• Ақпарат
  • 05 Қыркүйек, 2024

Әлеуметтік әмиян әлеуметке пайдалы ма?

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауында атап көрсеткен жоба шетелдерде де кеңінен қолданылады екен. Мәселен, Тайландта «Цифрлық әмиян» атты жоба бар. Тайланд халқының үштен бір бөлігі бұл жобаны қолданғанының нәтижесінде  әлеуметтік жағдайлары қалпына келгенін, елде экономикалық өсім жеделдетілгенін айтады. Ал бұл жобаның қандай пайдасы бар? Әлеуметтік әмиян дегеніміз не? Жобадан қандай нәтиже күтеміз?  Осыған байланысты арнайы мамандардан пікір алдық.
 

 

Айбар Олжай, қаржыгер: 

Мемлекет бәрін бақылап, көріп отырады

 

– Негізінен, Әлеуметтік әмиян идеясы бұрыннан бері айтылып жүр. Бірақ енді ғана техникалық жағынан толық іске асыруға мүмкіндік ашылды. Себебі цифрлы теңге жобасы өзінің өміршеңдігін көрсетті. Бұл жоба арқылы ақшаның қай жаққа бара жатқанын көре алу мүмкіндігі пайда болды. Әлеуметтік әмиян дегеніміз не? Ол – әлеуметтік көмектің нақты адреске жұмсалуы. Мысалы, әлеуметтік көмек 50 мың теңге деп көрсетейік. Оны әлеуметтік көмекті алушы адам қайда жұмсағысы келеді, тойға бере ме, жоқ, әлде одан да маңызды дүниелерге арнай ма – оны өзі біледі. Бұрын-соңды мемлекет ол қаржының қайда жұмсалатынын білмейтін. Ал әлеуметтік әмиян арқылы осыны мемлекет бақылап, көріп отырады. Және жай ғана көріп қоймайды, бұған шектеу де қояды. Мысалы, сіздің әлеуметтік әмияныңызға түскен ақша арқылы сіз балабақша ақысын төлеуіңіз мүмкін, дүкеннен азық-түлік алуыңыз мүмкін. Бірақ тойға, ойын-сауық, көлік секілді дүниелерді алуға жұмсай алмайсыз. Оған үзілді-кесілді шектеу қойып қояды. Яғни цифрлы теңгеңіз әрі қарай жүрмейді. Әлеуметтік мақсатта берілген ақша тек қана әлеуметтік істерге жұмсалады. Яғни ол жерден тек белгілі бір азық-түлік, дәрі, коммуналдық төлемдерді ғана жасай аласыз.  Қолға қағаз ақшаны банкоматтан шығара алмайсыз. Сол кезде шынымен де әлеуметтік көмек кімге қажет, кімге қажетсіз, кім пайдаланып жүр, нақты білінеді. Бұл, өз кезегінде, бюджеттегі өсіп бара жатқан барлық шығынды ретке келтіріп, ауыздықтап, шын мәнінде мұқтаж адамның көмекті алуына мүмкіндік туғызады. Сол кезде нағыз мұқтаж жанға көмекті көбейтіп, мұқтаж емес адамды жүйеден алып тастауға жол ашылады. Меніңше, Мемлекет басшысы капиталистік социализм жасау үстінде. Оның толық форматына 2028 жылдары келетін сияқтымыз. Әділ, жұмысын сүйетін, қарапайым, жауапты адамдар үшін қолайлы заман туады. Ал жең ұшынан байланысуға үйреніп қалған, ауырдың үстімен жүретін, жемқорлыққа бір табан жақын адамдарға қиын кезең келеді. 

 

Аман Мәмбетәлі, саясаттанушы:

 

 Бұл – дұрыс әрекет, игі іс
 

 

– Жолдауда бізге таңсық бірнеше ойлар, жобалар айтылды. Соның бірі – әлеуметтік әмиян. Әлеуметтік 
әмиян – Ұлттық Банк базасында жедел төлемдерді қабылдап, қайда жұмсалғанын бақылап, біліп отыру үшін аса қажет. Мысалы, Мемлекет басшысы айтып өткендей, 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды.  Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балаларға арналған жәрдемақы да 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Мектептерде тегін тамақтану жүйесі іске қосылды. Денсаулығында ақауы бар жандарға тегін дәрілер беріліп жатыр. Бірақ оның ішінде бай-кедейі, әлеуметтік мұқтаждығы бар-жоқтығы есепке алынбады. Егер әлеуметтік әмиянды ертерек енгізгенде нағыз мұқтаждар әлеуметтік көмектерді көбірек алар ма еді деген ой туады. Бірақ, әрине, жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Жолдаудың атауы да «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деген тақырыпта. Сондықтан Президентіміздің басты мақсаты – Әділетті Қазақстан құру. Ал әлеуметтік әмиянды соның жолында жасалып жатқан дұрыс әрекет, игі іс деп білемін.

 

Еркежан ҚАЙРАТҚЫЗЫ, әлеуметтік педагог: 
 

 

Нағыз мұқтаждар көмек алады
 

 

– Әлеуметтік әмиянның пилоттық цифрлық сервистерін тексеру  2022 жылдан басталған. Осы күнге дейін демо-нұсқалары көрсетілді. Мемлекет басшысы Жолдауда аталған жобаның 2025 жылы түбегейлі енгізілетінін айтты. Бұл, әрине, қуанышты жағдай, шетелде бар тәжірибе. Цифрландыруға түбегейлі өтіп жатқанымыздың көрсеткіші. Жалпы, әлеуметтік әмиян – мемлекеттен көрсетілетін көмектің әділетті механизмі. Мәселен, бала мектепте тегін тамақтану үшін ата-анаға құжат жинап, мектепке барып, өтініш жазудың қажеті жоқ. Ата-ана телефонына хат келеді. Хаттың келгенін олар растауы керек, болды. Не болмаса, атаулы әлеуметтік көмек алатындардың цифрлы әмиянына қаражат түседі. Оны АӘК алатындар QR қосымшасын қолдану арқылы дүкеннен азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді дүние­лер алады. Ал басқа қызметке рұқсат етілмейді. Және бір жақсысы, дәрігердің цифрлық рецептісі де жүйеге түседі. Яғни психотропты дәрілерді тұтынушы рецептісіз ала алмайды. Нәтижесінде дәрігердің, дәріханалардың жұмысы да көрініп отырады. Жалпы, бұл әлеу­меттік әмиян барлық салада бақылау жүргізуге арналған. Басты мақсаты – жемқорлықты  азайту, нағыз мұқтаждардың көмек алуына жағдай жасау, мемлекет қаржысын үнемдеу. Менің ойымша, бұл – «жемқорлыққа жол жоқ» деген ұранның іс жүзінде жүзеге асуы. Кеш қалдық демеймін, десе де шетелде бұрыннан келе жатқан тәжірибе.

 

Ақгүл Айдарбекқызы

 

Т.Базарбаева,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің география және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі, доцент: 
 

 

Жоспарлау – тиімді құрал

 

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Экология­лық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі» екенін атап өтті. Бұл тұрғыда біз бүгінде қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек. Ол үшін жоғары біліммен қатар, озық технологиялар мен әдістер қолдануымыз қажет. Нақты айтсақ, ландшафтыны жоспарлау. Ал дамыған елдерде бұл жоспарлау жүйесі бұрыннан қолданылып келе жатыр.
Классикалық анықтама бо­йынша ландшафтыны жоспарлау өзінің күш-жігерін ландшафтының функциялары мен қасиет­терін сақтауға, топырақты, суды, ауа­ны және климатты, өсімдіктер мен жануарларды, ландшафтының сыртқы түрі мен эстетикалық қасиеттерін тұрақты сақтау бойынша ұсыныстарды әзірлеу­ге бағыттайды. Ол үшін ландшафтыны жоспарлаудың барлық міндеті, жер мен аймақтың жалпы аумақтық жоспарларына (мысалы, аумақты ұйымдастырудың жер бағдарламасына, округтің аймақтық даму жоспарына т.б.) кіруі керек. 
Ландшафтыны жоспарлауда қолданылатын әдістері аймақтық саясат пен аймақтық жоспарлаудың экологиялық аспектілері аясында қарастырылады. Қазіргі кезде өңірлік дамудың орталық бағыттарының бірі, озық және депрессиялық өңірлердегі өмір сүру деңгейін табиғи ресурстар мен қоршаған ортаға жүктемені азайту талаптарымен теңестіруге саяси көзқарасты біріктіру міндеті болып отыр. Бұл мәселені шешудің тәсілдері әмбебап бола алмайды, сондықтан әртүрлі елдер үшін әртүрлі даму моделі болуы керек.
Қазақстанның көлемі, оның табиғи, шаруашылық және мәдени әртүрлілігі, сондай-ақ облыс­тық құрылымы мазмұнды саясатты дамыту қажеттілігін талап етеді. Әрине, мемлекетіміздің тұрақты дамуының тұжырымдалған моделі өңірлік аспектіде нақтылануы және экология­лық бағдарланған сипатқа ие болуға тиіс. Қоршаған ортаның ластануын болдырмау, оның лас­тану салдарын жою, өңірлерді кешенді экологиялық қорғау – Қазақстан Республикасының жариялаған саясатының негізгі мақсаттарының бірі. Аймақтық экологияның арнайы құралдары ландшафтылық жоспарлаумен бірге экологиялық бағдарланған аумақтық жоспарлау болуы қажет. Президентіміз жолдауында айтып өткендей, «...Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі...» бол­ған­дықтан, қоршаған ортаны қор­ғау бағытындағы жұмыстар са­палы және қарқынды жүруі керек.
Аймақтық экологияның арнайы құралдары ландшафтыны жоспарлаумен бірге, экология­лық бағдарланған аумақтық жоспарлау болуы мүмкін және болуы керек. Естеріңізге сала кетейік, оның элементтері 1970–1980 жылдары КСРО-да елдің кейбір республикалары мен облыстары үшін әзірленген «Табиғатты қорғаудың аумақтық кешенді схемалары» түрінде біршама кең таралған. Алайда олардың аумақтарды дамытуды жоспарлаудағы рөлі мен орны нормативтік құжаттармен бекітілмеген, сондықтан бұл схемалардың тиімділігі мен танымалдығы шамалы болды. Экологияландырудың нақты нәтижесі тек кәсіпорындардың ғана емес, сонымен қатар аумақтардың да экологиялық паспорттары ретінде арнайы құжаттардың пайда болуы болды.
Қазақстанда табысты өңірлік экополитика үшін «жоғарыдан» (мемлекеттік басқару құрылымдарының бастамасы бойынша) ғана емес, «төменнен» (негізінен, облыстардың субъек­тілері) де қарым-қатынас қалыптастырылуға тиіс. Мұнда ландшафтыны жоспарлау осындай саясаттың тиімді құралдарының бірі ретінде әрекет етуге арналған. 

 

Гүлмира Алтынбаева, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жоғары санатты неонатолог-дәрігер, педиатриялық блок басшысы: 
 

 

Елдің басты капиталы – ұлты
 

 


Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында  ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту қажет екеніне назар аударды.  
Бүгінгі бала – ертең еліміздің тұтқасын ұстар азаматы, мемлекеттің болашағы. Сондықтан болашақ иелерінің жаны мен дені сау болып өсуі аса маңызды. «Ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы», дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін оны назардан тыс қалдыруға болмайды. «Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды», – деп атап өтті ел Пре­зиденті Жолдауда. Бұл, өз ке­зе­гінде, аналарға көмек қана емес, үлкен қолдау болары сөзсіз. 
Әр елдің басты капиталы – ұлты. Біздің мемлекет те мұны жақсы түсінеді және әрқашан ұлт саулығына баса назар аударады. Жыл сайын елімізде ел тұрғындарының денсаулығын нығайту мақсатында, оның ішінде, адам өміріне қауіп-қатер төндіретін індеттерден қоғамды аман сақтап, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру бағытында түрлі іс-шаралар қолға алынды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Ол, өз кезегінде, денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізіп жатыр. 
Ұлт саулығымен қатар, ел бола­шағының жарқын кемелі ойластырылған «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылғанын ел үлкен қуа­нышпен қабылдады. Қазір­дің өзінде 7 миллион баланың есеп­шотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиард­тан астам теңге аударылды. 
Мемлекет басшысының «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады» деп айтқаны қуантты. Мемлекет басшысы айтқандай, мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілсе және әлеуметтік көмектер әділ, ашық және тиімді болса игі. 
Ел Президенті үшін мемлекеттің саяси, экономикалық тұрақтылығының мәселелері де, оның халықаралық бедел бағасы да, сондай-ақ қазақстандықтардың әлеуметтік әл-­ауқатының мәселелері де бірдей көкейкесті. Халық денсаулығын сақтау жүйесі, әлеуетінің артуы тек дамыған, үнемі жетілдіріліп отыратын, саламатты ізгіліктер мен жарқын келешекті көздеген қоғамда ғана кемел деңгейге көтеріле алады. Ал мұндай қоғам халық өзінің бейбіт болашағына сеніммен қарағанда ғана, дүние­ге еш алаңсыз дені сау ұрпақ әкеліп өсіргенде ғана мүмкін болмақ.

Бағдагүл БАЛАУБАЙ

 

 

 

569 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы