• Ақпарат
  • 12 Қыркүйек, 2024

Алмас НАХЫПБЕК, Digital-маман, таргетолог: Бизнес қазақша жарнама жасауға мүдделі

Әлеуметтік желідегі жарнама бизнестің ажырамас бөлігі болып кетті. Адамдар енді тек демалу үшін ғана емес, өзіне керекті тауар/қызметті алу үшін де Instagram, TikTok, YouTube секілді әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізеді. Пандемияға дейін әлеуметтік желіде қазақ тілі контент тілі ретінде де, бизнес тілі ретінде де қатты еленбейтін. Себебі барлығы орыс тілінде сөйлейтіндіктен, екі тілде жүргізуді артық жұмыс деп білетін. Бірақ пандемия көп нәрсені өзгертті. Бәріміз оқшауланып, жанымызды қоярға жер таппай жатқанда, онлайн білім беру дамып, таргетке қазақ тілінде жарнамалар көп шыға бастады. Қазақ тіліне түрлі интернет дағдыларды үйрететін мамандар көбейді. Таргет жарнамасында өте маңызды аспектілердің бірі – жарнама жасалып жатқан аудиторияның тілінде сөйлеу. Егер сіздің өнім/тауар/қызметіңіз қазақтілді аудиторияға арналған болса, оларға орыс тілінде жарнама жіберудің қажеті жоқ. 2020 жылдың пандемиясынан кейін жарнама саласында қазақ тілінің үлесі күрт жылдамдықпен артты. Интернет дағдыны меңгеріп, нарыққа мыңдаған маман шығып, жарнама қазақша жасала бастады. Сондықтан қазіргі кезде 2024 жылы қазақ тілінің интернет жарнама әлемінде өзіндік орны қалыптасты деп айтуға негіз бар. Алайда жарнама саласы бизнеске тікелей байланысты болғандықтан, кейбір бизнес түрлерінде қазақша жарнама үлесі аз. Мысалы, Google жарнамада қазақша жіберу мүмкіндігі жоқ және қазақ аудиториясы да жөндеу жұмыстары, перде, құрылыс, жабдықтар секілді бизнестерде қазақ тілін қолданбайды десек те болады. Себебі адамдар ондай қызмет, тауарларды қазақ тілінде іздемейді. Тиісінше, бизнеске адамдар қолданбайтын қазақша кілт сөздерді жарнамада қолдану тиімсіз. Дегенмен қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың көбеюінің арқасында бизнес қазақша жарнама жасауға мүдделі болып отыр. Тек жарнама емес, әлеуметтік желілерді де екі тілде жүргізу қалыпты жағдайға айналып келеді. Болашақта бұл үрдіс дами түседі деген сенімдемін. Өзім де таргет жарнамасын жүргізу бойынша Аида Санабаева деген серіктестеріммен бірге Meta Target курсты тек қазақша тілінде жүргізіп, нарыққа біршама мықты таргетологтерді шығарып тастадық. Instagram-ды да, TikTok-ті де, YouTubeті де қазақ тілінде сайратып, жарнамаларын жасайтын нағыз таргетологтерді көптеп шығарамыз деп сөз беремін.

515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы