- Ақпарат
- 12 Қыркүйек, 2024
Дамудың жаңа бағдары
Әділет Ахметұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы музей-үйдің ғылыми қызметкері, PhD:
Ауылды құтқару – ұлтты құтқару
Президент Жолдауында құнды бастамалар айтылды, өзекті мәселелер көтерілді. Соның ішінде көбіміздің назарымызды аударғаны, елімізде 2 милионнан астам ірі қара, 3 милионнан астам ұсақ малдың санда бар, санатта жоқ екенін арнайы комиссия есеп жүргізіп, анықтаған. Соның барлығы қағазда бар, іс жүзінде жоқ. Ұят нәрсе.
Әлем халқының тарихына қарап отырсақ, әрбір елдің дамуына әсер еткен ауыл шаруашылығы саласы бар. Қазақ мұны «ата кәсіп» дейді. Біздің ата кәсіп қыс қыстау, жаз жайлау, төрт мезгілде осы кең далада мал шаруашылығы арқылы мыңжылдықтың мәдениетін қалыптастырды. Бірақ ХХ ғасырда, әсіресе 1928 жылдары жүргізілген төрт түлік малды «кәмпескелеу», ортақ қазынаға өткізу сияқты солақай саясаттың қарқынды жүргізілуінің салдарынан қазақ халқының тұрмысы төмендеді. Халық дәстүрлі мал шаруашылығынан айырылып қалды. Соның қасіретін біз, міне, жүз жыл бойы тартып келеміз. Бабаларымыз «Еділдің бойын ен жайлап, ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім» деп армандап өскен. Кең далада төрт түлік малын мыңғыртып, бағып, соның ырзық-несібесіне өсіп-өнді. Күні кешеге дейін солай болған. Бүгінде Тәуелсіздік алған жұртымыз сол дәстүрлі шаруашылықтан ажырап қалды. Соңғы отыз жылда осы жоғымызды толтыруға мүмкіндік бар еді, бірақ олқылықтың орны әлі толмай тұр. Қалаға бейімделу, ауылда мал бағу, егін егу, ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын ұлы даланы игеру, игілікке жарату оңай болмады. Базары шалқып, мейманасы тасып жатқан ауыл халқы қалаға қарай ағылды. Ал қала әркімге бар бақытын, несібесін беріп жатқан жоқ. Ата кәсіп өз алдына қалды. Қағазда бар, іс жүзінде жоқ, жалған цифрлар пайда болды. Өтірік өрге баспайды. Әділетті Қазақстанда қоғамды өркендетпейтін мұндай нәрселер орын алмауға тиіс. Сондықтан бәріміз Президенттің бастамасын қолдауымыз қажет. Ақиқат ащы болады. Біз жалғандыққа жол бермеуіміз керек.
Қазақтың тілі, мәдениеті, салт-санасы, яғни қазынасы, ұлттық коды, қазақ болып өмір сүруіміздің құпиясы ауылда. Сондықтан біз ауыл шаруашылығын дамытуды қайтадан қолға алуымыз қажет. Президент айтқандай, заманауи технологиялармен ауыл шаруашылығын қайта жаңғырту қажет. Сонда ғана еліміз қайта өркендей бастайды. Ұлт болып ұйысып, қиын кезеңнен өткізген ырзығымыз сол ауылда еді, енді соны қайта қалпына келтірсек. Сонда ғана біздің тіліміздің құнары сақталады, ұлттық бет-бейнеміз қалпына келеді, жаһандану дәуірінде аман қаламыз. Ауылды, кең даланы аңсау, ондағы мал шаруашылығын сөз ету шын мәнінде кері кеткен идея емес. Бүкіл дүниенің қазір қалаға бейiмделіп жатқаны шындық, дегенмен бар нәсібін ауылдан, жерден алып отырғандар көп. Мәселен, дамушы ел Қытай әлемнің алдыңғы қатарлы экономикалық алпауытқа айналды. Олардың құпиясы мың бояулы қала сала беру емес, Қытай ауыл шаруашылығындағы мүмкіндіктерді молынан пайдаланды. Олар да егіншілік дәстүрді дамытты, біз мал шаруашылығын дамыттық. Австралия да қой шаруашылығын өркендетті. Ал бүгін Австралия әлемнің алдыңғы қатарлы ет базасы бар ел болып қалыптасты. Америка десе, қалалары дамыған, технологиясы, IT саласы дамыған, саясаты экономикалық жағынан алға шыққан ел елестейді. Әрине, солай. Бірақ олардың да жан тамыры ауылда, фермаларда тұратын халқы жоғары технологиямен ауыл шаруашылығы өндірісін өндіріп, бүкіл Американы асырап отыр. Сол секілді кең дала кімде бар? Қазақта бар. Қазақтың Алтай мен Атыраудың арасындағы кең даласы төрт түлік малды мыңғыртып бағып, әлемнің алдыңғы қатарындағы ет базасы болуға мүмкіндігі мол. Алақандай Моңғолияда 3,5 миллионнан аса халық тұрады, мал басы Қазақстаннан әлдеқайда көп. Бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы ет базасына олар да өтті. Ал Шри-Ланка деген ел әлемді шаймен қамтып отыр. Жапония күріш шаруашылығынан еш уақытта бас тартпайды. Жапония технологиясы өркендеген, әлемнің дамыған елі болса да, әлі ауыл шаруашылығы дақылдарына сүйенеді. Аралдарды пайдаланып, егін егіп жатыр. Сондықтан иен даладағы құнарлы топырағы бар жердің игілігін біз де көруіміз қажет. Президентіміз бастаған бастаманы қолдап, ауыл шаруашылығы экономикасына қан жүгіртуіміз керек. Өз басым Жолдаудағы осы тармақтарға баса мән бердім.
Қазақтың әрбір азаматы, бабалар жырында айтылғандай, «мыңнан-мыңнан жылқы айдап, жүзден-жүзден нар байлап», шаруашылығын дамыта алуы керек. Мысалы, Алматыдан 150 шақырым жерде Ақши деген ауыл бар. Қазір сол жерде Сыдық деген ағамыз түйе шаруашылығын өркендетіп отыр. Он мыңдай түйесі бар. Ағамыз Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін «ата-бабамыздан қалған байлығымыздың басы еді» деп, Қарақалпақстаннан елге шекарадан өтерде үш түйені рәсімдеп, сол үш түйесі бүгінде он мыңға тарта түйе болды. Ол қазақтың құт дарыған даласында шаруашылығын шалқытты. Өзгелер де неге солай жасамасқа? Жалпы, ауыл шаруашылығында бастама көтерген адамды мемлекет қолдауы керек. Оны қолдаудың нақты жолдарын Президент өзі көрсетті. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығымен айналысып отырған адамдарға жеңіл несие беруді ұсынды. Бұл – керемет мүмкіндік. Соны пайдалана отырып, ауыл шаруашылығын дамытып, мектептердің жағдайын жақсартып, ондағы тұрғын үй, көше, жолдардың мәселесін шешсе, ауылдан ешкім де кеткісі келмейді. Бірақ соңғы отыз жылда ауылды ең бір сүреңсіз елді мекенге айналдырдық. Шын мәнінде, біздің ырзығымыз, береке-бірлігіміз, бабадан қалған салт-дәстүріміз ауылда сақталды ғой. Қалаға келіп оны жаңғыртқандай боламыз, бірақ қарым-қатынас ауылдағыдай бола алмайтынын қалай жасырамыз?! Өйткені жаһанданудың лебі, ең алдымен, қалаға келеді. Әр ел қазір жойылып кетпеудің қамын қарастырып жатыр. Ұрандатып, қала, мектеп, университеттерде патриоттық әңгіме айта бергеннен ештеңе өнбейді. Одан да шын мәнінде ауылдағы қазақ секілді өмір сүру керек. Өйткені сен ауылда, мейлі, қалада бол, бәрібір. Дамыған технология кез келген жерге жете алады. Тек қана бастаманы қолдап дұрыс жұмыс істеу керек. Ол үшін әрекетке апаратын өзіміздің рухымыз бен мұратымыз қажет. Сонда ғана біз ауылды құтқарамыз, ал ауылды құтқару – ұлтты құтқару. Жаһандануға жұтылмай өтіп кететін қандай елдер деп ойлайсыз? Әрине, рухани тірегі ұлтта болуға тиіс тілі, ділі, яғни рухы жойылмаған халық өтеді. Ондай мүмкіндік ауылда, бабаларымыздың қанымен құнарланған киелі топырақта. Сондықтан біз Президенттің Жолдауын қолдаймыз, яғни осы бастамалардың нәтижелі атқарылуына, ауылымыздың гүлденіп, көркейе беруіне тілекшіміз!
Э.ЫБЫРАЙҚЫЗЫ
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:
Ұлттық мүддеге сай саясат жүргізіледі
Президент өз Жолдауында келесі жылдан бастап бүкіл аудан және облыстық деңгейдегі қалалардың әкімдерінің бәрі тікелей сайланатынын айтты. Мұны 2019 жылдан бері Президенттің жүргізіп келе жатқан саяси реформаларының нәтижесі деп айтуға болады.
Демек, Президенттің Әділетті Қазақстан құру жолындағы бастаған саяси реформасы біртіндеп кезең-кезеңімен іске асып келе жатыр. Осыған орай демократиялық, әділетті қоғам қалыптастыруда еліміздегі көптеген заңға өзгерістер енгізілді. Енді сол жаңа заңдар негізінде Парламент сайлауын, Президент сайлауын, референдум өткіздік. Қазір мемлекеттік билік пен жалпы қоғамның сұранысы елде барынша әділеттік орнатып, сонымен қатар демократиялық институттардың толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сол кезде ғана қоғам дамиды.
Тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде «алдымен экономика, сосын саясат» деп келдік, басқа да реформалар жүрді. Олардың жақсы жақтары да, кері әсер тигізген сәті де болды. Осындай қателіктерді алдағы уақытта жібермеу үшін мемлекеттегі түрлі институттар, билік тармақтары өзінің талаптарына сай жұмыс істеуі үшін реформа жүргізіліп жатыр. Парламенттің бірлескен сессиясының ашылу барысында да былтырғы қабылданған маңызды заңдар жөнінде де Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өтті. Сондықтан әкімдердің сайлауы осы саяси реформалардың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл, бір жағынан, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыратын болса, екіншіден, жалпы халықтың белсенділігін күшейтеді. Яғни халықтың жергілікті жерлерде су, жол, экология және түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенділігі артып, жергілікті жерде озық басшыны сайлауға мүмкіндік береді. Халық аудан әкімдерін дауыс беру арқылы өздері сайласа, талап ету мүмкіндіктері зор болады. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жалғаса береді деп ойлаймын. Аудан әкімдердерін сайлап, бір жүйеге түскеннен кейін облыс, республикалық маңызы бар қалалардың да әкімін сайлайтын күнге жету алыс емес деп ойлаймын.
Реформа қоғамның қажеттілік сұранысынан туындауы керек. Біздің қоғамда қазір қандай тренд, қандай сұраныс, талаптар бар деген сияқты мәселелерге мемлекет те, қоғам да жауапты, соған орай дамуымызға сай қажетті реформа жасалуы керек. Ол бір ғана салада болмауға тиіс, саяси, экономикалық, әлеуметтік бағыт бойынша жан-жақты орындалғаны дұрыс. Әртүрлі бағыт бойынша, нақты қоғам талаптарына сәйкес қызу талқылау арқылы оны іс жүзіне асырып отыруымыз керек. Сол кезде ғана халықтың сұранысын қанағаттандырамыз. Демек, Президент тапсырмасына орай бұл саяси реформалар легі жалғасын таба береді.
1922 жылғы референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгіздік, сонда еліміздің азаматтарының дамуына, қоғамда еркін өмір сүруіне, толық қауіпсіздігі мен бостандығын қамтамасыз ететіндей бәрін қарастырып, дауыс бердік. Конституциядағы өзгерістерге байланысты, енді кейбір заңдарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Қоғамда әртүрлі пікірталас бар. Бұқаралық ақпарат құралдары, сайлау, партиялар туралы заңдарға, әлі де келіспеушіліктер жоқ емес. Сондықтан қоғам сұранысына қарай осы заңдарға болашақта да толықтырылып, өзгерістер енгізіле беретін болады.
Қазақстан еурaзиялық кеңістіктің ортасында орналасқандықтан, нағыз геосаяси күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Соңғы кездегі жалпы әлемде болып жатқан өзгерістер, Украина мен Ресей арасындағы қайшылықтар, әлемдегі түрлі санкциялық саясаттың Қазақстанға әсері жоқ емес. Президент осыған байланысты қандай мемлекет болсын, бірінші кезекте өзінің ұлттық құндылықтары мен мүдделерін ескере отырып, саясат жүргізетінін айтты. Біріншіден, ішкі саясат пен ішкі сұранысымыз қандай болса, мемлекеттің сыртқы саясаты соған байланысты жүргізіледі. Сол себептен экономикадағы әртүрлі секторлар мен жағдайларға тәуелді болмау үшін біз түрлі бағытта әрекет жасап жатырмыз. Мемлекет басшысының түрлі елдерге сапары, өтіп жатқан жиындар, қарастырылып жатқан үлкен мәселелердің өзі алдағы уақытта мемлекетімізді дамытуға жасалып жатқан қадамдар деп білуіміз керек. Қазақстан ұлттық мүддесіне сай сыртқы саясат жүргізеді. Ол көрші, Батыс, ислам мемлекеттеріне қатысты болсын, белгіленген нақты, айқын саясат ретінде жүргізіледі. Ақиқаты, сыртқы саясатты дұрыс жүргізудің нәтижесінде осы қиындықтардан мүмкіндігінше аз шығынмен шығуымыз керек деп білемін. Бұл жөнінде де Президент атап айтты. Қазақстан ұлттық мүддеге сай, елімізді дамыту мақсатында, басқа да мемлекеттермен тең дәрежелі саясатты жүргізуі қажет.
