• Ақпарат
  • 19 Қыркүйек, 2024

Қосалқы бөлшек атауда бар, айтылымда жоқ

Бағдагүл Балаубай,

«Ana tili»
 

Қазақ тілін іс жүзінде мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру – қазіргі басты талап. Бұл тұрғыда таза қазақ тілінде сөйлеуге тиіс саланың бірі – көлік жөндеу саласы. Бірақ көлік жөндеу саласының терминдері қазақшаланған ба, көлік жөндеу орталығындағы мемлекеттік тіл, техникалық бөлшектердің қазақ тілінде айтылуы және жазылуы қандай деңгейде? Көліктің қосалқы бөлшектерін өз тілімізде атап жүрміз бе? 

 

Сөздікке қарап сөйлесек...

Алматы қаласындағы бірнеше көлік жөндеу орталықтарына барып, мемлекеттік тілдің жай-күйін бақылап, сала мамандарымен сөйлесіп, пікірлесіп қайттық. Жалпы, олардың сөзінен түйгеніміз, көлік жөндеу саласының терминдері бір ізге түспеген, қазақша термин сөздерді көпшілігі біле бермейді. Бұл – бір. Екінші мәселе – сала мамандарында екі түрлі көзқарас бар, яғни бірі термин атаулының бәрін өз тілімізге ыңғайлап, аударып алу керек екенін айтса, енді бірі ежелден қалыптасып, халықтың арасына сіңіп кеткен, құлаққа жағымды, тәржімаға көнбейтін халықаралық терминдерді ешқандай өзгеріссіз сол күйінде қалдыру керек, – дейді.
Зерттеу мақаламызды бастамас бұрын, алдымен, «Көлік және қатынас жолдары», «Механика және машинатану», «Машина жасау» салалары бо­йынша Үкімет жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен, әрқайсысында бес мыңнан астам термин қамтылған қазақша-орысша терминологиялық сөздікті парақтап шықтық. Үш мыңнан астам терминді қамтыған «Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Машина жасау» атты кітапты да қалыс қалдырмадық. Он бес мыңға жуық термині бар «Бекітілген терминдер сөздігін» де бір шолып өттік. Қалыптасқан, санаға ұғынықты термин сөздер де бар екен. Бірақ ол қолданыста бар ма, тұтынушылар қолданып жүр ме – мәселе осыда.

Көлік терминдері қазақша айтыла ма? 

Екі күн бойы аралағанда байқағанымыз, Алматы қаласындағы орталықтарда жұмыс істейтін көлік жөндеушілер қолданатын қосалқы бөлшекке қатысты сөздердің бәрі де орысша атауымен айтылады. Шеберлердің де, халықтың да санасына солай сіңіп кеткен. Таңғы сағат тоғыз шамасында Алматы қаласындағы «Таугүл» ықшамауданындағы орталыққа қарай беттедік.  
Орталықта электр дәнекер­леу­ші болып жұмыс істейтін  Асылбек Жоламановқа жолықтық. Қосалқы бөлшектердің барлығы да орысша атауымен аталады екен.   
– Қазақ тілі – бай тіл, бірақ көп терминді өзгерте алмайсыз, халық арасына солай сіңіп кеткен, бәрі де қалыптасып қалған сөздер. Мәселен, «сварка», «домкрат» деген сөзді қазақша қалай айтамыз? Ауылға барып, «көтергіш әкелші» десең, ешкім түсінбейді, ал «домкрат керек» десең, бәріне де түсінікті. Қалада, ауылда болсын, бұл саланың қалыптасқан сөздері бар. Меніңше, сол күйінде қалдырған дұрыс. Расы керек, көп терминнің қазақшасын білмейді екенмін, – дейді электр дәнекерлеуші Асылбек Жоламанов. 
Одан кейін Науаи көшесінің бо­йында орналасқан шағындау орталықта қисайған көліктің капотын түзулеп, бояп жатқан Бақытбек Өсенхановқа жолықтық. 
– Костоправ малярмын, оның қазақша қалай аталатынын да білмеймін. Бізге жол-көлік апатына түсіп, әр жері соғылған немесе майысқан көліктерді алып келеді. Оны түзетіп, бояп, қайтадан қалпына келтіріп береміз. Тұтынушының барлығы бұрыннан әбден қалыптасып қалған терминмен сөйлеседі. Мысалы, машинаның крылосын қазақша қанат деуіміз керек пе? Бірақ ешкім олай деп айтпайды. Бампер, карбюратор, накладка – көліктің қосалқы бөлшектері. Ал қазақша қалай аталады, білмедім, бұған дейін де естіген емеспін. Сондықтан санаға сіңіп кеткен, осылай қалыптасқан сөздерді қазақша атымен атау қиын шығар, – дегенді айтты. 
С.Торайғыров көшесінің бойындағы «Техникалық байқау», «Май ауыстыру» деп маңдайшасына екі тілде сауатты жазылған май ауыстыру орталығында тұрған тұтынушыны сөзге тарттық. 
– Алматыда туып-өскенмін. Балабақша, мектеп, университет – бәрін орысша оқыдым. Достарым орысша сөйлейді. Маған қазақша сөйлеу қиындау. Себебі орысша ойланып, оны аударып барып, қазақша айтамын. Барған жерімде қазақша сөйлеуге тырысамын. Май ауыстыру, жөндеу, көлік жуу сияқты тәржімаланған кей сөздерді білемін. Дегенмен терминдердің көбі орысша ғой. Ал амортизатор, двигатель, радиатор, фильтр, проводка, лампочка, фара, присадка, антифриз, поворотник, электрик, диск деген сөздерді қалай қазақшалаймыз? Бұл сөздердің қазақ тілінде терминдері жоқ, білмейміз», – деді тұтынушы әрі жүргізуші Қадырбек Бейсенбаев.
Ал instagram парақшасын таза қазақ тілінде жүргізетін Дәулет Байсалбаев автобөлшек саласы терминдерінің аздап болса да, қазақша атауы бар екенін жоққа шығармайды. Бірақ көп емес. 
– Көлік жөндеу саласының терминдері мен автобөлшек атауларының қазақша нұсқасы мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Аздап болса да бар. Дегенмен көлік жүргізуші орталыққа келгенде «көлігімнің жүріс бөлігін тексертуге келдім» деп ешқашан айтпайды. Алдымен сол үйреніп қалған сөз тіркесі ауызға оралады. Ол бізге «ходовойын тексертемін» деп келеді. Ашығын айтсақ, ұғымға жеңіл, ыңғайлы, түсінікті қазақша баламалары жоқтың қасы, – дейді қызылордалық Дәулет Байсалбаев.

 Tiktok-та тіршілік қызып тұр

Біз сөзге тартқан жүргізушілер немесе көлік жөндеу орталығы шеберлерінің көпшілігі «қазақтілді контентті  koleso.kz, tiktok, Instagram желілерінен табасыз, біз көбінесе салалық терминдердің аудармасын сол жақтан оқып жүрміз» деп жөн сілтеген. Сондықтан, алдымен, koleso.kz сайтына үңілдік. Сайт «көліктер, қосалқы бөлшек, коммерция, жөндеу және сервис,  айыппұлды тексеру, жол және тұрақ» делініп, бірнеше қосымшаға бөлінген. Қосымшаның қай бөлімін ашып қарасаңыз да, барлығы қазақ тілінде толтырылыпты. Мәселен, «қосалқы бөлшектер» бөлігін қарап көрелік. Мұнда «қосалқы бөлшектер, бөлшек сату, мотобөлшектер, дөңгелектер, дискілер, аксессуарлар, мультимедиа, майлар және автохимия, бөлшекке сатылатын авто, дөңгелек және диск дүкендері, бөлшек дүкендері, бөлшектеу, қосалқы бөлшек сатушылары...» деп кете береді. Бөлімдерге бөлініп, қазақшасы тәп-тәуір толтырылған.
Ал tiktok-ты нағыз базар дерсіз. Қыз-қыз қайнап жатыр. Қазақ тіліндегі көлік жөндеушілердің жұмысы да қызып тұр. Желідегі азаматтардың бір-бірін қолдаған жанашырлығына және олардың ұйымшылдығына кәдімгідей риза боласың. «Оталмағанды оталдырады, жүрмегенді жүргізеді, тот басқанды жалтыратып шығарады, ол өз ісінің хас шебері» деген әдемі әзілмен өрнектелген жарнамаға өзіңіз де қалай хабарласқаныңызды білмей қаласыз. Мұндағы қазақтың әр сөзі жүрегіңе жылы тиеді. Алматының көлік жөндеу орталықтарындағы қарым-қатынас тіліне көңіліміз құлазып қалған біз мұндағы тіршілікті көріп, жүзіміз жадырағандай болды. tiktok-тың таза қазақтілді көлік жөндеуші мамандары еңсемізді көтеріп, көңілді бір марқайтып тастады. Контенті де сапалы. Мұндағы мамандар бейнебаян түсіріп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жете түсіндіріп, бұзылған көлігіңізді өзіңіз жасап алуға мол мүмкіндік жасап қойған. Көліктен сәл хабарыңыз болса, бұзылған жерін жөндеп, өзіңіз-ақ жамап-жасқап алуға болатынына көз жеткіздік. 
Мәселен, «Автоблогер» деген атпен тіркелген жазылушы: «Көлік тартпай қалса, оның себебі – форсункада деп, көпшілігі бірден соны тазалайды. Ол дұрыс емес. Оның нәтижесі ұзаққа бармайды. Форсунка неден бітеледі? Қаншама жыл бойы бактан келген шаң-тозаң система арқылы форсункаға барады. Сондықтан ең бірінші бактан бастап тазалап, бензонасостың памперсін, капоттың астындағы ток пен фильтрді ауыстыру керек. Осының бәрін ауыстырып болғаннан кейін ғана форсунканы тазалауға болады. Бір сөзбен айтқанда, бакты таза ұстаңыз», – деп өзінің ақыл-кеңесін береді. Сонымен қатар көлік жөндеу, стартер-генератор, автокөлік жөндеу, автоэлектрик, механик, автосервис хэштегімен кез келген қызметтің түрін таба аласыз. Әрі кез келген сауалыңызға сауатты әрі түсінікті жауап аласыз. Расында, «қазақтілді көлік жөндеушілерді tiktok, Instagram-нан табасыз» деген орталықтағы жөндеушілердің сөзінің жаны бар екен. Бүкіл көлік жөндеушілер мен тұтынушылардың контенті қазақ тілінде өзімен-өзі жұмыс істеп, тіршілік қызып жатыр. 
Ашығын айтқанда, көлік жөндеу­шілермен сөйлескенде ойымыз­ға түйгеніміз көп. Біріншіден, қазақ тіліндегі термин сөздердің қолданылу аясы өте тар, тіпті шеберлердің өзі терминдердің қазақша баламасын білмейді. Сондықтан терминология мамандары бұл саланы да қолға алып, терминсөздерді біріздендіруі қажет деп ойлаймыз.

Кесте

Termincom сайтында берілген қазақша атауы

Termincom сайтында берілген орысша атауы

Көлік жөндеушілер қолданып жүрген терминдер

көлік

транспорт

көлік

жүріс бөлігі

ходовка

ходовка

шанақ

кузов

кузов

тұтану білтесі

свечи зажигания

свечи зажигания

иінді білік

коленчатый вал

коленчатый вал

күштік беріліс

трансмиссия

трансмиссия

піспек

поршен

поршен

ілініс

цеплние

цеплние

алдыңғы жетек

передний привод

передний привод

төсемдер

колодки

колодки

серіппе

пружина

пружина

тұртқы

корпус

корпус

зәкір

ротор

ротор

орам

катушка

катушка

жұдырықша

кулачок

кулачок

күпшек

ступица

ступица

мойынтірек

подшипник

подшипник

шиырық

спираль

спираль

кардан білігі

карданный вал

карданный вал

төлке

втулка

втулка

домкрат, көтергіш

домкрат

домкрат

вулкандау

вулканизация

вулканизация

аккумулятор

аккумулятор

аккумулятор

толқын генераторы

генератор волн

толқын генераторы

мыстау, мыс бұйым жамау жұмысы

работы медницкие

мыстау, мыс бұйым жамау жұмысы

резеңке жамау

заплатка резиновая

резеңке жамау

доңғалақ

колесо

доңғалақ

иілгіш доңғалақ

колесо гибкое

иілгіш доңғалақ

тіктісті тісті доңғалақ

колесо зубчатое прямозубое

колесо зубчатое прямозубое

қалақты доңғалақ

колесо лопастное

колесо лопастное

дөңгелек жолтабаны

колея колес

колея колес

дөңгелектің тайғанақтауы

буксование колес

буксование колес

рульді бейтарап қою

руль ставить нейтрально

рульді бейтарап қою

бағыт рулі

руль направления

бағыт рулі

мотор

мотор

мотор

сол рөлді автомобиль

автомобиль леворульный

сол рөлді автомобиль

оталдырғыш-генератор

стартер-генератор

 

стартер-генератор

 

тежегіш құрсамының жапсырмасы

накладка тормозной колодки

накладка тормозной колодки

тежеу қалыбының қысымы

давление тормозной колодки

давление тормозной колодки

 

шиномонтаж

шиномонтаж

шина

шина

шина

амортизатор

амортизатор

амортизатор

кондиционер

кондиционер

кондиционер

радиатор, жылытқы

радиатор

радиатор

радиатор желбезегі

жалюзи радиаторные

жалюзи радиаторные

май радиаторы

радиатор масляный

май радиаторы

қозғалтқыш радиаторы

радиатор двигателя

қозғалтқыш радиаторы

резеңке

резина

резеңке

Түйреу, түйреуіш

проколка

проколка

шинаның тесілуі

прокол шины

шинаның тесілуі

пісіру

сварка

сварка

электрпісіру

электросварка

электросварка

газбен пісіру

сварка газовая

сварка газовая

автопісіру

автосварка

автосварка

түйіспелі пісіру

сварка контактная

сварка контактная

диск

диск

диск

шлангы

шланг

шлангы

капот

капот

капот

рөл

роль

рөл

басқы

педаль

педаль

қанат

крыло

крыло

автостартер

автостартер

автостартер

қосым

присадка, спай (спайка)

присадка

антифриз

антифриз

антифриз

көлік штангасы

транспортная штанга

көлік штангасы

көлік тексеру

осмотр транспорта

көлік тексеру

көліктік қызмет ету

транспортное обслуживание

көліктік қызмет ету

көліктің жүккөтергіштігі

грузоподъемность транспорта                                                                                                                                    

грузоподъемность транспорта                                                                                                                                     

көлік қозғалтқышы

транспортный двигатель

көлік қозғалтқышы

 

 

Ақерке Ерланқызы,Алматы көпсалалы колледжінің арнайы пәндер оқытушысы:

 

Сәтті аудармалар жоқ емес, бар

 

– «Қазақ терминологиясы – өте жас саланың бірі. Терминология тіл білімінің саласы болғанымен, әрбір ғылымға тікелей байланысы бар. Тәуелсіз ел болып, терминология саласын қолға алғанымызбен, санамызға орыс тілінен және өзге тілден кірген сөздер жатталып қалған. Сәтті аудармалар жоқ емес, бар, кейде сәтсіз аудармалар да болып жатады. Дегенмен сол сәтті аудармалардың халық арасында қолданысқа еніп, пайдаланылуы оңай болмай тұр. Мысалы, кейбір сөздерді қайта аударудың керегі жоқ. Мәселен, «ходовка» сөзін «жүріс бөлігі» деп аударсақ болады, бірақ күнделікті өмірде оны «жүріс бөлігі» демей, «ходовка» деп атайды. «Шанақ» сөзінің аудармасы «кузов», бірақ студенттерге бұл аударма түсініксіз және күнделікті өндірісте шанақ сөзін тіпті қолданбайды. «Тұтану білтесі» – «свечи зажигания», «иінді білік» – «коленчатый вал», «күштік беріліс» – «трансмиссия», «піспек» – «поршен», «ілініс» – «цепление», «алдыңғы жетек» – «передний привод», «төсемдер» – «колодки», «серіппе» – «пружина», «тұртқы» – «корпус», «ротор» – «зәкір», «орам» –  «катушка», «жұдырықша» – «кулачок», «күпшек» – «ступица», «мойынтірек» – «подшипник», «спираль» – «шиырық», «кардан білігі» – «карданный вал», «төлке» – «втулка» сияқты аударылған терминдер «автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және пайдалану» мамандығында өте көп. Тіпті аударылмай тікелей енген термин атаулары да көп кездеседі. Осы мәселені шешуде кәсіптік білім беру жүйесінде сапалы, дұрыс аудармаларды қолданған тиімді деп ойлаймын. Ол үшін не істелуі қажет? 
Біріншіден, кәсіптік білім беру саласында істейтін мұғалімдермен бірге  сол терминдерді қазақ тілінде мейлінше халыққа қарапайым тілмен жеткізуіміз керек. 
Екіншіден, терминология мамандарымен жиі кеңесіп, бұл мәселені талқылап,  көлік саласындағы әр терминнің аудармасына мұқият көңіл бөліп, бекіткен дұрыс. 
Үшіншіден, сол терминдерді бекітерде сауалдама жүргізіп, халықпен ақылдаса отырып, аударма жасаған жөн деп санаймын. Өйткені тұтынушыға түсінікті болуы үшін «кеңесіп отырып пішкен тон келте болмайды».
Ал, ақиқатында, терминдер дұрыс аударылса, ана тілімізде сабақ беретін ұстаздар мен білім алып жатқан студенттерге және сол кәсіптің болашақ мамандарына да пайдалы болары сөзсіз. Осы саладағы сәтсіз аударылған терминдер сол мамандықты бітіріп, жұмыс істеп жүрген мамандарға да қиындық тудырады. Сондықтан термин саласын қолға алып, оны біріздендіретін уақыт жетті деп ойлаймын. 

1478 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы