- Ақпарат
- 29 Тамыз, 2024
Жарылыс жарасы. Жарықшақ тағдырлар
Абай, Шәкәрім, Мұхтарларды өмірге әкелген Семей топырағы – ядролық сынақтарды бастан өткерген тағдырлы мекен. Ғабит Мүсіреповтің «Көздің әңгімесінде» атом бомбасының құрбаны болған жапон қызының сай-сүйегіңді сырқыратар трагедиясында айтылғандай: «Кейде жапа көрген ой жәбіршіге қарғыс айтқысы келеді. Дүние желі олай соғып, бұлай соғып, бір теңбіл шаңды соның ішіп отырған шайына апарып түсірсе, қандай жақсы болар еді дейді. Ар жағы белгілі, о да сондай мүгедек... Туатын баласы қиқы-шойқы, жарымжан... Баласының баласы тағы сондай... Ай, көзім жазылса екен, көзім!..» Жазушының дәл осы суреттеуіндей, ұлылардың мекенінде ұрпағының мүгедектігін, кемтарлығын шарасыздықтан қабылдап, бір мезетте өмірден баз кешіп, ұнжырғасы түсіп, жабырқаңқы күй кешетін аналарымызды көрдік. Бірінің баласының таңдайы жабысып, бірінің ұл-қызының қолсыз дүниеге келуі жанын жегі құрттай жегізетіні күбірінен байқалатын еді.
Жарылыстан көз ашпаған ұлы дала
Бертінге дейін әскери құпия ретінде саналып келген Cемей полигонының құрылуының тарихы тым әріде жатыр. 1947 жылдың 21 тамызында КСРО үкіметі арнайы қаулымен атом ғылыми-зерттеу полигонын құру туралы шешім қабылдады. 1949 жылғы 29 тамызда Семей маңындағы полигонда биіктігі 30 метрлік мұнара үстінде қуаты 20 килотонн бірінші атом жарылысы, 1951 жылы екі атом бомбасы сынақтан өтеді. 1953 жылдың 12 тамызында биіктігі 33 метрлік мұнара басында қуаты 480 килотоннаға тең термоядролық жарылыс өткізді... Ұдайы өтіп жатқан атом жарылыстарының ауыр зардабы тұрғындардың денсаулығының күрт төмендеуіне, бұрын естіп-білмеген «аты жоқ» ауру түрлерінің көбеюіне әкелді.
Бұл тұрғыда елуінші жылдардың аяғында сол кездегі Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың тапсырмасымен Қазақ КСР Ғылым академиясы Онкология және радиациялық медицина институтының жас ғалымы Сайым Балмұханов басқарған экспедиция полигонға арнайы барып, іргелес жатқан аудандардан Қайнар, Саржал, Қарауыл, Долон поселкелеріндегі тұрғындардың денсаулығын, сынақтың денсаулыққа әсерін, радиациялық жағдайды зерттеген.
«Экспедицияға қатысушылар тексерілген адамдардан бұрын сирек кездесетін немесе бұл өлкеде кездеспейтін, мәселен, адам денесінің ашық бөлігіндегі дақтар сияқты белгісіз ауру нышандарын тапты. ...Шаш түсудің жиілегені атап көрсетілді. ...Тырнақтың сынғыштығы байқалды. ...Қайнардың әрбір екінші тұрғыны қан қысымының төмендеуіне, әлсіздікке, селқостыққа ұшырады. Қан мен тамырлардың қалыптан көп ауытқуы айқын көрінді. Тұрғындар арасында ұсақ қан тамырларының зақымдануы басым болды, ол тамырлардың аса жұқарып, сынғыштығынан және қанның ағуынан көрінді.
Жаңа ауру, негізінен, полигонға жапсарлас аудан тұрғындарын шарпыған. Бұған дейін оларда мұндай ауру өте сирек кездескен, болып көрмеген. Сондықтан осы түсініксіз аурудың жүргізіліп жатқан ядролық жарылыс салдарынан екеніне күмән тумады. Экспедиция жасаған қорытынды осындай. Бұған Семейге келген КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің биофизика институты қызметкерлерінің де көзі жетті. Бұл, негізінде, жүргізіліп жатқан ядролық жарылыс салдарынан туған «сәуле ауруы» еді. Алайда оны өз атымен атауға батылы бармады да, жоғарыда аталған биофизика институтының академигі А.Лебединский «Қайнар қасіреті» («Синдром Кайнара») деген атау берді (Кешірім Бозтаев. Семей полигоны/«Қайнар қасіреті», 209 б.).
Ал адам баласының басына төнген қауіп-қатер араға сан жыл салып барып бір-ақ тоқтады. 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Арнайы жарлық шықты.
29 тамыз – тарихи күн
Біз осыған орай кезінде Жарлықтың мәтінін дайындауға қатысқан экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменовке хабарласып, көкейдегі сауалды қойған едік.
«Тамыздың 29-ы – Қазақстан үшін тарихи күн. Қазақ даласын қырық жыл атом бомбасының сынағымен улаған КСРО-ның әскери-өндіріс кешені өз қызметін Семей өңірінде тоқтатты. Десек те жыл өткен сайын «полигонды жапқандардың» саны көбеюде. Осы дәлелсіз сөз жарысына нүкте қоятын кез жетті. Полигонды тек оның егесі ғана жаба алады, ал егесі КСРО-ның әскери-өндірістік кешені болатын. Ақиқаты, полигонды жапқан қазақ билігі, онда да Одақтың тарау алдындағы берекесіздігін пайдалану арқылы ұтымды шешім жасады. Ал оны сол бір сәтте, қас қағым мүмкіндікті пайдалана отырып жасаған Президент аппараты мен Министрлер кабинетінің экология бөлімі еді. Ондағы ұлтын сүйетін, мемлекетшіл азаматтардың сол күнгі бастамашылдығы.
Иә, полигон жабылды, бірақ оның зардабын көрген халыққа не көмек берілді? 1991 жылдың наурыз айында Қазақстан билігі Мәскеуге президент М.С. Горбачевтың шығаратын Жарлығының жобасын қоса тігіп, халықтың тілегіне сәйкес полигонды екі жарылыстан кейін жабуды ұсынды. Сол хатта КСРО үкіметінен 1991–1995 жылдарға 1,2 млрд рубль көлемінде өтемақы төлеу сұралды. Бірақ ол аяқсыз қалды.
Қазақстан Парламенті полигон жабылғаннан кейін көп ұзамай «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы №1787–ХII заңын шығарды. Залалданған аумақтар әсерлi эквиваленттi мөлшерiнiң шамасына қарай төтенше радиациялық қауiптi аймақ, ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ, жоғары радиациялық қауiптi аймақ, ең төмен радиациялық қауiптi аймақ, жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ деп бөлiндi.
Ең жоғарғы радиациялық қауіпті аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Абай, Бесқарағай және таратылған Жаңасемей аудандарының, Семей қаласы Ақбұлақ, Абыралы, Алғабас, Айнабұлақ, Қараөлең және Таңат ауылдық округтерінің, Павлодар облысы Май ауданы Ақжар және Малдар ауылдық округтерінің елдi мекенi жатқызылды. Жоғары радиациялық қауіпті аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха, Жарма, Аягөз, Глубокое, Шемонайха, Ұлан аудандарының елдi мекенi, Семей, Курчатов, Өскемен және Риддер қалалары, таратылған Қазыбек би ауданының аумағы шегінде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Павлодар облысының Май ауданы кірді. Ең төмен радиациялық қауіпті аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Үржар, таратылған Таскескен, Көкпектi, Ақсуат, Зырян, Зайсан және Тарбағатай аудандарының, Қарағанды облысының таратылған Қазыбек би ауданының аумағын қоспағанда, Қарқаралы ауданының, Павлодар облысының Лебяжi ауданының елдi мекендерi жататын болды. Жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумаққа Павлодар облысының Баянауыл ауданы жатқызылды.
Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға әуеде және жер үстiнде ядролық жарылыстар жасаған кезеңде (1949–1965) радиоактивтi заттармен ластануға ұшыраған аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар; 1966 жылдан 1990 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi аралықта жерасты ядролық жарылыстарын жасау кезеңiнде осы аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар; 1949 жылдан 1990 жылға дейiнгi аралықта жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақта тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар жатқызылды.
Жалпы, Семей өңіріндегі апатқа байланысты сауықтыру мен төлемақы берудің қиындықтары бар, аталған қауіпті жерлерде адамдар тұрса да, радияцияны көп мөлшерде алмауы ықтимал, керісінше уақытша сол жерлерде болған адам көп мөлшерде БЭР алуы мүмкін және ол Қазақстанның басқа жерінде тұруы мүмкін. Сондықтан өтемақы мен әлеуметтік көмек тек ауруға шалдыққан адамдарға арнайы түрде беріліп жатса, сол пайдалы болар еді. Бұл оңай мәселе емес. Дегенмен үкімет бұл түйткілді қайта қарауды қолға алған сияқты.
Полигон проблемасын шешудің маңызды бір жағы бар, ол – полигонға берілген жерлерді экономикаға тиімді пайдалану. Бекітілген жер көлемі Израйль мемлекетінің аумағымен бірдей, яғни 18,5 мың кв километр, ол жердің көп бөлігі залалсыз, міне, соны мал шаруашылығы, жем-шөп өндіру тағы басқа салаға тиімді пайдалану қазір маңызды. Бұл жұмысты атқару үшін, яғни ядролық жарылыстар әсерiне ұшыраған аумақты экологиялық жағынан сауықтыру туралы заңда арнайы бап бар. Өкінішке қарай, министрліктер мен әкімдер заңның тайға таңба басқандай етіп жазылған бабын орындамай отыр. Менің пікірімше, сол жерде, сол уақытта тұрған зардап шеккен адамдарға медициналық және басқа көмек жасалуы қажет. Семей өңірінде, Шығыс Қазақстан облысында табиғаты керемет жер көп. Міне, сол аймаққа мемлекет есебінен көптеген шипажай салып, өңір тұрғындарын жыл сайын сауықтырып отырса, ең қажеті сол болмақ.
Ядросыз әлем үшін жасалған Астана декларациясы
Қазақстан, сөйтіп, қуаты жөнінен әлемде төртінші орын алатын ядролық қарудан өз еркімен бас тартты, соның нәтижесінде әлем қауымдастығының жаппай қолдауына ие болды. 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ БА-ның 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп жариялау туралы қарары қабылданды, оған сәйкес жыл сайын әлемге ядролық сынақтардың салдары туралы еске салуға және болашақта олардың қайта басталуына жол бермеуге бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Бұл – халықаралық қоғамдастықтың Семей полигонының 29 тамыз, ресми жабылу күнінің маңызын мойындауы, мұның, өз кезегінде, Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін тарихи маңызы бар.
Ал 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Семей шартына қол қойылды. Оған барлық қатысушылар – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан – 2015 жылы арнайы хаттамамен ресімделген ядролық клубтың бес державасынан қауіпсіздік кепілдігін алды. Осылайша, 1994 жылы ядролық державалардың Будапешт меморандумына қол қоюын есепке ала келгенде, еліміз қауіпсіздіктің қосарланған кепілдемесіне ие болып отыр.
Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелі халықаралық шарттардың қатысушысы болып есептеледі. 2012 жылы АҚШ, Ресей және Қазақстан Президенттерінің бұрынғы Семей полигонында Үшжақты ынтымақтастықты жалғастыру туралы бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Семей өңірінің зардап шеккен жерлерін оңалту жөнінде БҰҰ бірқатар қарар қабылдады. Біз төмен байытылған ядролық отын халықаралық банкінің депозитарийі атандық. Бұл факт Қазақстан қауіпсіздігінің жоғары деңгейі мен біздің жоғары халықаралық беделімізді айғақтайды.
Бүгінде Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылық орнын сақтап келеді. Қазақстан бастамасы бойынша мәні зор ядролық қаруға жаппай тыйым салу жолындағы күреске жұмылдыру болып табылатын АТОМ жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылдың 7 желтоқсанында, адамзат тарихында алғаш рет Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. 2011 жылы Халықаралық ядросыз әлем үшін форумында Ядросыз әлем үшін Астана декларациясы қабылданды.
– Мен Семей полигонының жабылуына тікелей қатысқан адаммын, ол кезде, полигонды жабу туралы жарлықты дайындап, бір күн ішінде оған Мәскеудің келісімін алып, қол қойдыру тарихи ерлік екенін жыл өткен сайын сезіне бастадық. Шындығын айтсақ, Президент пен Министрлер Кабинеті аппаратының жауапты қызметкерлерінің сол күнгі жасаған бастамашысы, жауапкершілікті мойнымызға алғаны, халық үшін тәуекелге барғаны үлгі аларлық іс болды», – дейді профессор Атамұрат Шәменов.
Арнайы бағдарлама қабылданса...
Ал ардагер Үсен Шәкенов: «Семейдегі ядролық сынақтан зардап шеккендерге көрсетілетін жеңілдік аз. Сондықтан Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, көңіл бөлініп, назарға алынса, дұрыс болар еді», – деген уәжін айтты.
«Мен сол өңірдің тумасымын. Әскери салада қызмет еттім. Уақыт өткен сайын ядролық жарылыстың ауыртпалығын тартып келе жатқандардың қатары көбейіп келеді. Кезінде бұған аса мән берілген жоқ. Адам баласы ұрпағымен мың жасайды. Қазір өздері де, бала-шағасы да неше түрлі ауруға ұшырап, зардап шегіп жатқандар бар. Үкімет бәріне көмектеспесе де, сынақтан зардап шеккендерді демеп жіберіп, белгілі бір мөлшерде жеңілдіктер қарастырса деймін. Көмек керек. Кезінде «осы жерде ядролық жарылыс болады, ертеңгі күні сіздердің денсаулығыңызға зияны тиеді» деп ескертсе, ол жерде адам тұрмас еді, бәрі кетіп қалар еді. Кеңес өкіметі кезінде бізге ештеңе айтылмады. Бұл – жүректі ауыртатын, алаңдатарлық мәселе. Сондықтан ауыртпалықтың бәрі артта қалып, ұрпағымыз рухты, аман-сау болса дейміз. Сынақ полигонынан зардап шеккендерге арналған заң қайта қаралып, іс жүзінде жүзеге асырылса, арнайы бағдарлама қабылданса деген тілек бар», – дейді ардагер Үсен Шәкенов.
Көпшіліктің талабы біреу. Арнайы бағдарлама қабылданып, медициналық көмек жүйелі түрде көрсетілсе, кезінде полигон аймағында тұрғандардың зейнетақысына үстемақы қосылса, шипажайға жеңілдік берілсе, дұрыс болар еді. Бір реттік төлемақы жыл сайын беріліп тұрса, мұның бәрі рет-ретімен заңдық тұрғыда қадағаланса деген тұрғындардың өтініші бар.
Жалпы, «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» арнайы заң бар. 21 баптан тұратын заң полигон аймағында тұрған тұрғындардың арыз-шағым, өтінішімен қайта қарастырылып, қосымша толықтыру мен өзгерістер енгізілсе, семейліктердің шешуін таппай, қордаланып қалған мәселелері шешілер еді.
817 рет
көрсетілді0
пікір