• Ақпарат
  • 05 Қыркүйек, 2024

САЯСАТКЕР ОСПАНОВ

Марат Оспанов – елдегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласып, республика Парламентінің қалыптасуына, саяси және экономикалық реформалардың әзірленіп, жүзеге асырылуына үлес қосқан әзіз тұлға. Ол қаржы және бюджет, салық т.б. экономикалық салаларға арналған жүзден аса ғылыми мақала, 8 монография жазды. 1999 жылы «Тұрақтанудан өсімге қарай» атты дағдарысқа қарсы экономикалық бағдарламасын жариялады, кейін бұл Үкіметтің экономикалық бағдарламасына негіз болды. Қазақстан халқын жарқын болашаққа бастап, елдің көшін алға сүйреп, әлемдік қауымдастықтағы әлеуеті зор елге айналдыруда оның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
 

 

Халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жанашыры, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, экономиканы қарқынды дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел көшбасшы. Ол – бабаларымыздан келе жатқан ұлы арман – тәуелсіздігімізді орнықтыру жолындағы қиын белестерді бағындырып, тарих төрінен өзіндік қолтаңбасымен көрінген саясаткер. 
Қазір республиканың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі ауыз толтырарлықтай өзгеріп келеді. Тәуелсіздіктің туын көтерген елімізді қажымай-талмай алға бастай білді. Әлемді шарпыған қаржылық-экономикалық дағдарысты дүниежүзінде елдің алды болып еңсеруге аянбай тер төкті. Мыңжылдықтар ауысып, ғасырлар тоғысар алмағайып заманда қайсарлық таныта алды. 
Білім мен тәрбие – егіз, екеуі қарлығаштың қос қанатындай. Адамгершілік құндылықтар осы екеуі арқылы қалыптасады. Осыны жетік түсінген ғалым Марат Оспанов ғылым-білімнің соны жетістіктерімен сусындап, кейінгі жас буынның бойына өркениетті Қазақстанды орнатуға деген құштарлық сезімін ұялатты. Халқымыз дарынды ұлға, талантты қызға қай заманда да кенде болмаған. Олардың бәрі де халқымыздың тарихында өшпес із қалдырып, аспанымызда шоқжұлдыздай жарқырап тұр... 
Егемен еліміздің болашақ азаматтарын өркениетті өзге халықтардан кем болмасын, солармен терезесі тең болсын деп армандады. Жастарды туған елінің мәртебесінің биік, абыройының асқақ, ар-намысының жоғары болуы үшін жақсы білім алып, адал еңбек етуге шақырды. Әлемдік қауымдастықтың талаптарына сай келетін жоғары білікті, білімді, бәсекеге қабілетті маман болғанын тіледі. Осындай жан сүйсіндірер істері арқылы жастарға қамқорлық көрсетті. 
Адам өмірі қилы белестерден, қиялы асулардан тұрады. Сол асуларды еңбекпен еңсеріп, жоғары білім мен біліктің, биік парасат пен пайымның, елім деп соққан жүректің арқасында қатардағы қарапайым жоспарлау, есептеу орталығының ғылыми-зерттеу институтындағы кіші ғылыми қызметкерліктен Парламентаризм мен демократия негізін қалаушылардың бірі, Парламент мәжілісінің тұңғыш төрағалығына дейін кемелденген Марат Тұрдыбекұлының өмірлік тәжірибесінен алар өнеге мол. 
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегені бар. Біз болашақ ұрпақтың елдік рухы мықты болсын десек, оларды рухани уызға жарытып өсіруге тиіспіз. Мемлекетшілдік, бірлік, татулық ұғымдарын бала санасына жастайынан сіңіруіміз қажет. Біз өзіміздің балаларымызды, жастарымызды өзгелерді тыңдауға және түсінуге, басқа ұлттардың тілі мен ділін, салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек. Тәрбие мәселесі отбасының ғана емес, мемлекеттік мәні бар іс екені айқын. Міне, осындай игіліктерді Марат Тұрдыбекұлының істерінен анық аңғарамыз. Қабырғалы қалың елдің еңсесін көтеруге аянбай атсалысқан Оспанов туралы қалай айтсақ та жарасады.
Батыс Қазақстан медицина университеті базасында 2019 жылы М.Оспановтың 70 жылдығына орай республикалық конференция ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен ізденушілер, ел экономикасына сүбелі үлес қосып жүрген тұлғалар, Марат Оспановтың жары, ғалымның атындағы қоғамдық қор басшысы Бақыт Ахметқалиқызы қатысты.
Университетте биыл Марат Оспановтың 75 жылдығына орай тағы бір мазмұнды еске алу шарасы жоспарланып отыр. Ғалым, қоғам қайраткері  Марат Тұрдыбекұлының есімін ел есінде сақтау мақсатында жыл сайын қыркүйек айында кафедра ұжымы студенттер арасында танымдық іс-шара өткізеді. 
Сәруар саясаткер Марат Оспанов өз қызметінде нақты саяси идеологияны басшылыққа ала отырып, саяси жағдай қажеттіліктеріне сай шешімдер қабылдап, кәсіби саясатпен айналысты. Ол белгілі идеология өкілі болғандықтан, бір жағынан, оның мақсаттарына сәйкес, екінші жағынан, нақты саяси жағдай қажеттіліктеріне сай өз қызметін жүзеге асыра білді. Осы айтылғандарды саралай келе, Марат Оспанов ел тәуелсіздігінің бастауында ел экономикасының тізгінін ұстаған бас-аяғы он шақты жыл ішінде көш бастап, тар жол тайғақ кешуден өткен тегеурінді тұлға болатын, адамдық ар-ожданын таза сақтаған текті азамат болатын, туған елінің мүддесі мен халқының асқақ мұраты жолында тынбай еңбек еткен сындарлы қайраткер еді дегім келеді. 

Жанар ТӨЛЕПБЕРГЕНИ, 
тарих ғылымының кандидаты,  
Марат Оспанов атындағы 
Батыс Қазақстан 
медицина университетінің 
қоғамдық-гуманитарлық пәндер 
кафедрасының жетекшісі

Ақтөбе

987 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы