- Ақпарат
- 29 Тамыз, 2024
Дала мен бала
Ерлан ЖҮНІС,
«Ana tili»
– Сіздің мектебіңіз не, ата?
– Менің мектебім – тау мен дала, балам!
– Дала сізді қалай оқытады сонда?
– Дала көруді, естуді, ойлауды оқытты.
– Сіз қалай оқисыз?
– Мен бұлтқа қарап оқимын!
Абдолла Қарсақбаевтың «Алты жасар Алпамыс» фильміндегі осы бір диалог – ұрпақтар арасындағы сұқбат қана емес, уақыттар, заманалар арасындағы әңгімедей әсер қалдырады. Тарих пен тұлға, көшпелі өркениет пен қалалық мәдениет, ұлттың мыңжылдық жады мен жас өскін сана, дәстүр мен жаңашылдық, байтақ дала мен бөбек бала өзара сырласқандай, мұңдасқандай сипат алады.
Дала алтын бесік емес пе, толқын-толқын ұрпақты тербеп жатпай ма? Самал желі өбектеп маңдайдан өппей ме, майсасы мәпелеп қолыңнан сипамас па, аршасы аялап арқаннан қақпай ма, асқар тауы алқамас па, айдын көлі тербетпес пе?
Дала – ұлық ұғым. Дала Алтай мен Атырау, Алатау мен Арқаның арасында кең көсіліп жатқан кемеңгер байтақ қана емес, ол – біз, ол – қыр қазағының қадірлі есімі, өркениет аты, мәдениет ныспысы, киіз туырлықты халықтың киелі киіз кітабы, ата тарих пен түп сана, дауылпаз рух пен күрескер қайраткерлік, адамдық болмыс пен азаматтық тұлға, алтын арқау, алып аңыз, тіл мен діл. Жеті атаң мен жетпіс жеті пұстыңның шежіресі – осы. Атамыз – дала, анамыз – дала. Біз дала тілінде ұғысамыз. Біз дала тілінде сөйлейміз. Датымызды дала тілінде айтамыз.
Білім күні баламызды мектепке жетелеп бара жатып біз кейде бір ала бөтен сезімге бөленеміз, ала құйын ой кешеміз. Тәуелсіз елдің тұлымды перзенті адымдай басып, алғы заманға озып бара жатады. Көзін ашқалы көк туды көрген баланы көп ой мазаламаса керек-ті. Оның қызығы – алдағы уақиға, сағынысқан сыныптас, мейірімді мұғалім, мәз-мейрам мектеп, мәре-сәре болып, шұрқырасып, құлындай құлдыраңдап қалың ортаға қойып кетеді. Әудем жерден оң қолын жүрек тұсына қойып, Әнұранды шырқап тұрған болашаққа қарап біз тұрамыз.
Сол сәтте біздің ішіміздегі дала оянады. Қаз-қатар тізіліп дала қазығы – қазылық таулар керуендей көшеді. Тұнық көлдер қара көздің қарашығындай тұна түседі. Ағынды өзендер алпыс екі тамырымызды қуалап зырлай береді. Шалғынды белдер әжеміздің текеметіндей сан алуан реңк алады. Дала дастандары даңғайыр жыраудай дархан даусымен аспанды жабады. Ұлтың кешкен қасіретті жылдар ұйыған қандай болып көзіңнің ағына шығады.
Біз сол даланы балаларымызға бере алдық па, өткізе алдық па, жеткізе алдық па? Баламыздың ішіне тау сыя ма, теңізіміз бар ма оның ішінде?! Осыны ойлаймыз. Оның жүрегінің түбінде дала боп сіңген жұмыр жер жатыр ма? Ол ертең адамзат баласымен дала тілінде сұқбат құра ма?
Оның ішінде заманалар аунап жатыр ма, саңқ-саңқ сөйлеп сақ ханзадасы тұр ма, ғұлама кейіпте ғұн қағаны отыр ма, тұла бойында түркен тұлғалы түрік қағанының айбаты бар ма, қазақ хандарының қастерлі қалпы бар ма?
Оның ішінде тарих тірі ме, Тұранды жайқап Тұмар патшайым, күнге қарап Күлтегін, бүкіл түрік баласының басын біріктіріп Бұмын, жімле дүниенің жүзінен қаймықпас Жошы, Қозыбасыға көш тартып Керей мен Жәнібек, Алаш баласының айбынын асырып Абылай тұр ма оның ішінде?
Оның ішінде даналық бар ма, әлемді ойландырып әл-Фараби, қадымнан сөз тартқан Қашқари, білікті ойлап Баласағұни, ақиқат іздеген Иүгнеки, даналық маржанын санаған Ясауи, жәуәнмәрт әлемін іздеп Абай отыр ма оның ішінде?
Оның ішінде батырлық бар ма, шарболаттай шарқ еткен Шу батыр, алп-алп басқан Алып Ер Тоңға, Қабанбай мен Бөгенбай, Қарасай мен Райымбек, Исатай мен Махамбат айқай сала ма оның ішінде?
Оның ішінде Алаш ояу ма, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» дер ме, «тұрсақ – бір төбеде, өлсек – бір шұңқырдамыз» дер ме, «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дер ме, «азамат, жүнжіме, жүрме бос» дер ме, «қазағым, енді жату жарамас-ты» дер ме?!
Әудем жерде Әнұранды шырқап тұрған балаға қарап әр алуан ой кешеміз. Баланың ішіне даланы сыйдыра алсақ, туған жердің әр тасын маңдайына тұтып, өңіріне қадайтын азаматқа айналар.
Бала данаға, дана далаға айналар!..
889 рет
көрсетілді0
пікір