• Ақпарат
  • 29 Тамыз, 2024

КҮРЕТАМЫР, КӨКТАМЫР СӨЗІНЕН НЕГЕ БАС ТАРТТЫҚ ?

«Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе оны жаншып, кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, кәсіби, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерілген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақ тілінің табиғатына халиф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қазақ «жат сөздерді жаншып, кеміріп» өз тілінің қалпына түсіріп алатын қасиетінен айырылып бара жатқан сияқты. Осы мәселені ескере отырып, газет ұжымы әр ғылым саласындағы терминологияда кезігетін түйткілді жайттарды сарапшылармен бірге талқылау жобасын қолға алды.
Бүгінгі дөңгелек үстелде медицина, оның ішінде трансплантология саласындағы терминдерді қазақ тіліне аудару мәселелері талқыланды. Медицина саласында ұзақ жыл бойы қызмет етіп келе жатқан дәрігерге, тіл білімі саласының маманына, сөздік жасаушы маманға қазақша медициналық терминдерді аудару принциптері, тәржімада кездесетін қиындықтар, терминдерді жетілдіру жолдары туралы сауал қойдық. 

 

– Кеңес өкіметі кезіндегі медициналық білім беру жүйесі қазіргі қазақ медициналық терминологиясына қалай әсер етті?

Төлеубек ҚИЗАТҰЛЫ, С.Ж. Асфендия­ров атындағы ҚазҰМУ, Тілдік пәндер кафедра­сының доценті, ф.ғ.к.:
– Қазақ тілінде көп кезіккен ғылым салаларының бірі – медицина. Оның көптеген себебі бар. Бірінші себеп ретінде Кеңес өкіметі кезінде медициналық жоғары оқу орындарында білім тек орыс тілінде берілгенін айта аламыз. Ол кезде қазақ мектебін бітіріп келген талапкерлер емтиханды қазақша тапсырғанымен, оқуын орыс тілінде жалғастыратын. Олар орыс тіліндегі оқулықтармен ғана білім алып, өз ойын ауызша да, жазбаша да орысша жеткізуге дағдыланған. Қазір қазақ бөлімдерінде сабақ беріп, оқулық пен оқу құралдарын жазып жүрген аға буын ғалымдарымыз кезінде медициналық білімді орыс тілінде алғандар. Олардың сөйлем құрылысында орыс тілінің ықпалы көбірек сезіліп қалатынының себебі де осы. Мұны А.Байтұрсынұлының «Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша етіп жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандықтан. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды» деген сөзімен түсіндіруге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір мысал келтірейік. «Күл – коринебактерияның токсигенді штаммымен шақырылып, негізінен, ауа-тамшылы жолымен таралып, енген жерінде фибринозды жабынды дамып, өзіндік уыттану белгілерімен және жүрек-қантамыр, жүйке, несеп жолдарының асқынуларымен сипатталатын жедел жұқпалы дерт». Алдымен осы сөйлемдегі «коринебактерияның токсигенді штамымен шақырылған» деген сөз тіркесіне тоқталайық. Бұл – орыс тіліндегі «вызванный токсигенными штаммами коринебактерии» деген сөз тіркесінің сөзбе-сөз аудармасы. Қазақ тілінің грамматикалық заңдылығы бойынша «коринебактерияның токсигенді штамы әсерінен пайда болған» болуға тиіс. Енді бүкіл сөйлемді қазақ тілінің сөйлем құрылысы заңдылығына келтірсек, сөйлем былай болып шығуы керек: «Күл – коринебактерияның токсигенді штамы әсерінен пайда болатын, негізінен, ауа-тамшылы жолымен таралатын, енген жерінде фибринозды жабынды дамитын, уыттану белгілері бар және жүрек-қантамыр, жүйке жүйесі, несеп жолдары ауруларының асқынуларына алып келетін, жедел жұқпалы (жұғатын) ауру». 

Мұхамбедия АХМЕТ-ТӨРЕ, кардиолог, медицина ғылымының кандидаты: 

– Медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттерді қарастырайық. Бір қазақ тобында он студент бар десек, солардың бірде-біреуі ойын толық әрі жүйелі жеткізе алмайды. Бұған мектептің деңгейі, сапасыз жазылған оқулықтар мен тестілер, сондай-ақ оқыту жүйесінің өзі кінәлі. Қазақ тілінде құрас­тырылған қазіргі тест сұрақтары қазақ тілінің синтаксистік және грамматикалық ережелерін бұзып, «калька» аудармаларға айналған. Студенттердің көпшілігі еркін тақырыпта сөйлем құрау қабілетінен айырылған. Оларға көрсетіп, қадам-қадаммен жаздырып, содан кейін жаттап алғанды айтып берсе, соның өзіне шүкір дейтін жағдайдамыз. Тілдері де қызық: екі сөз айтса, үшіншісіне міндетті түрде артық бір паразит сөзді қосады. «Яғни, яғни», «жаңағы, жаңағымен» деген сөздермен шектеліп қалады, жаңа бір нәрсені қосуға қауқарсыз.

– Латын және грек тілдерінен енген терминдерді қазақ тіліне аударуда қандай қиындықтар туындап отыр?

Төлеубек ҚИЗАТҰЛЫ:

– Кез келген ғылым саласын оқыту үшін, ең алдымен, сол сала бойынша жасалған терминдері болуға тиіс. Медицина ғылымының дамуына латын тілі негіз болғандықтан, «In via est in medicina via sine lingua Latina» – «Латын тілінсіз медицина – өте алмайтын жол» деген қанатты сөз қалған. Бұл латын тілінен енген терминдерді қолданбаса, медицина ғылымы дамымайды деген сөз емес. Сол латын, грек тілдерінен енген терминдердегі ұғымдарды беретін сөздер қазақ тілінде де жетіп-артылады. Қазір ғылымның әр саласында термин жасау барысында қандай жағдайда басқа тілдерден аударып аламыз, қандай жағдайда аударуға болмайды деген мәселенің басы анық ашылған жоқ. Кеңестік оқу өтіп кеткен «ғалымдарымыздың» айтатын уәжі «бұлар халықаралық терминдер, оны аударуға болмайдыдан» әрі аспайды. Мысалы, капилляры термині қылтамыр деп аударылған, ал осындай арғы түбі латын тілінен шыққан, бізге орыс тіліндегі нұсқасы арқылы жеткен артерия, вена терминдерінің қазақша күретамыр, көктамыр деген атаулары қабылданбады. Күретамыр, көктамыр сөздері бұл ұғымды не себептен бере алмайды дегенге нақты жауап жоқ. Тіпті қазақ тілінде бұрыннан бар жүйке (нерв) сөзінің өзін қолдануға болмайды деп тыйым салып тастады. Бұл сөз сөздіктерде де, оқулықтар мен оқу құралдарында да жүйке болып қолданылып жүрсе де, ресми құжаттарда тек нерв деп жазылады. Әкімшілік-әміршілдік жүйе терминжасам саласына да мықтап енген. Термин, негізінен, ғылым-білімі дамыған елдердің тілдерінде пайда болады. Жоғарыда айтқанымыздай, медицина ғылымының дамуына латын тілі негіз болғандықтан, бұл салада латын сөздерінен жасалған термин өте көп. Оның барлығын аударып қолдану мүмкін емес. Ондай жағдайда түп негізі латын, грек немесе үндіеуропа тілдерінен болып келетін терминдерді қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сай бейімдеп алуымыз керек. Мысалы, туберкулез деген медициналық терминнің қазақ тіліне сіңбей тұрғаны орыс тіліндегі у дауыстысының қолданылуы. Бұл терминді түберкүлез деп жаза салса, қазақ тіліне сіңісіп кетер еді, бірақ мұндай терминдердің орыс тіліндегі үлгісіне үйреніп қалған қоғам мұны қабылдай алмайды. Ол үшін латын әліпбиіне көшкенде қазақ тіліне тән емес дыбыстарды беретін әріптерді әліпбиден алып тастау керек. Латын әліпбиімен жазсақ, бұл термин tùberkùlez болып шығатын еді де, жаңа термин сияқты қабылданар еді. Кирилл әліпбиі улап тастаған санадан осылай ғана арылуға болады. 

Мұхамбедия АХМЕТ-ТӨРЕ: 

– Сөз қадірін түсінетін, әңгімесі байыпты адамның әсерлі сөзі көкірегіңді нұрға бөктіріп, жан дүниеңді шабыттандырады. Демек, сөйлеу — күрделі психофизиологиялық үдеріс. Тіл тек тіл мамандарының еншісінде ғана емес! Оны дамытуға қоғамның әрбір мүшесі үлес қосуға тиіс. Себебі тілсіз ешбір іс, ешбір шара жүзеге аспайды. Белгілі лингвист Фердинанд де Соссюр: «Тіл — сөйлеудің құралы әрі нәтижесі», – деп айтқан.
Дәрігердің әртүрлі емшара жасауымен қатар, сөз мәдениеті мен тіл шеберлігі де жоғары болуы керек. Өз ісін қадірлейтін дәрігердің ең басты қаруы – тіл! Жаны жаралы, көңілі жабырқау болып келген науқасты емдейтін де сол тілдің құдіреті. Медициналық оқу орындарындағы қазақша оқулық тілінің нашарлығынан студенттер ғылыми ұғымдарды толық меңгере алмай жатады. Кез келген ұлттың тілі – сол ұлттың ұлттық кодындағы ең маңызды құрамдас бөлік. Мен тіл білімі саласының маманы емеспін, мен дәрігермін. Ал осы сөз тіл, қарым-қатынас – адамның тұлға ретінде қалыптасуы үшін ең маңызды және шешуші фактор. «Бірауыз сөз әке өлімін естіртсе, бірауыз сөз ұл туды деп қуантар» деген Кәкімбек ағамыздың сөзі бар. Дәрігердің дәріден бұрын қолданатын қаруы – тіл, сөз. Сөз – сөйлем құраудың қажетті «құрылыс материалы». Әр сөздің мәнін, орнын дұрыс пайдалана алмаған адам сөйлемді дұрыс құра алмайды. Мысалы, аборт терминін қарастырайық. Аборттың қазақшасы «түсік» деп аударылған. Латынша abortus – «жүктілікті үзу» процесі, ал «түсік» – мерзімінен бұрын туған ұрық дегенді білдіреді. Сондықтан аборт дұрыс аударылғанда «түсік түсу», «түсік тастау» немесе «түсік түсіру», «түсік тастату» болуы керек еді. Медициналық сөздіктерде «неполный аборт» – «толықсыз түсік», «не состоявшийся аборт» «кешікті түсік» деп аударылғанын көргенде, бұл қандай қазақша деген сұрақ туындайды. «Криминальный аборт» кейде «қылмысты түсік», кейде «астыртын түсік» деп аударылған. «У вас угрожающий аборт» дегенді қазақша «сізде қауіпті түсік бар» деп қате аударуға болады, бірақ дұрыс аудармасы – «сізде түсік түсу қаупі бар» болуы керек. Бұл – тек аборт тақырыбынан алынған мысал ғана. Мұндай қателіктер қазақша медициналық сөздікте көп кездеседі.

– Аударма кезінде қазақ тілінің бай сөздік қорын толығымен пайдалана алып жүрміз бе? Жалпы алғанда, медициналық терминдердің қазақшаға аударылуы туралы ойыңыз қандай?

Жақсылық АҚМЫРЗАҰЛЫ, медицина ғылымының докторы, профессор: 

– Медицина саласында сөздіктер бар, әрине. Кітапханамда «Атлас. Адам анатомиясы», «Медицина терминдерінің сөздігі» сынды медициналық сөздіктерді таба аласыздар. 90-жылдары орысша сөздерді қазақшаға аударамыз деген ұранмен қазақшыландырудың алғашқы легі жүрді ғой. Соған байланысты медицина саласында көп сөздер, әсіресе ағзаның, сүйектердің және іш құрылыстың атауы аударылғанда, ол сөздердің мағынасы малдың органдарымен бірдей қарастырылған. Әрине, ол дұрыс емес. Медицина саласында халықаралық деңгейде терминде қалыптасқан терминдер бар. Мысалы, травматология сөзін алып қаралық. Травматология дегенді жарақаттарды емдеу бөлімшесі деп атауға болады. Ал травматолог маманды жарақат емдейтін дәрігер деп аударудың қажеті жоқ. Сол сияқты ол дәрігерді сынықшы деп аударуға келмейді. Невропатологті де жүйке жүйесін емдейтін дәрігер деп аудара алмаймыз. Ол маман – жүйке жүйеден басқа, ми және жұлын жүйке жүйесінің қызметін емдейтін дәрігер. Соның ішінде, окулист терминін көз дәрігері деп аударуға болмайды. Терминдер грек және латын тілдерінен халықаралық деңгейде қабылданған терминдер. Яғни мұндай халықаралық терминдерді аударудың қажеті жоқ деп санаймын. Соған байланысты, трансплантология да халықаралық деңгейде қабылданған және қалыптасқан термин ғой. Трансплантологияны «ағза ауыстыру» деп айтуға болады, бірақ одан біз ештеңе де ұтпаймыз. Соның ішінде трансплантология саласында донор деген сөз бар. Медициналық көзқараспен қарасақ, донор деген ағза я қан беруші деген мағынаны береді. Оны біз «ағза беруші» деп айта алмаймыз ғой. Рецепиентті де «ағза қабылдаушы» деп айта алмаймыз. Мұны бұрыс көремін. Біз оның бәрін қазақшаға аударамыз деп жүгірсек, ертең біз үлкен халықаралық деңгейде күлкіге қаламыз. Мысалы, жапондықтар халықаралық терминдерді тегіс өз тіліне аударған. Ал қазір олар бұл ісіне өкінеді. Сондықтан қалыптасқан медициналық терминдер сол қалпында қалуы керек деп санаймын. Біз кейін шатасып кетеміз, әрі сол сөздерді түсінбей қаламыз. 

– Сонда халықаралық деңгейде қалыптасқан медициналық терминнің бәрін қазақшаға аударудың қажет емес екенін алға тартып отырсыз ба? 

Жақсылық АҚМЫРЗАҰЛЫ:

– Иә, халықты шатастырмайық, грек және латын тілінде халықаралық деңгейде қалыптасқан терминдерді аударудың еш қажеті жоқ. Сол халықаралық терминдерді қазақ тіліне аударылған сөздермен мақала жазатын болсақ, ол көпшілікке түсінікті бола бермейді. Қалыптасқан дүние сол қалыпта қалғаны жөн. Халықаралық деңгейде латын, грек тілдерінде қалыптасқан терминдерді сол қалпында қалдыру керек. Оны аударудың қажеті жоқ. Мысалы, қазір операцияны ота деп жүрміз. Сол сияқты ағзаны алып тастауды эктамия деп атайды. «Эктамия» термині медицинада белгілі бір органды немесе оның бөлігін хирургиялық жолмен алып тастау дегенді білдіреді. Бұл сөз грек тіліндегі «ἐκτομή» (эктоме) сөзінен шыққан, ол «кесу» немесе «алып тастау» деген мағынаны береді. Мысалы, «нефрэктамия» – бүйректі алып тастау, «аппендэктамия» – соқырішекті алып тастау дегенді білдіреді. Сондай терминдерді қалдыру керек. Біз бәрін аударамыз деп шатасып кетеміз және ол сөздер баршаға түсініксіз болады. Халық дәрігердің не істеп, не қойғанын түсінуі керек. Бастысы сол. Орыс тіліндегі двенадцатиперстная кишка сөзін қазақшалап он екі елі ішек деп, енді біреулері ол сөзді малдың ағзасына байланысты «ұлтабар» деп атап отыр. Яғни медицина саласында бір атау бірнеше салаға қатысты бола бермейді. Ал жалпылама атау қо­йылған диагнозды дәл атап бермей, дәрігер мен науқас арасындағы емшара жолдарына кедергі болады. Менің айтпағым – осы. 

– Басқа тілден енген сөздерді сол қалпында қабылдаудың тілге тигізетін ықпалы қандай?

Төлеубек ҚИЗАТҰЛЫ: 

– Үнді-еуропа тілдерінен енген терминдерді қазақ тіліне қалай бейімдеу керек және ол терминдерді түпнұсқа тілден алу керек пе, әлде орыс тілі арқылы енген нұсқаларын тілге бейімдеп қолданамыз ба деген мәселелердің басын ашып алу да қажет. Латын әліпбиіне ауысудың ең басты мақсаты – Кеңес өкіметі кезінде тілімізге күштеп ендірілген жат дыбыстардан арылу. Ал әліпби мен емле ережелеріміз жөнделмей тұрып, басқа тілдерден енген терминдерді тілге бейімдеу мүмкін емес. Кирилл жазуы тіліміздің дыбыстық заңдылығын ғана бұзып қойған жоқ, сана-сезімімізді де орыстандырып жіберді. Басқа тілден енген терминдерді қазақшаға бейімдеп айтуды артта қалғандық, кері кеткендік деп санайтын болдық. 1924 жылы Орынбор қаласында өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде» Е.Омарұлы: «Жат сөз қазақ тіліне сіңіп, түпкілікті қазақ сөзі болып шығуы үшін, мағынасы түсінікті болмаса да, айтуға жеңіл, құлаққа ерсі болмауы керек. Бұл шартқа келмеген сөз қазақ сөзі бола алмайды, тек кітап сөзі болып қана қалады. Олай болып кетсе, кітап тілі ел тілінен басқаланып шығады, кітаптың елге пайдасы болмайды», – деп, басқа тілден енген сөздерді өзгертпей қабылдаудың тілге қандай зиян келтіретінін ашып көрсеткен. Кезінде Е.Омарұлы қазақ тілінің заңдылығына бағынбаған сөздер құлаққа ерсі естіледі деген пікір айтса, бұл күндері, керісінше, орыс тілінің заңдылығымен жазылып тұрған сөздерді қазақыландырып дыбыстау құлаққа ерсі болып естілетін дәрежеге жетті. 

Мұхамбедия АХМЕТ-ТӨРЕ: 

– Функция деген сөзді қызмет деп аударып жүр. Асқазанның қызметі дейді. Сонда, асқазан шенеунік пе, әлде бастық па?! Кез келген заттың, мысалы, үстелдің де, қаламсаптың да, жүректің де, машинаның ішіндегі кішкентай тетіктің де функциясы бар. Функция деген сөздің мағынасы өте кең, оны бір ғана атаумен толық жеткізу мүмкін емес, сондықтан осы күйінде қалдырғанымыз дұрыс. Оны өз тілімізге икемдейік. Біз моңғол текті, көзіміз қысықтау, шашымыз қара, төртбақтау келген халықпыз және бұл біздің ерекшелігіміз. Сол сияқты, тіліміздің де өзіндік ерекшелігі бар. Ағзадағы бір құрылымның немесе мүшенің атауы кейде көрші орналасқан бірнеше ағзалардың атын қосып айту арқылы аталады. Мысалы, грудино-ключично-сосцевидная мышца, поджелудочно-двенадцатиперстнокишечный анастомоз, холедоходуодено-гастростомия секілді күрделі терминдер бар. Мұндай медициналық терминдерді қаншалықты сәтті аударғанымызбен, олардың қазақша жазылу ережелері әлі күнге дейін жүйеленбеген. Терминологияны жүйелеу – өте күрделі жұмыс. Әсіресе заң саласында мұқият болу керек, өйткені сауатсыз жасалған бір сөз адамның тағдырын шешіп кетуі мүмкін. 

– Медицина ғылымының қазақ тілінде сөйлеуіне, дамуына тұсау болып отырған не мәселе? 

Төлеубек ҚИЗАТҰЛЫ: 

– Қазір сырқаттанып емханаға немесе ауруханаға барсаңыз, қазақша сөйлесіп, ауруыңыздың себебін қазақша түсіндіріп беретін дәрігерлер жоқ емес. Бірақ олардың барлығы сырқатнаманы орысша толтырады, диагнозды орысша жазады, себебі медициналық терминдер әлі де толық бірізденбеген және медициналық ғылыми стиль толық қалыптаспай жатыр. Оның үстіне дәрігерлер ол терминдердің қазақшасын іздеп, қазақша сөйлем құрап басын ауыртқылары да келмейтін сияқты. Бұрыннан көзі үйреніп қалған дайын үлгіге салып, орысша толтыра салады. Тілге деген жауапсыздық, ісқағаздарының қазақша жүрмеуі – осының бәрі айналып келгенде медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына тұсау болып отыр. Медициналық қазақ тілі тегістелмеген, асфальт төселмеген дала жолы сияқты. Болашағы бар бұл жолды жөндеп тегістеу керек. Қазіргі жолымыз тегіс сияқты көрінгенімен, алдында үлкен жартас тұр. Соған барып соғылғанда ғана тоқтайтын түріміз бар. Бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды. Тағы бір мәселе – төл терминдеріміздің жазылуы. Әсіресе күрделі сөздерден тұратын терминдердің жазылуы нақты шешімін табуды қажет етеді. Қазақ тіл білімінде әлі күнге шешім табылмай жүрген мәселелердің бірі – күрделі сөздерді анықтау және олардың жазылуы. Мысалы, бұлшық ет (мышцы), көк желке (затылок),  күре тамыр (артерия), көкбауыр (селезенка), көкет (диафрагма), көкжөтел (коклюш) сияқты медициналық күрделі терминдердің кейбірі бірге, кейбірі бөлек жазылып жүр. Бұл атаулар бірге жазылуы керек пе, әлде бөлек жазылуы керек пе деген сұраққа жауап беру үшін, әуелі, бұлар күрделі сөз бе, әлде сөз тіркесі ме деген сұраққа жауап айтуымыз керек. Бұлшық ет, көк желке,  күре тамыр сөз тіркестеріндегі бұлшық, көк, күре сөздері Қандай? деген сұраққа жауап беріп, ет, желке, тамыр сөздеріне анықтауыш болып тұрған жоқ, яғни анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері емес. Бұл сөздер тұтасып келіп Не? деген сұраққа жауап береді. Жеке тұрғанда лексикалық мағынасын жоғалтып, тұтасып келіп бір ғана атауды білдіріп тұрғандықтан, бұл сөздер күрделі сөздердің ішінде біріккен сөздер деп танылып, көкет, көкжөтел, көкбауыр сөздері сияқты бірге жазылуға тиіс. Осы күрделі сөздердің біріккен жеріндегі дыбыстар тіркесімін ескеріп жазудың да маңызы зор. Бұлшығет, көгжелке, көгет, көгжөтел, көкпауыр деп жазсақ, айтылу мен жазылу арасындағы айырмашылық азаяды және сауатты жазуға мүмкіндік туады. Түбір сөз бен қосымшаның аралығында ескерілетін дауыссыз дыбыстар тіркесімі біріккен сөздердің жазылуында да сақталуғатиіс. Сөздердің түбірін сақтап жазу – қопарылмалы тілдер үшін қажет, ал жалғамалы тілдерде түбір мен қосымшаның, біріккен сөздердің жігіндегі дыбыстар тіркесімінің сақталуы маңызды. Қазір теледидар, радио дикторлары күнделікті өмірде жиі қолданылатын көкөніс сөзін тура жазылуындай етіп дыбыстайды. Көгөнүс деп айтатын дикторлар жоқ десе де болады. Бұл – орыс тілінен енген сөздердің айтылуы мен жазылуын бірінші орынға қойған әліпбиіміз бен емле ережеміздің «жемісі».

Жансая ҚОҚАН, Астана медицина университетінің 3-курс студенті: 

– Университетімізде трансплантология пән ретінде арнайы қарастырылмайды. Ол хирургия саласына байланысты болғандықтан, сол пән аясында айтылады. 
Қазақстандағы көптеген медициналық ЖОО-да оқу процесінің 70%-ы өзіндік оқуға, үйренуге, ізденіске негізделген. Бұл дегеніміз – студенттер тек бір оқулықпен шектелмей, өзін қызықтыратын саланы жан-жақты зерттейді деген сөз. Мұғалімдер дәрісті студенттерге барынша жеңіл тілде түсіндіруге тырысады, сондықтан емтихандарда тіл мәселесі бойынша қиындық тумайды.
Қазіргі уақытта біздің университетте үш тілде оқытылатын топ бар. Өзім қазақ тобында оқимын. Дәрістер қазақ топтарына қазақ тілінде өткізілетіні белгілі. Алайда медициналық терминдердің қазақшаға аударылуында қателіктер өте көп екенін айта кеткенім жөн. Бастапқы курстарда оқулықтардың орыс тілінен тікелей аударылуы қалькаланған қазақша сөздерді түсінуді қиындатты. Қазір де қазақша медициналық оқулықтар аз деп айтар едім. Бұл мәселе әсіресе басқа тілдерден қиналатын болашақ дәрігерлер үшін үлкен қиындық тудырады деп ойлаймын. Дегенмен университетіміз бұл мәселені шешуге ниетті. Қазақша оқулықтарды көбейтіп, қателіктерді түзетуге жұмыс істейміз деп студенттерге уәде берген болатын. Біздің курста қазақ топтарында шамамен 45 топ бар. Орыс және ағылшын тілдерінде шамамен 10 топ болады. Әрбір топта шамамен 12 студент оқиды.
– Әңгімелеріңізге рақмет!

 

Дөңгелек үстелді жүргізген
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

 

964 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы