• Ақпарат
  • 12 Қыркүйек, 2024

Ар ма, алғадай рух!

Ерлан ЖҮНІС,

«Ana tili»

Ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр дала ұланы үшін ұшпақ емей немене?! Ұшқан құстың қанаты талар сол даланың ұмсынған өзені, ұзарған тау­лары, ұзандай самалы ұжмақ емей немене?! Байтақта туып, бас тіктеп, баян кешу бақыт емей немене?! Атадан қалған алтын төр тақыт емей немене?! Төбеңдегі зеңгір көк тәжің емей немене?! Уілдеген ақ самал уәзін емей немене?! Әлей дескен әр адам бауыр емей немене?! Құс үрікпес құтты шақ дәуір емей немене?! 

 

Дабыры дүниеге жетіп, дабысы көктей өтіп, ұлы даланың төсінде өтіп жатқан ұлы дүбір – көшпелі өркениет перзенттерінің көшелі ойынын көрген жан осындай бір шалқымалы-толқымалы күй кешпей тұра ала ма? Алапасы асып, арқасы қозып, алай-түлей күйге түспей ме?! Дамылсыз дүниенің дүрмегінде бір сәт қалғып кеткендей болған далалық рухы дүр етіп көтерілмей ме? Кезеңдер кірін жумай ма, шайқалған шақтың шаңын қақпай ма?! Дүр етіп көтерілген дүлдүл рух қыран құстай қалықтамай ма, шарықтамай ма шаңқ еткен құс дауысы!
Дала шешен ғой, құлақ түрсең қадымнан сөз бастайды. Байырғының жырын баян қылады. Құлақ түрсең, сол бір үн бірде қобыз сарыны, бірде домбыра бебеуі, енді бірде құс пен жылқының, я аң таңбалы бөрінің даусына ұқсап кетеді. Селеуді жел тербегені сыбызғының сыңсуындай естіледі. Бірде Тұман қағанның ұлы Мөде тіл қатқандай, біресе Нәнди бидің жалғызы Елжау Күнби үн қосқандай, енді бірде Бұмын қаған мен Естеми жабғу елге қайырыла сөйлегендей. Астанада өтіп жатқан ойын­ның ашылуындағы абадан бөріні көрген адам осы өткен тарихты, ата заманды, аға уақытты, көшпелілер демін жон арқасымен сезінген де болар. 
 Киіз туырлықты, ат жалындағы өркениет тудырған дала ойындарында біздің ұлттық менталитетіміз, болмысымыз, жан дүниеміз бен мінезіміз тұрғанын сезіндік. Ойындардың түбін іздесек, түгел түрік баласы бір шаңырақтың астында болған заманға кетеміз. Мәнін іздесек, ат үстіндегі алдаспан шаққа кетеміз. Далада туып, дүрия дүниеге таралып, жүзге жуық ұлт пен ұлыстың жүзін бізге бұрып, ұлы мен қызын үміткер еткен көшпелілер ойыны спорттық ойын­дарға жаңа түр, жаңа мазмұн алып келген оқиға.
Адамзат баласының артып тұрған бір ісі, ынтымаққа ұйыстырған ықыласы, бірлікке шақырар бағдары – ортақ ойындары. Алты құрлықтың әрбіріне тән өз ойыны да бар. Олимп заманынан бері оннан астам ортақ ойынды көреміз. Африка ойындары, Панамерика ойындары, Азия ойындары, Еуропа ойындары, Араб ойындары. Әр ойын дүние елдері – қатысушылардың жағрафиялық ерекшеліктеріне қарай орайластырылса, көшпелілер ойыны – көпке ортақ, шекарасы жоқ, атқа мініп, адырна керген, ит жүгіртіп, құс салған, көкпар тартып, жамбы атқан жалпының ойыны. Кімнің бойында көшпелі өркениет рухы ояу болса, кім даланы сүйсе, кім заманаларды сезіне алса – соның үлесі. 
Қазақ даласына қазығын бекіткен бұл жолғы ойын бірлік байрағын көтерген, достық пен бауырластықты ұран еткен, тарихтан сабақ алуға үндеген, құрлықтарды жақындатқан, құшақтарды аштырған, бірді бірдің табанына емес, бауырына бастырған өнегелі ойынға ұласты.  
Ат үстінде жүрген арғы заманнан айғай салып тұратын Алғадай деген ұғым бар. Қол мен қол қарсы келгенде «Жекпе-жек!», «Жекпе-жек!» деп, ат үстінде атой салып, хақысын сұрайтын қабылан ұлдарды Алғадай деп атапты деген сөз бар. Астанада өтіп жатқан ойында Қазақ елінің қабыландары қасына қара ертпей, озып келеді. Алғадай рух атой салып тұр! Ар ма, алғадай рух!

696 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы