• Тұлға
  • 22 Тамыз, 2024

Темірғали Көкетаев, физика-математика ғылымының докторы, профессор, «Ғасыр адамы»: Балама сөзді қазақтың бай тілінен іздеу керек

Адам баласындағы ең асыл қасиет – қарапайымдық. «Ғасыр адамы» сол қарапайым болмысымен бізді есіктен күліп қарсы алды. Әлемді мойындатқан атағы бар, ол жасының үлкендігіне қарамастан, баладай аңғал көңілімен бізге төрін ұсынды. «Шай ішіңдер!». Дастарқанға шақырды. «Ұлылық – қарапайымдықта» екеніне көз жеткіздік. Ол 25 жыл уақытын ашылуы қиын деген зерттеулердің бірі – «Қатты дененің абсолюттік спектроскопиясы» жаңалығын ашуға арнады. Осы жаңалығы үшін ғалымға «Outstanding people of the 20 th century» («XX ғасыр­дың көрнекті адамы») атағы берілді. Ол атақ ғасырда бір рет қана беріледі. Бірақ «Ғасыр адамымен» әңгімелесе отырып, қазақтың асыл перзентінің өмірден өтерін білдік пе?! Бұл ғалымның соңғы сұқбаттарының бірі боларын сездік пе? Талай саңлақтармен сырлас болған «Ана тілі» ұлт апталығы «Ғасыр адамы» атанған Темірғали Көке­таев­тың қозғаған көкейкесті ойларын халқына жеткізеді.
 

– Қазақ тарихы өте ертеден қалыптас­қан, қабілеті мен әлеуеті мықты, дүние­жүзіндегі ең алдыңғы қатарлы ел болуға ұмтылған, мүмкіндігі мол талантты халық. Ұлттың ең бірінші қасиеті – тіл. Қазақтың тілі қазір өркендеу үстінде. Тәуелсіздік алғаннан кейін біраз дүние істеліп жатыр. Бірақ қазақтың тілі әлі тиісті тұғырына қонған жоқ. Мәртебесі болғаннан кейін бүкіл қоғам мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Әлемде қай ұлт болсын – барлығы солай жасайды. Қазір біраз аймақта орыс­тілді мектептердің саны басым. Аралас мектеп жойылмай тұр. Ақиқаты, аралас мектеп қазақ тілінде сөйлейтін білім ордасы деген сөз емес. Мұның өзі қаншама рет сөз болса да, әлі шешімін тапқан жоқ. Әйткенмен, бұрынғымен салыстырғанда қазақ тілінде сөйлейтіндер көбейді. Мемлекеттік тіл болғасын, бәрі қазақтың тілінде сөйлеуі керек. 
Ғылымның өркендеуіне байланысты көп термин шығып жатыр. Терминдер қай тілде жаңалық ашылса, сол тілде орнығады. Ағылшын тілін білсең, дүниежүзін еркін аралап шығасың. Ағылшындар мыңдаған жыл барлық сөздік қорын жинап бітірді деп айтуға болады. Ал қазақтың тілі әлі толық жиналған жоқ. Жазушы Герольд Бельгердің айтуынша, қазақтың екі жарым миллион сөзі бар екен. 2,5 миллион болса, ол ағылшын тілінен 4 есе көп деген сөз. Неткен байлық еді?! 
Қазақтың сөзі құнарлы, бірақ орысша-қазақша араластырып сөйлеп жүрміз. Баяғыда XVIII–XIX ғасырда билеріміз қалай сөйлеген. Сөзді қазақтың өзінің бай тілінен іздеу керек. Мысалы, орыстың «костюм» деген сөзін қазақыландырып, «кәстөм» деп өзгерттік. Қандай үйлесімді?! Шын мәнінде, біздің ұлтқа тән табиғи артикуляциямыз бар, яғни тілдің қозғалу бағыты басқаша, ол сингармонизм заңына бағынған. Демек, керек сөзді бай сөздік қорымыздан іздеуіміз керек, егер табу қиынға соқса, онда бізге жақын түріктілдес елдердің сөзінен алуымыз керек. Мысалы, «ұшақ» сөзін кешеге дейін «самолет» деп келдік, түріктер «ұшақ» дейді. Мағынасы келіп тұр, тамаша үйлесім. Міне, аударма, балама сөзді осылай алған жақсы. Біз тілімізді қорғап, осы потенциалды сақтап қалу үшін, ол дүниежүзілік тілге айналуы үшін терминология деген ғылым саласын өркендетуіміз керек. Терминология – күрделі әрі қажетті нәрсе. Қазір терминология дегенді «сөзжасам» деп айтып жүр. Осылай айтып қалыптастырсақ та болады. Бізге терминологияға қатысты үлкен бір комиссия құрған дұрыс секілді. Қазір тілге қатысты неше түрлі комиссиялар бар, олардың бәрі филологтер отыр. Ал шын мәнінде терминологиямен, негізінен, ғылым салаларының мамандары, оқымыстылары айналысқаны дұрыс. Мысалы, мен физикпін. Демек, физиканың терминологиясын ең бірінші мен жасақтауым керек. Содан кейін ғана филологке барып, ақылдасып, ортақ термин шығаруымыз қажет. Қателесетін де шығармын, бірақ, білуімше, көп жерде терминологияға қатысты комиссияларда арнайы сала мамандары жоқ. Терминологияны, терминдерді, біріншіден, әрбір ғылым саласының айтулы ғалымдары, екіншіден, тілімізді жақсы білетін, көп оқыған мамандармен бірігіп жасаса құба-құп. Мысалы, физикадағы «инерция» деген сөз қазақшаға өмірі аударылмай келген, соны «екпін» деп аудардым. Сөздігіме солай жазып қойдым. Енді бұл талқылауға түсуі керек. Қолданылу барысында келе жатқан ағынды «мынаның екпіні қатты екен» деп айтса болады. Терминді жасайтын сала ғалымдары физик, химик, математиктер болуы керек деп ойлаймын. Мысалы, физика ғылымының терминін жасайтын 10–15 физик пен химик қазақша ғылыми терминін дайындап, республикалық комиссияға ұсынса, құба-құп болар еді. Талқылап, сондай әрекет жасалып, соңында Президент қол қойса. Сонда жүйеге түседі.
Орыстың «семья» деген сөзі бар. Қазақта оны «отбасы» дейді. Соны көбісі «жанұя» деп жазып жүр. Жанұя, біріншіден, жасанды сөз. Екіншіден, «отбасы, отағасы, отанасы» деген өзіміздің керемет сөзіміз бар. Сондықтан бұл терминді мемлекеттік деңгейде бекіту керек. Сонда ғана терминология өз деңгейіне көтеріліп, көп ғалым көңіл бөледі. Тілді сақтап қаламыз десек, терминология ең маңызды нәрсе екенін есте сақтағанымыз жөн. Онымен айналысып жүргендер қатары көп болмаса да, арнайы мақала жазып, шұғылданып жүрген бар. Соның бірі – академик Шерубай Құрманбай. Өздеріңізге мәлім, ол терминология саласында көп іс атқарып жүр. 
Физикада «жартылай өткізгіштік» деген бар. Орыстар ағылшын тілінен «полу проводник» деп аударған. Ал бізде калькамен «жартылай өткізгіш» деп тікелей тәржімаланған. Бұл сөз маған бұрыннан таныс. «Совет энциклопедия­сы» деген үлкен 12 томдықтың 1972 жылдан мүшесі болдым. Сонда осыған қатысты мақаламда «полу проводниктің» қазақшасын «шала өткізгіш» деп жазып едім, комиссияның 10 шақты адамы қабылдамай қойды. Терминком жібермеді. «Жартылай өткізгіш» деген сөз калька ғой. Шындығында, бұл процесс 50 пайызын өткізіп, 50 пайызын өткізбейді деген сөз емес. Егер де қысымын көбейтсең, өткізгіш, азайтсаң, диэлектрик болады. Сонда «шала» деген сөз керемет келіп тұр. Тағы да «интенсивность» дегенді «қарқындылық» деп аудардым. Қазір солай айтылып жүр. Содан кейін физикада орыс тілінде «вырежденные уровень» деген бар, ағылшынша «dehydrogenation» деп аталады. Соны қазақшаға біреу «берекетсіздік», енді біреуі «азғындау» деп аударды. Сол «азғындауы» бекітіліп кетті. Физикада энергетикалық деңгейлер энергиясы әртүрлі болады. Ал кейде бірнеше энергетикалық деңгейдің энергиясы бірдей болады. Оған электр немесе магниттік өріс әсер етсе, олар бірінен-бірі ажырайды. Жарықты призмадан өткізгенде мына жағынан ақ жарық, мына жағынан көк, сары түс шығады. Сол сияқты жіктеледі. Мұны қазақтар қазір «азғындаған» деп жүр. «Азғындаған» деген адамға қатысты айтылады. Оны мен «тоғысу» деп алдым. Екі өзен екі жақтан ағып келе жатып, бір айрыққа келгенде тоғысады, ай мен күннің жарығы тоғысады. Енді қоржынымда сондай біраз сөз бар. Оны талқыға салу керек. Біразын кезінде Терминком «болмайды» деп өткізбеді. Терминологияны салмақты, маңызды дүние екенін қабылдап алмай, тілдің келешегі болмайды.
Оқулықтың құрылымына, сапасына келер болсақ, бұрын кеңестік кезеңде бәріне бір оқулық шығарылып, жаппай соны оқитын. Тәуелсіздік алғаннан кейін неше түрлі авторлар физикадан оқулық жазып жатыр. Олардан байқағаным, бірінің мағынасы, бірінің ғылыми құрылымы дұрыс емес, сөздері күрделі. Үйренуші балаға сөйлемдер анық, ұғынықты болғаны жақсы ғой. Мысалы, мен физик ретінде формула заңдылығын білгенмен, оны анық түсіндіре алмауым мүмкін. Оқу құралын немесе ғылыми бағыттағы кітап шығарсам, филологпен келісіп, кеңесіп барып шығаруым керек. 
Жақында алтыншы сынып оқитын немеремнің тарих кітабын көрдім. Қарап, оқып, күлдім де қойдым. Мен тарихшы емеспін, сондықтан оларға аса бір ақыл айта алмаймын. Әйтпесе тарих өте маңызды пән ғой. Қазақ елінің бір бөлшегі ретінде, қазақтың тарихы тым тереңде екенін, 5000–6000 жылдық өткені барын, сонау сақ, ғұндардан бері келе жатқанын жақсылап жеткізсе деген ойымды айтқым келеді. Біздің тарихымыз 1465 жылғы Керей мен Жәнібектен емес, одан әрі тереңде екені ақиқат қой. Ең бірінші тарих түзелсе. Содан соң оқулық шығару үшін бірнеше сала ғалымдары, мектептегі әдіс-тәсілді жақсы білетін білікті мұғалімдер бірігіп, филологтерді қосып, министрлікпен келісілсе. Сөйтіп, шығарса болады. Қай пән және әр салаға да осы құрылымды қолданса, тамаша емес пе?! Мен 2006 жылы Оксфорд университетінде лекция оқыдым. Сонда, Жапониядан келген бір профессор әңгімелесіп отырғанда: «Біз оқу жүйесіне өзгеріс енгізіп жатырмыз», – деді. Содан қызығушылық танытып, қандай өзгеріс екенін сұрадым. Ол: «Біз Кеңес Одағының 50–60-жылдардағы оқу жүйесін енгізгелі жатырмыз», – деді. «Физикадан оқулық жаздыңыздар ма?» – дедім. Жапон ғалымы: «Жоқ, оны жазу қиын», – деді. Ол Кеңес Одағы кезінде авторы Перущкин болған, өзім оқыған физика оқу құралын аударып жатқанын айтты. Шындығында да, Кеңес Одағының 50–60-жылдарындағы физика ғылымы керемет дамыған еді. Ең бірінші жер серігі, ракеталар жасалып, мықты жоба, нәтижелер өмірге келді. Міне, мектеп оқулығының ел дамуына және ғылымға қалай әсер ететінін көріңіз. Демек, бұл біздің кездегі оқу жүйесінің мықтылығынан. Мен жапон ғалымымен әңгімеден соң, елге келіп сол оқулықты қарадым. Перущкиннің физика оқулығында «Электр тогы деген не?» деген сауалға «Электрондардың бағытталған қозғалысы» деп жазыпты. Кез келген адам түсінеді ғой. Ал енді біздің оқулықты қарасам, түсініксіз. Төрт рет оқып, электр тогын әзер түсіндім. Сондықтан оқулық жазуға өте ұқыптылық қажет. Бірнеше мектептің білімді мұғалімдерін, физиканы жақсы білетін профессорды, екі филологті қосып, 4–5 адам уақытын арнайы арнап жазу керек. Атаққа, ақшаға қызықпай, халыққа түсінікті етіп жазатын, шын жанашыр ниетті азаматтар жұмыс істесе, бәрі дұрыс болады. Бүгінгі оқушыларға сабақ, пән ретінде беріліп жүрген оқулықтарды да ептеп оқимын. Шынымды айтсам, мүлде көңілім толмайды. Сондықтан шын ниетіммен, қазақ дамыса, қазақ өссе деп, көп жылғы еңбектің жемісі ретінде 550 беттік сөздік, кітап шығардым. Оны арнайы терминолог ретінде жазбадым, тек елімнің дамуына үлесімді қосқым келді. Оның ішінде 20 мыңдай жиі қолданылатын ғылыми сөз бен сөз тіркесі қамтылған. Оны керемет, мінсіз жасадым дей алмаймын. Енді қайтадан толықтырып, шығару керек, филологтерге оқуға бердім. Біріншісінің таралымы аз болды, екіншісін шығарайын деп жатырмын, оны да бітіру керек».
Ғалым сөзінің соңын «Кітабымды тезірек ағылшынша, қазақша шығарамын ба деген ойым бар. Оны кириллицамен емес, латынша жазғым келеді» деп аяқтады. Бәлкім, ол өмірден өтерін сезді ме екен. «Ғасыр адамының» дүниеден өтуі қазақ ғылымы үшін орны толмас қаза екенін ұқтық. Бақұл бол, ұлт жанашыры! 
Ал біз өмірінің соңына дейін ұстаздық етіп, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік зерттеу университетінде сабақ берген қайраткер ғалымның жұртына, кейінгі жас ұрпағына жаққан шырағы ешқашан сөнбейтініне бек сенеміз. 

Жазып алған 
Элеонора Әзіржан

Сұқбат Темірғали Көкетаевтың жары Майра ханымның 
келісімімен жарияланып отыр.

 

9156 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы