• Ақпарат
  • 19 Қыркүйек, 2024

Ғылым білімге қонады

Философия ғылымының докторы, профессор Зейінәбіл Айдарбеков – ширек ғасырғы педагогикалық ғылыми өмірінде жүзден астам ғылыми мақала, он шақты монография жария­лап, ғылымға үлес қосқан азамат. Ғылыми зерттеулерінің өзегі – әлеуметтік философия, одан тарамдалған әлеуметтік мінез-құлық, жастардың идеялық-құндылық бағдары. Зейнекеңнің ғылыми ізденісі төл тілімізде ғана емес, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде де логикалық өрнегін тапқан. Бұған ғалымның ағылшын тіліндегі скопус базасында жарияланған «Аctive industrial policy of the state as a factor of professional development of economically active population» (Ольга Башина, Юрий Царегородцев серіктес авторлығымен) еңбегі, қытай тілінде жарияланған «Қазақстандық жастар: гуманизм құндылықтары және қазіргі еңбек мәдениеті», «Қазіргі кезеңдегі жаңа Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың мәдени және гео­стратегиялық әлеуеті» секілді мақалалары дәлел бола алады.  
 

Зейнекең – жан-жақты әмбебап тұлға. Профессор С.Е. Нұрмұратов Зейнекеңнің 50 жылдығындағы мақаласында: «Ол тек ғалым-педагог қана емес, ғылымның талантты ұйымдастырушысы, онда да бастамашыл, тәуекелге бәс тіге алатын, батыл да қарымды әрекеттерге бара алатын, әмбебап қабілеттерді біріктірген қазіргі заманауи ұйымдастырушылар легінен. Ол сондай-ақ жаңашыл типтегі тамаша дәріскер», – деп тұп-тура дәл атап өтеді. 
Зейінәбіл Смайылханұлы 1964 жылдың 17 қыркүйегінде шахтерлер отбасында дүние есігін ашады. Түркістан облысы, Леңгірдің тумасы жастайынан оқу мен еңбекке қатар құмартады. Мектебін бітіріп еңбекке ерте араласады. Ленгірде еңбек адамы ретінде қалыптасқан шағында әскерге шақырылады. 1983–1985 жылдары Әскери-әуе күштері (ВДВ) сапында әскери борышын өткереді. 
Зор ыждағатымен әскери-саяси да­йындықтың үздігі болған Зейінәбіл КСРО ӘӘК мен КА-ның бас саяси басқармасы ұсынысымен 1985 жылы Мәскеу қаласындағы БЛКЖО ОК жанындағы Жоғарғы комсомолдық мектепке оқуға түсіп, оны 1990 жылы аяқтайды. Бұл оқу орны бүгінде Мәскеу гуманитарлық университеті аталады. Қанатын қақтырған оқу орнына деген ықыласын 1990 жылғы түлектер болып жазған еңбегінде білдіреді. Осы еңбек аясында З.С. Айдарбеков «Слово о нашем учителе Карповой Т.И.» эссесінде шәкірттің ұстазына, деканына деген жүрекжарды ілтипаты мен құрметін жеткізеді. Қазір ол – осы оқу ордасының профессоры.
Оқуы аяқталмай жатып 1989 жылдың күзінен бастап Қазақстан ЛКЖО Шымкент обкомынан шақырту толастамайды. Осылайша, ысылған жас маман ұйымдастыру мен басқарудағы жұмысын комсомолдан, жауапты ұйымдастырушылықтан бастайды.
Зейінәбіл Смайылханұлы кеңестік заман мен тәуелсіз қазақ елінен алған ғибратын тең еңсеріп, ел дамуына енді рас үлесін қосады. Зейнекең еліміз нарықтық қаты­нас­қа қадам басқанда «Талап» кәсіпорнының бас директоры болса, 1993 жылдан бастап «Атакент–Сауда» АҚ-ның атқарушы директоры, 1995 жылдан бастап Пикат компаниясы «ЖАҚ» директоры болады. Ал 1997 жылдан Философия және саясаттану институтының кіші ғылыми қызметкері, ғылыми қызметкері ретінде еңбектенеді. 1997 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Нарық жағдайындағы тұлғаның әлеуметтік мінез-құлқы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1998 жылдың наурызынан 2000 жылдың шілдесіне дейін «Қазақ энциклопедиясы» редакциясында істеп, бас редактор орынбасары болады. Зейнекең 2000 жылдың тамызынан Батыс Қазақстан облысында, Қарашығанақтағы «Казкомсервис–Аксай» сервистік компаниясының директоры болып, 2002 жылға дейін басшылық жасайды. 
Алматыдағы жүздеген құрылым 90-жылдары жекешеленіп, жойылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, талан-таражға түсті емес пе? Ал Атакенттің тоқсанның қыспағынан сақталып қалуына сол кезде басшылықта жүрген Зейнекеңнің үлесі болмауы мүмкін емес. Атакент «Ботаникалық бақпен» іргелес арнайы жасыл желекке оранған павильондардан тұратын жауһарымыз. Атакентке көз алартып шатыр тігіп, кафе, ресторан ашуға, тіпті тұрғын үй кешенін салуға келген жүздеген кәсіпкерге төтеп беру оңай емес-ті. Зейнекең оған төтеп берді, солқылдақтық танытпай, қандай ығай, қандай сығай болмасын, қайтаратынды қайтара біліп, ой салатынға ой сала білді. Олай болмағанда, сөзсіз, ағаштар кесіліп, бұталар оталып, қосымша жолдар түсіп, Атакент тарихта ғана қалар еді. 1997 жылғы «Экологиялық сараптама туралы», «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңдар шыққанға дейін бұл мәселелер Зейнекең секілді тұлғалардың батыл мінезімен, азаматтық ұстанымымен ғана реттелгенін назардан шығармауымыз керек. Зейнекең назарынан өткен қоғам жайы мен ондағы тұлғалар келбеті нарық қатынас­тарымен қабысып, ілгеріде атап кеткен зерттеу жұмысына арқау болды. Диссертация білім мен төзімнің арқасында жазылды. Атакенттегі жұмысы, аспирантурадағы оқуы, ғылым жолы үшін билікті құрбан етуі (Жоғарғы Кеңес депутаты болу мүмкіндігі болса да, ғылымды таңдауы), көз майын тауысып дереккөздер қарау, түн ауғанша зерттеуін жазу секілді сансыз істер, әрқилы әрекеттер нәтижесін берді. 
Жан-жақты білімі мен білігі «Қазақ Энциклопедиясында» жүргенінде руханияттың мол туындысына жол ашты. Зейнекең көптеген  энциклопедия, анықтамалық, сөздіктер, айтулы тұлғалардың шығармаларын басып шығару, ғұламалардың еңбектерін қайта басып шығару секілді келелі істерге бел шеше қатысты. Дәл Зейнекең жүрген тұстағы, оның философия абызы Ә.Нысанбаевпен бірге білек сыбана қатысуымен «Қазақ энциклопедиясынан» сіз бен бізге жол тартқан туындыларға қарайықшы: «Қазақстанда инженерлік істің дамуы» анықтамалығы, 10 томдық «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының үш томы, «Қазақстан Республикасы. 10 жыл шежіресі», «Қазақстан Республикасы. Энциклопедиялық анықтамалық», «Түркістан халықаралық энциклопедиясы», «Екімыңжылдық дала жыры», «Қазақ», «Қорқыт ата энциклопедиясы», «Мұхтар Әуезов» секілді өміршең туындылар. 
Білікті педагог Зейінәбіл Смайылханұлының қызметі 2002 жылдан бастап Орал қаласындағы «Еуразия» менеджмент және әлем тілдері институтында доценттіктен басталып, 2003 жылдан М.Өтемісов атындағы БҚМУ проректорлығымен, ректор кеңесшілігімен жалғасады, ал 2004 жылдан бастап ғалым өмірінің астаналық кезеңі басталады. 2004 жылдан бастап аттай он жыл Зейінәбіл Смайылханұлы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, Президент архиві директорының орынбасары қызметтерін өткереді. ҚР ҒБМ Ғылым комитеті, Философия және саясаттану институтының жетекші ғылыми қызметкерлігін (2008 жылдан бастап) қоса атқарады. Ғалым жұмысы бұл жерде басшылықпен, ғылыммен, тарихпен өріледі. Қай кезде, қай жерде, қай жаста болмасын, білім алуға іңкәр жан осы жылдары Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын да бітіріп үлгереді. Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің алғашқы түлектерінің бірі, ГИМУист – мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі Зейнекең оқыту аясында Сингапур, Голландия, ҚХР, Болгария, АҚШ елдерінде халықаралық тағылымдамадан өтіп, «Pablic Policy» секілді әлем мойындаған мектептерде өзін жетілдіре түседі. Бұл аталғандардың бәрі қажыр-қайратпен ғана мүмкін болды, әрине. Архив жұмысының қиындығын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл тіпті ақша қорларын қалыптастыру, бөлу жұмыстарынан да қиын, мемлекетішілік қана емес, сыртқы байланыстармен де шарттас ұшан-теңіз жұмыс. Жекелеген тұлғалар, отбасылар, әртүрлі құрылымдар, қауымдастықтар (Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы т.б.), халықаралық ұйымдар («ТүркСОЙ» т.б.), Сыртқы істер министрлігі, елшіліктер, консулдықтар (өзге елдердегі құжаттар, жәдігерлер т.б.), Мәдениет және ақпарат министрлігі (бұл кезде «Мәдени мұра» бағдарламасының қайнаған шағы екенін ескерейік) арасында келіссөздер, үйлесімді қарым-қатынас, ынтымақтас­тық жүргізу нағыз көрегендікті талап ететін-ді. Бұл жұмыс тек сөрелерді механикалық толтыра білу емес, құжаттарды жинақтау, ғылыми сипаттау, пайдалану, сақтау, жариялау, жинақтар дайындау, көрмелер өткізу, шеттегіні елге қайтару, қажет болса, тіпті экспедицияларға шығудан тұрады. Бір ғана мысал келтірейік. Бұл ұзақ хабар күту, хаттар жіберу арқылы, сарғая күту, зор ұйымдастырумен мүмкін болған 2011 жылғы 4–5 маусымда Түркияның Салихлы қаласында өткен «Хасан Оралтай: түрік әлемі» симпозиумы болатын. Т.Е. Әбіловамен бірге Зейнекең қатысқан симпозиум жұмысының нәтижесінде Хасан Оралтайдың мұрагерлері оның жеке архивінің қомақты бөлігін сыйға тартты. Осылайша, Президент архивінің Хасен Оралтайға қатысты бөлігі жалпы көлемі 240 құжатпен, CD-R-дегі 186 фотосуретпен толығуы З.С. Айдарбеков жұмысының бір мысалы ғана. Зейнекеңнің қоғамның трансформацияланған, жаңғыр­ған тұсындағы Қазақстан Республикасы Президенті архивіндегі басшылық қызметі архив арқылы елге пайда беріп қана қоймай, өзінің де өмірлік тәжірибесін молайтты, ғылыми жұмысына да серпін берді. Келелі ісі арқылы мемлекеттілікті дамыту мен құруға, қоғамдағы ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін З.С. Айдарбеков Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
З.Айдарбеков 2009 жылы Философия және саясаттану институтында әлеуметтік философия бойынша «Қазақстан Респуб­ликасы жастарының идеялық-құндылық бағдарларының әлеуметтік-философия­лық талдануы» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, ғылымдағы жолын айшықтай түседі. Философия ғылымының докторы, профессор З.С. Айдарбеков – Мәскеу Гуманитарлық университетінің (Мәскеу, 2016), Шыңғыс Хан атындағы ИХ ЗАСАГ Халықаралық университетінің (Ұлан-Батыр, 2019), Бейжің мұнай университетінің (2024) құрметті профессоры, Ресей Философиялық қоғамының, Қазақстан философтар конгресінің мүшесі, «Учёный Совет» ғылыми журналы (Мәскеу) редакция алқасының мүшесі. «UniversumKZ» халықаралық білім беру орталығы» қоғамдық қорын, мүгедектер ісі жөніндегі бюроны басқарғанда қайырымдылық өтеміне алған алғыстары, Зейнекеңнің өскен мекенінде салып берген күмбезді мешітінен шақырылған азан мен оқылған дұға-сүрелерден болған сауаптар, өмірлік жолын нұсқаған ұстаздары Әбдімәлік Нысанбаев, Мәтиполла Әженов, Сәдуақас Темірбеков, Ғалихан Ақмамбетовтердің берген батасы мен ғиб­раты, сөз жоқ, Зейнекеңді әлі де биіктерге шығарады.  
Ғалым өмірінің бір белесі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынас­тар және әлем тілдері университетімен байланысады. 2014 жылдан 2023 жылға дейін З.С. Айдарбеков осы университеттің Тарих және қоғамдық ғылымдар кафедрасына жетекшілік етті. Тіл мамандарына философияны ұғындыруға көп тер төкті. Астанада алған білімі іске асып, философиялық пәндермен қатар, «Мемлекеттік қызметшілерді даярлау жүйесі: шетелдік тәжірибені бейімдеу мәселесі», «Адам ресурстарын басқару», «Бірыңғай Азия – Біртұтас Әлем» курстарын жүргізді, UNITED ASIAN COMMUNITY жобасының жетекшісі болды, көптеген ғылыми кездесу, симпозиум мен конференция өткізуге мұрындық болды.  
2023 оқу жылынан бастап З.С. Айдарбеков әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасында ұстаздық етіп келеді. Зейінәбіл Смайылханұлы 2024 жылғы көктемде Моңғолияның университетінде дәріс оқыды, Моңғолия Ұлттық Хуралы төрағасы Ж.Батбаясгаланмен кездесіп, руханият жолындағы бірлесіп атқарылмақ істерді пысықтап келді, Моңғол Халық рес­публикасының 100 жылдығы медалімен марапатталды. 

Лесхан Асқар,
Ерболат Қошқарбаев,
әл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ-дің философия 
кафедрасының ұстаздары

 

558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы