• Ақпарат
  • 05 Қыркүйек, 2024

Тіл кінәраты түзеледі

Элеонора Әзіржан ,

«Ana tili»
 

Әрбір ата-ана үшін баланың «ана», «әке» деген алғашқы сөзін есту бақыт. Алайда бүгінде сәби тілінің уақытында шықпауы көп адамды алаңдатып отыр. «Балам беске келді, әлі еркін сөйлей алмайды», «білікті логопед керек» немесе «логопедке барып жүрміз» дегендер үйреншікті сөзге айналып бара жатқандай. Сондықтан болар, байқасаңыз, соңғы жылдары логопед мамандарға сұраныс күрт өскен. Негізі, балалардың сөйлеуіндегі ақаудың көбеюі немесе сөйлей алмауы қоғамдағы, одан қала берді, әлемдегі көп проблеманың бірі екеніне күн өткен сайын көз жеткізіп келеміз. Сұранысы артып тұрған логопед – тілдің тазалығына, әріптердің дұрыс айтылуына жауапты маман. «Балалардың арасында сөйлеуге қатысты қандай кемшін тұстар жиі кездеседі?» «Әріпті дұрыс, түсінікті айту үшін не істей аламыз?» деген сауалдар төңірегінде орталықтың мамандарын сөйлеттік. 
 

– Қазіргі балалар қандай әріптерді дұрыс айта алмай жүр?

Гүлнұр Айдаболсынова, «Қамқорлық» оңалту орталығының логопед маманы:
– Біздің оңалту, дамыту орталығына диагнозы түрліше балалар келеді. Олардың көпшілігі – ДЦП, сөйлеу тілі тежелген немесе аутизммен ауыратын балалар. Әрқайсысы әртүрлі, біреуі дыбыс шығара алады, екіншісі сөйлейді, мүлде сөйлемей келетіндер де бар. Олардың басым бөлігі Ш, С, Р, Л әріптерін айта алмай жатады. Жалпы, неге бұлай? Баланы емемдемес бұрын біз нақты жағдайын анықтап аламыз. Сөйлей алмайтын немесе зейіні тұрақсыздығы кездеседі. Аяғынан тұра алмай аутизммен ауыратын балалар бар. Сондықтан олар қабылдауға анасымен бірге кіреді. Сол кезде анасынан егжей-тегжейлі сұрап отырып, диагностика жасаймыз. Мысалы, ол баланың дыбысы мүлде шықпайтын болса, емдік массажға қабылдаймыз. Тұрақты жасалған кешенді шаралардан соң, үйретудің арқасында біртіндеп әріптерді де айта бастайды. 
Мұрат Әубәкіров, «Қамқорлық» оңалту орталығының логопед маманы:
– Логопед болып істегеніме үш жылдан асты. Қазір көбіне лого массаж жасаймын,    яғни бұл артопедиялық массаж деген сөз. Бізге ДЦП болып дүниеге келген балалар көп келеді. Оларда бұлшық еттің қаттылығы мен жұмсақтығы жиі кездеседі. Бет бұлшық еттері әлсіз болғаннан кейін сілекейі ағады, тамақты да шайнай алмайды. Тіпті емізік емуге шамасы келмейтіндері де бар. Сол үшін лого массаж жасаймыз. Кейбір балаларда 2–3 күнде, кейбірінде 7–8 күнде сілекейі тоқтайды. Тамақ шайнап, жей алмайтын балаларға тамақты арнайы құрылғымен ұсақтап, езбе ретінде береді. Олардың өздері тамақтана алуы үшін тіліне де массаж жасаймыз. Тілінің тонусын жақсартқасын, біраз бала тамақ жеп, жақсы болып кетіп жатады. Негізінен, бала тілін жөнді қозғалта алмағандықтан, сөйлей алмайды. Кейбір бала анық түсінгенімен, аздап сөйлейді, оны күнде сөйлесіп жүргеннен кейін ата-анасы түсінеді де, бөтен адамдар түсінбейді. 
Сөйлеу аппараты бұлшық етінің жұмсақтығы Даун сырқаты бар балаларда жиірек. Олардың тілі ұзынырақ болады да, аузынан жиі шығарып жүреді. Негізі, Даун сырқаты бар балалардың көбі сөйлемейді. Кейбіреулері кішкентай кезінен сөз айта бастайды. Бұл диагноздың жеңіл және ауыр түрі бар. Ауыр түрінде ойлау жағы қалыс қалады. Оларға ең бірінші кезекте өзіне тамақ жегізіп, қасық ұстатып, өз киімін киюге үйреткен абзал, яғни алдымен миын дамытып алуы керек. Ол үшін саусақ басындағы ұсақ моторикалармен жұмыс істейміз. Мәселен, карталармен ойнатып, пазлдар құрастырып үйретеміз.
Әйгерім Сәндібекова, «Қамқорлық» оңалту орталығының логопед маманы: 
– Біздің қабылдауымызға ДЦП, Даун, ЗПР, аутизммен қатар, тілінде кедергісі бар мектепке баратын оқушылар келеді, ішінара 12 мүшесі сау, бірақ еркелікпен сөйлемейтіндері де кездеседі. Көбіне Ш мен С әрпін шатастырады. Л әрпін сөздің ортасында айтса, кейде сөздің басында айта алмайды, керісінше де болып жатады. К мен Қ-ны шатастыратындар бар. Р дыбысын көбіне мектепке дейінгі балалар айта алмайды. ДЦП-мен келетіндерде дизартрия жиі кездеседі. Өйткені беттің бұлшық еттері тартылып тұрады. Ал Даун-да керісінше, бұлшық еттері жұмсақ болғаннан кейін тілдері сыртқа шығып тұрады да, оны игере алмайды. Олар онша сөйлей алмайды, тек ыммен түсіндіреді. Ал ДЦП сырқаты бар балалар кейбір дыбыстарды шатастырып болса да айтады. Сау балалар, негізінен, Р-ды айтудан қиналады. Оған артикуляциялық жаттығулар, лого массаж жасалады. Щ-мен Ц-ні шатастырады. Мысалы, «Цирк» дегенді кей балалар «ширк» деп айтады. Щ мен Ц-ні қою барысында бір жақтан ата-ана, екінші жақтан логопедтер – бәріміз бірігіп жұмыс жасап үйретеміз.
Артикуляциялық жаттығулардың «сағат», тіл жаттығуларынан «лошодка», «тик-так» деген түрлерін жиі қолданамыз. Тілді жоғары, астыға, төменге, оңға, солға сілтейтін «футбол» деген жаттығу бар. «Тосап» деген жаттығуда тілді сағат тілімен ұрттан бастап, төменге қарай айналдырамыз. 
Логопедтер көбіне айнаға қарап жұмыс істейді. Өзіміз қимылды бірінші көрсетіп, балалар бізге қарап жасағанымызды қайталайды. Мұны «еліктеу арқылы жасалатын жаттығу» деп атайды. Сосын дыбыс қойғаннан кейін машықтандыру деген болады. Мұнда ашық буын, жабық буындарды көп қайталайды. Мысалы, ашық буында ана, аға, апа деген сияқты сөздер болса, жабық буында ас, ос, ус деп тұйықтарды айтады. Салыстырмалы түрде айтсақ, дыбыс қою 2 минуттық жұмыс. Оған дейін тілді жаттықтырып, дайындауға біраз істер атқарылады. Кейбіреуінің тілі қысқалау болып, таңдайына жетпейді. Сол үшін әр балаға өзіне сай әртүрлі жаттығу, емшаралар тағайындалады.
Әріпті дұрыс айта алмауының бас­ты себебі неде?

Мұрат Әубәкіров:
– Жалпы, баланы көп сөйлету керек. Сол кезде тілі де анық шығады. Егер бес жасқа дейін р әрпін айта алмайтын болса, логопедтер оны көбіне бес жастан кейін ғана дұрыстауға әрекет етеді. Өйткені оларға Р-ды айту қиын. Ал қалған жеңілдеу Ш, С, Л-ді 5 жасқа дейін үйрете береді. Мысалы, биыл маған 15 жастағы бала келді. Диагнозы ДЦП, кішкене күрмеліп сөйлейді. Қазақстанның біраз жерінде болып, мамандарға қаралғанымен, еш пайдасы тимеген. Біздің оңалту орталығымызға келгеннен кейін он күннің ішінде Р әрпін дұрыс айта алатын дәрежеге жетті.
Гүлнұр Айдаболсынова:
– Неге бала әр әріпті дұрыс дыбыс­тай алмайды? Өйткені олардың беттегі бұлшық еттері бос болып, тілдері жоғары-төмен жұмыс істемейді. Осы ретте артикуляциялық гимнастика жаттығуын жасатамыз. Егер оны жасай алмайтындай болса, онда баланың жасы мен жағдайына қарай орталықтан 10 күн бойы лого массаж алады. Лого массаж кеудеден жоғары қарай, мойын, ауыз қуысына баланың жағдайына, диагнозына қарай жасалады.
Кей балаларда гипертонус болады. Ал кей балалардың жалпы қол-аяғының бұлшық еті бос болады. Гипертонус – бұлшық еттің ширыққан күйі, яғни бет немесе ауыз бұлшық еттерінің қатайып тұруы. Ол физиологиялық (3–4 айында өздігінен жоғалады) және патологиялық деп екіге бөлінеді. Гипертонусқа алып келетін себептер: құрсақішілік ұрық гипоксиясы (яғни ауаның жетпеуі); құрсақішілік немесе туғаннан кейінгі инфекциялық аурулар; кесер тілігімен босану; босану кезіндегі асфиксия (тұншығу); босану кезіндегі жарақаттар. Гипертонус­тың белгілері: ұйқысының бұзылуы, қол-аяғын екі жаққа жазатын кезде, қарсылық білдіруі, қолының жұдырығы қатты түйілген, аяғының ұшымен жүреді, жиі кекіреді, құсады, жылаған кезде басын артқа шалқайтады, иегі дірілдейді. Оның емі – тұрақты массаж, гимнастика, жүзу, тыныштандыратын ванна (тұз, шөптермен), дәрімен емдеу (ауыр жағдайда). Сөйлеу аппараттарының бұлшық еттері қатайып немесе жұмсарып кеткен балаларға осындай әдістермен кешенді ем жүргізсе, жеңіл диагнозы барлар әріпті анық айтып, ал ауыр деңгейдегілер ептеп қалыпқа келіп қалар еді.
Баланың әріпті айта алмауында ата-ананың қандай кінәсі бар? Олар не істеуі керек?

Мұрат Әубәкіров:
– Мысалы, бір бүлдіршінді ата-анасымен бірге қабылдадық. Айтуынша, арнайы комиссия балаға «тіл дамуы шектелген» деп диагноз қойған. Ал балада аутизмнің белгілері анық байқалып тұр, бұл тілдің дұрыс шықпауы және мидың дұрыс дамымауынан болған. Әкесі болса «менің балам ондай емес, ақылды» деп қабылдағысы келмей тұр. Егер ата-­анасы дер кезінде жағдайды солай қабылдап, емшарасына ертерек кіріссе, бала да ертерек жазылады. Алаңдайтын тағы бір мәселе, қазір ата-аналар балаларға телефонын ұстатып қояды немесе өздері интернетте көп отырып, баласымен сөйлеспейді. Баламен жиі сөйлеспесе, тілі қайдан шығады?! Бұрын мысалы, ұялы телефон, ноутбук, компьютер болмаған кезде балалар ата-анасының қасында бауырларымен, ағаларымен ойнап жүріп тілі тез шығатын. Қазір үйде басқаша көрініс: балалардың әрқайсысында бір-бір телефон, ата-анасымен ортақ әңгіме жоқ. Жалпы, баламен сөйлеспесе, оның дамуы тежеледі. Негізінде, 5 жастағы бала 2 мыңға жуық сөз білуге қауқарлы. Бес жастан бастап мектепке дайындық сыныптарына береді ғой. Жалпы, бұл шамадағылар суреттерді өздері сипаттай алуға тиіс. 
Гүлнұр Айдаболсынова:
– Қазір барлық баланың үйінде интернетке қосылатын үлкен теледидар бар, бәрі күні бойы соны көреді. Балабақшаға барған бала ғана телефонды аз қолданады. Ал басым бөлігінде ата-ана қай жерде жүрсе де, балаға телефон береді. Ең бірінші, себеп – осы. Екінші себеп – ана құрсағындағы баланың сау­лығы. Ауру туа біткен болады, кейде жүре келе пайда болады. Негізі, ата-­ана дер уақытында емдетпей, асқындырып, қосымша ауру жамап алып жатады. Бетін аулақ қылсын, мысалы, бала баспен құлаған кезде, жол апаты жағда­йында да сөйлеу жағынан тежеліп қалады. Кей кезде отбасыдағы ұрыс-керістің де әсері болады. Қорқыныштан психикалық соққы алып сөйлемей қалған жағдайда психологпен бірлесіп жұмыс істеген абзал. 
Балалар да әртүрлі диагнозбен келеді. Біреуінде психикалық тежелу бар, екіншісі апаттан кейін осындай жағдайға ұшыраған. Еріні қоянжырық сәбилер де кездеседі. Тамағына операция жасалған балаларда дауыс мүлде шықпайды, шықса да анық емес. Ал дені сау болып Р, С, Ш. Л әріптерін айта алмаса, үй жағдайында анасы да жаттығулар жасатып, яғни логопедтің жұмысын атқара алады. Кей ата-ананың бірнеше баласы болып, әрқайсысын үнемі логопедке апару қалтасына ауыр тиюі мүмкін. Сондайда балаға жақындарының үйде логопед болуы өте тиімдірек. Сол үшін де аналарын қабылдауға бірге кіргізіп, қасымызға отырғызып, емшараларды толық көрсетеміз. Мәселен, есте сақтау қабілетіне байланысты нейрогимнас­тикалар, Р, С, Ш, Л әріптерін айтуға арналған жаттығулар мейлінше көмектеседі.
Әйгерім Сәндібекова: 
– Балалармен өте нәзік қарым-қатынас жасаған абзал. Қорқып қалғанда, оқыс жағдайда сау баланың өзі сөйлемей қалады. Әрбір ата-ана балаға бәрін жасауға тырысады ғой. Бірақ нақты не істеу керегін білмей жатады. Сол үшін ата-ана өздері де интернеттен қарап, логопед бола алады немесе мамандардан нұсқаулық алып, оны үйде өздері жасауға мүмкіндік бар. Күнделікті 15–20 минутын арнап, үй жұмыстарына араластырып, «әкел, апарып қой» деп тапсырмалар берсе, осының өзі үлкен жұмыс. Логопедтен шыққан соң оның тапсырмаларын үйге барып қайталап, еске түсірген жақсы. Кейбір ата-ана күні бойы жұмыста. Оларды мәжбүрлей алмаймыз. Дегенмен бала, оның тәрбиесі, болашағы бәрінен де маңызды. Біз көрсеткен жаттығулармен үйде баланы күн сайын, кем дегенде, 20 минут қайталатып үйретсе, зейіні жақсарады. Әріпті, сөзді айтуға арналған жаттығулар да қайталаған сайын миында жаңғырады.

– Өзіңіздің есіңізде қалған жақсы бір кейс бар ма?

Гүлнұр Айдаболсынова:
– Біздің орталыққа өткен қыс мезгілінде 5 жасар Арман есімді бала келді. Ата-анасы оның мүлде сөйлемейтінін айтты, үміті сөнуге жақын қалғандай күйде болды. Баланың диагнозының себебінің неден екенін анықтай алмадық. Өйткені оның жүріс-тұрысы, қол-аяғы бәрі дамыған, қалыпты, бірақ әрекеті жасына сай еместей көрінді. Мүлде сөйлемейді, бізбен мүлде әңгімелеспеді. Басында 3–4 күнге дейін байланыс орната алмадық. Оны нейрогимнастика, дамытуға арналған түрлі сабақтар, ойын­шықтармен ойнатып, дамытып дыбысын шығардық. Мүлде аузын ашпайтын баласының даусы шығып, бірнеше сөз айтты, «Су бер, ит үрді, далаға шығамын» деген қысқа сөздерді айтты, анасы қатты риза болып қайтты. Қазір ол баланы 2–3 ай сайын әкеліп тұрады, жақсы даму үстінде. Біздің басты мақсатымыз – алдымызға келген балалармен бар күш-жігерімізді салып, жұмыс істеу. Сөйлемеген балаларды ең болмаса, бір-екі ауыз сөз айтып кететін жағдайға жеткізу.

490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы