• Ақпарат
  • 05 Қыркүйек, 2024

Ахмет арманы немесе тілге қатысты ұстаным

Қарагөз СІМӘДІЛ, «Ana tili»

Әр ұлттың мемлекеттілік, өшпеу мен өрлеу тұрғысындағы өз арманы бар. Жүрегі ел деп соққан әр тұлғаның ұлтқа қатысты жеке бір арманы болған да шығар-ау! Ахмет Байтұрсынұлы айтқан әр сөзге мұқият назар аударсақ, сол арман мен аппақ тілек, ұлтшылдықтың жолындағы сертке беріктік мінезі бірден байқалатындай. Ұлттың өз жеріне, мемлекетіне, тіліне, діліне ие болуы – Алаш ардақтыларының басты мақсат-мұраты да еді.  

 

Басқа мысалды айтпай-ақ, осыдан жүз жыл бұрын, 1924 жылғы 12 маусымда, Орынборда өткен қазақ білімпаздарының басқосуын назарға алсақ, сол жиында ұлттық пен мемлекеттіліктің баяндылығы турасында қаншама ғажап сөз айтылып еді ғой. Әріп, әсіресе қазақы дыбыстар, емле, сөз, сөйлемге қатысты әрбір мәселе ерекше жанашырлықпен, асқан ыждаһаттылықпен талданып, тіпті бір тақырып аясы бірнеше күнге созылған пікірталасқа алмасқанына көз жеткіземіз. Бір аптаға созылған жиынның төрт күнінде тіл мәселесін жан-жақты талдаған. 
Дәл осы жиында адамның аты мен тегін қазақша қалыпта жазу ісі де көтерілген еді. Сиез бұл тақырыпқа қатыс­ты жағдайды былай шешуге келіседі: «Кісінің аты-жөнін жазғанда, оның өз аты ғана жазылатын болсын, үкімет орындарының қағазында, кісінің өз атын аттас кісілерінің атымен қатыстырмау үшін әуелі әкесінің аты жазылып, оған «ұлы» деген сөз қосылып, сонан соң өз аты жазылатын болсын». Өкініштісі, арада жүз жыл өтсе де, ат пен текті қазақша жазудың үлгісін көрсетіп беріп кеткен Алаш ұстанымына адалдық әлі де байқалар емес. Оны айтасыз, қазіргінің адамы аты-жөні құжатта қалай көрсетілді – солай жазуға құмбыл: яғни ович/овнасыз ба, қазақша материалға қызы/ұлын қосудың орнына сол «құжаттық» үлгісін алып келіп тұрғаны. 
 Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының арманы тек арман қалпында қалған жоқ, осы басқосудың алдында да, кейін де мемлекеттің саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, рухани-ғылыми бағыт-бағдарын нақтылап, көрсетіп кетті. 
Ұзын сонар сөз толғап отырған себебіміз, 5 қыркүйек тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы дүние есігін ашқан күні еді, бұл күн және Қазақстан халқы тілдері күні болатын. Ұлт ұстазы дүниеге келген күнінде тілдің бары мен жоғы туралы, мемлекеттік тілге қатысты мемлекеттің ұстанымы тек елдік мақсатта болуы керегі туралы пікір білдірсек дедік. Мемлекет ұстанымы демекші, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», – деген еді.
Иә, еліміздегі қай ұлттың тілін де құрметтей беретініміз анық, сонымен бірге күллі отандастар болып мемлекеттік тілге қатысты ұстанымды да Алаш арыс­тары аңсаған қалыпта сақтасақ керек-ті.  

 

Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. 

 

Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. 

 

Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.

 

Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.

 

Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.

 

Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек.

 

Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.

 

Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. 

 

Жат жұрттың шалығы тимесе, кәсіби, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. 

 

Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір.

 

XX ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.

 

Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. 

 

Тіл білімі ереже жаттату түрде үйретілмей, сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тану түрде үйрету керек. 

 

Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап, тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз. 

 

Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады.

 

Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз зейін тілі.

 

Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз.

 

Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек.

 

702 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы