- Ақпарат
- 12 Қыркүйек, 2024
ЖАҢАЛЫҒЫ МОЛ ЖАҢА МАУСЫМ
Қасиетті Ертіс-Баян өңірінің мәдениетін асқақтатып жүрген Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры қыркүйек айының 15-жұлдызында 36-маусымның шымылдығын түреді. Жаңа маусым «Шәмші» спектакль-концертімен ашылады.
Былтырғы маусымда ғана тұсауы кесілген, жергілікті көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Шәмші» (авторы Н.Тұрлыбек, режиссері Ә.Ақанов) спектакль-концерті жаңа маусымда да сахнаға ыстық сағынышпен қайта оралмақ. 15, 16 қыркүйек күндері әйгілі сазгердің өнері мен өмірі суреттелетін туынды өзінің сүйікті көрерменін күтеді.
Ал 20–25 қыркүйек аралығында Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толуына орай, Кереку төрінде еліміздің түкпір-түкпірінен 11 театр жиналып, «Ертіс-Баян» І республикалық театрлар фестивалында бақ сынамақ.
Өңір әкімдігінің қолдауымен, фестивальды ұйымдастырушы Ж.Аймауытов театры қатысушылар мен қонақтарға ұмытылмас естеліктер сыйлауды мақсат етіп отыр. Бүгінге дейін көптеген республикалық, халықаралық фестивальдардың жүлдегері қатарынан табылып жүрген театр ұжымы биыл да өз көрерменін жаңа туындылармен қуантпақ ойы бар. Ұжым еңбек демалысынан зор ықыласпен оралып, бірден жаңа қойылымдардың дайындығына кірісіп кетті. Соңғы жылдары Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры сахна өнерін қалыптастыру барысында шетелден режиссерлер алғызып, репертуарлық саясатқа ден қоя бастады. Осының нәтижесінде труппа артистері театр мамандарынан кәсіби білім алып, актерлік шеберлік пен режиссураның қыр-сырын ұға бастады. Театрда отандық және шетелдік шығармалардан құралған репертуар біртіндеп түзіліп келе жатыр. Соның ішінде қазақ театр өнеріндегі режиссураның керуен көшінде 2023 жылы Жүсіпбек театрының бас режиссері лауазымына тағайындалған Сергей Левицкий де бар. Қазақстанға келгеннен бері алматылық Ғ.Мүсірепов театрына «Оптимистік трагедия», павлодарлық Ж.Аймауытов театрына «Ричард ІІІ» қойылымдарын қойып, көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгерген режиссер, биыл да Жүсіпбек театрында өзінің авторлық туындысы – ересектер мен балаларға арналған спектакль-шоуын ұсынғалы отыр. Қойылымның пластикалық шешімін қоюшы режиссер – Игорь Григурко Ресейден арнайы шақыртылған маман ретінде таңдалды. И.Григурко – режиссер, пластика, пантомима және сахна қозғалысының педагогі. «ЧелоВЕК» театрының негізін қалаушысы және көркемдік жетекшісі. Бурятия республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Сол себепті театр артистері режиссерден мол тәжірибе жинап, жаңа маусымға тыңғылықты дайындықпен, ерекше толқыныспен оралды.
Сонымен қатар биылғы маусымның басы театрлар үшін өзге де фестивальдармен жалғасқалы отыр. Нақтырақ айтқанда, биыл Өскемен қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен, Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республикалық фестивалі өтеді. Оған біздің театр жақында ғана премьерасы жасаған «Менің атым – Қожа» (режиссері Ж.Садықов) драмасымен қатыспақшы.
Жаңа премьералардан бөлек, театр ұжымы көптеген үлкен қалаларға, аудандарға гастрольдік сапарға шығуға жоспар құрып қойды. Сонымен қатар еліміздегі бірқатар театр фестивальдарына жолдама иеленді. Бүгінгі көрерменнің талғамына қарай қойылым қою оңай шаруа емес. Дегенмен осы кезеңдегі мәселелердің өзегін табуға ұмтылған режиссерлердің барын ескерсек, жаңа спектакльдердің ұлттық мәдениетімізге беретін үлесі зор деп айтуымызға негіз бар. Сол мақсатқа жұмылдырылған Ж.Аймауытов театрының ұжымы көрермен көңілін мерейлі сәттермен толтыруға ниетті.
Аружан ОРАЗОВА,
театртанушы, Ж.Аймауытов атындағы
Павлодар облыстық қазақ
музыка-драма театрының
әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі
444 рет
көрсетілді0
пікір