Қазақстан Ресеймен құрлықтағы ең ұзақ шекара сызығында орналасқан. Соған қарамастан, Қазақстан көршілерімен бейтарап саясат ұстануға тырысып келе жатыр. Біз ешқандай мемлекеттің ішкі мәселелеріне араласпаймыз, бірақ әлемдегі жағдайларға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес, ұстанымдарымызды білдіріп отырамыз.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Шикізаттық тәуелділіктен арылу керек
Президент өз Жолдауында орта тапқа баса назар аударды. Өйткені бұл –негізгі экономиканың тұрақтылығын көрсететін факторлық көрсеткіш, яғни экономика неғұрлым жоғары болған сайын оның қалыптасуы да жоғары болады. Орта тап деп бізде жалақысының 50 пайызы күнделікті шығынына, ипотекасына, коммуналдық шығындар, басқа да шығындарын өтеп, қалғаны өзінің дамуына, білім алуына, демалуына, көңіл көтеруіне сияқты бағыттарға жұмсалған салалардың барлығы да осы орта таптың көрсеткіштері.
Жалақы жағынан да айтатын болсақ, орташа есеппен 600 мыңнан 1 миллионға дейінгі жалақы алатын болса, ол азаматтарды орта тапқа жатқызамыз. Бірақ бізде, Қазақстан бойынша, әрі кетсе, 6–8 пайызы ғана орта тапқа жатады екен, өкінішке қарай. Осы дұрыс орнауы үшін Президент орта таптың қатарын көбейтуге, жалақысын жоғары алатындарды көбейтуге, жұмыс атқарылатынын айтты. Ол бірінші кезекте жұмыс берушілердің кәсібіне тікелей байланысты. Кәсіпорындар көбірек ашылатын болса, соған сәйкес жұмыс күші артып, жоғары жалақы алатындардың қатарын көбейтсе, орта таптың қалыптасуына ең бірінші алғышарттар қалыптасады. Ол үшін экономиканы дамытып, инфляцияны төмендетуіміз қажет. Қазақстандық тауар өндірушілердің саны өсу керек. Біздің импортта тәуелділігімізді арылта отырып қана осы мүддеден шыға аламыз. Екінші деңгейлі банктердің де экономиканы еселендіруге бағытталған жұмыстары жоғары қарқынды болуы керек. Өздерінің кредиттік пoртфелінің 60–70 пайызға дейінгі дәрежесін осы кәсіпке, бизнес, экономиканы дамытуға жіберсе, онда орта таптың қалыптасуына бірден-бір жағдай жасалады. Ал қазіргі көрсеткіштер 25–30 пайыздан аспай отыр. Еселендіру көлемі де. Мысалы, былтыр 34 трлн теңгеге экономиканы несиелендірсе, ал жеке шаруалардa 18 трлн теңге болған. Арасындағы айырмашылық өте аз. Сол үшін банктер тарапынан неғұрлым көп қаржы экономикаға аударылатын болса, орта таптың да қалыптасуына жағдай жасалады.
Экономиканы әртараптандыру біздің сыртқы геосаяси жағдайымызға да тиімді. Біз тек шикізатқа қарай бағытталған экономиканы жалғастыра беретін болсақ, онда әртүрлі, мұнай, көмірсутектері, газ сияқты шикізаттарға қандай да бір санкциялар, шектеулер қойылатын болса, экономиканың кіріс бөлігі орындалмай қалады. Сол үшін біз шикізаттың бар кезінде, оның құнды кезінде, соған балама болатын, ауыл шаруашылығы, туризм, өндіруші өнеркәсіп, технология, ІТ сияқты балама экономикалық жүйені қалыптастыра алуымыз керек. Ол – біздің шикізаттан жасыл экономикаға көшуімізге, өндірістік, өндеуші экономикаға көшуімізге бірден-бір жол беретін нәрсе. Mемлекеттен берілетін көмек, салықта берілетін жеңілдіктер, банк тарапынан несие жеңілдіктерінің барлығы да нақты өнеркәсіпке, бизнеске, тауар өндірушілерге, техника, басқа да экономикаға қажетті өнімдерді қамтамасыз ететін кәсіпорындарға қарай бағытталса ғана экономиканы тиімді әртараптандыра аламыз.
Президенттің айтқан жаңа инвестициялық кезеңі алдыңғы жұмыстардың жалғасы болу қажет. Қазір бізге келетін инвестициялық қаражаттар көбіне шикізатқа, мұнай қорына бағытталған. Біз осы инвестициялардың ағынын ауыл шаруашылығына, туризмге бағыттауымыз керек. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы сияқты кенже қалып отырған салалар бар, соларды дамытпай, бір саламен ғана климат жасаймыз деп айта алмаймыз. Сол үшін әрбір инвестордың қасында инвестициялық комиссиялар болуы керек. Толыққанды оның әртүрлі кезігетін бюрократиялық, әкімшілік шараларға қарсы тұра алатындай, басқа да салалық органдар тарапынан болатын жөнсіз тексерулердің алдын алатындай, яғни өзінің қаражатын инвестиция ретінде салуға келген инвестордың қасында оның аяғынан тік тұрып кеткенге дейін көмектесетіндей жағдай жасалуы керек. Екіншіден, қаржы жергілікті жерлердегі ірі қалаларға инвестиция салуға бағытталып кеткен. Мысалы, бізде қазір 20 өңір болса, 20 өңірдің барлық облыс, қала, ауылына дейінгі салаларға сол жердің билік өкілдері және бизнес тарапынан да қолдау болуы керек. Ол жан-жақты болуға тиіс, мемлекеттік қолдау, салықтық жеңілдіктер, банктен берілетін несиелік жеңілдіктердің барлығы да осы инвестицияға бағытталса, ол жақсы бір кезеңге өтеді.
Жұмыссыздықпен күрес, азаматтардың табыстылығын арттыру да қазіргі уақытта күн тәртібінде тұрған мәселе. Президенттің әлеуметтік экономикаға қарай, әлеуметтік Қазақстанға қарай бет алуының өзі осы жұмыссыздықты шешуге де ықпал етіп жатыр. Бюджет кірісінің шығысынан асып кетуі, бюжеттің шығысының 40 пайызы Үкіметтік салаға бағытталғанының өзі осыны көрсетіп отыр. Ал жұмыссыздықпен күресудің ең тиімді жолы – кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың санын көбейту, сол арқылы олардың жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсету деп ойлаймын. Табысты арттыру, ол орта таптың қалыптасуына тікелей байланысты. Орта тап 600 мың – 1млн теңге жалақысы бар азаматтардың саны 60–70 пайызға көтерілсе, онда осы жұмыссыздық мәселесі өзінен-өзі шешіледі.
Ал теңгені нығайтудың өзінің ішкі-сыртқы факторы бар. Сыртқы факторлар мұнайымыздың бағасына тікелей байланысты. Өйткені мұнайдың баррерге шаққандағы бағасы біздің республикалық бюджетке де бекітілген 80 доллардан төмендеп кететін болса, онда біздің бюджеттің кіріс бөлігінің де орындалмай қалу қаупі бар деген сияқты әртүрлі сценариймен жасалған. Сол үшін де теңге бірінші кезекте осы мұнайға байланысты. Бірақ бұл да тәуекелді тәжірибе, біз осы мұнайдың бағасынан арылып, мұнайдың бізге ешқандай экономикаға өзгеріс жасауға мүмкіндік бермейтін салаға айналдыруымыз керек. Ол деген сөз, басқа да өндіруші өнеркәісіптік орындардың көбейген сайын теңгенің бағасы құнды болады. Және теңгенің өзіміздің елде айналым капиталын арттыруымыз керек. Теңгені көп қолданған сайын теңгенің құны артады. Ал бізде қазір мұнайды долларға сатқандықтан, табыстың бәрі доллармен келгендіктен, доллардың бағасы қымбаттаса, теңгенің бағасының құны кетіп жатыр. Сол үшін теңгеге тегеурін беру үшін, құндылық беру үшін осындай шикізаттық тәуелділіктен арылуымыз керек деп ойлаймын.
Әзірлеген
Ақбота Мұсабекқызы
479 рет
көрсетілді0
пікір