• Ақпарат
  • 12 Қыркүйек, 2024

Ұлы дала дүбірі

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

 

Бұл бір ғаламат көрініс болды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарының ашылу салтанатына жиналған халыққа қазақтың қатпар да қалың, өрлікке толы тарихы көрсетілді. Әсерлі шыққан сценарийді теледидардан көрген халық та ризашылығын әлеуметтік желіде білдіріп жатты. Шын мәнінде, Қазақстанды тағы да мұқым дүниеге танытқан көшпенділер ойынының ашылу салтанаты көпке дейін халықтың есінде қалары сөзсіз. Бес күнге созылатын бұл іс-шара, ақиқатында, көшпелілердің, түріктілдес елдердің спорт пен өнердегі, өмірдегі татулығы мен ынтымақтастығын дәлелдеп бергендей. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің назарын аудартқан бұл ойынды «көшпенділердің олимпиадасы» деп атады. 
 

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге тамашалады.
«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан республикасының Раисы Рус­там Минниханов, Саха республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Театрланған дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Республикасының Туын алып шықты. Бұдан кейін еліміздің Әнұраны шырқалды. Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттердің спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралия құрлығынан кіл мықты спортшылар келді.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді.
Президент көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдение­тін қалыптас­тырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпелі жұрт Батыс пен Шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты.
– Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға көрсетеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек, – деді Президент.
Салтанатты жиында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр, Дүние­жүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған сөз сөйледі.
«Тұлпарының тұяғымен ұлы даланы дүбірлеткен көшпенділер әлемді өзгертті. Номадтар әскери қорғаныстың ең мықты амал-тәсілдерін ойлап тапты. Ереуіл атқа ер салған, егеулі найза қолға алған ата-бабаларымыз ұлы даланың нағыз қорғанына айналды. Даланың дарабоздары салып кеткен сара жолды бүгінде номадтардың ұрпағы жалғап келе жатыр. Шекараның беріктігі, тәртіптің мықтылығы, бейбіт күннің тыныштығы сол ерлердің қолында. 
Қасиетті жерінің сыры мен жырын бойына сіңірген батырлардың мәңгілік таусылмас қастерлі дастаны – намыс, жігер, рух!»
«Астана Арена» алаңына жиналған  20 мыңға жуық көрермен, сөйтіп, қазақ жерінде жалауын көтерген ғаламат көріністің куәсі болды. Көшпенділер ойындарының ашылу рәсімінде көк туымыз биікке көтерілді. Алаулатып, жалаулатқан өнерпаздар Қазақстанды мекен еткен сан түрлі этнос өкілдерімен бірге бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Көз алдымыздан біртіндеп өткен тарих жанарымызға жас алдырды, көңіл де көтерілді, көрермен көпке дейін шат-шадыман күйде болды. Жанымызды байытып, рухымызды көтерген көшпенділер ойынының көрінісі шын мәнінде сән-салтанатымызды арттырды. Топтас­қан жас өрендер әуелете ән шырқап, ынтымақ пен бірліктің, татулық пен тірліктің жарқын үлгісін көрсетті.
«Астана Арена» алаңындағы озық технологиямен көмкерілген сахнада артистердің қатысуымен қазақ даласындағы көшпенділер өркениеті жан-жақты көрініс тапты. Сонау сақ дәуірінен жылқыны қолға үйретіп, тұлпар тізгіндеген ержүрек ата-бабаларымыз сайын сахараға ұлы мемлекет орнатты. Ғұн империясы, Түрік қағанаты, Алтын орданың атағы бүкіл әлемге танылды. Ұла дала елін ұрпағына аманат еткен бабалар рухы, сөз жоқ, бүгінгі буынға бірлік пен елдікті нығайтуға күш беретіні сөзсіз. 
Сахнада әлем сүйген қазақтың талантты ұлы Қазақстанның Халық артисі Димаш Құдайберген ән шырқады. Роза Рымбаева бастаған әншілер тобы қазақтың әнін дүйім жұртшылыққа асқақтатты. 
Алты құрлықтан ат арытып жеткен 89 елдің спортшы-қатысушылары көрер­меннің алдында жүріп өтті. Салтанатты шеруде әр елдің ән-күйі орындалды. Шеруді «Адай» күйімен қазақстандық спортшылар қорытындылады.
Дүниежүзінен келген спортшылар енді бес күн бойы ұлттық спорттың 21 түрінен сынға түседі. Қазірдің өзінде жарыс иесі қазақстандық спортшылар топ басында келеді. Бұл ойын шын мәнінде ұлы даланың ұлылығы, ежелгі дәстүрдің байлығы мен көшпелі мәдениеттің мәңгілік рухын көрсетті.  Бұл, ендеше, өткенді шолып, оның ырғағын сезіну және мәдени мұрамен қауышудың ұмытылмас сәттерін сезінуге арналған бірегей мүмкіндік. 
Айта кетер бір жайт, Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында, 10 гектар аумақта, «Қазанат» ипподромының жанында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл орналасты. Онда әрбір қонақ қазақ халқының бай әлеміне еніп, көшпелі халықтың өзіндік мәдениетін көрді. Жетінші  қыркүйек күні этноауыл өзінің қақпасын айқара ашты, қонақтар қазір қазақтың бай мәдениеті, ықылым заманнан жеткен қолөнерімен  танысып жатыр. Дүниежүзілік көшпенділер ойынының мәдени бағдарламасы аясындағы іс-шаралар легі кең. Әрбір қонақ көшпенділер әлеміне еніп, мәдени байлығын сезініп қайтады деген сеніміміз бар. Этнофольклорлық ансамбльдер, қазақ ұлттық оркестрлері, әншілер, айтыс ақындары мен би ұжымдарының дәстүрлі этностық стильдегі өнері қонақтар мен туристерді таң-тамаша қалдырары сөзсіз. Олар этноауылда «Шығыс базарынан» қазақтың дәстүрлі тағамдарынан ауыз тиіп, ләззат ала алады. 
Этноауыл аумағындағы шынайы «Шеберлер ауылы» да кәдесыйға толы. Турис­тердің қоржыны толып қайтары сөзсіз. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген екі жүзден астам қолөнерші өздерінің бірегей бұйымдарын таныстырып, шеберлік құпия­ларын бөліседі. Қонақтар зергерлік өнер, былғары өңдеу және керамикалық мүсін жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатыса да алады. 
Шын мәнінде, Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстандағы жылдың ең маңызды оқиғасына айналды. Бұл ұлттың бірегейлігін көрсететін, рухын асқақтатқан шара екені сөзсіз. Көшпелілер ойыны  дала өркение­тін жер жаһанға танытқан игі іс болды.

 

Біләл Ердоған, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті:

 

Ұлттық дәстүрге адалдығын айқын көрсетті

 

– Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға Қазақстан елордасы Астана қаласына ат басын бұрғаныма өте қуаныштымын. Бұл іс-шара – тек дәстүрлі спорт  түрлерін біріктіру үшін ғана емес, әлемге ортақ мәдени мұрамызды сақтап қалуға және оны болашақ ұрпаққа табыстау­ға бел буғанымызды көрсететін маңызды оқиға. Қазақстан Көшпенділер ойынын ұйымдастыруға көп күш жұмсады. Бұл қазақ халқының күш-қуатын, дәстүрге деген адалдығын айқын көрсетті».
Бауырлас елдердің дүниежүзілік көшпенділер ойындары ынтымақ, бірлігін нығайтады. Астанада Ұлы Дала дүбірі ұранымен өткен бұл құнды жиын тек спорт жанкүйерлері арасында ғана емес, сонымен қатар барлық елдер, әсіресе Түркия мен Қазақстан үшін жаңа дос­тық, ынтымақтастық, мәдени ауыс-түйіске серпін беретініне нық сенемін.

 

Гаэтан Бло, жамбы атушы:

 

Қазақтар өте мейірімді екен

 

– Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарына қатысуға бізді арнайы шақырды. Франция командасы құрамында 10 адам бар, ал «Жамбы атуға» 4 адам қатысып жатыр. Жамбы атудан бөлек, біздің спортшылар «Қазақ күресі» мен «Садақ атудан» бақ сынайды. Жамбы ату спортының мажар стилі бойынша 80 спортшының ішінен отандасымыз Рафаэль Малет алтын алды. Жамбы атуды 10 жасымнан бастадым, бұл спорт түрі Францияда аса танымал емес, бірақ маған ұнайды.

 

Хаяти Октай, «Иетев» білім беру қорының басшысы:

 

Түркі әлемінемаңызы ерекше
 

– Көшпенділер ойындарының түрік әлемі үшін маңызы ерекше. Екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында күллі түрік баласы бір жерге жиналған болатын. Биыл Астанада өтетін үлкен спорт сайысына да түріктілдес елдердің барлығы қатысып, ерекше басқос­ты. Біздің дәстүрлі спорттық ойын­дарымызды әлемге насихаттау және жас ұрпаққа үйрету үшін Көшпенділер ойындары өте маңызды іс-шара деп білемін. 

 

 

413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы