• Тұлға
  • 22 Тамыз, 2024

КҮЗЕТІП КІСІЛІКТІҢ ШЕКАРАСЫН

«Қажытай Ілиясов жаман өлең жаза алмайды». Бұл – Жарасқан Әбдірашевтың 1972 жылы ақынның «Тасжарған» деген атпен баспаға тапсырылған көлемі бес табақ қолжазбасының рецензиясында қорытындылаған ойы. Бауыржан Момышұлы қолдаса, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаев, сыншы-ғалым Тұрсынжан Шапай жоғары бағалаған. Демек, біреудің жетектеген қойына емес, талантының жетелі ойына қызыға білген Қажытай Ілиясұлының әр туындысы – мәңгілік дүние.

«Күзетіп кісіліктің шекарасын,
Тағдырым тұрды үнемі қыл ұшында», – деп ақын мансап та, қызмет те, атақ-даңқ та кісіліктің жанында түкке тұрмайтынын тілге тиек етеді. Жұматай Жақыпбаев және Жұмекен Нәжімеденовпен шер тарқатып, бір жасап көңіл көтеретін сырлас, мұңдас, ошақтың үш бұтындай болып бір поэзияға қызмет еткен Қажытай ақын туралы аңыз да көп, әңгіме де көп. Сатирик Марат Нұрқалиев 1986 жылы кенеттен қайтыс болғанда талантын сыйлап, артында қалған кәрі анасы, бала-шағасына қайырымдылық жасап, кезегін беріп, үш бөлмелі пәтер алуына себепші болып, өзі үйге қолы жетпей үш-төрт жыл қиналды. Сатирик Көпен Әмірбекті «Ара – Шмель» журналының жауапты хатшысы болғанында баспаның таралымы азайып кетуіне байланысты жұмыстан қуылғанда араша түскені өзінің маңдайына таяқ болып тиеді. Бұл – кісіліктің шекарасынан асып кетпеуді көздеген ержүрек азаматтың жасаған қадамдары.
«Өлген соң неге керек құр өкініп,
Тірлікте баға қойсақ кіл екілік.
Күйік қой дарындыны қасақана,
Қақпайлау қасиетін біле тұрып!» – деп ақын таланттыларды шеттететін қоғамның қылығын терістеп, санасыздарды түйреп өтеді. Ұлыны қалай бағалай керектігін өз шығармашылығында да көрсетеді. Мысалы, көркем сөз зергері атанған Ғабит Мүсіреповті бүгінге дейін жұрт есінде жүрген «Бейімбет жау болса, мен де жау­мын» деген бірауыз сөзі үшін қастерлейтінін «Ғабеңнің қалпы», «Бір ауыз сөз» өлеңдерінен байқауға болады. «Өлім мен өмір ұстараның жүзінде», «арыстанның аузында тұрып сөйлеу» жүрегі түктінің, «ерлердің жаны ар-намыс үшін» болу керегін түсініп, «билігі барды әспенсіткенде тоқтығы, аласаның да шоқтығын «биіктететін» Ғабеңдей ерлердің жоқтығын жан-тәнімен сезген Қажытай ақын құсап біз де күрсінеміз. 
Күрделі тағдыр тартысынан туатын көркем туындылар өреге жетелей отырып, адамның сай-сүйегін сырқыратып, еріксіз ойландырумен қатар, жаман-жұтық дағдылардан жиіркендіріп жібереді. Ұйқасы төгілген шумақ тармақтарына елжіремейтін адам бар ма? 80-жылдардың орта шенінде бір үлкен айтыста екі айналымнан сүрінбей өтіп, қазылардың шешімімен бас бәйге алып тұрған жерінде құзырлы органдардың бір өкілі сөзін ұнатпай, Қажытай жеңілген деген сарында хаттаманы қайта жаздырт­қанда қазылар төрағасы Мүсілім Базарбаев пен ақын Қадыр Мырза Әлі айтыс жүріп жатқан залды тастап кетсе, белгілі ғалым Сұлтанғали Садырбаев «Лениншіл жас» газетіне сөз додасы төңірегінде кең көлемді мақала жазып Қ.Ілиясұлының таза жеңгенін айтыпты. 
Қазіргі айтысқа көз салса, шындық түгіл, ақындардың суырып салып айтқанына, бір айтыста айтқан сөзін екінші айтыста қайталамауын өтінетін еді. Шіркін, сол заманның айтыстары-ай.
«Жанының жалынымен дауыл кескен,
Қазаққа біткен ақын ауылда өскен.
Білмейтін ер қадірін, зер қадірін,
Қыртысым жараспайды жауырмес­пен», – деп өрілген «Әкел бері!» өлеңінде «Ақын деген ардақты ат – тозған ұғым» деген пайым жасай отырып, өлеңдерін жарыққа шығармаған баспа редакторын түйреп өтеді. Адам баласын бағалай алмаған редакторлардың кесірінен талай таланттың сағы сынып, жазуды қойып кеткенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Кез келген газет-журналдың өз талаптары мен бағыттары бар деген күннің өзінде, еңбегіңді еншілеп, маңдай теріңді иемденіп алатын дүдәмал редакторларға не істей аласың? Көз майыңды тауысып, тырнақтап жиған материалдарың өзіңнің емес, өзгенің атын аспандатқаннан асқан қорлық бар ма? Бұл төңіректегі ойды ақын «Жымқырма ақынға» өлеңінде әдемілеп өрбітеді.
«Жанымды түйетінім – шүберекке,
Бәлкім, артық тамырлар бітер етке.
Жері бай, жемісі көп жерұйықта,
Сүрініп жүрем ылғи тікенекке», – деп басталатын бір өлеңінде сол кездегі қоғамдық жағдайлардың ақынға аяздай бататынын жеткізген.
«Жалыным барып-барып сөнер мейлі,
Сонда да өзегімді өнер жейді.
Әттең-ай, өкінішім шашымнан көп,
Ер жігіт тіршілікте не көрмейді», – деп рухани құндылықтан қол үзгеніне қайғырмай, материалдық құндылықтар үшін өзін құрбандыққа шалып жіберетін азаматтарға үндеу тастағандай. Жігіттің жігіттігін тоқшылық емес, жоқшылық танытатынын түсіне алмай дал болатынымыз бесенеден белгілі. Қызметте өсу үшін бастықтың философиясынан сыр ұғып, психологиясын бағатын азаматтар тұрғанда, қарның ашпақ түгіл, қадірің қашатыны – өмір ақиқаты. «Шын ақын атын айға жазады ғой, қалса да дүниенің шамы сөніп» дейді. Бейнелі қозғалысты көрініс. Талпынбағанның бордан да бос болатынын, жыламағанның дұрыстап күле алмайтынын, әр адам өз алдына бір қоғам екенін, тілі мен ділін бермеу үшін ер жігіт тарихы таланған халықтың тамтығы болуға дайын тұру керегін, таланттың бірде серідей шалқып, кейде шер көкірек болып жүретінін, қалам ұстаған қаламдастарына халқының қасіретін айта алмаса, тұлғалық қасиетінен айырылатынын жеткізе алған. Демек, ақын дүниенің құлы емес, руханияттың шамшырағы болуға тиіс. 
Сатира – адалдық, ардың тазалығы, әділдік, ұқыптылық, қажырлық, қайсарлық, төзімділікті қажет ететін жанр. Жемқорлық, өтірік, жағымпаздық, мақтаншақтық, атаққұмарлық, дүниеқоңыз, ашкөздік деген қоғамның асқынып кеткен дерті, батпандап кірген ауруын сатираның әзіл-оспақ, шымшыма-пародия, сын-сықақ, мысал сияқты ғажайып суреттемелермен мысқылдай отырып шығаратын құдіреті бар. Әсіресе шындықтан шошынатындардың ініне су құюды талап ететіні әдебиеттің шырайын кіргізе түседі. Сынағанын сынадай қағып, қақ айыратын да сатираны ағысқа қарсы жүзген қайсар талант Қажытай Ілияс­ұлының екінші томынан оқисың.
«Ендігінің қонағы» туындысында қауызына сыймайтын мақтаншақ, екі қарап, бір шоқып сынайтын, өтірікті өлеңдей құрайтын, келе сала «бас жазар», туыстығын, достығын бұлдайтын, әзіліңді көтермей тулайтын, ұсақ-түйек мүлкіңді ұрлайтын, айтқан сөзінде тұрмайтын, өсектің қоламтасын үрлейтін, асыңды іше отырып күндейтін, құрметіңді білмейтін, есігіңнен шыға сала тілдейтін меймандарды айта келіп, дастарқаныңа кім көрінгенді мейман қылып отырғыза бермеу керегін жеткізеді. Ал «Мықыр мен тықыр» туындысында ішінде арамдық пен аярлықтан басқа ештеңе жоқ адам өнерге жаңалық әкеле алмайтынын жеткізеді. Жәпек сынды мықырлар барда Мәнзия сияқты еңбекқор дарынға тықыр таянып, басынан бұлт кетпейді.
«Маймылдың мәдениеті» сыбайлас­тықпен жоғарыға өрмелеген мансапқорлардың маймыл құрлы бола алмайтынын әдемілеп жеткізген. Сайлауалды бағдарламасын жасамас бұрын комиссия мүшелерімен тонның ішкі бауындай араласып, билікке шала ниетті кандидаттарға қарағанда сәл болса да, маймылдың мәдениетті екенін жеткізеді.
«Өсектің төркіні мен өршуі» сықағында өсектің бір көзі – қу бақай Шөкең, екінші көзі – сумақай Сөкең екенін айтып, басшылықты әріптестеріне жамандай отырып, кімнің не айтқанын бас­тыққа жеткізетін қызметкердің саланың дамуына кері әсерін тигізетінін жеткізеді. Бұл ойды «Онысын айтсаң, осқырады» сықағымен қабілетті адамды оңдырмай, өсектен үй тұрғызатын маманның зияны ұжымға тиетіні бәрімізге аян. Өсекке ерген басшы қол астындағы қызметкерінің ақ ісін қаралап, сынағаныңды білген соң, «көрген сайын кірлеп, кекеп-мұқап өтпесе, сөзінің дәмі кірмей», жақсы бастамаңды жоққа шығарып, қызмет орныңды босатуыңа жеткізетін, қуып жіберген соң білікті маманнан айырылғанын түсініп, тұралап қалған саласына қайғырып, өкінетінін қалай әдемілеп жеткізген. «Запас» көз» де осылардың жалғасындай. Есіктен есікке сөз таситындар – бастықтың құлағы мен көзі. «Не кісілік, не түсінігі жоқ» адамның адам сыйлайтын қасиеті болсын ба? Айт­қанына өзімен бірге өтірік күліп құтылмасаң, кенедей жабысып алатыны тағы бар. «Запас» көздердің ойдан құрас­тырып алатын фантазиясы ұшан-теңіз. Көркемдеп жеткізетіні соншалықты – сөздеріне елеңдей отырып, қалай сенгеніңді аңғармай қаласың. Жеті бастықтың көзін көрдім. Жетеуі де жеті түрлі. Үш жұмыс орнымнан өсекшілердің кесірінен қуылдым. Бұрынғы бастықтарым жазықсыздан-жазықсыз жазалап, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қандастарымнан да бетер қылды. Маңда­йыма тиген тастан сабақ алғаным болар, адымымды аңдып, артымды қысып, алдымды жоспарлап жүретін болдым. Өсекшілер де өмір сүруге үйрететінін сонда ғана түсіндім.  
«Шындық шыңғыртады» сықағын оқып, ішегің қатқанша күлесің. Жәмиға мен Еңлік көше аралап шай ішпекші болып, кафеге кірмек болғанда Еңлік ақшасының жоғын айтып, автобусқа үлгеру керегін алға тартса да, Жәмиға өзі төлейтінін айтып дегенін істетеді. Қоректеніп, автобусқа мінген соң Еңлік әмия­нын жоғалтып алғанын ойбайға салып жеткізсе, «Бос әмиянның несіне қайғырасың?» деп Жәмиға сабырға шақырғанда Еңлік ішінде алпыс мың теңге болғанын айтып, өтірігі шығып қалады. Елеңдеген жолаушылар еңкілдеп күлді. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген мақалдың түсініктемесі десек, қателеспейміз.
Қажытай да өз қаламдастарының шығармашылығын назардан тыс қалдырмаған. Шөмішбай Сариев, Қайрат Жұмағалиев, И.Исаев, Тынышбай Рахимов, Аманжол Қанапин, Кеңшілік Мырзабековтің шығармашылығына шолу жасайды. Қаламгердің білмейтін құпиясы да, шешпейтін жұмбағы да жоқ сияқты көрінгендей. Бейнелі теңеу, құнарлы оймен ұйқасатын өлеңдерден ішкі қарсылық, ақындық позиция, азаматтық мінез байқалған ақынның талантты күннен-күнге ширықтырып, жылдан-жылға биіктететін күш сыртқы сүйеніште емес, оның ішкі сенім мен ағысқа қарсы жүзетін бірбеткей жаратылысында, адамгершілік туын қисайтуда екенін сезесің. 
«Талай кітапханаға кіріп еді,
Ілінеді тек ылғи ірілері.
Аударылмай жүргенін біліп еді,
Өкпелеген, қалжыңбас інілері», – деп жазушы, аудармашы Герольд Бельгерге жазған достық әзілінен ғажайып суреттемені көресің. Г.Бельгердің інінің назын көтере алатын үлгілі аға болғанына көзіңді жеткізесің. Ел ішінде жүрген «Шайтанның шаһарынан, Қажытайдың қаһарынан сақта» деген тәмсілдің неден шыққанын енді түсіндім.
«Өнерліні өнерлі аяйды, өзімшіл аямайды», «Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық», «Ошарлы озбыр өнердің қамын жемейді, өнерлінің жанын жейді», «Өнерге қызығу – адамдықтың нышаны. Өнерліні қызғану – надандықтың нышаны», «Үйлеспейтін атақтан үкілі бөркім артық» «Топтанған тобыр толымдыны тонап, дарындыны талайды», «Жауыздық – заманның кінәсі емес, адамның кінәсі», «Озбыр орға жығылса да, жөнге жығылмайды», «Озбырдың ізінен ойбай шығады», «Қаскүнемді көргенде маскүнемді мәпелегің келеді», «Жақсыға ілессең, жадыратады, жаманға ілессең, Tәңір атады», «Ақын болатын бала атқа әуес, әкім болатын бала таққа әуес», «Тура би тура тартады, туғанды би қуға тартады», «Білімді білмегенді білдіріп тұрады, білімсіз білімдіні бүлдіріп тұрады», «Көргенсізге көз жасың да күлкі» «Дәлдір көбейсе, данышпан далада қалады». Қалай дөп түскен мақал-мәтелдер. Мақал-мәтелдің төркіні – сатира десек, шеттен шықпағанымыз.
Қажытай Ілиясұлының сатирасымен таныса отырып, оқырманның өзі де сықақ жазғысы келіп кетеді. Кездескен кедергілерді сатирамен жасқап, лирикасын басына жастап, әнін айшықтап, күйін көпшіктеп, тек өзін іштей жетілдіруді мұрат тұтқан ақынның шығармаларын оқыған адамның болмашы дүниелер үшін адамгершілікті тәрк етуі мүмкін емес. 

Самрат ҚҰСКЕНОВ

ҚЫЗЫЛЖАР
 

370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы