- Ақпарат
- 26 Қыркүйек, 2024
Ұлтты оятқан ұлы сөз
Ұлттық кітапханада «Qyr balasy» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Алаш – рухты оятқан ұлы сөз» атты кітаптардың таныстырылымы өтті. Іс-шараға Бейбіт Қойшыбай, Анар Салқынбай, Елтай Танаш сынды алаштанушы ғалымдар, қордың Кереку, Көкшетау, Қарағанды өкілдіктерінің жас ғалымдары т.б. қатысты.
Іс-шарада 10 кітаптың тұсауы кесілді. Олар: «Алаш тарихы: Ресейдегі Алаш ізі», «Қайраткер Ораз Қиқымұлы Жандос: өмірі, қоғамдық саяси қызметі», «Жетісудағы алаш тарихы: Жаркент іздері», «С.Б. Алашинский», «Ұлтты оятқан ұлы сөз» сериясымен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқайдың кітаптары, «Алаш кітапханасы» сериясымен мемлекет және қоғам қайраткері Нұғыман Манай дың«Иман-ислам» шығармалар жинағы.
Іс-шараға Алаш ұрпақтары Үміткен Сүйіншәліқызы, Жандарбек Қырықбайұлы (Ыбырайым Жайнақұлының ұрпақтары), Нұршакен Жеңісқызы (Мұхамеджан Тынышбайдың ұрпағы), Гүлнәр Нарманбетқызы (Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы), Шаймерден Амандық (Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы), Елтай Хакімжанұлы (Уәлитхан Танаштың ұрпағы) қатысты.
«Qyr balasy» қоғамдық қорының құрылтайшысы, Барлыбек Сыртанұлы алаштану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ертай Біләл «Алаш» бағытындағы білім және ғылым қорының осы уақыт аралығындағы атқарған қызметі мен алдағы жоспарын айтып өтті. Қор болашақта «Алаш кітапханасы» сериясымен маңызды тұлғаларға арналған еңбектер шығаратынын тілге тиек етті.
«Алаш бағытындағы білім, ғылым қоры былтыр 5 жылдығын атап өтті. Қор осы уақытқа дейін жекелеген кәсіпкерлердің қолдауымен кітаптар шығарып, Алаш тарихындағы есімі ескерусіз қалған тұлғаларды қайта жаңғыртты. Қордың негізін қалаған Елдос Тоқтарбай, Ұшқын Сәйдірахман, Заңғар Кәрімхан жаңа буын, бізге, қор болашағын сеніп тапсырған еді. Міне, сол уақыттан кейінгі ұйымдастырылған алғашқы іс-шарамыз осы болды. Алдағы уақытта «Алаш кітапханасы» сериясы бойынша Әубәкір Алдияр, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Отыншы Әлжан, Имам Әлімбекұлы, Әлімхан Ермек, Гүлсім Асфендияр, Мұстафа Көкебайұлы, Қартқожа Тоғамбай т.б. Алаш қайраткерлеріне арнап кітап шығарғалы отырмыз. Бұл кісілердің есім-сойы етене таныс болмауы мүмкін, алайда бүгінгі ел болып ұйысып отыруымызда, қазақ халқы болып қалыптасуымызда бұл тұлғалардың сіңірген еңбегі зор. «Qyr balasy» ҚҚ-ның 2023 жылдың тамыз айындағы Мәскеу қаласындағы зерттеу жұмыстарының негізінде «Алаш тарихы: Ресейдегі Алаш ізі» кітабы жарық көрді. Еңбектің жарық көруіне жетекшілік еткен – Елдос Тоқтарбай. Жауынбай Жылқыбайұлы, Айнұр Бағланқызы, Мадияр Борамбай, Таңнұр Жеңісқызы сияқты жас ғалымдар еңбектене отырып, Ресейде жарыққа шыққан кітаптар, газет-журналдар, Ресейде қызмет еткен тұлғалар, білім орындары сынды т.б. елімізге қатысты мәліметтерді жинақтап, құрастырып шықты. Көп мұрамыз Ресейдің әр түкпірінде жоқтаушысын күтіп жатыр... Оқырман Ресейдегі Алаш мұрасына байланысты әлдеқандай ақпаратты білгісі келсе, осы кітаптан табары көп. 27 қыркүйекте тұсаукесері өтетін «Қайраткер Ораз Қиқымұлы Жандос: өмірі, қоғамдық саяси қызметі» атты кітапты «Qyr balasy» ҚҚ президенті, алаштанушы Жанболат Абайхан құрастырып шықты. Ал «Жетісудағы алаш тарихы: Жаркент іздері» кітабы – тарихи-танымдық ұжымдық зерттеу. Ұшқын Сәйдірахман, Заңғар Кәрімхан, Елдос Тоқтарбай, Данияр Ихсан, Ерден Нұрахмет сынды ғалымдардың тарихи-танымдық ұжымдық зерттеуіне Жетісу аймағындағы ұлттық қозғалыстың қоғамдық-саяси ахуалы, қайраткерлердің күрескерлігі мен өмір жолы арқау болған. Алдағы уақытта жаңа кітаптарды Атырау, Астана т.б. қалаларда тұсаукесерін жасап, оқырманға ұсынамыз», – деді ол.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесі және болашақта Қошке Кемеңгерұлы мен Алаш дәрігерлері туралы жаңа кітаптар шығару жоспарланғанын «Qyr balasy» ҚҚ президенті Жанболат Абайхан баяндап берді:
«Qyr balasy» ҚҚ-ның «Алаш ұлтты оятқан рухты сөз» атты кітап таныстырылымында 10 кітаптың тұсаукесері өтті. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы мен Мұстафа Шоқайдың (5 тұлғаның) нақыл сөздері «Ұлтты оятқан ұлы сөз» сериясы бойынша кітап болып басылып шықты. Жетісудағы Алаш тарихы, Ресей бағыты Алаш ізі (жасалған экспедицияның нәтижесі ретінде шығарылған кітап), Ораз Жандосов: өмірі, қоғамдық-саяси қызметі. Ораз Қиқымұлының 125 жылдығына орай шыққан екі бөлімнен тұратын кітапқа Ұлттық кітапхананың қызметкерлері мен кітапханашыларының, сондай-ақ кітапхананың ғылыми-зерттеулерімен айналысатын тілшілердің мақалалары енді. Ұлттық кітапхананың тұңғыш директоры және мәдени ошақтардың негізін қалаған тұлға ретінде жарыққа шығардық. Нұғман Манайды зерттеген – Ертай Біләл. Ол тұлғаны зерттеуге 3 жылын арнап, сирек қолжазбалар бар кітапханалармен жұмыс істеді. Орталық мемлекеттік архивпен, Президент архивімен, Ұлттық кітапханалармен тығыз байланыс орнатты. Барлық кітап 1 000 данамен шықты. Қошке Кемеңгерұлы, Қартқожа Тоғанбайұлы сынды арыстардың, Алаш дәрігерлері туралы кітаптар дайындалып жатыр», – дейді ол.
Айта кетейік, «Ұлтты оятқан ұлы сөз», «Алаш кітапханасы» сериясы бойынша шыққан кітаптар краудфандинг есебінен жарық көрді. Краудфандинг шарты бойынша, 20 адам 50 000 теңге беріп, 1 кітап шығарады. Демеуші болған әрбір жанға алғыс айтып, кітапқа жазылады да, әрбір адамның қолына 15 кітаптан беріледі. Іс-шарада краудфандингіге қатысып, Алматы қаласында тұратын жандарға сол уәде бойынша кітап берілді. Басқа өңірлерге келер аптадан бастап жөнелтіледі.
«Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалындағы Ахмет атамыздың рөлін сомдаған актер Байғали Есенәліге, қор жанашыры, кітаптардың дизайнын жасауға үлес қосқан Гүлшат Бақытжанқызына «Qyr balasy» ҚҚ шешімімен марапаттар беріліп, құрмет көрсетілді. Іс-шара барысында Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі, талантты суретші Назерке Болатқызының «Алаш рухы» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды. Бұған қоса, М.Мақатаев атындағы гимназия оқушылары «Бабалар сазы» ансамблі «Алаш аманаты» күйін орындады. Дәстүрлі әнші Біржан Бәзілжан Қапез Байғабылұлының «Қапездің қоштасуы» әнін орындады.
Бұл іс-шара Алаш мұрасын сақтап, оны кеңінен насихаттау мақсатында маңызды қадамның бірі болды.
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
453 рет
көрсетілді0
пікір