысы туралы дәрістерді санаға әбден сіңіргенінің арқасы деп біліңіз. Бұл екеуіне де Құтқожинаның жолы құт болды.
Қазақ тілінің маңызды мәселелерін жеріне жеткізе зерттеген танымал лингвист-ғалымдардың ішінде әдебиеттанушылардың шексіз құрметіне бөленген екі оқымыстының орны бөлек. Бірі – академик Рәбиға Сыздық, екіншісі – академикке бергісіз ғылым кандидаты Құлмат Өмірәлиев. Екеуі де әдебиеттанудың өзекті тұстарына терең бойлап, өлең табиғатына өзгеше көзқараспен зер салды. Әсіресе жыр кестесі Абайға үлгі болған Дулат Бабатайұлының толғауларын дәл осы екеуіндей иін қандырып зерттеген ғалымдар кемде-кем. Рәбиға апай мен Құлмат ағаның мақалаларына өлеңтанудың оқулығы, жыртанудың жәдігері секілді қайта айналып соға беретініміз де сондықтан.
Құлмат аға біздің студент кезімізде өмірден өтіп кетті де, араласып-құраласып үлгере алмадық. Ал оның есесіне Рәбиға Сыздық дүниеден көшкенше біздің қатарластарымыздан қамқорлығын аяған жоқ. Жариялылық пен жылымықтың желі есіп, бетбұрыс пен бостандықтың самалы сезілген шақта Ғылым академиясы мен ұлттық университеттегі ардақты ағаларымыз бен абыройлы апаларымыз жедел әрі жүйелі іске бел буған сыңайлы. Олар сол тұстағы қолынан жазу келетін жастардың біразын ғылымға тартты.
Біз сол дәуірдің перзенттері едік. Ұстаздарымыз әрқайсымызға бір-бір танымал тұлғаның шығармашылық мұрасын зерттеу тақырыбы етіп, бекітіп берді. Мәселен, Дихан Қамзабекұлы Смағұл Сәдуақасұлының, Марат Әбсеметов Міржақып Дулатовтың, Мақсат Тәж-Мұрат Ғұмар Қараштың, Амантай Шәріп Сұлтанбек Қожановтың, Сұлтанхан Аққұлыұлы Әлихан Бөкейханның, Қанипаш Мәдібаева Шортанбай Қанайұлының, Серік Бермағанбетов Әбубәкір Кердерінің мұрасын зерттеуге кірісті. Біз болсақ, Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығына ден қойдық. Сол арқылы тарихтың ақтаңдақ беттерін қалпына келтіру мақсаты көзделді. Мәселенің тағы бір ұтымды жағы – әрбір қорғалатын кандидаттық диссертация қазақ әдебиетінің өзгеше көзқараспен жазылатын тарихына жаңа монографиялық тарау ретінде қосылатын болды. Сөйтіп, екі дәуірдің тоғысында әдебиеттегі ақтаңдақтарды игеру ісіне түрен салынды. Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәкішев бастаған айбынды ағалардың ұйғарымымен жүзеге асқан осы теңдессіз жобаның бір тілеулесі Рәбиға Сыздық екеніне күмән жоқ-ты.
Біз, осындай ауқымды іске тәуекел еткен жігіттер, ғылыми жетекшілеріміздің ғана емес, Рәбиға апайдың да ақыл-кеңесін үнемі тыңдап тұрдық. Зерттеу нысанаң белгілі бір жыр жүйрігінің шығармашылық мұрасы болса, өлеңдегі образдар жүйесі туралы тереңнен ой толғаған әйгілі ғалымның еңбектеріне аялдамай өтпейтінің анық. Кітаптарын қарайсың. Мақалаларын оқисың. Толғанасың. Тұшынасың. Сезінесің. Сүйсінесің. Түсінесің. Түйсінесің. Бірақ, бәрібір, апайдың өзіне жолығып, тағы бір тілдескің кеп тұрады. Себебі жазған дүниеңді саралау барысында мың-сан сауал туындайды. Соның бәрін басқа емес, апайдың нақ өзінен сұрағың келеді. Жыраулар үлгісімен жыр төккен дүлдүлдердің өлең-толғауларының табиғатын тап басатын ғалымның айтары көп. Ағыл-тегіл ақтарыла жөнеледі.
Рәбиға апай әдебиеттің ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруге кіріскен сол топқа үнемі ниеттес болды. Біразының диссертация қорғауына өзі арнайы кеп қатысты. Реті келсе, сөз алды. Ғылыми жұмыстың мән-мазмұны туралы ой-пікірін айтты. Жас ғалымдарға сәт сапар тіледі. Тіпті талантты спорт комментаторы Амангелді Сейітхановтың тікелей эфирде қоштасар сәтінде үнемі қолданып жүрген тіркесін сәл-пәл өңдеп, «Жеңісті күндерде жүздескенше!» деп түзеп бергені де елдің есінде. Яғни ол бар буынның бапкері, ұлт ұландарының ұстазы болды.
Рәбиға Сәтіғалиқызы тек бізге ғана емес, Алаш арыстары мұрасын басып шығарушыларға, архив материалдарын әзірлеушілерге, ақындар шығармашылығының текстологиясын түзушілерге үздіксіз кеңес берді. Соның бәрін бірегей біліктілікпен, зиятты зиялылықпен, мінсіз мәдениетпен ақы-пұлсыз атқарды. Жо-жоқ, Рәбиға апайды жұрттың бәріне жайылып жастық, көсіліп көрпе бола кететін жалпақ шешейдің нақ өзі деп ойлап қалмаңыз. Ғылымның ғибратты ордасынан ауылы алыстау қонған берекесіз боз өкпелерді босағасынан аттата қоймайды ол. Күріш пен күрмекті тез айырады. Сүйегіне сөз сіңген бозбала мен бойжеткенді алыстан таниды. Ал енді Рәбиға апайдың ұстаздық ұлағатын сезіну дегеннің рақатына ештеңе жетпейді! Кейде ол кісінің тікелей ғылыми жетекшілігімен зерттеу жүргізіп, еңбек қорғаған, авторефератының сыртында академиктің аяулы есімі тасқа басылғандай етіп жазулы тұратын ізетті ізденушілерге кәдімгідей қызығатынбыз. Шынында да солай, басқалардың бағы бес елі болса, олардың бағы бес келі еді...
* * *
Қазақтың аса көрнекті ғалым қызы, соңына телегей теңіздей мол мұра қалдырған теңдесі жоқ зерттеуші Рәбиға Сыздықтың туғанына жүз жыл толды. Жүз жыл! Ғасырлық ғибрат. Ғибрат ғасыры. Туған тілдің тұлғасы. Тіл білімінің сұлтаны. Рәбиға... Рәбиға бегім!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2126 рет
көрсетілді0
пікір