- Ақпарат
- 12 Қыркүйек, 2024
АРАБ және ПАРСЫ ТІЛІНЕН ЕНГЕН СӨЗ ӨТЕ АЗ
Әлеуметтік желіде діндар Қабылбек Әліпбайұлының «Араб сөздерінен бас тартсақ, қазақ сөздігінің қолданыстағы 70 пайыз сөзінен бас тартуымыз керек. Мысалы, «Рақмет, шүкір, ұстаз, дәптер, тәубе» деген сөздер – арабтың сөздері. Тілдік қорымыздағы сөздердің 30 пайыздайы орыстардан енген» деген сөзі талқыға түсе бастады. Діндардың қисынына қазақ тілінің төл сөзі қалмай тұр. «Ана тілі» газетінің редакциясы маманға хабарласып, қазақ тіліне араб-парсы тілдерінен енген сөздердің пайыздық көрсеткіші қанша екенін, тілімізде 70 пайыз араб-парсы кірме сөздері шынымен де бар-жоғын анықтадық. Маман араб-парсы тілдерінен енген сөздер 15 пайыз ғана және олардың жартысына жуығы пассив сөздер екенін айтып берді. Көне кітаби кірме сөздердің де түп төркініне тоқталған тілші пікірін оқырманға ұсынып отырмыз. Газеттің алдағы нөмірінде араб-парсы тілдеріне енген қазақ/түрік сөздері туралы зерттеу ұсынбақпыз.
Қазақ тілінің сөздік қорының негізі – түрік тектес сөздер. Ал араб-парсы және орыс тілдерінен енген сөздердің бір ерекшелігі – олардың тілімізге бейімделіп, қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына сәйкес өзгеріп қабылдануы. Дегенмен қазір қазақ тіліндегі шет тілдік сөздерді қазақыландыру үрдісі күшейіп келеді. Бұл – қазақ тілінің төл сөздік қорын сақтау және дамытудағы маңызды қадам.
Қазақ тілінің сөздік қоры тарихи даму нәтижесінде бірнеше тілмен, соның ішінде араб, парсы және орыс тілдерінен енген сөздермен байытылды. Бұл – қазақ халқының тарихындағы әртүрлі мәдениет және өркениетпен байланысының нәтижесі. Тарихи тұрғыдан, қазақ тіліне кірген шет тілдік элементтерді үш негізгі кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Араб-парсы тілдерінен қазақ тіліне көптеген сөздер ислам дінінің таралуымен енді. Бұл кезең шамамен X–XII ғасырларда басталып, дінге, ғылымға, философияға және мәдениетке байланысты сөздерді қамтыды. Ғалымдардың айтуынша, қазіргі қазақ тілінің сөздік қорының 15 пайызы – араб және парсы тілінен енген сөздер. Бұл сөздердің түгелге жуығы белсенді қолданыста дей алмаймыз, яғни пассив қолданыстағы сөздер де жетерлік. Белсенді қолданыстағы сөздер, негізінен, дін, білім, мәдениет, сауда және әкімшілік жүйелерге байланысты. Мысалы, «кітап», «мәдениет», «мектеп», «әлем», «халық» сынды сөздер осы тілдерден енген.
Орыс тілінен енген сөздер XIX ғасырдың соңынан бастап енді. Орыс тілінен енген сөздердің көлемі кеңестік кезеңде, әсіресе ғылым, техника, саясат және әкімшілік салаларында айтарлықтай артты. Бұл тілден енген сөздердің үлесі, кей зерттеушілердің бағалауы бойынша, 10–15 пайыз аралығында. Бұл сөздер техникалық, ғылыми, саяси және күнделікті тұрмыста қолданылатын терминдерге жатады. Мысалы, «зауыт», «мәшине», «пошта» секілді сөздер орыс тілінің фонетикалық өзгерісімен қазақ тіліне енген.
Қазақ тіліне кірген шет тілдік сөздердің әсері болғанымен, қазір тілді жаңғырту, төл сөздерді кеңінен қолдану және жаңадан енген терминдерді қазақша баламалармен ауыстыру тенденциясы күшейіп келеді.
Енді араб-пасы тілдерінен енген сөздердің ішінде көне кітаби сөздерге де қатысы бар. Көне кітаби сөз – көне түрік, көне қазақ, араб және парсы тілдерінде салт-дәстүрге, табиғат нысандарына, діни кітаптарға, қоғамдық қарым-қатынасқа қолданылатын тілдік бірліктер. XVI–XVII ғасырлардан бастап XX ғасырдың басына дейін қазақ қоғамының мәдени дүниесінде ауызша төл әдеби тілмен қатар, бірқатар түрік халықтарына ортақ ортаазиялық жазба әдеби тілі пайдаланылды. XIX ғасырдың соңғы жартысында мұны «кітаби тіл» деп атай бастадық. Кітаби тілдің қолданылу аясы төл әдеби тілден басқа болды. Ол түріктік жазба тіл ретінде ресми қағаздар мен мұсылманша діни әдебиетте, ғылым салаларында да қолданылды.
Қадырғали Жалаиридің «Жами’ат-тауарих» деп аталатын шежіресінің XVI ғасырдың соңында жазылған еңбегінде осы көне кітаби тілдік бірліктерді көп қолданғаны жөнінде ғылыми пікірлер көптеп кездеседі. Түрік жазба әдеби тілінде көне кітаби тіл, яғни ресми-қатынас қағаздары стилі еркін түрде айналымда еді. Айталық: ифтар, уәж (уәжбиет), садақа, мүбәрак, хиджап, миғраж, хидаят, иншалла, машалла, кәфир, кіріфтар, һуким, иттифақ, уағда, уәжиб, муһур, хикмет, сахаба, саф, хадис, сүннет секілді араб-парсы сөздері бастапқы қалпына анағұрлым ұқсас болатын. Сол дәуірлерде әдеби үлгілерге қарағанда, түріктік жазба дәстүр белгілерін молырақ пайдаланған, ХІХ ғасырдың соңында баспа жүзінде кітап етіп ұсыныла бастаған «қисса» аталған көркем әдебиет жанрының авторлары «кітаби ақындар» деп, олардың тілі «кітаби тіл» деп аталған.
Қазіргі қазақ тілінің құрамында 15 пайыз араб, парсы сөздерінің кездесу себебін қазақтардың араб, парсы халықтарымен тікелей қарым-қатынас жасауынан немесе өзбек, татар жазба әдеби тілдерінің әсерінен ғана іздемей, халық ішіне сан ғасыр бойы кең таралып кеткен әдеби қолжазбалардан да іздеу керек шығар. Ол – қазақтың ауызша да, жазбаша да әдеби тілінің қайнар көзімен сабақтастығын, жалғастығын танытатын белгі.
Енді көне кітаби сөздердің әлеуметтік желілерде қай бағытта қолданылып жүргеніне назар аударайық. Мысалы, «ифтар» сөзі. Ифтар арабша «фитр-футур», яғни оразасын бұзу деген мағына береді. Бұл сөз әу бастан араб тілінен енген көне кітаби бірлікке жататын діни сөз ретінде қолданыста болған. Түрік халықтарының тілдік тұрғыда бөлінбеген кезі ХIII ғасырда Түркістан өңірінде өмір сүрген Исмаил Ата ибн Ибраһим әл-Қазығұрти әт-Түркістанидің ілімі мен қызметін баяндауға арналған Исхақ Қожа ибн Исмаил Атаның «Хадӣқат әл-ғарифин» атты сопылық дидактикалық шығармасы бар. Ортағасырлық түрік жазба мұрасын қазіргі қазақ тіліне тән жәдігер ретінде де мойындаймыз. Осы шығарманың ішінде «ифтар» сөзі кездеседі. Сөйлем ішінде қолдану мағынасы тура қазіргі қолданыспен бірдей. Шығарма үзіндісінде: Билкил, ай асхаблар ахбаблар уа ай улу әл-ахбаблар ким хазрат султан әл-асфийа’ Исмағил Ата р.а. уджудқа килмиш аууал мубарак рамадан айы ирди, андағ ким, аналар Суине бикенеларни Исмағил Атаның ағзиға қуидилар ирса, иммадилар, та зулмат пирдасини тартмағунча, уа науаи Мухаммадини уртмағунча, чун уақт ифтар булди ирса, аналарини имар ирди, та субх дам булғанича [«Хадиқат әл-ғарифин» («Алланы таныған жандар бақшасы»), №11838]. Сондай-ақ осы шығармада қазір халыққа етене таныс хазрат (әзірет), аууал (әуелі), мубарак (мүбәрәк-құт), зулмат (зұлмат) сөздері де бар. Ал қазіргі әлеуметтік желілерде ифтар, мүбәрак сөздерін жиі кездестіруіміздің себебі басқа. Мысалы, Instagram әлеуметтік желісінде: «Ифтарға ең шырынды ALL OFF бургерлерді жеткізуге тапсырыс беріңіз» жазбасы, немесе «Рамазан айында ифтарға қонақ шақырғыңыз келсе, біз сізге көмектесеміз! @ploff_city қаламыздағы ең дәмді плов орталығы, ауыз ашарға тапсырыс қабылдайды! Бізде 100% халал, әрі дәмді тағамдар! Үйіңізге қонақ шақыруға, дастарқан жаюға уақытыңыз болмаса, бізге тапсырыс берсеңіз болады! @ploff_city орталығы сізді күтеді Ауыз ашарға келесіз бе?» деген сияқты жазбалардан көз сүрінеді. Қарапайым халық тілінен бөлек ақпараттық, танымдық сайттар мен электрондық журналдардан да осы бір ифтар сөзін көзіміз шалып қалып жатады. Тіл тазалығын сақтау үшін таза сөйлеудің маңызын ескерту мақсатында тілшілер мен діни қызметкерлер халыққа «ауыз ашар» сөзін қолдану дұрысырақ екенін жазған да еді.
Осындай сөздердің қатарына халал сөзін жатқызуға болады. Халал сөзі арабшада рұқсат етілген әрекет, пайдалануға тыйым салынбаған тағам, зат деген мағынаны береді. 1069 жылы Жүсіп Хас Хажіп Баласағұн жазған «Құтты білік» шығармасынан осы «халал» сөзін кездестіреміз. Мысал ретінде: Tiliŋni küdezgil közüŋni küdez, boğuzuŋ küdezgil halâl yegil az (Тілің мен көзіңді күзет (сақта), тамағыңа абай бол, адал және аз жегейсің) деген жолдағы халал сөзінің жазылу формасы мен лексикалық мәні қазіргі «халал – адал» сөздерімен бірдей десек болады. Әрине, графикалық айырмашылықты айтпағанда. Келесі: halal hem haram adrar erse aça, yarağlığ yarağsıznı bilse seçe «Адал мен арамның аражігін айыра білсін; жарамды мен жарамсызды таңдай білсін» жолдарында да дәл сол ерекшелік байқалады.
Құтты білік Қарахан мемлекеті кезеңіне тиесілі шығарма екені жұртшылыққа мәлім. Қарахан мемлекетінің халқы – ислам дінін алғаш қабылдаған мемлекет. Сондықтан азық-түлік өнімдерінің және басқа да заттардың халал болуы маңызды еді.
Араб әліпбиіне негізделген кітаби тілдік кезеңдерден өткен қазақ тілінде бұларды қазірде «халал» деп оқып, оны толық адал сөзімен ауыстырған болатын.
Қазіргі қоғамда қазақ тіліндегі жаңғырған сөздердің потенциалы зор. Біріншіден, олар қазақ тілінің дамуын және заманауи үрдістерге бейімделуін көрсетеді. Жаңа технологиялар, ғылым, мәдениет және әлеуметтік өзгерістермен қатар, тілімізге еніп жатқан жаңғырған сөздер тілдік қорды байытып қана қоймай, ұлттың ойлау жүйесін де жаңғыртуға септігін тигізеді. Екіншіден, мұндай сөздер жастар мен болашақ ұрпақтың қазақ тілін белсенді қолдануына және оны заманға сай, жандандыруға мүмкіндік береді. Әсіресе білім, медиа, ғылым және технология салаларында қазақ тілін қолдану аясын кеңейтіп, оның мәртебесін арттыруға ықпал етеді.
Асау ҚАЙРАТ,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Тіл тарихы және
түркология бөлімінің
кіші ғылыми қызметкері
617 рет
көрсетілді0
пікір