- Ақпарат
- 19 Қыркүйек, 2024
Қазақ тіліндегі қызмет – баршаға ортақ міндет
Мәжілістің жалпы отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Бізде тілге байланысты шектеуге немесе кемсітуге жол берілмейді. Атап айтқанда, электронды саудада кейбірі ана тілінде қызмет көрсетпейді, осының салдарынан тұтынушы оны пайдалана алмайды. Бұл ретте, адамдар неге зардап шегуі керек?! Адамдар нақты әрі сенімді ақпарат алуы қажет. Осы орайда біз тілге қатысты конституциялық ұстаным мен заң талаптарын орындау мәселесіне ерекше назар аударамыз», – деген еді. Әйткенмен қазақтілді азаматтар мемлекеттік тілде қызмет алып жүр ме? Кейде осыған қатысты көңілтолмаушылық та болып жатады. Жалпы, мұндай жағдайда қайтпек керек? Бұл мәселені қалай шешуге болады? Біз осыған байланысты бірқатар азаматқа сауал қойған едік.
Елнұр Кішкенебаева, қорғаушы-заңгер:
– Қазақстан Конституциясының 7-бабында «қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мемлекеттік органдар мен ұйымдарда ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Демек, халыққа қызмет көрсететін кез келген мекеме тұтынушылардың сұранысына қарай қызмет көрсетуге міндетті. Бірақ біздің елде тіл мәселесіне келгенде тұтынушылардың құқығы тапталып жататыны да бар. Мәселен, әкіммен кездесуге барып, қазақ тілінде сауал қойсаңыз, ол қазақ тілінде жауап беруі керек. Немесе сот ісінде де тіл мәселесінде келіспеушіліктер туындап жатады. Себебі кей жағдайда жауапкерге түсініксіз тілде сот өтеді. Соттан кейін жауапкер «жоқ» деп жауап беретін жерде «иә» деп қателескенін түсінеді. Мұндай оқиғалардың бірнешеуінде қорғаушы болғанмын. Нәтижесінде сот күшін жоққа шығарып, қайтадан соттың өтуіне ықпал еткенбіз.
Жалпы, бізде «Ақпаратқа қол жеткізу», «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заң бар. Сондықтан Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсету қылмыс емес! Қазақстанның «Тілдер туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік емес мекемелер мемлекеттік тілді де, орыс тілін де қолдана алады. Көп жағдайда дүкендерде, сауда орталықтарында өзге тілде қызмет көрсетілгені үшін бейнежазбаға түсірсе, қарсылық танытып, агрессия көрсетіп жатады. Бірақ бұл заңбұзушылыққа жатпайды. Себебі оған бейнежазба арқылы дәлелдер керек. Одан бөлек, дүкен, сауда орталықтары, мейрамхана, өзге де заңды тұлғалардың үстінен шағымданамын деушілер болса, мекенжайы бойынша сотқа жүгіну жеткілікті. Егер бейнежазбалар болса, заңды тұлғаның кінәлі екені дәлелденсе, әкімшілік құқықбұзушылық деп танылып, 25 АЕК көлеміндегі айыппұл жазылады.
Руза Бейсенбайтегі, тіл жанашыры:
– Қазір қолданыстағы заңға сәйкес (2010 жылғы «Тұтынушылардың құқын қорғау», 24-бап), қызмет көрсетуші тарап ақпаратты алдымен қазақ тілінде жеткізуге тиіс. Бірақ бізде қадағалау тетігі әлсіз болғандықтан, жауапкершілік аз. Егер әр тұтынушы қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етсе, ана тіліміз өркен жаяр еді. Қалыптасып қалған қоғамды өзгерту оңай емес. Өзім үнемі толассыз үгіт-насихат жүргізіп жүрсем де, айналама көп әсер ете алмайтынымды түсіндім. Мысалы, өзім тұрып жатқан Керекуде тілге байланысты бірнеше мәрте ұсыныс айтқанмын. Бірақ қарастырып жатқаны шамалы.
Жалпы, қолданыстағы заң аясында «міндетті» деген нәрсені көбірек айта берсе, қазақ тілі өз тұғырына қонар еді. Екіншіден, тендер саласында жасалған келісімшартта міндетті түрде қазақ тілінде жұмысты атқару баптары енгізілсе және орындамаған жағдайда «қара тізімге» енгізілетіні хабарланса, қызмет ету саласында қазақтың тілі үстем болары даусыз. Ең бастысы, үкімет, жергілікті әкімдік пен басшылықта отырған азаматтар қызметін мемлекеттік тілде атқарса, халық та үйренер еді.
Бесжан Төлеубекұлы, қоғам белсендісі:
– Адамдардың қазақ тілінде нақты ақпарат алуға толық құқығы бар. Бұл заңда да қарастырылған. Бірақ, өкінішке қарай, мемлекеттің тілді қарайтын заң органдары мониторинг жасап жатқан жоқ. Соның салдарынан кәсіпкерлер, негізінен, ісқағаздарын өзге тілде толтырады. Ал кәсіптің өзге тілде жүргізілуі мемлекеттің тіл саясатына кері әсерін тигізетіні даусыз. Тағы бір мәселе, тұтынушы құқығы туралы заңның бар екенінен халықтың көпшілігі хабарсыз сияқты. Сондықтан оларға да ақпараттық жұмыстар жиі жүргізілуі керек. Жалпы, адамдардың санасында «өзге тілде қызмет көрсету кәсіптің жүріп кетуіне оң септігін тигізеді», «жұмысқа кіру үшін орыс тілінде сөйлесу керек», «жарнаманы да осы тілде беру керек, сонда ғана өтімді болады» деген соқыр сенім бар. Бірақ, қызығы, статистикалық деректерге назар аударсақ, елде қазақтың демографиялық өсімі 71 пайызға жетті, 14 миллионнан асты. Өзіңіз ойлаңызшы, 14 миллион қазақ азаматы қазақ тілінен мүлде мақұрым болуы мүмкін бе? Олардың ата-анасы қазақ, көбінің түбі ауылдан шыққан, олардың кейбіреуі сөйлемесе де, түсінетіні анық. Сондықтан біз өзімізді артқа тартпай, титулды ұлт екенімізді сезінуіміз қажет. Сондықтан кәсіп тілін қазақ тіліне айналдыру өз қолымызда екенін саналы түрде ұғынып, талап ете алуымыз керек.
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ
964 рет
көрсетілді0
пікір