• Ақпарат
  • 05 Қыркүйек, 2024

Үнсіздік әлемінде ұғысу

Сурдоаудармашы деген мамандық бар. Бұл саланы кез келген адам игере алмайды. «Сурдоаудармашы мамандығына жанашыр адамдар келеді» деген сөз бар. Бекер сөз емес. Өйткені бұл мамандыққа жан-тәніңмен берілуің керек. Бұл салаға педагогикалық білімнің қажет екені туралы көпшілік көп ойлана бермейді, алайда нағыз кәсіби маман болу үшін біліммен қатар, жиған тәжірибеңнің де рөлі зор. Қоғамда мұндай ерекше жандардың тілін түсіну және оларға қолдау көрсету қажеттілігі арта түскені маңызды. Есту қабілеті шектеулі адамдардың білім мен ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету – маңызды әрі басты міндет. 

 

Айгүл ЖҰМАШҚЫЗЫ, сурдоаудармашы: 

 

Ауаға жазып түсіндіретін сәттер де болады

 

– «Қоғамдық бірлестікте сурдоаудармашының педагогикалық білімі болуы керек» деген міндет қойылмаған. Кез келген адамның, біріншіден, жоғары білім алуға мүмкіндігі мол. Егер сурдоаудармашы болып істегісі келсе, сол салаға жақын болуы керек. Менің негізгі мамандығым – педагогика және психология саласы. 
1993 жылы мектеп бітіргенде мамандық таңдауда, шыны керек, мүмкіндік болған жоқ. Тәуелсіздікті енді алып, аяқтан тік тұрып жатқан кезіміз. Ол кезде мамандық таңдамақ түгілі, тұрмыс та оңай емес, газ, жарық та болмады. Күрделі, ауыр кезең. Жаркент педагогикалық колледжін қызыл дипломмен бітіргеннен кейін Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетінде екі жыл оқыдым. Жалпы алғанда, 5 жылдық жоғары білімім бар. 
«Адам шын ниеттенсе, Жаратқан қалауын орындайды» деген рас екен. Өзіме-өзім есеп бергенде әлі күнге дейін осыған көз жеткізіп келемін. Талдықорғандағы мектеп-интернаттың жанында бір-бірімен қол, ишара арқылы сөйлесетін екі оқушыны бірнеше рет көргенмін. Сөйтсем ол балалар қоңырауда далаға шығып, өзара әңгімелеседі екен. Іштей: «Осы балалар не туралы айтады?» – деп ойланатынмын. Мені олардың әлемі қызықтыратын еді. Ол кезде албырт, жаспын ғой. Жанына  барғым келетін, «бірақ шошып қалар» деп жақындай алмадым. Бір сөзбен айтқанда, не туралы әңгімелесетінін білгім келді. Сөйтіп, уақыт өте оқуды бітірдім.
1999 жылғы қазан айында сол мектеп-интернатқа тәрбиеші болып жұмысқа орналас­тым. 12 жыл тәрбиеші, 5 жылдан аса психолог болып істедім. Одан кейін үйірме жетекшісі болдым. Ең қызығы, директор мені әлгі екі баланың сыныбына тәрбиеші етіп қойды. Келсем, алдымда екі бала отыр. Біле келе, ол балалардың құлағында кемістігі барын, естімейтінін білдім. Ол сыныпта ақыл-ой кемістігі бар оқушылар оқиды екен. Осы мектеп-интернаттағы тәжірибем – 20 жыл.
Алғаш балалардың қолмен ымдау тіліне бау­литын үйірмесін ашып, сол үйірмеге жетекші болдым. Балаларды облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатыстырып, ән айтуға үйреттім. Балалар 2017 жылы тұңғыш кәсіптік білім беру бағдарламасына бет бұра бастағанда ол мектептен кетіп, Талдықорғандағы политехникалық колледжіне сурдоаудармашы болып жұмысқа ауыстым.
Өз басым ым тілін бірнеше адамға үйреттім. Әр адам әртүрлі қабылдайды. Ым тілі ойлап табылатын тіл ғой. Белгілі бір заңға бағынбайды, жаңарып отырады. Құлағының мүкістігі бар адамдар адамның атын атамай, оның бойындағы ерекшелігіне, қасиетіне қарай лақап ат қояды. 2017 жылы «Үнсіздік әлемі» деген мақала жазып, облыстық деңгейде «Самғау» байқауының жеңімпазы атандым. Ерекше балалардың үнсіздік әлеміндегі түйт­кілді мәселелерін қозғадым, олқылықтарды атап көрсеттім.
Жалпы, ым тілін қоғамдық бірлестіктерде білікті мамандар, тренерлер оқыта алады және олар сертификат беруге құқылы.  Ең мықты сурдоаудармашы көбіне өзі сондай отбасыдан шыққан адамдар. Астанада ым тілінің мықты маманы бар. Оның анасы мен әкесінің, бауырының да құлағы мүкіс. Сондай отбасыдан шыққан адамдар кәсіби сурдоаудармашы бола алады. Себебі олар сол ортаның жанын түсінеді. Ол ортада өседі, үйренеді.
Жасырудың да қажеті жоқ, аудару кезінде қиындықтар да кездеседі. Өйткені біз құлақпен естіген сөзді қолымызбен ишарат жасау арқылы түсіндіреміз ғой. Ауызекі сөзде кездесетін анайы қалыптағы жаргон сөздерді барынша ойға қонымды, дөрекі болмайтындай етіп көрсетуге тырысамыз. Кемшіліксіз адам болмайды. Біздің де білмей қалатын тұстарымыз көп. Сондайда түсінікті етіп дактиль әліпбиімен жазуға тырысамын. Ауаға жазып беруге тырысамын. Жалпы, дактильмен жазу әдісі бұл тұста таптырмас тәсіл.

 

Рахат ОРЫНБЕКҚЫЗЫ, Тифлология және библиографиялық-ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы: 

 

Арнайы басылымдарды шығаратын баспахана жоқ

 

Бедерлі-нүктелі қаріпті кітап – көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған Брайль қарпінде шыққан, саусақ ұшымен оқылатын кітап. Брайль қарпі – алты нүкте негізіндегі бедерлі-нүктелі қаріп. Әліппесі оның негізін қалаған Луи Брайльдің құрметіне аталады. 
Ал біздегі Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының ашылғанына биыл 55 жыл толып отыр. Кітапхана басшысы – Ғалым Адайұлы. Кітап­хана барлық санаттағы оқырманға, оның ішінде денсаулық мүмкіндігі шектеулі адамдарға, оларды әлеуметтік оңалтумен кәсіби айналысатын жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетеді. 
Кітапхана қоры 80 897 әртүрлі  басылымнан тұрады: ірі және жазық баспалы қаріпті кітаптар, бедерлі-графикалық құралдар, Брайльдік бедерлі-нүктелі қаріпті басылымдар, аудиокітаптар, тактильді кітаптар. Бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптар саны – 21 845 (оның ішінде қазақ тіліндегі бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптар – 631), бедерлі-нүктелі қаріптегі көркем әдебиет – 15 257 (қазақ тіліндегі бедерлі-нүктелі қаріпті көркем әдебиет – 419), бедерлі-нүктелі қаріпті салалық әдебиет – 6 588 (қазақ тіліндегі бедерлі-нүктелі қаріпті салалық әдебиет – 212). 
Елімізде көру қабілеті бұзылған оқырманға арналған бедерлі-нүктелі қаріпте шығатын кітаптарды шығаратын арнайы баспахана жоқ. Кітапханамызда бедерлі-нүктелі қаріптегі көркем әдебиетпен қатар, салалық басылымдар да жетіспейді. Мемлекеттік тілдегі арнайы әдебиеттермен кітапханамызды толықтыру мақсатында қазақстандық авторлардың бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптарын өзіміздегі Брайль принтерінің көмегімен 2020 жылдан бері шығарып, оқырман талабын өтеп келеміз. 2020–2023 жылдар аралығында 66 бедерлі-нүктелі қаріпті кітап (көркем әдебиет) жарыққа шықты. Осы жылы 13 басылым шығару жоспарда бар. Бұл басылымдарды кітапхана ішінде пайдалану үшін оқырмандарға ғана ұсынып, бір данадан шығарамыз. 
Ал Брайль жүйесінде шыққан басылымдарды ұсынылған баға негізінде мемлекеттік тапсырыспен кітап сауда орталықтарынан, фирмалардан сатып аламыз. Елімізде арнайы басылымдарды шығаратын баспахана ашылып, оқырман сұранысын тиісті деңгейде өтелсе деген арманымыз бар. 
Кітапханамызда көруі бойынша мүгедектігі бар жандарға ақпараттық қолдау көрсететін облысымыздағы жалғыз тифлоорталық жұмыс істейді. Тифлоорталық портативті тактильді Брайль дисплейі мен сөйлеу синтезді экрандық қолжетімділік бағдарламалық жасақтамамен жабдықталып, пайдаланушылардың ақпаратқа тиімді және кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Тифлоорталықтағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған «Интернет желісіндегі жұмыс негіздері», «Компьютерлік сауаттылық негіздері», «Тактильді таяқшамен кеңістікте бағдарлану», «Android операциялық жүйесінің басқаруындағы сенсорлық құрылғылардың көрінбейтін қолжетімділігі» атты оқу курстарын тифлопедагог-оңалтушы Владимир Высочинский өткізіп, зағиптарды оңалту, бейімдеуге үлес қосады. Оқу курстарында тифлотехникалық құрылғыларды пайдалану, бейімделген қосымшаларды мобильді қондырғыларға баптау-орнату бойынша кәсіби кеңестер беріледі. Сондай-ақ Брайль бойынша оқу-жазуға үйрететін оқу курсы да бар, қатысушылар Брайль жүйесінде сауаттылығын арттырып, бедерлі-нүктелі қаріпте оқу-жазуды үйренеді.

Әзірлеген 
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы