• Ақпарат
  • 26 Қыркүйек, 2024

Сезімнің пернесін басқанда...

Инемен құдық қазғандай деуге болатын ғылым жолында жүрген қыз-келіншектер, әйелдер, шүкір, баршылық. Олардың еңбегіне құрметпен қарау, бағалау, әрине, қажеттілік деген дұрыс. Осы орайда филология ғылымының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Күлдірсін Сарышованың ғылыми еңбегі туралы айтуды жөн көрдік.
Әрине, ғалымның шәкірт тәрбиелеу, жас ғалымдарға бағыт-бағдар сілтеу турасындағы еңбегі бір төбе. Бірақ біз бұл мақалада Күлдірсін Сейітжанқызының «Эмоционалды фразеологизмдердің когнитивті-семантикалық парадигмалары» атты монографиясына кеңінен тоқталмақпыз. Өйткені ғалымның бұл зерттеуін қазақ фразеологиясының теориясына белгілі бір дәрежеде үлес қосқан, қазақ тіл біліміндегі эмоционалдылық мәселесінің одан әрі зерттелуіне бағыт-бағдар беретін бірден-бір еңбек деуге болады. 
Аталған зерттеуінде ғалым тіліміздің шұрайлы қабаты саналатын, қазақ ұлтының пайым-парасатын, дүниені танудағы көркемдік көкжиегін танытатын тұрақты тіркестердің, оның ішінде адамның көңіл күйі, сезімін білдіретін эмоциялық фразеологизмдердің ерекшеліктерін тамыршыдай тап басып танып, өзіндік теориялық тұжырымдарын ұсынады. 

 

Ғалымның пайымдауынша, адам және оның эмоциясы, бір жағынан, объек­тивті болмыстың бір бөлшегі саналады, ал, екінші жағынан, адам белсенді бейнелеуші субъект ретінде, тіл бейнелеудің құралы ретінде, адам эмоциясы бейнелеуші болмыстың бір формасы ретінде әлемнің тілдік бейнесін қалыптастыруға қатысады.
Адам барлық уақытта да бірдей сезімді басынан өткізіп келеді, өткізеді де. Олар: қуаныш, қайғы, реніш, өкініш, сүйіспеншілік тағы басқа сезімдер. Нәтижесінде эмоция туралы үлкен тәжірибе жинақталды. Осыған байланысты психологтер эмоцияның жан-жақтылығы туралы айтып жүр. Тіл – әлемнің айнадағы көрінісі емес, сондықтан эмоция әлемі және оны суреттейтін тілдік құралдар дәлме-дәл келмейді. Осылайша, адамның эмоцияны танып, білу тәжірибесінде жетекші эмоциялар тобының бар екенін ескере отырып, сөз семантикасында универсалды эмотивті мағынаның болатынын шамалауға болады. Лингвис­тикалық әдебиеттерде мұндай универсалды эмоциялардың әртүрлі атауы пайдаланылады: доминант эмоциялар, шешуші эмоциялар, эмоционалды сарын, жетекші және негізгі эмоциялар. Сонда да болса психологтер эмоциялық толғаныс бір ұлтқа ғана тән, екінші бір ұлт ондай толғанысты басынан өткермеуі мүмкін деген түсініктен аулақ бола тұра, барлық тілде эмоциялар сөздігі бірдей емес екенін атап көрсетеді. Яғни эмоциялардың өзі универсалды болады да, эмоционалды лексиканың типтік құрылысы ұлттық ерекшеліктеріне қарай әр тілде әртүрлі. Мәселен, «ұят болу, ұялу» деген жай ғана ұғымды қазақ фразеологизмдері ғана нағыз күрделі процесс деңгейіне дейін көтере алады. Өлім болды, өлмегенге қара жер, өлген артық, өлген жері осы болды, тірідей өлу деген фразеологиялық тұлғаларда қазақ ұлтының ұятты өлімнен де күшті деп санайтын табиғи қалпы байқалады. Осы мағынадағы фразеологизмдер тізімін тірідей масқара болу, тірідей жерге кіру/ жерге кіргендей болу/ жерге кіріп кете жаздау, жерге қарау, жер шұқу, жердің үстімен келіп, астымен қайту, қара жерге қарату, кірерге жер/ тесік таппау күйінде жалғастыруға болады. Бұл қатарда «жер» сөзінің тірек мағына ретінде қолданылуы адамның ұялғанда жерге қарайтын әрекетіне байланысты болса керек.
Эмоцияны бейнелейтін фразеологизмдердің көптеген бөлігі фразео-семантикалық өріс ішінде өзара парадигмалық қатынасқа түседі. Мұндай парадигмалық қатынастардың мәнін, негізінен, осы өріске жататын бірліктердің белгілі бір компоненттеріндегі ұқсастықтар мен қарама-қарсылықтардан табуға болады. Осы арада фразеологиялық бірліктердің эмоцияны бейнелеу қасиеті фразеологизмдердің құрамындағы бір компоненттің жеке мағынасына қатысты бола ма, әлде фразеологиялық тұлғаның беріп тұрған жалпы мағынасына қатысты ма деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап іздеу барысында ғалым фразео­логизмдердегі эмоциялық мағынаны үш түрлі негізге сүйенеді деп түйіндейді:
1. Эмоциялық бояу, фразеологизм анықтамасына сай, фразеологиялық тіркес құрамындағы жеке сөздердің негізгі мағынасын ескермей, мағыналық тұтастықтан байқалады. Мысалы: аза бойы қаза болу, алпыс екі тамыры босау, екі көзі шарасынан шығу, көңілі су сепкендей басылу, қу жаны қуырдақ болу, қанын ішіне тарту, тірідей жерге кіру, ішін иттей кеміру... 
2. Эмоциялық фразеологиялық тіркес құрамына еніп тұрған жекелеген лексикалық бірліктердің семантикасынан-ақ көрініп тұрады. Мысалы: көз жасын көл қылу, аза (азалы) болу, алқымына (тамағына) ашу тығылу, араз болу, ашуға міну (булығу, тығылу), әйелі ұл тапқандай қуану, басына қайғы салу, боз інгендей боздау (зарлау, еңіреу), бор боп (бордай) егілу, ботадай боздау, еңірегенде етегі толу, зарлап қалу. Бұл тіркестердегі эмоционалдық, сөз жоқ, фразеологизм құрамындағы көз жасы, ашу, араз, қуану, қайғы, боздау, зарлау, еңіреу, егілу сөздерінің тірек мағынаға ие болуынан байқалады.
3. Фразеологиялық тұлға мағынасына эмоциялық бояу үстеуге фразеологизм құрамына, тілдің эволюциялық жолымен дамып, өрбіген, соның негізінде туындаған, символдық мәнге ие сөздердің енуі де себепші болады. Бұл жерде нақтылай кететін фактор – сөздің жаңа мағынаға ие болуы емес, оның белгілі бір ситуацияда немесе контексте жаңа қолданысқа түсуі. Әдетте нақты денотаттың символдану үрдісі әр халықта әртүрлі. Мәселен, қазақ халқы адам болмысындағы қатты қиналысты жан, қан, жүрек сияқты символ-сөздер арқылы береді (жанын жегідей жеу, жаны көзіне көріну, жан алқымға келу; жүрегі қарс айырылу, жүрегі аузына тығылу, жүрегі өрт (от) боп жану; қан жұту, қанына қараю). 
К.Сарышова зерттеулеріне қарағанда, қазақ фразеологиясындағы синоним фразеологизмдердің ерекшелігі – адамның көңіл күйіне, бір сәттік психологиялық жағдайына байланысты туған фразеологизмдердің синонимдік қатарының көп болып келетіні назар аударарлық. Айтып отырған психологиялық сәт, жағдай дегеніміз тікелей эмоцияға қатысты нәрсе. Мысалы, ренжу мен ашулану бір-біріне синоним болғанымен, екеуі екі түрлі сатыдағы психологиялық жағдай. Ренжу алғашқы сатысы десек, ашулану оның жоғары басқышы іспеттес.
Ренжуді мынадай тіркестер арқылы білдіруге болады: көңіліне ауыр алу, қабақ шыту, жүрегіне қойып қалғандай жасау, көңілі қалу, кірбің тарту, көңілге дық түсу, көңілін ауырту, көңіліне келу, ажары сыну, салы суға кету, мойнына су кету, еңсесі түсу т.б.
Ашулану адамның белгілі бір психикалық күйін білдіретін атау болғанымен, ашудың жеңіл түрі мен ұзаққа созылатын ауыр түрінің бар екенін байқаймыз. Ашу – адам көңіліне біреудің іс-әрекеті, мінез-құлқы, сөзі жақпай қалғанда көрсететін ішкі дүниенің қарсылығы. Ол жеңіл де, ауыр да болуы мүмкін. Мысалы: ызасы келу, ашу шақыру, көзін алайту, шыж-быжы шығу т.б. Бұл қысқа мерзімді жеңіл-желпі ашуды білдіреді. Ал қабағынан қар жауу, қаһарына міну, жауар бұлттай түнеру, ит арқасы құрысу десек, жақын арада басылмайтын ашу екенін білеміз. 
Көбіне адамның ашуы бет-әлпетінен байқалады. Ондай фразеологизмдерге: түсі бұзылу, танауы қусырылу, көзі шатынау, қабағынан қар жауу, оқты көзімен қарау, түгін сыртқа тебу, күре тамыры адыраю, қан-сөлін ішіне тарту т.б. жатады. Енді ашу іс-әрекет арқылы көрінгенде: ұрынарға қара таппау, шыж-быжы шығу, бұлан-талан болу, сақалын жұлу, күйіп-пісу, талағы тарс айырылу, шалқасынан түсу, екі иығын жұлып жеу, боғын пышақтау деген тіркестер қолданылады. 
Мұндай мағыналық ауқымы, образдылығы әртүрлі фразеологизм – тілімізде әр уақыт эмоционалды, экспрессивті мағына үстеудің әрі қайталай беруден гөрі жаңа тіркеспен ойды жандандырудың кепілі. Тілдегі лексикалық синонимдер мен фразеологиялық синонимдер екеуі екі түрлі аталғанымен, түптеп келгенде, бір мақсатқа қызмет етеді.
Автор эмоцияны бейнелейтін фразеологизмдерді адамның эмоциялық күйін бейнелейтін және адам арасындағы эмоциялық қарым-қатынасты бейнелейтін фразеологизмдер деген түрлерге бөліп қарастырады. Адамның эмоциялық күйін бейнелейтін фразеологизмдердің өзін іштей эмоциялық күйдің құбылмалылығын бейнелейтін және эмоциялық толғанысты бейнелейтін фразеологизмдер деген екі түрге бөледі. Адамның эмоциялық күйінің құбылмалы болуын бейнелейтін фразеологизмдер.
Адамның, жалпы, эмоциялық күйін бейнелейтін фразеологизмдер ішінде эмоциялық күйдің құбылмалы болуын (динамикасын) бейнелейтін фразеологизмдер өзіндік ерекшелігімен үлкен орын алады.
Осы топтағы фразеологизмдер «жағымды – жағымсыз күй» семалары бойынша бір-біріне қарама-қарсы қойылады. Оның үстіне мағынаның жағымды компоненті «ерік-жігерге» байланысты өзіне-өзі келу, есін жинау, өзін-өзі ұстау, көңілі орнына түсу сияқты бірліктердің семантикасында ұшырасса, еңсесі түсу, үмітсіздікке салыну, дәрменсіздік таныту, ашу билеу, қаны қайнау тұрақты тіркестері арқылы берілетін жағымсыз эмоциялық күйді бейнелейтін фразеологизмдер адам басынан өткеретін әртүрлі өшігу, көңілсіздену, күйіп-пісу эмоцияларын береді. Мұндай эмоциялар аяқ астынан болатын жауапкершілігі жоғары ситуа­цияларға, жақын адамын жоғалту сияқ­ты қиын-қыстау жағдайларға, сонымен қатар субъектінің өмірлік мәні бар қажеттіліктердің орындалмауына байланысты туындайды.
Келесі қатардағы фразеологиялық бірліктер «белгілі бір жауапкершіліктен, қиындықтан мойны босағаннан кейін немесе адам бойынан секем алу, мазасыздану сезімдері тарқағаннан кейін жеңілдікті сезіну» мағынасын береді. Тілімізде мұндай мағынадағы бірліктер біршама баршылық: жаны жай табу, иығынан жүк түскендей болу, жүрегі (көңілі) орнына түсу, байыз табу, жеңілденіп қалу... Ал бұлардың етістіктері босау, жадырау, түсу, басылу, орнына келу түрінде айтылады да, жеңілдену мағынасын береді.
Бір синонимдік топ ішінде келгенімен иығынан жүк түскендей болу, арқа-басы жадырау фразеологизмдері уақытша тынышталуды білдіретін – жүрек тоқтату, байыз табу, жеңілденіп қалу фразеологизмдерінен өзгеше. Өйткені жүрек тоқтату, байыз табу, жеңілденіп қалу фразеологизмдерінің семантикасында жағымсыз эмоциялық күй себептерін түпкілікті жоя алмау мағынасы бар да, иығынан жүк түскендей болу, арқа-басы жадырау фразеологизмдері «қиындықты толық жеңгендіктен, жайлы күйге ауысу» мағынасын беріп тұр.
Адамға тән эмоциялық күйдің құбылмалы болу ерекшелігіне осылайша түсініктеме берген зерттеуші мына фразеологизмдерге толық талдау жасайды, мысалмен дәйектейді.
– есін (есі-түсін) жинау (жию), өзін-өзі ұстау, ұстамдылық көрсету, арнасына (сабасына) түсу, өзін-өзі (бойын) билеу, өзіне-өзі келу, еңсесін көтеру, келеге келу;
– арқа-басы жадырау, аптығы (әптігі) басылу, иығынан жүк түскендей болу, мойны босау, жүрегі орнығып, жеңілденіп қалу, жүрегі (көңілі) орнына түсу (орнығу), көңілі өсу (сергу, судай тасу), мауқы басылу, құрысы жазылу, зәрі қайту (сыну), көңілі жай табу, көңілі орнына түсу, жеңілденіп қалу, байыз табу, қолымен сылып алғандай, еш нәрсе болмағандай;
– енжарлыққа түсу, жермен-жексен болу, жүні жығылу, еңсесі түсу, басы салбырау, кежегесі кейін тарту, мойнына су кету (құйылу), көңілі құлазу, салы суға кету, көңілі жадау тарту, көңілі су сепкендей басылу, жан дүниесі жабырқау, көңілінен ел көшіп кеткендей болу, сағы сыну (қайту)/тауы қайту (шағылу), үмітсіздікке салыну, дәрменсіздік таныту, жүрегі ұшу, жүрегі дір ете қалу, жүрегі тас төбесіне шығу; 
– терісіне сыймау, сабасынан шығу, ашу билеу, қаны қайнау, ашу кернеу (буу, қысу), ашу шақыру, қызыл кеңірдек болу, төзімі (шыдамы) таусылу, қырық құбылу, тақаты кету/ тақат таба алмау/ тақаты қалмау/ таусылу, жерден алып, жерге салу, ат құйрығын (кекілін) кесісу, көңілі қалу (қайту), зығыры (зығырданы) қайнау, қаны қараю/қанына қараю, сайтаны (шайтаны) ұстау, түлен (тұту) түту.
Толғаныс теориясын зерттеген 
В.Дильтей, В.Вундт, У.Джемс, Ф.Крюгер, С.Л. Рубинштейн, А.Н. Леонтьев сынды ғалымдардың пікіріне сүйене отырып, автор: «Эмоциялық толғаныс – адамға қатысты барлық күйдің ішіндегі ең күрделі түрі, өйткені ол көп жағдайда адамның бүкіл болмысын қамтиды. Біз эмоцияларды тереңдігі мен қарқындылығына қарай ажырататын болсақ, толғаныс эмоцияның ең интенсивті түрі болып табылады», – дейді.
Әртүрлі тілдік құралдардың арқасында эмоцияның қарқындылығы, дамуы, өзгермелілігі, бақылау мүмкіндігінің жоқтығы, сонымен қатар адам басынан өткеретін сезімнің баса көрсетілетін процессуалдығы байқалған кезде, оларды эмоциялық толғанысты бейнелейтін фразеологизмдердің белгілері ретінде қабылдап, мұндай бірліктерді өз алдына бөлек топ ретінде қарас­тырады. Фразеологиялық бірліктердің ерекше тобы – эмоциялық толғанысты анықтаған кезде эмоциялық күйді бейнелейтін бірліктердің жекелеген мағыналарындағы өзара ұқсастық пен жақындық ескеріледі.
Эмоциялық толғанысты білдіретін фразеологизмдер сипаты әртүрлі эмоцияларды бейнелейді: ашулану, каһарлану: бұрқан (бұлқан)-талқан болу, кәріне міну, көзіне қан толу, аузынан жалын атып тұру; мазасыздану, толқу: жанын қоярға жер таппау, дегбірі қашу, алас ұру; қорқу, үрейлену: арқасын аяз қарығандай болу, жүрегі тас төбесіне шығу, иманы ұшып кету/ иманы қасым болу; қайғыру: жүрегі от (өрт) боп жану, көкірегі шерге толу, іші-бауыры өртену.
Бұл топта көзі қарауыту (бұлдырау), жүрегі елжіреу (еру, жылу, жібу) тіркесінен басқа жағымды эмоционалды фразеологизмдер кездеспейді. Мұның өзі эмоциялық толғаныстың адам жанын тереңнен жаралайтын ерекшелігіне және жағымсыз күйдің адам жадында ұзақ сақталып, жағымды күйдің бәрінің норма болып есептелуіне байланысты болса керек. Көзі қарауыту (бұлдырау) тіркесі эмоцияны тудырып отыр­ған себептерге байланысты контекст ыңғайына қарай бірде жағымды, бірде жағымсыз мәнде қолданылады (энантиосемия құбылысы). Мысалы: Өзіме қарай құстай ұшып келе жатқан қарайған нәрсенің жалғыз ұлым Қасым екені санама жеткенде қуаныштан көзім бұлдырап кетті («Қаз. әйелдері»). «Құлаған жерім осы шығар» дегенді ғана ойлаған Құмарбектің зәресі ұшып, көзі қарауытып кетті (С.Досанов). Зураның бетіне қадалып еді, оның жүзінде әлдене бір жұмбақ күлкі ойнап тұр екен. Соны көрген соң ғана, Балқияның жүрегі жыли қалды (Ә.Әбішев).
Бұл екеуінен басқа фразеологизмдер жағымсыз эмоцияны береді:
Баламның алдында жер жебір, жекен суыма жетіп, есімді шығарып жібердің ғой. Көшке берген тайыңды қайтып ал, бірдемесін өткізіп қойғандай, ер-тоқымыңды бауырыңа алып тулағаның неткенің – ашулану. «Жарым жан-ау» демейді. «Онсыз да қиналып жатыр-ау» демейді. Жаны қысылып, сары уайымның иіріміне батып, тұншығып жатқан шалды одан сайын қинайды, жүйкесін жүн етіп жібереді (Б.Мұқай) – мазасын алу, қинау. Шалдың шыбын жаны шырқырап, ішін ит тырнағандай қиналды. Немересін құшағына қысып, әр-әр жерінен сүйіп өксіген шал:
– Айхай, дүние-ай! Ай, дүние-ай! – дегенде қасірет толған жүрегі қарс айырылып кете жаздады (Б.Мұқай) – қайғыру. – Тек, ондайды айтпа, құлыным! – деп от басқандай ыршып түсті Айғанша. Сол сәт Сақыпжамалдың да жүрегі мұздап сала берді (С.Досанов) – үрейлену.
Сөйлемнен байқап отырғанымыз­дай, эмоциялық толғанысты бейнелейтін фразеологизмдер сезімнің интенсивтілігімен ерекшеленеді. Субъект сырт дүниеде болып жатқан құбылыс­тарға жай жауап беріп қана қоймайды, сол құбылыстарды өзінің жан дүниесі арқылы сезініп, толғанады. Мәселен, қорқыныштың әлсіз деңгейін бейнелейтін фразеологизмдерді (селк ету, дір ете қалу) адамның құбылмалы эмоциялық күйіне жатқызуға болғанымен, төнгелі тұрған қауіптің, ситуацияның нәтижесін сезінгеннен кейін туындайтын үрейді сипаттайтын – аза бойы қаза болу, арқасы мұздап қоя беру, асауға құрық салғандай шыңғыру, жаны қара бақайына кету, жүрегі мұздап (суып) қоя беру, зәре-құты қалмау, төбе құйқасы шымырлау, төбе шашы тік тұру деген қарқындылық деңгейі жоғары фразеологиялық тұлғаны, сөзсіз, эмоциялық толғанысты бейнелейтін фразеологизмдер қатарына қосуға болады.
Әңгіме болып отырған топ ішіндегі опық жеу, бармағын тістеу, шашын жұлу, көкірегі қарс айырылу, көкірегі сыздау, көкірегі шерге толу, іші удай ашу, іші-бауыры өртену, қасіретпен қан жұту, еңірегенде етегі толу, боз інгендей боздау фразеологизмдерінің жалпы мағынасы «қатты қайғыруды» білдіргенімен, мағына реңктері әртүрлі. Опық жеу, бармағын тістеу (шайнау) өкінуді білдіріп тұрса, қасіретпен қан жұту, көкірегі қарс айырылу қайғыруды білдіреді. Ал адамның өкінгенде де, қайғырғанда да іші-бауыры өртеніп, көкірегі сыздайды, нәтижесінде екі күй де (өкіну, қайғыру) боз інгендей боздауға немесе зығырданы қайнап, запыран құсуға ұласады. Осылайша, өкіну өшігуге, өшігу ашулануға алып келеді. Бұл заңды да. Психологтердің «толғаныс адамның бүкіл болмысымен тұтастықта болады» дейтіні бірнеше эмоциялардың осы ыңғайда аралас келуіне байланысты айтылса керек. Оның үстіне фразеологизмдердегі синонимия құбылысына жаңаша көзқараспен қарайтын зерттеуші-ғалымдар мұндай құбылысты бір концепт ішінде қарастыруды ұсынады. Мәселен, қайғы мен мұң адам болмысының кейбір кезеңдерінде астасып жатады да, кейде алыстай түседі. Адам есейе келе балалық, бозбалалық дәуренін қимай, ерекше көңіл күйде болады. Бұл – қайғы емес, мұң. Ақындардың өлеңдерінде кездесетін ғашықтық сезім, сағынып мұңға бату қайран дәурен, қол жетпес арман, жарқ етпес көңіл сияқты тіркестер арқылы беріледі. Бұл да қайғыру емес «мұң» концептісінің ішінде қаралатын жабығу, құлазу, аңсау сияқты жан күйлері. 
Ұлы Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» өлеңінің осы жолын талдап көрейік. Өлеңде жеңіл ұйқас іздемейтін Абай қартаю дегенде өмірден ғибрат алған адамды айтып отыр. Осылай қартайған адам ғана жасы ұлғая келе қайғы ойлайды. Мұндай күйді фразеологиялық бірліктер арқылы былай көрсетуге болады: көңілі жүдеп, жаны жадау; көңілі ойсырау; бетін кірбің шалу; көңіліне қаяу түсу.
Қайғы – философиялық, дүниетанымдық ұғым. Сол қайғының негізінде толғанысқа, қиналысқа түскен жанның арманы ұлғая түседі. Арман алға жетелейді, алдағы күнге үміттендіреді. Бұл – өмірдің мәні. Осылайша, қартаю, қайғы ойлау, арманның ұлғаюы өмірдің мәніне келіп ұласады, яғни өмір мәнінің санадағы кейпін көрсетеді. Мұнда статикаға қоса, динамикалық күй де бар. Қайғыменен қан жұту, көңілі жер болу, ет жүрегі езілу тәрізді фразеологиялық бірліктер санадағы концептілер құрылымының объективтенуі.
Қайғының үлкен, кішісі болмайтыны даусыз. Қайғыға қатыстынұсқалардан көрінетін реңктер қайғырудың мотивтеріне (уәжіне) тікелей байланысты. Жалғызынан айырылған адамның қайғысы жүрегі қарс айырылу, қасіретпен қан жұту, қабырғасы қақырау, қабырғасы сөгілу деген фразеологизмдермен беріледі. Бұларға қарағанда жүрегін сыздату, жүрегін жаралау, уайым шегу деген фразеологиялық тұлғалардағы уайым, қайғы сәл бәсеңдеу көрінеді.
Осы мысалға сүйенсек, эмоциялық толғанысты бейнелейтін фразеологизм мағыналарының уәж негіздерінде мынадай дүниелер жатқаны байқалады:
1) Адамның іс-әрекетінен көрінетін реакция: бармағын тістеу (шайнау), шашын жұлу, бетін жырту;
2) Адам өзін-өзі бақылай алмаған кезде көрінетін қысқа мерзімді құбылыс: арқасын аяз қарығандай болу, аяқ-қолы қалтырау, көзі қарауыту (бұлдырау);
3) Толғанысты тудырған себептердің аяқ астынан болуына байланысты ішкі ағзалардың қызметіндегі өзгеріс: тілі байлану (күрмелу), өкпесі аузына тығылу, тамағына тас тығылғандай болу, жүрегі май ішкендей кілкілдеу (болу);
4) Қатты толқыған кездегі төтенше өзгерістер: төбе шашы тік тұру, өң жоқ, түс жоқ, көкірегі (жүрегі) қарс айырылу, қаны басына шабу. 
Мұндай жағдайларда сөйлеуші адам ағзаларындағы өзгерістерді өзінен-өзі болып жатқан құбылыс деп емес, белгілі бір толғаныстардың көрінісі деп қарастырады. Бұл сөз оралымдарының беретін негізгі ақпараты – ағзалардың қызметін сипаттау емес, сезім туралы ақпарат.
Егер тілде бір концептіні (біздің жағдайда қорқыныш, ашу, ыза сияқты әртүрлі мағынаны жинақтап тұрған «сезім» концептісі) әртүрлі мәнде білдіретін идиомдар тобы бар десек, онда әңгіме әрдайым өзіне-өзі ұқсас құбылыстар туралы емес, керісінше олардың концептуалды нұсқалары туралы болып жатыр деп есептеуге негіз бар. Мәселен, тілі байланатын, иманы қасым болатын қорқыныш пен қол-аяқты қалтырататын қорқыныш семантикалық жағынан бірдей емес. Аяқ-қолы қалтырау қорқыныштың әлсіз деңгейін берсе, тілі байлану мен иманы қасым болу жоғары деңгейін көрсетеді. Олай болса, мұндай фразеологизмдерді контекст ішінде бірінің орнына бірін емін-еркін қолдана алмаймыз.
Жалпы, эмоциялық қарым-қатынас­ты бейнелейтін фразеологизмдер өз семантикасында белгілі бір объектіге деген қатынасы және сол объектіге берген субъектінің бағасына негізделеді. Мәселен, сөздіктерге сүйенсек, тісін қайрау, жүрегіне (кеудесіне) қан қату, азу тісін басу (батыру), жанын көзіне көрсету, өлердей жек көру фразеологизмдерінің мағынасынан біреудің екінші біреудің іс-әрекетіне, ойына немесе құбылысқа деген өшігуін, өктемдік көрсетуін, ренжуін, жек көруін байқауға болады.
Біреуді менсінбеу, мақтану, көкіректену мағынасын түкке тұрғысыз ету, қол жаулық қылу, кеуде көрсету, қонышына (жұлығына) теңгермеу, аузымен құс тістегендей деген фразео­логизмдер береді. 
Ғашықтық сезімге, бауыр басуға негізделген жағымды қатынастар алақанына салып жүру, ішкен асын жерге қою, ықыласы ауу, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылу, ынтызар болу, іш тарту, құрақ ұшу фразеологизмдері арқылы беріледі.
Эмоциялық қарым-қатынасты бейнелейтін фразеологизмдер тобын тұжырымдай келе, ғалым былай деп түйіндейді: «Табиғаттың ең күрделі жаратылысы – адамның ішкі жан толғанысы мен эмоциялық күйін суреттеу үшін таптырмайтын құрал фразеологизмдер екеніне көз жеткіздік. Фразеологизмдер лексикалық бірліктерге қарағанда, беретін мағыналарының өткірлігімен, көркемдігімен, оралымдығымен ерекшеленеді». Әрине, орынды пікір. 

Алтынай Тымболова, 
филология ғылымының докторы, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры 

 

457 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы