- Ақпарат
- 19 Қыркүйек, 2024
63 жыл бұрынғы сурет
Көрнекті балалар жазушы Бердібек Соқпақбаев өзінің туып-өскен жеріне жиі келіп тұрған.1960–1980 жылдар аралығында Шалкөде жайлауында балаларымен бірге демалған, сондай-ақ мектеп оқушыларымен де жиі кездескен. Сол жылдардан қалған фотосуреттер жарқын жүздесудің айқын айғағы десек болады. Біздің қолымызға өзі оқыған Сарыбастау ауылында халықпен кездесіп, мектеп ұстаздарымен және оқушылармен түскен суреті түсті. Бұл суретті Жеңіс Нүсіпбекова апай сақтаған екен. Біз ұстаз апайымызға хабарластық.
– Иә, сурет бар, ол мен үшін өте қымбат. Сол жылдарда Сарыбастау ауылы Ленин атындығы колхоз болып аталған. Селодағы білім ордасы да Лениннің атында еді. Колхозда жаңа мектеп бой көтеріп, біз сонда оқи бастағанбыз. 1961 жылы мектепке Нарынқол (қазіргі Райымбек) аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Көкетаев (атын ұмытып қалыппын) және жазушы Бердібек Соқпақбаев, ақын Қадыр Мырзалиев үшеуі бірге келді. Клубта тұрғындар, мектеп оқушыларымен кездесу өтті. Жұртшылықпен жүздесуден кейін қонақтар жаңа мектебімізбен танысты. Жоғары сынып оқушыларымен де жылы шырайлы кездесу өтті. Оқушылар ақын мен жазушыға көп сұрақ қойды. Екеуі де сауалдарға шын ықыласымен жауап берді. Соңында естелік үшін суретке түстік. Олармен бірге еріп келген фотогроф бәрімізге суретті шығарып берді. Біз ол кезде 10-сыныптың оқушысы едік. 1963 жылы он бірінші сыныпты бітіріп, оқушылық өмірмен қоштастық. Сол жылдардан қалған бұл сурет бәріміз үшін естелік. Мектеп бітіргенімізге 50–60 жыл болғанда оқушы кезімізді, жастық шағымызды сағына еске аламыз. Мектепте жүргенде сабақта жерлесіміз Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Қайдасың, Гауһар» атты туындылары туралы қызықты пікіралысу жиі өтетін. Себебі жазушы кітабындағы оқиғалар біздің ауылға, әке-шешемізше өте таныс. Тек оны жазушы көркем тілмен жеткізген. Ал суреттегілердің бірі Бердібектің құрдасы, екіншілері інілері болып келеді. Ал суретті көрген немере, шөберелеріміз «Әже, бұл тарихи сурет қой. Көрнекті жазушы, ақынмен суретке түсудің өзі бір ғанибет» деп жиі айтып отырады.
Демек, Бердібекті білмейтін, оның кітабын оқымаған адам жоқ деуге болады. Ал жазушының «Менің атым – Қожа» киносы қандай?! Қазақ киносының тарихында алтын әріппен жазылған. Қайта-қайта көре бергің келеді.
Ал суретке түскендерді де толық танимын. Атап айтсам, алдыңғы қатарда отырғандар (солдан оңға қарай): Тұрабек Алжанбаев (оқушы), Тоғызбай Малдыбаев, Әлсат Сабаншиев (сынып жетекші), Әділжан Нүсіпәлиев. Екінші қатардағылар: Оразай Кішкенебаев, ақын Қадыр Мырзалиев, Асқар Әбішев, Көкетаев (аудандық оқу бөлімнің меңгерушісі), Бердібек Соқпақбаев, Әріпбай Әшімбаев, Әбдісүлеймен Шоғанбеков (мектеп директоры), Сыдықбек Омаров (мектеп директорының орынбасары). Үшінші қатарда тұрғандар: Шайзада Есжанова (пионер ұйымының жетекшісі), Мәпірет Хасенова, Гүлжан Тазабекова, Гүлмайдан Тапалова, Жеңіс Нүсіпбекова, Жексен Алпартегі, Едік Жұмаділов, Доғдырхан Нүсіпәлиев. Төртінші қатардағылар: Сағатбек Омаров, Нұрқұсан Қоспақов, Қарасай Рысбеков, Мырзатай Тарыбаев, Оразбай Нүсіпқожаев, Есен Әбдірасылов, Бесінші қатардағылар: Сәйкен Шонжыбаев, Ноғайбай Мұсаев және басқалар, – деді Жеңіс Нүсіпбекова.
Ашығын айту керек, бұл суретте тұрғандар маған да таныс. Себебі мен 1961 жылы Сарыбастауда мектеп табалдырығын аттап, алтыншы сыныпқа дейін осында оқыдым. Мектеп ұстаздарының бәрін де танимын. Жеңіс апаймен бірге оқығандардың да біразын білемін. Ал сурет кешегі күнге дейін оның отбасылық альбомында сақталыпты. Міне, содан бері 63 жыл өткен. Жеңіс Нүсіпбекова Бердібектің тағы бір суреті барын айтты. Сіңлісі Галина Әріпбайқызының фотоальбомында жазушының үш-төрт кісімен аңға шыққан кезі бейнеленген екен. Суретте Әріпбайдың еліктің текесінің мүйізінен ұстап тұрған сәті, ал Бердібек Соқпақбаевтың жүзі жарқын, күлімсіреп тұрған көңілді кезі бейнеленген. Бұл суретті іздестіргенмен, таба алмадық.
Қаламгер Бердібек Соқпақбаев табиғатты тамашалап, аңға шыққанды жақсы көрген. Әсіресе Сарыбастауға барғанда өзімен қатарлас оқыған досы Әріпбай Әшімбаевпен бірге табиғатты тамашалап, тауда серуен құрғанды жаны сүйген. Әрине, табиғаты сұлу аймақтан шығып, қазақ балалар әдебиетіне соны соқпақ салған жазушының біздің ауылдан екенін мақтан тұтамыз. Бердібектің әдебиетке бергенін біз әлі құныға оқып келеміз, оқи береміз де.
Жексен Алпартегі,
журналист
(сурет Жеңіс Нүсіпбекованың
фотоальбомынан алынды)
617 рет
көрсетілді0
пікір