- Тұлға
- 19 Қыркүйек, 2024
АНА ТІЛІН АЯЛАҒАН ОҢДАСЫНОВ
Осыдан он шақты жыл бұрын қолыма «Нұртас Оңдасынов» деп аталған кітап түсті. Дереу оқуға кірістім. Өйткені мен ол кісіні сонау 1973 жылы Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасында оқып жүргенде көргенім бар. Нұртас аға Мәскеуде отырып арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік жазып, сонысын ғалымдарға көрсетуге, кітап етіп шығартуға Алматыға келген беті екен. Біздер таңғалдық. Бұрын Коммунистік партияның өкілі болған, өмір бойы соған қызмет еткен адамның енді келіп сөздік жазуы шындығында да таңғаларлық еді. Тілшілер арасында мынадай пәлсапа бар, «біреуді қинағың келсе, сөздік жазғыз, сөз тергіз» деген. Жалғыздан-жалғыз отырып, ешқандай көмекшісі жоқ Нұртас ағаның бұлай сөздік жазуы нағыз ерлік еді.
Алайда тіс қаққан тілші ағаларымыз, аға буын өкілдері Нұртас ағаның бұл еңбегін бірден дұрыс қабылдай қойған жоқ, «ғылымда несі бар, партиялық қызметімен жүре бермей ме», дегендері де болды. Қанша жерден сын сөздер естісе де, Нұртас аға алған бетінен қайтпады. Жыл аралатып Алматыға, Тіл білімі институтына келіп жүрді. Ақыры, алғашқы «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігін» шығарды. Біз үшін, тілшілер үшін бұл өте үлкен жаңалық болды. Өйткені бұған дейін қазақ тіл ғылымында мұндай сөздік болмаған. Аға буын тілші-ғалым ағаларымыздың бірден қабылдай қоймай, қырын қарауының сырын бүгін ұққандаймын. Тілші-ғалым ағаларымның өздерінен бұрын Нұртас Дәндібайұлының сөздік теріп, оны кітап етіп шығарғанына намыстанып та қалған екен-ау деп қоямын. Кім білсін?!
Жалпы, түріктілдес халықтар ішінде араб, парсы сөздерін ең аз қабылдағаны қазақтар. Ол әдеби тілімізде де, ауызекі тілімізде де байқалады. Халқымызда «Кен байлығы – жерде, сөз байлығы – елде» деген қанатты сөз бар. Нұртас аға сол байлықты қазақ әдебиетінің тамаша қаламгерлері С.Торайғыров, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев шығармаларынан іздей отырып, араб, парсы сөздерінің қазақ тіліне еніп, түрлену түрін терең, жан-жақты дәл көрсетеді. Алайда тілімізге сіңісіп, мидай араласып кеткен араб және парсы сөздерінің өзара жігін ажырату тіпті де оңай емес. Бұл – білімділікті, қажырлы еңбекқорлықты, үлкен ыждағаттылықты қажет ететін еңбек. Бұл орайда Нұртас аға, айтты-айтпады, шын мәнінде нағыз ерлік жасаған адам.
«Мұндай білім Нұртас ағаға қайдан келді?» деген сұрағыма қолыма тиген «Нұртас Оңдасынов» атты естеліктер жинағын оқи отырып, жауабын сол кітаптан таптым. Сөйтсек, ол кісі бала кезінде ауыл молдасынан сабақ алыпты. Байқауымызша, сауаты мықты молда болса керек, өйткені жазған араб, парсы сөздерінен бір қате таба алмайсыз. Бұл – мамандардың пікірі. Табандылығын көрмейсіз бе, Мәскеуге көшіп барған соң «мен сендерге ас ішіп, ыдыс босататын шал емеспін» деп, баяғы молдадан алған білімін жаңғырту мақсатында Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыстану факультетінің деканына барып, «мені бірінші курстың студенттеріне қос, сабақ алайын, ұмытқаным болса, ойыма түсірейін», – дейді. Декан: «Жастардың арасына сізді қалай қосамын, болмайды», – дейді. «Онда мен осы кабинеттен шықпаймын, қашан рұқсат бересің, сол кезде кетемін», – деп отырып алады. Нұртас ағаның табандылығына, жасының ұлғайғанына қарамай, ғылымға құлшынысына риза болған декан ақыры рұқсат береді. Нұртас аға жарты жыл араб, парсы тілінен сабақ алады, ұмытқандарын ойына түсіріп, білімін толықтырады. Содан арабша-парсыша-қазақша сөздік жазуға отырады ғой. Ол еңбегі туралы автордың өзі былай дейді: «Бұл ұсынылып отырған еңбек – арабша-қазақша сөздік емес, түсіндірме сөздік. Сөздіктің негізгі міндеті – қазақ тіліне енген және жұртшылық сирек қолданатын, әйтеуір, бір қазақ жазбасында кездесетін, ол жазбаның ұшан- теңіз беттерінде тарыдай шашылып жатқан араб сөздері мен оның элементтерін мүмкіндігінше бір жерге жинап, хадари-хал түсіндірме беру. Сонымен қатар оларды пайдаланушылардың жағдайын мейлінше жеңілдете түсу үшін бұл сөздерді жеке бір сөздік ретінде оқырманға жеткізу».
Мен сол кітапты оқи отырып, тағы да қайран қалған тұсым – Нұртас ағаның қазақ тіліне жанашырлығы. Ол – Сталиннің тұсында республиканың үкіметін басқарған адам. Соған қарамай, өзінің алдындағы «наркомдардың» бәріне «ұлтшылдар» деген кінә тағылып, атылып кеткендерін біле тұра, қазақ тіліне деген қамқорлығын көрсете білген басшы. Қайран қаламын! Ол Қазақстанның барлық жерінен қазақ мектептерін ашып, жоғары оқу орындарына қазақ жастарын көптеп қабылдаттырған. Тұрмысы төмен отбасының балаларына үкімет тарапынан қамқорлық көрсетіп отырған. Бір ғана мысал, үлкен қамқорлық емес пе, Қыздар Педагогикалық институтын арнайы ашып, шалғай ауылдарда бұйығы жатқан қазақ қыздарының білім алуына барынша жағдай жасайды. Мен сол институтта оқып, үкіметтің бар қамқорлығын көрген адаммын.
Мына қызыққа қараңыз , неміс-басқыншылары соғыс жариялағанға дейін қазақша сөйлеген басқа ұлт өкілдеріне үкімет белгілі бір пайызды айлықтарына қосымша төлеп, қосып отырған. Соғыс басталған соң, қаражаттың кемдігіне орай оны да тоқтатады. Жалпы, «тоқтағаны дұрыс болған» деп ойлаймын. «Ақша беріп, менің тілімді үйрен» деудің өзі өрескел әрі әділетсіздік қой.
Нұртас Оңдасыновтың «Мәскеудегі Кинематографистер институтының жанынан қазақ жастары үшін қазақ бөлімі ашылса» деген Молотовқа жазған хатын да оқыдым. Керемет қой. Бірақ іске аспаған-ау деймін. Бәрі бір Нұртас ағаның ана тіліне деген құрметіне риза болдым. Орыс тілін білмегендіктен, талай дарынды жастың жоғары оқу орындарында оқи алмай, ауылға қайтып кететінін білетін басшы осындай да әрекетке барған.
Сондай-ақ осы кітапқа ол кісінің қазақ тілі мәселелеріне байланысты жазған он шақты мақаласы еніпті. Олар: «Байырғы сөздерден қорықпайық», «Сөздің ала-құлалығы сауаттылыққа зиян», «Тағы да тіл мәдениеті жайында», ана тіліміздің мәселесін көтеріп, «Қазақстанның КП Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А. Қонаев жолдасқа, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б.Ә. Әшімов жолдасқа» хат та жазыпты. Сонау Мәскеуде жатып, қазақ тілінің болашағына мазасызданған Нұртас ағаның болмысына қалай риза болмайсыз. «Демалысқа шықтым, енді өз жанымды күйттейін» деп жата берсе, ол кісіге ешкім ештеңе демес еді. Жоқ, «халқым, елім-жұртым» деп соққан жүрегі, республикадағы қазақ тілінің мүшкіл халі Нұртас ағаның жанына маза бермеген. Бермегендіктен де осындай мақалалар жазған, биліктегілерден араша сұрап, хат жазуға дейін барған. Мұны «нағыз ұлтжандылық» деп қалай айтпайсыз!
Нұртас аға: «Қазақ мектептерінде оқыту жұмыстары нашар, оларды бітіргендер шала сауатты болып шығады» деген сияқты сөздерді жиі естиміз. Расында, олардың жұмыстарында әлі де болса кемшіліктер аз емес. Бірақ солардың бәріне мұғалімдер мен шәкірттер айыпты ма? «Не ексең, соны орасың» деп бекерге айтылмаған. Қазақ жазуындағы үлкен бір олқылық – кейбір кірме сөздердің көп нұсқада келуі. Мысалы, әдебиеттерде тәсбих сөзінің – 24, ижтиһаттың – 14, ілтипаттың – 8, ғибраттың – 7, әрекеттің – 6, қауіптің – 5, ұжданның 4 нұсқасы кездесті. Әрқайсымыз күніне сан рет айтатын рақметтің «рахмет, рақымет, рахмат, рахмет, рахымет» сияқты 5 түріне кездестік. Жазу бірыңғайлы болмайынша, ешкімнен сауатты жазуды талап ету мүмкін емес. Өкінішке қарай, ана тіліне республикада жауапты арнайы орталық мекеме жоқ...» – дейді. Мұны билікке айтып, ескертіп отыр. Өкініштісі сол, бұл проблема бүгінде жоқ деп айта алмаймыз.
Мен үнемі айтамын: тас мұқалып құм болады, темір тозады, адам өмірден озады, ұлттың бүгінін ертеңіне сабақтастыратын көкейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана. «Ана тілін білмеген қыз бала ана болып жарытпайды» дейді. Не деген философия?! Қазіргі қыздар бала тілі шыққаннан басқа тілді үйретіп әлек болады. Содан кейін тілді біліп қана қою аздық етеді. Оны түсіну керек. Түсіну де аз, қабылдауымыз керек. Қабылдау да аз, орындауымыз керек, оған билік басшы болуы қажет. Сол кезде ғана толыққанды адам боламыз.
Ал енді Нұртас ағаның қайраткерлігі, елге жасаған басшылығы жайында ол кісімен әріптес болғандар, бірге қызмет істегендер кітапта жақсы айтқан.
Оқыған сайын ол кісінің әр ісіне риза болып, «ел билігі қолында болған басшы осындай болу керек-ау» деп отырасыз.
Мен де өз басымыздан өткен жайға тоқталайын.1941 жылы Грузияның Ахалкалак ауданында Хавет ауылында дүниеге келгенмін. Отбасыда алты бала өстік. Анам жарықтық мен үшке келгенімде қайтыс болып, бізді әкеміз тәрбиеледі. Кейде біреулер «адамның басы – Алланың добы деп жатады, мен оны «адамның басы – Сталиннің добы» деп өзгерткен болар едім. Дүйім тау халқы Сталиннің «добына» айналып, 1944 жылдың қараша айында, бізді бір сағаттың ішінде жинап-теріп суық вагонға әкеп тиеп, белгісіз бір жаққа жөнелтіп жіберген жоқ па! Не болып кеткенін түсінбей қалдық. Суық вагонда ұзақ жол жүріп, ақыры бір жерге әкеп түсірді. Сөйтсек, бұл Қазақстанның Шымкент қаласы екен. Ашпыз-жалаңашпыз. Жиған-терген азық-түлігіміз үйімізде, тіпті қорадағы малымыз байлаулы күйінде қалды ғой...
Біздің отбасымызды үкімет адамдары Түлкібас ауданындағы Жаңаталап аулына әкеп жайғастырды. Біріншіден, Қазақстан Үкіметінің көрсеткен қамқорлығына рақмет, баспана тауып берді, азын-аулақ азық-түлік берді, әкем бірден жұмысқа шықты. Екіншіден, айналайын әр қазағыма, көрші-қолаңыма рақмет, өздері жетісіп отырмаса да, жеп отырған нанының жартысын біздерге берді. Тіпті жағатын отынға дейін әкеліп, жылынып жанымыз кіріп қалды. Қараңызшы, сол соғыс жылдарында Қазақстанға біз сияқты қаншама ұлт – неміс, поляк, Қырым татарлары, болгарлар, шешен-ұнғыштар, қарашайлар мәжбүрлікпен жер ауып келді. Бұл мәліметті оқысам, жаным түршігеді, жүрегім ауырады. Сосын, «адамның басы – Сталиннің добы» демегенде не дейін?!
Оған қоса 142 зауыт пен фабрика, аса құпиялы оқ-дәрі шығаратын 9 зауыт, мектеп, жоғары оқу орындары, театрлар, балалар мен қарттар үйі де көшіп келген. Бәрінің соңында жүз-жүзден адам бар, оның бәріне баспана тауып орналастыру, жұмыспен, азық-түлкпен қамтамасыз ету Нұртас аға басқарған Үкіметтің мойнында болған. Оның үстіне тылдағы жұмысты ұйымдастырып, майданды азық- түлікпен, жылы киіммен, оқ-дәрімен қамтамасыз ету де осы үкіметтің мойнында. Осындай іске басшы болу емес, ойланудың өзі қорқынышты.
Осындай қарбалас жұмыстың арасында Нұртас Дәндібайұлы республикадағы ғылым, білім, мәдениет саласын да өркендетіп отырған. Ғылым академиясының ашылып, оның тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың болуына дейін ықпал еткен адам. Консерватория, Шет тілдер институтын да соғыс жылдарында ашқан. Ол Екінші Дүниежүзілік соғыс уақытында Абайдың 100 жылдық тойына дайындықты да бастайды, комиссия құрылып, оның төрағасы Нұртас ағаның өзі болады. Ақырында, жеңіспен бірге, Абайдың 100 жылдығы биік дәрежеде тойланады, оған барлық Одақтас республикадан қонақтар шақырылады.
Осы тұста бір риза болғанымды айтпай кетсем, Нұртас ағаның азаматтығына қиянат болады. Мұны мен құжатқа сүйеніп айтып отырмын. 1945 жылдың тамыз айының 15-інде Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов тоталитарлық жүйенің қысымынан ықпай-бұқпай, Абай әулетінің 6 адамына өмірлік 500 сомнан ай сайын берілетін дербес зейнетақы тағайындаған. Олар: Абайдың немересі Ақылбаев Исраил, шөбересі Жағыпарова Ғазел, немересі Жақыпова Васила, немересі Оразбаев Ақыш, ұлы Әбубәкірдің жары Оспанова Камила, келіні Ысқақова Бибі. Асылдан қалған сынықты, сұңқардан қалған сарқытты ардақтау арқылы кейінгіге осылай үлгі көрсетсек, несі айып!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұлттың тілін ту еткен, өмірінің жиырма бес жылын мың сөздің ішінен бір сөзді тауып, оның тегін іздеп, сөйтіп, тіл ғылымына өлшеусіз үлес қосып, артында өлмейтін мұра қалдырған Нұртастай ағаның өнегелі өмірін ұмытпай, бүгінгі жасқа үлгі ете білейікші.
Асылы ОСМАН,
филология ғылымының кандидаты, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
қазақ тілінің жанашыры
464 рет
көрсетілді0
пікір