- Ақпарат
- 05 Қыркүйек, 2024
Сөздің ең ұлысы – тарих
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,
«Ana tili»
«Тарих өткеннен сабақ алу үшін қажет». «Өткенін ұмытқан келешегін болжай алмайды» деген секілді түйінді сөздер әркезде, әр жерде айтылып қалады. Бұл бергі кезеңдерде айтылған байламдар екені де көрініп тұр. Қазақта жеті атасын жатқа білу үрдісі әркім өзіне дейінгі шежіре-тарихын ұмытпау мектебі болғаны анық. Ата-бабасының аты-жөнін ғана емес, іс әрекетін, батырлығын, батылдығын да ұмытпау, үлгі тұту, әрине, үлкен тәрбие.
Мұны неге айтып жатырмыз? Қазір орта мектептерде Қазақ (Қазақстан) тарихы оқытылады. Тәуелсіздігімізді қалпына келтірген жылдардан бермен тарих оқулығы қанша рет өзгертілгені, қай сыныпқа қай кездің тарихы оқытылатыны бөлек әңгіме. Жақында «тарих пәнін жақсы көреміз» деген бірнеше оқушымен аз-кем тілдесіп қалдық. Қазақ батырларының есімдерін тақылдап айтып берген балалар, кей сауалдарымызға «тарих пәнінің оқулығынан ондай деректерді оқымадық» дегенге келтірді.
Қазақ тарихында жиырманшы ғасырға дейінгі замандарда таласты тұстары аз емес. Еуропа халықтары секілді әр оқиғаны түгендеген деректеріміз тым аз. Өзгелердің архивтерінен, жазбаларынан іздеуге мәжбүрміз. Ал жиырманшы ғасырдағы маңызды кезеңдер туралы дерек-дәйек баршылық, архивтерде сақталған. Мысалға Кеңес дәуіріндегі оқулықтарда 1917 жылы Алаш автономиясы құрылғаны айтылмағанымен, 1920 жылы 26 тамызда Кеңес үкіметі Бүкілресейлік орталық атқару комитеті мен РКФСР ХКК «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» декрет қабылданғаны, яғни Ленин қол қойған құжат аталған күні жарияланғаны айтылатын. Әрине, онда Алаш автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсынұлының, Әлімхан Ермековтiң айтысып-тартысқаны туралы бірауыз сөз жоқ.
Егер сол кезде Сібірревкомының шешіміне Алаш қайраткерлері қарсы шығып дәлелдемегенде, қазіргі Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау өңірлері, тіпті бүкіл батыс өңірлер: Орал, Атырау, Маңғыстау Ресейдің құрамында қалатын еді. Сондықтан да ол шешім өте маңызды болатын. Реті келгенде айта кетейік, алдымен бодандық шырмауындағы елдің еңсесін көтеріп, 1917 жылы Ресейдің өз ішінде апалас-төпелес болып жатқанда Алаш үкіметінің құрылуы, оның Ленин, Сталин секілді көсемдер тарапынан мойындалуы 1920 жылғы автономияға негіз болды. Алаштықтар атсалысып жүріп, қазақтың ата қонысын ресми түрде мойындатуы ондағы басты жеңіс деп түсіну керек. Олай болмағанда, дәлірегі, қазіргі Қазақстанның бүкіл солтүстік, шығыс және батыс өңірлері Ресей құрамында кеткенде, 1936 жылғы одақтас республика деген мәртебе берілмес еді, ол мәртебе болмаған жағдайда қазіргі Ресейдің құрамындағы көптеген түрік халықтары секілді, қазақ та 1990 жылы сол елдің құрамында қалар едік. Сондықтан 26 тамыз біз үшін қастерлі күннің бірі болуға тиіс. Аталған өңірлер баяғыдан қазақтың ата қонысы дегенімізбен, өркениетті әлемде сіз бен бізден бұрын нақты қол қойылған заңды құжат сөйлейді. Демек, 26 тамызды, «30 тамыз 1995 жылғы Конституцияның қабылданған күні» деген секілді әр бала білгені жөн демекпіз. Біздіңше, 26 тамызды (Кеңес одағы кезіндегі) қазақ жерінің қайта түгенделген күні ретінде есте қалдырған дұрыс болмақ. Бұл бүгін жай сөз ретінде айтылғанымен, болашақта саналы ұрпақ мұндай аса елеулі күнді ескерусіз қалдырмасы анық.
Тамыз айының соңғы аптасында тағы бір ескермесе болмайтын күн бар. Ол күн кеңес (орыс) ғылымы үшін жетістік болғаны белгілі. Ал қазақ үшін бодандық тарихтағы ең бір үлкен қасіреттің басы болды. 1949 жылғы 29 тамызда Мәскеу уақытымен таңғы 07:00-де РДС-1 делінетін Кеңес одағының алғашқы атом бомбасы Семей жерінде сынақтан өткізілді. Содан бастап алып империя 715 сынақ өткізсе, соның 465 -і Семей полигонында жарылған. Қалған сынақтарды кеңестік «көреген» саясаткерлер Қазақстанның әр аймағында ғана емес, түріктер көбірек қоныстанған, дұрысы, олардың атакүлдігі болып саналатын Астрахан (Ажытархан), Орынбор, Иркутск өңірлерінде, Башқұртстан мен Якутияда (Саха жерінде) өткізіпті. Әрине, Мәскеу мен Ленинград облыстарында немесе Самара мен Нижегород жақта емес. Сталиннің атамекені – Гүржістан мен Осетияға да жолатпаған. Осыдан-ақ қандай зымиян саясат жүргізілгенін көруге болады.
Қазіргі мектеп оқушылары еліміздің, халқымыздың болашағы. Олар Семей полигонын, оның қазақ халқына тарттырған қасіретін үзіп-жұлып білгенімен, 29 тамыздың қандай күн екенін ажырата бермейтіні аңғарылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2009 жылғы 2 желтоқсандағы шешімімен 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп белгіленді. Бұл орайда айтпағымыз, аталған күннің Семей полигонындағы 1949 жылғы 29 тамыздағы сынаққа тікелей қатыстылығын жастардың біле бермейтіні, олар тіпті мұны халықаралық делінетін көп атаулы күннің бірі ретінде қабылдайтыны байқалады. Сондықтан бұл бағыттағы идеологияны ширатқан жөн дер едік.
Семей полигонынан зардап шеккендер ресми түрде екі миллион делінгенімен, олардың ұрпағынан-ұрпағына кететін сұмдық дерттің тақсіретін санау еш мүмкін емес. Қаралы тақырып дәл Жапониядағыдай (Хиросима-Нагасаки) зерттеліп, жазылып жатқан жоқ. Біз тіпті отыз жыл бойына мақтанып жүріп, Семей қасіретін де ұмытып кеткендейміз.
Қысқасы, тамыздың 26-сындағы қазақ жерін ресми түрде түгендеген біз үшін қасиетті, тағы да тамыздың 29-ындағы Семей полигоны ажал құса бастаған қасіретті күндерді ұмытпайық!
601 рет
көрсетілді0
пікір