• Ақпарат
  • 26 Қыркүйек, 2024

ИМАНИ ГҮЛ НЕМЕСЕ АБАЙ ТАҒЫЛЫМЫН ҰСТАНҒАН ҒАЛЫМ

Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейінгі дәуірде шоқтығы биік үш алыптың – академик Әбдуәли Туғанбайұлы, академик Шора Шамғалиұлы және академик Рәбиға Сәтіғалиқызының есімі қатар аталатыны аян. 
 

Бір мезетте «халық жауының» қызы атанған албырт жас түрлі әділетсіздікті көрді, бірақ ешбір қиындыққа мойымады. Сыныптастарынан оқшауланып қалған жасөспірім мұғалімдердің өзін шеттеткенін көрген сайын жүрегі сыздағанымен, сағы сынбады, жігерленіп, алға ұмтыла түсті. 
Әкесі ұсталғаннан кейін, алғашқы оқу жылы басталған күні мектепке келіп, бірінші партаға жайғасқан қыздың қасына ешкім отырмай қояды. Бұрыннан дос болып жүрген жақын құрбысының орын жетпегеніне қарамастан, соңғы партаға үшінші болып отырады. Сыныпта «Халық жауы» мен «жау еместердің» балаларының арасында терең ор қазылғандай әсер қалады... Жас баланың көңіліне алғаш осылай түскен сызат, біртіндеп тереңдей түседі. Орыс ақыны А.С. Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында өлең оқуға да «лайық болмай» шығады. Балаларға ақын өлеңдерін үлестіріп келе жатқан мұғалім Рәбиғаны айналып өтеді. «Маған да беріңіз, мен де өлең жаттаймын» деп жыларман болған оқушыға «жаттасаң, «Ағайынды қарақшылар» деген поэмасын жатта, бірақ басынан аяғына дейін түгел айтатын бол» деп қысқа қайырады. Шәкірт сол поэманы, расында да, түгел жаттайды, бірақ салтанатты жиында барлық бала өлең оқиды да, «халық жауының» қызына «уақыт жетпей қалады...» Осылайша, жазықсыз әкесіне жабылған жала кінәсіз баланың өмір жолын кес-кестеген жыландай бірнеше жыл бойы алдынан шыға береді. 
Байқап қарасақ, жас кезінде өмірден алынған соққы адамның әрі қарайғы жолын таңдауға түрткі болады екен. Бірі қиындыққа шыдамай, бордай езіліп кетсе, ал екіншісі намысты алға тартып, мойымай қайсарлық танытатын ұрпақ, соңғысы ата-бабаларынан берілген тектіліктің белгісі болса керек. Жалпы, сол нәубет жылдары дүниеге келген, ашаршылықты көрген, соғыс зұлматын бастан кешірген сол ұрпақтың бойында кез келген қиындыққа төтеп беретін мызғымас иммунитеттің қалыптасатыны заңдылық сияқты. 
Осындай алапат күшпен бетпе-бет келген қайсар қыздың бойындағы намыс оты тасқа тасты қатты соққанда шығатын ұшқынмен барабар еді. 
...1970 жылдардың бас кезі. Докторлық диссертациясын сәтті қорғап, дипломын алған күні үйіне жиналған қонақтар Рәбиға Сыздыққа ақ тілектерін жаудырып жатады. Бір кезде белгілі ақын Хамит Ерғали орнынан атып тұрып: «Тіл мамандары, Ахмет Байтұрсынұлын ақтап, есімі мен еңбегін елге қайтармасаңдар, алған атақтарың мен шыққан монографияларыңның құны бес тиын!» – дейді қатқыл үнмен... 
Осы сөз намысын жаныған ғалым, әділетсіздік құрбаны болған Алаш көсемінің еңбектерін зерттеуге ден қояды. Араға жеті жыл салып, Қазан төңкерісінің 60 жылдығына орай Тіл білімі институтында ұйымдастырылған конференцияда әлі «халық жауларының» тізімінде тұрған Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми еңбектері жайында алғашқы баяндамасын жасайды... Бұл туралы Рәбиға Сыздық былай еске алады: «Ұлттық тіл білімі А.Байтұрсынұлының еңбектерінен басталады, оның саяси, идеологиялық жағынан кім екенінде жұмысым жоқ, ал ғылымға келгенде, шындықты айтуымыз керек...»
Бұл – оның адалдықты өмірлік кредосына айналдырғанын көрсететін бір ғана мысал. Біз білетін Рәбиға Сыздық бұл позициясынан бір сәт те тайған емес... Атап айтқанда, ол қандай да бір ғылыми еңбекке рецензия беруге келіссе, сол жұмысты басынан аяғына дейін оқып, талдап, пікірін өз қолымен жазатын. Ғылыми кадр даярлауға асқан жауапкершілікпен қараған ғалым отыз шақты шәкіртінің ғылыми зерттеулерін түгелдей оқып, саралайтын, әсіресе плагиат мәселесіне қатаң қарайтын. 
Он алты жасында мұғалім болып, мектепте сабақ берген ұстаз соғыс аяқталған соң, алдымен педучилищеде, кейін қазақтың қара шаңырағы Абай университетінде білім алады. Сол кездегі қиындықтың барлығын оқуға деген құштарлығына жеңдірген оның табандылығы мен байсалдылығы, адами келбетін ажарландыра түсетін қарапайымдығымен астасып кеткендей болды. Өмірінің соңына дейін шаршы топ алдында сөйлегенде де, кітаптарында да өзі туралы айтуға тура келсе, қандай да болсын жетістігін барынша елеу­сіз етіп жеткізуге тырысатын. Қатарының алды болғанымен, үнемі кішірейіп, өзін екінші, үшінші орынға қойып сөйлейтін. Бұл да академик Рәбиға Сыздықтың абыройын халқы алдында асқақтата түскен бір қасиеті еді. Бұған мысал, М.Әуе­зов дәрісінен алған ең алғашқы әсерін былайша баяндайды: «Сабақ беріп жүрген кездегі, емтихан тапсырып жүрген кездегі Абай туралы әңгімелерім түк те емес екен ғой. Қалай терең талдап берді, қалай терең танытып берді. Атын атағанымыз болмаса, «Ұлы Абай» дегеніміз болмаса, түк те талдамайды екенбіз. Түсіндіріп те үлгірмеген екенбіз ғой деп ойладым... Жалпы оқу қиынға түсті. Бір оқимын, екі оқимын, түсінбеймін, күшеніп тұрып оқимын. Әйтәуір, бір нәрсе қылып тапсырдым. Және әдемі баға алдым. Барлық сабақтан әп-әдемі баға алдым. Алғанда менің бір дарындылығымнан емес».
Заманымыздың заңғар жазушысы, Алаштың маңдайына біткен бағы Мұхтар Әуезов апайдың ғалымдық ғұмырында шешуші рөл атқарған тұлға десек, қателеспейміз. Біріншіден, ол кісі Р.Сыздықтың кандидаттық және докторлық диссертациясына тақырып ретінде Қазақтың ұлы ақыны Абай шығармаларын өзек етуіне себепкер болады: «Ғылымды ұлы Абай тілінен бастауыма, одан әрі әдеби тіліміздің бірнеше ғасыр даму тарихына үңілуіме, қазақ сөзінің барша сырына...зерттеуге баруымның себеп-уәждерін іздесем, бұл жолда жөн сілтеген, үлгі-өнеге көрсеткен ұстаздар, үлкендер, өнегелі жандар болған екен. Солардың бірегейі ұлы Мұхтар Әуезов болды».
Ғалымның ғылыми мұрасының қомақты бөлігін құрайтын тіл тарихына арналған зерттеулерін қолға алуына да Мұхтар Әуезовтің ықпалы зор болғанын өз естеліктерінде «...Сонда өмірімдегі үш мәні бар нәрсеге жол сілтеген М.Әуезов болды» деп ашып айтады. 
Дегенмен бұл жерде «өмірде ешқандай кездейсоқтық болмайтыны, болғанның барлығы заңдылық» екенін ескергеніміз абзал. Яғни академик Рәбиға Сыздықтың қазақ зиялыларының ұлы көшіне ілесуіне Мұхтар Әуезов тікелей себепкер болғанын көреміз.
Рәбиға Сыздық есімі ғалым ретінде қазақ ғылымы тарихына алтын әріппен жазылды. Ол ұстаз ретінде шәкірттерінің сый-құрметіне бөленді. Сегіз қырлы, бір сырлы тұлға ретінде халық жадында мәңгі қалды десек, артық айтпаған болар едік. Қазақтай дана халықтың бай әдебиеті мен тіл қазынасын үлкен жауапкершілікпен зерделей білген ғалым сөздік қорымыздың баю, толығу жолдарын анықтап, тіл дамуының әр кезеңіне тән заңдылықтар мен ерекшеліктерді жіті зерттеді. 
Ол «өзім істей алмайтын нәрсеге баруға әлі күнге дейін қатты арланамын. Әрі шала-пұла, қалай болса, солай істегеннен гөрі, «білмеймін» деп қарап отырған дұрыс болар» дейтін. Демек, қолына алған әрбір ісінен оң нәтиже шығаруына туабітті мінезіндегі табандылығы мен ыждағаттылығы сеп болған. 
Қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы шығармаларының тілін арнайы қарастырған Рәбиға Сыздық зерттеу тақырыбын өмірімен ұштастыра білді. Абайдың гуманистік көзқарасына сәйкес, Алла мен адам арасындағы байланыстың іргетасын құрайтын сүюдің үш түрін – Алланы сүю, оның жаратқан кереметі адамды сүю, хақ жолымыз әділеттілікті сүюді ғалым өміріне арқау етті. Абай танымындағы осы имани гүл ұғымы академик Рәбиға Сыздықтың адами тұлғалық болмысын жан-жақты ашатын концепцияға айналды. Ұлылар үндестігі деген осы болса керек...
 
 

Қалбике ЕСЕНОВА, 
филология ғылымының 
докторы, профессор 

 

780 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы