• Ақпарат
  • 26 Қыркүйек, 2024

АМАНАТҚА АДАЛДЫҒЫН САҚТАҒАН

Қазақ ғылымы білімі терең, еңбегі ерен зерттеушісінен айырылды. «Ана тілі» газетінің қоғамдық негіздегі кеңесшісі, филология ғылымының докторы, профессор, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнес өмірден озды.
 

Ол 1957 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылында туған. Еңбек жолын Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қыз­меткері ретінде бастаған ол 1992 жылдан «Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының және «Арыс» баспасының құрылтайшы-президенті болған. 2013 жылдан «Қазақстан тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының» төрағасы жауапкершілігі жүктелді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті қызметін атқарды.
«Ана тілі» газеті алғаш ашылған жылдары осы басылымда еңбек еткен. Тарихын тануға ұмтылған оқырманға тіл, ғылым, тарихи жады тақырыптарында толымды, жан-жақты материалдарын ұсынған. Газетіміздің жарық көргеніне 30 жыл толу мерейтойында: «Мұғалімдердің «Ана тілін» оқулық ретінде пайдаланып жүргенін талай рет көрдім. Өткен ғасырдың тоқсыныншы жылдары халықтың тарихтан тамырын іздеген уақыты еді. Ал уақыт «Ана тілін» демеді. Ұлт керегін «Ана тілінен» алды. «Ана тілі» халықтың рухани санасын көтерді. «Ана тілі» ел іздеп оқитын басылымға айналды», – деп ақтарыла пікір де берген еді. 
 Ғарифолла Қабдолқайырұлы «Ана тілі» газетіне үнемі жанашыр, тілектес көңілінен ешқашан айныған емес. Басылымның редакциясына ұдайы хабарласып, жарық көрген материалдарға қатысты пікірін айтып, өзі де тұрақты авторымыз есебінде мақала, сұқбат жариялап тұратын. Әсіресе ХХ ғасыр басындағы қазақ сөзі, Алаш аманаты, қазақ тілінің қазіргі хал-жағдайы туралы тақырыптардан ешқашан бас тартқан емес. 
«Боз өкпе бала болып үлкендерді ағалап жүргеніміз күні кеше сияқты-тұғын. Алдыңғы толқын «бірте-бірте өлініп, бұрынғыдай көрініп» уақыт та зымырай береді екен, міне, бізде зейнет жасына іліндік. Қазақтың талай марғасқа игі жақсыларымен араласып, құралас, дәмдес болдық. Алаштың болашағы, ұлттың жасампаздығы туралы ашық әңгімеден қашпадық. Обалы не керек, министр, депутат, академик ағаларымыздың (көбінің бүгінде көзі жоқ, жатқан жерлері жарық болсын!) қай-қайсысы да қазақ ұлтына жамандық тілемейтін, жаны ашып тұрушы еді. Тіптi өмірлік қосағын өзге ұлттан тапқандары да, балаларын басы бүтін орысша тәрбиелегендері де: «Уақыты келеді. Империя құриды. Қазақтың күні туады», – деуші еді күрсініп, қарсы отырған мені емес, өздерін-өздері жұбатқандай. Иә, ана тіліміздің ешқашан жоғалмасына, ұлтымыздың ішкі күш-қуатына, өз қолымыздың өз аузымызға жетер күндердің туарына сонау советтік кездің өзінде үмітімізді үзбедік. Тәуелсіздік алған соң, бар күмән-қорқынышымыз сейілді, жақсылықты біз көрмесек те, әділетті, демократиялы жаңа елде, шынайы ұлттық мемлекетте ұрпағымыз – беймарал өмір кешетініне нық сенімді едік...», – деген еді «Ана тіліне» жолдаған «Ғасырдан ұзақ аманат» мақаласында. 
Иә, Ғарифолла Әнес – сол ғасырдан ұзақ аманатты жан-жүрегімен түсінген, аманатқа адал болуға ұмтылған санаулы ғалымдарының бірі. Олай дейтініміз, «Өлімі жылаусыз, құны сұраусыз кеткен» талай бабаларымыздың еңбегін тасқа басты, есімін елі ұмытпайтындай етіп еңбек сіңірді. «Шерлі шежіре. ХХ ғасырдың бірінші жартысында жарық көрген қазақ газет-журналдары» мегажобасы аясында ХХ ғасыр басындағы ұлттың сөзін айтқан «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» басылымдарын төте жазудан кирилл қарпіне аударып, қалың оқырманға ұсынды. Зұлмат заманның тарихи-құжаттық келбетін де кітап қылып қаттады. 
Ғарифолла Қабдолқайырұлының әлі де жасамақ ісі көп еді. Оның қай-қайсысы да ұлттың бары мен жоғын түгендеуге арналған, мемлекеттің болашағына қызмет етер ірі жобалар еді. 
Қайда жүрсе де, өткенге құрметі, болашаққа үміті түгесілмеген Ғарифолла Қабдолқайырұлының мәңгілік ғұмырында есімі ел есінен шықпайтынына кәміл сенеміз. Ардақты әріптес, ғалым, ұстаздың жары Бағдан Момыноваға, отбасына, жақын-жуығына қабырғамыз қайыса отырып, көңіл айтамыз. 

«Ана тілі» газетінің ұжымы  

 

Қайран Ғарифолла...

 

Біз кімді жоғалттық?
Қазіргі қазақ қоғамында тілдің рухани-танымдық өзек, қоғамдық-әлеуметтік сананы жаңғыртушы құрал, болашақ бағдарға сай ел мүддесінің даму үрдісіне қазық болатын қазақ сөз әлеуетінің тамырын, құдіретін А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедұлы т.б. Алаш зиялыларының идеяларынан тауып, таныған ұлттық тілдік тұлға. Тәуелсіздік кезеңінен басталған жаңғыртушы-танымдық үрдісте ұстаздары Ә.Қайдар, Р.Сыздықтың тек қолғанат шәкірті ретінде ғана емес, соны жүзеге асырушы ғалым, журналист, баспагер, қоғам қайраткері ретінде тәуелсіз елге қызмет етудің үлгісі болды. Оған арқау болған – Ғарифолланың тумысынан тектілігімен бойында классикалық үлгідегі энциклопедистік сипатта қалыптасқан білім қоры, шығармашылық болмысы. 
Бұл оның ғұмырлық та, ғалымдық та, тұлғалық та мұраты еді. Сол жолда бар күш-жігерін, білім-білігін сарп етті. Тынбастан елінің кешесін танып, ертеңіне қызмет етті.  

Жамал МАНКЕЕВА, профессор

 

Сөздің мәйегін іздеген

 

Ғарифолла Қабдолқайырұлының өмірден озғанын естіп, қабырғамыз қайысты. Ол – қазақ тілі, мәдениеті мен руханиятын дамытуға айрықша үлес қосқан, әсіресе тіл жанашырларының ортасы үшін ерекше ардақты тұлға.
Ғалымның азаматтық келбеті, ақ жарқын мінезі, қайраткерлік ұстанымы, ғибратты өмірі мен еңбегі ана тіліміз бен ұлт мәдениетін дәріптеу жолында мәңгілікке үлгі болып қалады. 
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қалыптасып, орнығу кезеңінде осы ұйымның вице-президенті қызметінде жүріп, ана тілімізді мемлекеттік тіл биігіне шығаруға ерекше атсалысты. 
Тілдің өркендеуіне, қолданыс аясы мен өрісінің кеңеюіне орасан зор үлес қосты. Бір ғана 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің өзі тіліміздің тұғырын бекіткен ерекше ерлік, айрықша еңбек болды. Ғарифолла Қабдолқайырұлының баспагерлік еңбек жолы осындай ерлікке толы, аса өнегелі, шын мәніндегі қайраткерлік деуге толық негіз бар. 
Ғарифолла Қабдолқайырұлының есімі мен жарқын бейнесі, ғибраты мол ғұмыры халқымыз­дың есінде мәңгі сақталады. 
Марқұмның отбасына, туыстарына, барша тіл жанашырына қайғырып көңіл айтамыз. 

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті

920 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы