- Ақпарат
- 05 Қыркүйек, 2024
ТАЗЫ ТҰҚЫМЫНЫҢ ИЕСІ – ҚАЗАҚ
Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас комитеті қазақ тазысын («Kazakh Tazy») ресми түрде ит тұқымы деп әдепкі (алдын ала) тану туралы шешім қабылдады, Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді. Бұл шешім – қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде толық тану, яғни мойындау алдындағы негізгі әрі соңғы кезең. Бұл туралы Президенттің Іс Басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
– Бүгін сіздердің елдеріңіз үшін де, біз үшін де тарихи күн. FCI Стандарттау жөніндегі комиссиясы мен FCI Ғылыми комиссиясы ұзақ рәсімнен кейін Бас комитетке осы тұқымды тіркеуді ұсынды. Алдағы уақытта 10 жылға созылатын жұмыс күтіп тұр. Осы уақыт ішінде иттердің денсаулығына көптеген тесті жасалып, жаңадан туған тазы күшіктерінің статистикасы жүргізіледі, бұл деректер FCI Ғылыми комиссиясы үшін қажет. Иттердің денсаулығы мен жай-күйі қазіргі таңда өте маңызды мәселелердің бірі. FCI Қазақстандағы тазы тұқымының жүйелі дамуын бақылап отырады, – деді FCI президенті Тамаш Яккель.
Естеріңізге сала кетейік, қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап Президент Іс басқармасының қарауына алынғаны белгілі. Осы орайда өкілетті орган ретінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі белгіленген.
Өткен екі жыл ішінде осы бағытта елеулі жұмыс атқарылды: тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді, тазы стандарты бекітілді, ғылыми зерттеулер жасалып, асыл тұқымды иттердің байқауы мен бірнеше көрме өткізілді.
Ит тұқымын Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) толыққанды мүшесі саналатын Ұлттық кинологиялық ұйымдар арқылы ғана тіркетуге болады. 2023 жылдың тамызында Қазақстан кинологтері одағы Халықаралық кинологиялық федерацияның барлық талаптарын орындап, оның толыққанды мүшелігіне қабылданды. Сөйтіп, өзінің ұлттық ит тұқымдарын жариялау құқығына ие болды. Енді қазақ тазысы халықаралық деңгейде мойындалатын болады, әрі оның иесі Қазақстан екені ресми түрде тіркелді.
М.Ғабитқызы
453 рет
көрсетілді0
пікір