• Ақпарат
  • 05 Қыркүйек, 2024

ҚОҒАМДА ЗАҢ мен ТӘРТІП ҮСТЕМДІК ҚҰРУҒА ТИІС

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Президент сөзінің басында Парламент өткен сессияда 102 заң қабылданғанын атап өтті. Олардың қатарында қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске, ғылым және технология саясатына, жылу энергетикасына қатысты және басқа да заңдар бар.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік салаға, соның ішінде балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінген. 


Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуды, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюды, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсартуды, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалануды, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуді, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыруды, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуды, экологиялық ахуалды жақсартып, қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуді, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыруды, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруды көздейтін бірқатар бастаманы ортаға салды.
Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс, – деді мемлекет басшысы.
Президент тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті.
– Біз берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады. Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы міндетті орындауға бар күш-жігерімді саламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент халыққа арнаған Жолдауында үкіметке арнайы тапсырмалар жүктеді. Кемшіліктерді атап көрсетті. Алдағы жүзеге асырылатын тапсырмаларды атап айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс.

Бірінші қаңтардан 
бастап енгізіледі

Президент тапсырмасына орай осы жылдың 1 желтоқсанына дейін әлеуметтік әмиянға кіретін мемлекеттік қызметтер тізілімі бекітілуге тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті. 
– Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Туризм және спорт министрлігі жыл соңына дейін заң жобасына тиісті нормалардың, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу бо­йынша нормаларды қамтамасыз етуі қажет. Цифрлық даму министрлігі Еңбек, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктерімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік әмиянның енгізілуін қамтамасыз етсін. Тиісінше, 1 желтоқсанға дейін Әлеуметтік әмиянға кіретін мемлекеттік қызметтер тізілімін бекіту керек, – деді Үкімет басшысы О.Бектенов.
Премьер-министрдің атап өтуінше, Әлеуметтік әмиян тетігін енгізу заңнамаға өзгерістер енгізуді  талап етеді.
– Бұл жұмысты Цифрландыру және Еңбек министрліктері биылғы жылдың соңына дейін жүргізуі қажет. Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар жобасын тез арада Үкіметтің қарауына енгізсін. Қабылданып жатқан шаралардың барлығы дәйекті түрде әрі мемлекеттік органдар мен экономика секторлары арасында үйлесімді іске асырылуға тиіс. Өзара іс-қимылдың теңгерімді тетігі ғана тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық министрліктер заң жобаларын сапалы пысықтау үшін Парламент депутаттарымен тығыз байланыста жұмысты күшейтулері қажет. Біздің әрбір қадамымыз ортақ нәтижеге – халқымыз бен еліміздің әл-ауқатына бағытталуға тиіс. Президент Жолдауының іске асырылу нәтижесін қазақстандық әрбір азамат сезінуі керек, – деді Олжас Бектенов. 
Ал Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Президенттің жаңа Жолдауы аясында халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдау туралы айтты.  
– Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыруды тапсырды. Бұл мақсатта отбасының цифрлық картасындағы мәліметке сай шұғыл және дағдарыс санатына жатқызылған отбасы санын азайту жөніндегі жұмыстар жалғасады. Бұл шара әр отбасымен жекелей жұмыс істеп, олардың мүмкіндігіне қарай мейілінше оңтайлы мемлекеттік қолдау түрлерін ұсынуға бағытталған, – деді Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында. 
Одан әрі вице-премьер әлеуметтік 
әмиян жобасына тоқталды. 
– Онда әр отбасыға әлеуметтік мәртебесіне қарай ұсынылатын барлық мемлекеттік қолдау түрлері болады. Сондай-ақ қолдаудың нақты берілу фактісі негізінде мемлекет тарапынан көрсетілген көмек сомасы да көрсетіледі. Бұл шараларды жүзеге асыру тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізуді талап етеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жыл соңына дейін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдайды,  – дейді Т.Дүйсенова.

Еркін ҚАЛДАН

 

 

 

566 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы