- Ақпарат
- 05 Қыркүйек, 2024
ҚҰМ ҚОЙНАУДЫҢ ҚАҒАНЫ
(Серікбай туралы сөз)
Теңіз көрген бала. Шалаң кешкен перзент. Құмға аунаған қарасирақ. Кәдімгі дәстүрлі қамыт аяқ, сауыс балтыр, күс табан... Осы күні мұхит асып келгендерден «Сен өзің атақты Ниагара сарқырамасын Америка жағынан көрдің бе, әлде Канада жағынан тамашаладың ба?» – деп қадалып тұрып сұрайтынымыз бар ғой. Сол секілді бұл да Аралдың ұшы қиыры жоқ аппақ айдынын Ақбасты жағынан армансыз шарлаған ұғымтал ұлан.
Біздің жақта «балықты көп жеген баланың басы басқаларға қарағанда қаттырақ істейді» деген сөз бар. Олар мейлінше зерек болады деседі. Себебі, білгіштердің байламына сенсек, тулап-тулап ауға түсетін асым балықтың өн бойында фосфордың элементі молырақ болатын көрінеді. Біздің Серікбай сол балық атаулының төресінен жасалған қадірлі қарманың кілең фосфоры шоғырланған жеріне ағаш қасықты көміп-көміп жіберіп, аямай-ақ асаған ба дерсің. Зеректің зерегі. Білгірдің білгірі. Мықтының мықтысы.
Кейде бұл долбарға онша илана қоймаймыз. «Фосфордың пайдасы тисе, сол фосфор зауыты бар өңірлердің ботатірсек балалары шетінен ғұлама боп кетпей ме?» деп қисая қаламыз. Бәрібір біздің сұңғыла Серікбайдың көне дәуірден сыр суыртпақтайтын ой-пікірлеріне құлақ асқан соң, балықты фосфорға әбден былғап жегеніне күмәнің қалмайды.
Көне дәуір демекші, Серікбай Қосан бағзы заманның оқу орындарынан жазғы каникулға келіп, қазіргі кезеңдегілердің арасында тұрақтап қалған секілденеді. Оның бет-пішіні де сонау Бейбарыс пен Қалауидың дәуіріндегі айбарлы адамдардың ба, протоқыпшақтардың ба, әлде беріректегі ежелгі шектілердің бе, білмейміз ғой, әйтеуір бағзы заман батырларының кескін-келбетін көз алдыңа көбірек елестететіндей. Әзілхан Нұршайықов жас шағында өзінің түр-әлпетін былайша бедерлейтін еді:
Көк тастан қашалғандай өң-келбетім,
Салпы ерін, үйрек мұрын, шүңгіл бетім.
Қаралығым қазанның күйесіндей,
Мінекей, осы менің портретім.
Серікбайды, ақ Серкошты, Әзағаң секілді, «салпы ерін, үйрек мұрын, шүңгіл бет» дей алмаймыз, әрине. Бірақ осы өлеңнің кейбір жолдары теңіз беткейде тотығып, шалаң жастанып өскен қара баланың келісті кейпін толығырақ танытады. Шынында да, оның бас бітімі көк тастан қашалған көне мүсінге ұқсайды. Ілкі заманнан жеткен тарихи мүсін. Талайға куә болған мағыналы мүсін. Ежелгі дәуірдің ескерткіші. Сол еңселі ескерткіш сенің жаныңда ауызы дамыл таппай, ертелі-кеш сөйлейді де жүреді. Жай сөйлемейді, тағы да сол көненің көзі секілді жақ жаппай сарнайды. Алыстан сермейді, жүректен тербейді. Ол сөйлеп кеткенде, төрт-бес ғасырдың әңгімесін бар-ақ айтады. Сол ғасырларға оған ілесе ет қызуымен шабуын шауып барып алып, тылсым жұртта іздеусіз қалып қоям ба деп қауіптеніп, өз ғасырыңа қайтып оралғанша иненің ұшында қыпылықтап отырасың. Солай. Өйткені ылғи да бір құм қойнаудың арасында жортасың. «Күткендей көктен бір бүлік, Көтерді басын бархандар» деп Бауыржан Үсенов досымыз жырлағандай, Серікбайға еріп жүрген жолыңда бархан да, тархан да молынан кездеседі. Тек бір айырмашылығы, сен өз дәуіріңмен қайта қауышқанда, аман-есен бүгінгі дүние дидарын көргеніңе шүкіршілік етесің. Ал ол болса, өзімен бірге қаншама қазына ала қайтады. Содан соң ой, енді... Асандай аңырайды, Қорқыттай күңіренеді, Ықыластай ыңыранады. Абыздардай ашылады. Жыраулардай жосылады...
Маған осы Серікбай жас күнінде бір ауық бала болып ойнамаған секілді көрінеді. Жоқ, ойнауын ойнаған, бірақ бала болып үлгермей жатып, қапелімде көнелікке қызығып, бірден қарттықтың қырқасына қарғып мінген бе дерсің. «Өз әлімше ақыл-ойым дария, Мен бір жүрген – отыздағы қария» деп бір ақын айтқандай, әйтеуір ақ Серкеш біз көргенде шәниген шал еді. Университетте оқып жүрген кезінде-ақ сөзін сағызша созып, абызша толғайтын. Өзге студент қырттың сөзін айтса, ол қарттың сөзін айтатын.
Иә, ол КазГУ-дің араб тілі бөлімін бітірді. Шығыстануға шындап ден қойды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бірге қызмет істедік. Ежелгі әдебиет мәселелерін қатар зерделедік. Сол ғылыми-зерттеу мекемесінде «институт ішіндегі институт» ұғымына сай келетін бірнеше ғалым ағамыз болды. Біздің буынның өкілі Серікбайды да солардың қатарына жақындатсақ, әріптестеріміз онша ренжи қоймас. Текстологияның табиғатын түп төркінінен танитын Қабиболла Сыдиықовтың нағыз ізбасары кім? Серікбай. Ағатай десең де, шағатай десең де, жалт қарайтын, көне қолжазбаның қабырғасын қақыратып сөгіп беретін жанкешті зерттеуші Мақсұт Шафиғидың жолын жалғастырушы кім? Сол Серікбай. Ақын-жыраулар мен айбынды айтыскерлердің мұрасы мен мирасын миына тоқып, жіліктеп тұрып шағып тастайтын Мұхамедрахым Жармұхамедұлының бүгінгі ниеттесі кім? Әрине, тағы да Серікбай!
Әдеби дискуссия, пайдалы полемика дегенде екі көзі шоқтай жанып шыға келеді. Сөзі салмақты. Дәйегі дәлелді. Пікірі пайымды. Дерек дегенді қойны-қонышынан шығара салады. Архивтен архив қоймаған еңбегінің жемісін осындайда көреді. Ал енді айтқан аргументін атауызбен суырып ала алмайсың.
Әншейінде саяқ жүретін Серікбайдың кеулі түскенде анда-санда ағаларын іздеп қоятыны бар. Бірақ оның бұл іздеуі көбіне-көп теория жүзінде қалып жатады. Яғни іздеп қарық қылмайды. Талабы болғанымен жанасуға жоқ.
Бір күні жоқшылықтан әбден түңіліп жүргенде «құласаң – нардан жығыл» деп ағаларының ішіндегі ең алыбының ауқымды құшағына дереу кіріп кетуге талпынады. Сосын бар батылдығын бойына жиып, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің үйіне телефон шалады. Бұрын бірді-екілі тілдескені бар. Бірақ соншалықты алып бара жатқан жақындығы жоқ. Сонда да несі кетеді? Тонын сыпырып шешіп алмас.
– Аға, ассалаумағалейкум! Бұл сізге хабарласып тұрған Серікбай деген ініңіз еді... Ел жақтанмын ғой мен...
– Ай, Серікбай, қалайсың? – деп елп ете түседі әншейінде ауырлау қозғалатын әйгілі жазушы. – Иә, айналайын, сен қайдан хабарласып тұрсың?
– Осы Алматыдан...
– Ә, Алматыға келіп пе ең?
– Жоқ, осындамын ғой, аға.
– Елге қашан ораласың енді?
– Әзір бармаймын. Жазда бір-ақ барамын ғой...
Енді Әбдіжәміл ағасы бұған барынша қадалып, қатты-қатты сөйлей бастайды.
– Әй, қарағым, не істеп жүрсің сен өзің? Бүкіл жұрт саған сеніп отыр. Сенің жүрісің мынау... Қой, қайт елге. Ертең өзіңді қасыңдағыларға дейін әңгіме қылады ғой...
Сол кезде ғана бағанадан бері ағамның тілін тауып, емен-жарқын әңгімелестім-ау деп мәз болып тұрған Серікбайдың жетесіне біраз нәрсе жетеді. Сөйтсе, Серікбайды жыға танымайтын Әйдік Әбе мұны Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Серікбай Нұрғисаевпен шатастырып тұр екен. Сонымен, бұл Серікбайдың атақты ағаларын іздеп, көлеңкесін саялауды ниет қылған алғашқы және соңғы ұмтылысы сол жерден тәмамдалады.
Ол әдебиеттану ғылымында көп нәрсе тындырды. Қаншама қолжазбаны көне тілден көшіріп шықты. Қаншама кітаптың текстологиясын түзіп, баспаға ұсынды. Ел-жұрт қолдан-қолға түсірмей оқыған ғибратты ғылыми мақалаларын жазды. Сыр сүлейі – Базар жыраудың әдеби мұрасын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады.
Қысқасы, бәріне де үлгерді. Тек ана бір жылы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып тұрып, ала алмай қалғаны, сосын біздің ғылыми жетекшілігімізбен докторлық диссертация қорғай жаздағаны болмаса...
* * *
Сол Серікбай – әдебиеттанушы, шығыстанушы, түркітанушы, мәтінтанушы, көне қолжазбаның білгірі Серікбай Қосан алпысқа толды! Ғұмырың ұзақ болсын, Құм қойнаудың қағаны!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
327 рет
көрсетілді0
пікір