- Тұлға
- 22 Тамыз, 2024
АҚ ҚАНАТТЫ АППАҚ ӘЛЕМ
Қазақ әдебиетіндегі әйел образы – тұнып тұрған күрес. «Бақытсыз Жамал» болды, қақаған қыста Ғазизадай адасты, Ботагөзбен бірге теңдік іздеді. Әлі де іздеп жүр. Өмірден, өлеңнен, қоғамнан іздегенін тапқысы, дегеніне жеткісі келеді. Тіршілік әйел үнін естіп, базынасына құлақ түрсе дейді. Поэзия әлемінде де дәл солай. Бірі бұрымдының махаббат күйігін жеткізсе, екіншісі өзін-өзі тану мен тұлға тақырыбын қаужайды. Ал үшіншісі елі мен жері, ондағы бітпейтін мәселені жырына арқау етеді. Ақұштап Бақтыгереева поэзиясының құдіреті сонда – ақын қаламынан аталған үш тақырып та бір арнада тоғысады. Бұлқынады, ышқынады, ішкі толқынысты ақ Жайықтай жағаға шығарып тастайды.
Ана, саған ақтарғам жан сырымды...
Иә, Фариза Оңғарсынова айтқандай, поэзияны жынысқа бөлуге келмес, бірақ образ бен тақырып жағынан жіктеуге болады. Поэзия патшайымы өз сөзінде «Ақұштаптың, Күләштiң, Ханбибі мен Шәмшияның отты да нәзік, ойнақы да сыршыл, көркем де ойлы поэзиясы бөлек планетада өсіп-жетілген жоқ. Ол Абай, Махамбет, Сара, Біржан, Әбділда, Төлеген, Мұқағали топырағында туды. «Қобыланды» мен «Алпамыс», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» және «Қыз Жібек» жырларын туғызған нәрмен қоректенді. Өзінің туған халқының тағдырымен тағдырлас болмайынша, оның тарихын, тілі мен өнерін қанына сіңіріп өспейінше, сол халықтың ақыны болу мүмкін емес. Ал халықтың қуанышы мен мұңын бөліспеген, өз қара басының өткелдерімен шектелген ақын – ақын болып қалмайды», – деп кесіп айтқан.
Содан ба, Жайық қызының поэзиясы көз алдыңа өзенді, болмысы бөлек Оралды әкеледі. Әсіресе туған ел, туған жер тақырыбында адуынды, өр рухты ақын елестейтіні рас. Ал қыз, әйел, ана тақырыбында ақын жаны мүлде бөлек толғанады. Мысалы, ақынның «Әкеме» өлеңіне көз жүгіртелік:
«Болса да нәзік гүл өңім,
Өсірдің еркек баладай,
Қыз деуді, әке, білемін,
Көңілің жүрді қаламай...
Тұлпарды жексең шанаға,
Делбесін қақтым елеңдеп,
Сен жүрдің: ертең балама,
Келіншек алып берем деп».
Осы өлеңді кей жерде Ақұштап апамыздың он бес жасына дейін «ұл» болып өскенін, ер балалармен алысып-жұлысып жүріп бойжеткенін, кейін «келіншек аламын» дегенді шығарған деп берген екен. Меніңше, мұнда көп түсіне бермес мұң мен ішкі күйініш жатыр. Өйткені ақын әкесінің қыз емес, ұл бала қалағанын барынша түсініп тұр. Сол үшін әке көңіліне медеу болудың жолын қарастырғандай. «Әкем қалағандай боламын» дейтін бала бейне өсе келе «әңгіме жыныста емес, өр кеудеде, намыста» екенін дөп басқан. Анасына ішкі күйінішін жеткізген өлеңінде:
«Әкеме айт, кеудесін ән-күй кернесін,
«Өмірді қызым менше сүйген» –
десін!
Намыссыз ұлы қалған біреулердің
Алдында сөйлей қалса, именбесін!»
Бұл шумақтағы өрлік пен рухты, бой кернеген намысты қараңызшы. Осы жолда ақын Ақұштап нық бекінген тәрізді. Қыз баланың бұралаң жолда ақ туды жықпай, біреудің жолын кеспей, сүрлеуін сала алатынын, баққа кенелетінін дәлелдегісі келгендей. Ал мұның бәрін ана арқылы жеткізу де текті жүректің ісі. Ана мен қыз арасындағы диалогпен қаншама мәселені, сіз бен біз айта бермейтін көңіл дәптеріне түсірген сәтті суреттеген. Таңданбасқа болмас, құдды Ақұштап поэзиясы өзім болып сөйлеп, мендік ойды жеткізіп жатқандай. Мәселен, «Анама хат» өлеңінде бойжеткен шағында қызға анадан артық сырлас, жолдас жоғын айқын көрсетіп тұр:
«Өзіңді, анам, өмірде
Ренжіткен жерім көп.
Әжем «келін» дегенге
Мен де жүрдім «келін» деп.
Кейде шексіз еркемін,
Сөзін естіп атаның
Құрдасыңдай мен сенің
Атыңды да атадым.
Қандай ыстық сезімің,
Мен бір көңіл бөлмедім.
Мол екен-ау төзімің,
Сонда да жек көрмедің».
Осы өлеңді оқысам, анасынан кешірім сұрай, бауырына тығылып, бұлқына жылаған қыз елестейді. Қаншама жыл анам деп еміренбеген кеуде иіп, әлемнің ең сыйлы жаратылысына бас ұрып жатқандай. Ал «Анама екінші хатта» өз биігін бағамдаған, талғамы бар, өмірлік жолын айқындаған бойжеткен бейнесі ойға оралды.
«Сен үшін білем тым ауыр,
Көп көштің кеттің ішінде
Мен үшін аз ғой бір ауыл
Сөкпеші, мені түсін де», – дей келе, Алатау бөктеріне кеткенін, сонда әрі қарай өлең-ғұмыр кешіп, тасына жырлайтынын жазған. Ауылға сыймай тұрған жыр-күшін мәдениет қазанына апарып қайнатып, жемісін көрмекке аттанатынын да қосқан. Расымен, Ақжелең алмалы шаһарына өмірінің 40 жылын арнап, поэзия айдынында жүзді. Тырысты, тырмысты, жауһар өлең жазды, өшпес мұра қалдырды. Бастысы, образ арқылы суреттеуді, ішкі ой-толғамды жеткізу стилін қалыптастырды. Міне, анаға арналған жырлары арқылы өзінің де, дүйім жұрттың да мұң-мұқтажын жеткізді. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңданы» поэзия қалыбына салып, түсінгенді толқытқаны бар.
«Жалғыз саған жазамын сырымды,
ана,
Сен ғана жақын едің бұрында да.
Адамдар емес мені сүйеп жүрген
Құлатпай келе жатқан жырым ғана».
Аталған жыр шумағында да анасы мен жыры тел ұғым екенін, қос қанаты арқылы «Ақ шағала» атанып, елдің махаббатына бөленгенін білуге болады. Адуынды жыр төкпей тұрып, мың құлап, қайта тұрғанын, мұнда демеудің маңызды екенін нұсқап тұр.
Тағы бір өлеңінде:
…Апа, сенде Тәңір бар, Жасаған бар,
Ал біздерде алаяқ, асаған бар.
Тас көше бар, тас үй бар, темір қақпа,
Айқайласаң, ашпайды-ау тас адамдар, – деп заман кейпін анық әшкерелейді. Бір жағынан, жүрегі қарая бастаған адамдарды нұсқаса, екіншіден, халқы жыламаса, мойын бұрмайтын биліктің бейнесін көрсеткендей. Оны мына өлең жолдары айқындайды:
«– Ол жақта қалай, апа, гүлдер көп пе,
Күнәсін кешіре алмай жүрген көп пе?
Тіріде пара бергіш жылмақайлар
Ол жаққа әлі барып үлгермеп пе?»
Осы тұста айта кетерлігі, Ақұштап ақын поэзиясының тағы бір тұсы – көркем, астарлы мысалмен ашындыра, жүрек шымырлатып, ішкі бейнені оята жырлайды. «Ана сыры» өлеңінде ене мен келін тақырыбынан сыр тартып, көп мәселе түсініспеуден туындайтынын ашық жеткізген. Ал «Ана жүрегі», «Ана махаббаты» өлеңінде ана махаббатын айрықша суреттеп, сюжетті оқиғамен ұштастырады. Оқи отыра көзіңе еріксіз жас алып, «сиынатын болса егер құдірет, сиынар ем Ана деген Тәңірге» деріңіз анық. Мүмкін, осынша тебіреніске бола Қадыр Мырза Әлі «Аққыз, ақ ана, ақ әже – Ақұштап» деген болар. Байқағаныңыздай, әйел образы – Бақтыгереева поэзиясының биігі. Мұның сыртында қыз баласы өмірдің әр кезеңінде Ақұштап жырымен мұңдаса алады. «Сіңліге сыр» айтып, бойжеткен сезімін астарлап, жарға еркелеп, ана ретінде рөлін бекітеді. Тек өлеңімен емес, публицист ретіндегі жазбасында да «Әйелдің халі оңалмай, қоғам көркеймейді» деп дөп басады:
«Қазақтың қара көз қызының тағдырын ойлар есті азаматтар не дер екен? Ел билеген ерлер, байлыққа кенелген жігіттер тек өз әйелінің қамын ғана ойласа, бір босағадан аса алмаса, ұлт тағдырына араласпаса, азаматпын дей ала ма? Жезөкше деп жазғырамыз әйелді, оған итермелейтін кімдер? Баласын тастады дейміз, оның әкесі қайда? Неге тек әйелді ғана кінәлаймыз? Олар кімге сүйенер, оларды кім қорғар? Олар да өз қанымыз, өз қарындасымыз, өз тұқымымыз емес пе? Біз қоғамбыз ғой, біз елміз ғой. Мен бақыттымын деп шалқып отырған әйелдің ұлы көршісінің қызын жылатып, баласын қаңғытса, ол қандай адамгершілік болмақ. Осы біз қандасқа жаны ашитын бауырмалдық сезім мен ұлттық рухты әлсіретіп алған жоқпыз ба? Қазақ жігіті қазақ баласын ұрып өлтірді дегенге жүрек түршігеді. Базар жағалап кеткен әйелдер ұл-қыз тәрбиесінен көз жазып бара жатыр. Ұрпақ тәрбиесіне әйелдер оралуы керек-ақ. Біздің әжелер «Ақымақ болсаң да, ақшаң болсын» деп тербете ме бесігін деп қорқасың. Еліміздің ертеңі үшін, егемендікті мәңгі нық ұстау үшін ұрпақ керек бізге. Ендеше, әйелдің бала тәрбиесімен алаңсыз айналысуына неге мүмкіндік жасамаймыз?»
Туған ел, туған жер – Ақ Жайық
Ақын жүрегінен ойып тұрып орын алатын тағы бір тақырып болса, ол – өскен ел, ауыл, туған жер. Аққыздың да іздеп баратыны, сағына жырлайтыны, сұқ көзден қорғағысы келетіні – Ақ Жайығы. Зейнолла Қабдолов: «Мен Оралды үш қызы арқылы танимын. Біріншісі – аңызға айналған Қыз Жібек, екіншісі – батыр Мәншүк, үшіншісі – өз мінезі, ақындық үні бар Ақұштап арқылы. Соған қарап бұл елдің қыздары мықты-ау деп ұғынамын», – деген екен. Шынымен де, әр қызға арман болған Жібектің елінде туған ақынның бағы бес елі екен. Өйткені Алатау бөктері де Жайық самалына маңдайын тосып жүрген қызды жатсынған жоқ. Жайыққа арнаған өлеңдері арқылы азамат позициясын көрсетіп, ашық күресті. «Трибун-ақын», «Ақ Жайықтың көз жасы», «Елдің елдігі – бірлігі», «Оралдағы ойран» сияқты өлеңде өзенге жан бітіп жылағандай, жағасындағы құм сиқыр дыбыс шығарғандай жаңғырады. Ал «Айдын көлдің арызы» өлеңінде Жайыққа тіл бітіп, адамдарға «Жойылды тірлік жағамда, мен енді шалқи алмадым» деп жанұшырып жатқандай. Тағы бірде «Ақ сазан үркіп кеткен Жайықтаймын» десе, ендігіде өзеннің көктемде тасығанын жырға қосады:
«...Әлде сенің жаныңды қинады ма,
Жарты ғасыр Нарынның шөлдегені
Табиғатқа, тағдырға бағындың да,
Қыста ұйықтадың мұз көрпе
жамылдың да
Ақ айдынға аққулар еркелейтін,
Бір дәуренді өзің де сағындың ба?» – дей келе, қазаққа етек-жеңді жинауды Жайықтан үйрену керегін айтады. Әр келгенінде Жайыққа сәлем беретінін, әркез түсінде көретінін де жасырмайды. Жайыққа оралатынын да жырға қосады. Аталған өзен арқылы ондағы аңыз-әпсананы, әнші мен атақтыны тізіп шығады. «Ақиіс – әннің аты», «Аңшының зары», «Асау құлын», «Айнамкөз», «Алуаш» арқылы сол өлкенің боямасыз болмысын суреттейді. Оқыған сайын қызыға бересің, Жайықтың жан баласына айтпаған тағы қандай сыры барын зерттегің-ақ келеді. Осылайша, Ақжелең Жайыққа өзі ғана ғашық болған жоқ, күллі қазақты ғашық етті.
Ал ауыл турасындағы толғам тіпті бөлек дүние. Нағыз қазақы мінез, қазақы қалыпты жоғалтпай, көп айтып жүрген ұлттық кодты дәл нұсқап тұрған тәрізді. Мәселен, мына бір айтқанында: «Осыдан отыз жыл бұрын ауыл атасы, ауыл ағасы, ауыл қарттары, ауыл азаматы деген атаққа асқан ілтипатпен қараушы едік. Ауылдың сырт келбетінен ауыл ағасын, азаматтарын танушы едік. Ауыл баласы! Ол өзі алданса да, өзгені алдамайтын ақ көңіл болатын. Ауыл бойжеткені инабат пен сызылған табиғи байсалды мінездің иесі еді. Қалада тұратын сәбилер жазғы демалыста ауылдағы ата-әжеге асығатын, даладан мейірім мен төрт түлік малды көріп, таза ауа мен адамдардың таза пейіліне сусындап, жанын, жүрегін тазартып қайтушы еді», – деген екен. Әр тіркестің мәнін ашатын образды қараңызшы: «өзі алданса да, өзгені алдамайтын ақ көңіл болатын». Балаң бейнені, саф көңілді, дархан болмысты танимын дегенге тұнып тұрған өсиет.
Осылай дей келе, ауыл турасындағы кем-кетікті одан әрі жалғайды. Ауылдағы мәдениет, білім, өнер тақырыбын қозғайды. Әсіресе ауыл мектебін, ондағы білім жайын айтып, жетілдіру керегін, қырдағы қарагөздерді сапалы біліммен қамту қажетін айтады. Өлеңінде де, публицистикасында да ауылды дамытуға үндейді. Поэзиясына келсек, «Ауылым», «Ауылдың тентек ұлдары», «Ауылға хат» өлеңі туған жерге іңкәр ару бейнесін сомдап тұр.
«Жазшы маған, жан құрбым,
ауыл қандай?
Арайлы ма, ақын жан сағынғандай», – дегеніндей, ол ұзақ жыл сағынған ауылына, қайта оралуға сөз берген Жайығына қонды. Ақ шағаласы қайта оралғанда адуынды өзен жағасын толқын шайған болар. Өзі де:
«Достарым келсе, қарсы алу үшін,
Қосылып бірге ән салу үшін,
Көгілдір туға, егемен елге
Туған жерімде тамсану үшін
Оралдым саған, Ақ Жайық!» – деген-ді.
Ұлттың болмысы, бүгіні...
Туған жерді қазақыландыру, ауылды көтеру мақсатында өскен елге қайтқандар легінде Ақұштап Бақтыгереева мен Қадыр Мырза Әлі де бар еді. Олар Орал өңірінің әдебиет әлеміне бас болып, мейлінше жаңашыл жоспар құрды. Ақын апамыз әр сөзінде ұлттық болмыс, құндылық ұғымын тастаған жоқ. «Мазасыз жүрек жырласын» өлеңіндегідей:
«Ақ сөйлеп, адал күлетіндермен,
Шындықты жақтап жүретіндермен,
Сыйластық сырын білетіндермен
Танысқым келеді менің...»
Иә, ақын ұлтты оятуды, дамытуды ойлағандармен бас құрағысы келді. Бір мүдде, ұлттық тәрбие мен мінез тұрғысында күллі қазаққа үндеу жолдап жүр. «Бізге не жетпейді?» деп басталатын ой-толғамында қазаққа ұлты үшін туатын ер керегін, елім-жерім дейтін жас қажетін айтады. Қазақ пен қазақ қазақша әңгіме өрбіте алмағанына күйінеді. Өзі берген әр сұқбатта, телехабарда халқының мұң-мұқтажын жеткізе білетіні тағы бар.
«Мен қазіргі өскелең жастарға – Қазақстанның келешегін кемел етем деген жастарға: Абайды оқыңдаршы, күн сайын жұмысқа барарда Абайдың кітабынан бір дана сөзді оқып шығыңдаршы!» – деймін. Мысалы, Абай айтқан бес асыл іс пен бес дұшпанның өзі ойланған адамға қоғамды тазартар сүзгі болар еді-ау!? Біз бүгін ең қымбат егемендікті иелендік. Осы егемендікті сақтау, нығайтуға да Абайдың нақыл сөздері көмектесетін болады», – деп құндылықтың кені Абай сөзінде екенін де жеткізген екен.
Иә, оның әр өлеңі, әр сөзі – бір өнеге. Оқып отырып, ойға қаласың. Төлеген Айбергенов айтқандай, «Оралып өткен алдымнан, Оралдан ұшқан көк қаршыға» дегің-ақ келеді. Көк қаршығадай өр, рухты, сөзіне бекем болмыс. Ұлттың рухын кез келген нәрседен биік қоятын бейне. Дәл «Қамажай» өлеңіндегідей:
«Не сыр айтты көне әуен, алыс үн...
Не тұрады ол құлай сүйген жар үшін.
Жігіт кетті арпалысқан іштегі
Махаббатқа жеңдіре алмай намысын».
Сол сияқты, ақын апамыз да принциптерінен бас тартқан жоқ. Комунист болған жоқ, билікке қызыққан жоқ, «жырын жөргекке жазуды» жалғастырды. Сөйте тұра заман көшінен де қалмады. Нұрлы жүзі, сұлу бейнесі мен мәнері оның ақын екенін алыстан аңғартады. Бекзада болмыс аласарған жоқ. «Елім» деп еміренген жыр-ғұмыр 80-ге қуана басып келеді. Десе де, поэзияға келгенде жас рөл ойнамаса керек-ті. Ол қолына қалам алғанда Жайық жағасында бұрымын самал жел тербеген бойжеткен секілді. Әлі де Жайық одан сыр тартып, бірдеңе сұрайтындай. Өзі де ақ шағаламен үндесіп, атырапқа жан сырын ақтарады. Расымен, өлеңге келгенде бәрі баяғыдай, ақ қағаз, ақ арман, ақжелең...
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Ақұштап есімінің сыры
«Қазақ әдебиеті» газетінде қызметте жүрген кезім. 1967 жыл шамасы болуы керек. Жұмыста отыр едім, кабинетке Сәбит Мұқанов кіріп келіп: «Ескі сөздіктерді ақтарып, атыңның мағынасын іздедім. Ертедегі атау екен. Сонау Жібек жолы арқылы Ираннан таситын жібек матаны ұштап депті. Батыс өңірі ұштаптан тіккен көйлекті көп киген көрінеді. Күнге оңбайды, желге тозбайды, қыста да, жазда да жуып алып, сілкіп жіберіп, көшпелілер кие беретін қалың бедерлі, жалтылдаған ұштаптың бірнеше түсі бар екен, яғни қызылы да, көгі де, ағы да болғаны ғой. Күнге күймейтін, өңін бермейтін, жуған сайын есіле беретін, киген сайын көсіле беретін матаңыз – осы ұштап», – деді. Сәбең: «Бұл атты саған кім қойды?» – деп сұрады. Мен: «Қарт әжем қойған», – деп жауап қаттым. Сонау ХVІІІ ғасырда әжелерімізге арман болған ұштап көйлектің атауын беріп, өңім ақшыл болып туғандықтан, ақ сөзін қосып, Ақұштап деген ғой қарт әжем. Сол аттың сырына Сәбең қызығып, мағынасын біліп, арнайы іздеп келіп айтып кеткені бар еді...
Айбергенов арнаған өлең
1965 жылдың күзі, қыздар институтының студенттері Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепке педпрактикадан өтуге бардық. Қала шетіндегі Матрена деген орыс кемпірдің бір бөлмесін төрт қыз жалдап тұрдық. Бір күні мектептен қайтар жолда бұрылыстағы үлкен терек түбінде қойтасқа шығып бір ақын қазақша дауыстап өлең оқып тұр, бізбен қатар практика өте келген бұрынғы КазПИ (қазіргі АГУ-дің) төрт-бес студент жігіті қоршап алып тыңдап тұр екен. Бізді көріп жігіттер шу ете қалды. – Қыздар, келіңдер өлең тыңдаймыз, Қарақалпақстаннан келген мықты ақын, өлеңдері қызық», – деді. Ол кезде қыздар келіңіз дегенге оп-оңай бұрыла бермейді, біз үш қыз елең қылмай кете бардық. Біз бұрылған көше асфальтсыз, мен туфлиімнің өкшесін тасқа соғып алып сәл кідірдік те ілгері кеттік.
Арада бір аптадай уақыт өткен. Біз бір мерекелік концерт дайындадық. Сол күні КазПИ-дің жігіттеріне еріп Төлеген Айбергенов те келді. Дайындықтың соңына қарай жігіттер жаңа келген ақынға да өз өлеңін оқытып, бағдарламаға қосуды ұсынды. Ол кезде көрермен өлең тыңдауға өте құштар болатын. Біреулер қыздармен айтыстыру керек дегенді ұсынды, әйтеуір, у-шу. Поэзия кештерінде менің ауызекі шумақтар айтатыным бар-ды. Ақұштап айтыссын деп қыздар жағы да шуылдасты. Біраздан соң домбыра сұрап алып үш шумақ өлеңді тамақ қырған жaй дауыспен әнге қосып айтты:
«Сен маған душар болдың
Батқанда бақтар сырға,
Мен саған сусар болдым
Қатқанда қаңтар шыңға.
Деміме менің алқынған
Сен енді тоқтарсың ба,
Оралып өткен алдымнан
Оралдан ұшқан көк қаршыға.
Сен жүрсің жанарымда
Жолы боп басқа өлеңнің,
Тастары табаныңда
Жарқылдап Қаскелеңнің».
Қыздар шу ете қалды. Маған жауап бер тез дейді. Өлең сөздері төгіліп тұр екен, менің де шабытыма әсер етті, тіліме сол ұйқаспен мына жолдар оп-оңай орала кеткені:
«Жырыңа қанбайтынмын
Ауатын назарым көп,
Мен сені ойлайтынмын
Жастықтың базары деп,
Жалынның барлығына
Күймес деп ойлайтынмын.
Саусағы әр бұрымға
Тимес деп ойлайтынмын.
Екенсің қызық ақын
Алмастай өткірлігі,
Қыз көрсе қызығатын
Болдың ғой көптің бірі», – дедім.
Студенттер мәз болды, жауап күтіп қол соқты. Ауызекі айтысқа жоқ ақын тез бұрылып шыға жөнелді. Кейін бұл өлең А-ға деген атпен көлемдірек жазылып кітабына енді. Бұл менің Айбергеновпен алғаш кездесуім болса, оқу бітіргесін Оралға келіп редакцияда жұмыс істеп, 1967 жылдың жазында Алматыға қайта оралған едім. Бір топ ақын Қарақалпаққа кеткелі жатыр екен. «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына келіп Төлеген перзентханаға Үрниса деген келіншегіне телефон шалды. Тас бұйра қара шашы шашылып кеткен, егіз қызым бар деп ентіге сөйлеп, туған жеріме кетіп барам, қуанышым кеудеме сыймай тұр деп шығып кетті. Ол сол сапардан оралған жоқ. Үрниса Хұсни-Хорланын құшақтап перзентханада қала барды.
А.Бақтыгереева
795 рет
көрсетілді0
пікір